Малай батырдың ерлігі

Уақыты: 05.01.2018
Оқылды: 4329
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тарихтың негізгі тұлғасы, қоғамның қозғаушы күші – адам. Жеке тұлғаның өзі  халық арасынан шығады. Ел тарихы сол жұрттың өмір сүрген ортасы, бастан кешірген оқиғасынан құралады. Өткен ғасыр шеруіне барлау жасайтын болсақ, қазақ еліне ойраттар жиі әрі жойқын шабуыл жасады. Осы бір  алмағайып заманда бес қаруын асынып, өмірін ат үстінде өткізген қазақ батырларының бірі – Малай батыр. 

Профессор Құдайберген Өрісбаев батырды 1724 жылы туып, 1794 жылы қайтыс болған деп шамалайды. Атақонысы Жетісу өлкесіндегі Іле өзенінің жағасы. Әкесі Қарабас Шілік (қазіргі Шелек) өңіріндегі Шадай батыр жазығы маңындағы жерге, (қазіргі Ақтоған ауылы) қоныстанған. «Қазақстан тарихы» энциклопедиясының 552 бетінде: «Малай Қарабасұлы (шамамен 1724–1794) – батыр. Әкесі Қарабас Хангелді батыр жасағының құрамында Аңырақай шайқасына (1730) қатысқан. Райымбек, Әжібай, Өтеген, Саурық батырлармен бірге Малай Жетісу өлкесін жаудан азат ету шайқастарына қатысып, ерлігімен көзге түсті. 1747 жылы маусым айында Бұғыты мен Аласа тауларының арасындағы Көкпек жазығында жоңғарлармен болған шайқасқа қатысты. Малай Қулық тауының оңтүстік сілемдерінің бірінде (Жалаулы елді мекеніне жақын жерде) күші басым жаумен шайқаста қаза тапты», – деп жазылған. Бұл жерде батырдың 1794 жылы көз жұмғанын жоққа шығарып, Көкпектегі «Ойрантөбе» шайқасында шейіт болған деп жаңсақ жазған. Ал 2001 жылы Астана қаласы, «Күлтегін» баспасынан жарық көрген «Елтұтқа» атты танымал тұлғалар жайлы жазылған кітапта: «Қол бастап талай-талай шайқасқа шыққан Наурызбай батыр 1750-52 жылдары Бәсентиін Малайсары, Қыстық Малай, Шапырашты Қасқары батырлармен бірге тізе қоса қимыл-            дап, қазақ қолының жеңісті жолын жалғастырып, жоңғарларды Тұрпаннан асыра қуып тастайды», – деп жазады. 
Малай батырдың тікелей ұрпағы, марқұм Сағыныш Есбергенов те: «Жерді азат ету жолындағы шайқастарда Райымбек, Бақай, Малай, тағы басқа батырлар ұдайы жеңіске жетіп отырды. Жауды атамекенінен қуып шығып, жоңғарлар тұтқындап алып кеткен адамдар мен малдарды қайтарып алғаннан кейін, інісі Жоламан батырды сарбаздарымен сол жерде қалдырып, кері қайтады. Кейін шау тартса да Малай батыр қолын бастап Қытай, Қалмақ жеріне қайта барып, келісім жасайды. Жеңістен кейін азат етілген жерге  билік жүргізу үшін қолдың бір бөлігін сол жаққа қалдырып, елге қайтады. Дегенмен, жау  жаулығын істемей қоймайды. Батырға ер тоқымына у жағып, ат  мінгізеді. Еліне келгеннен кейін әлгі удың әсерінен халі нашарлап, ақыры қастандықтың құрбаны болады. Өзі мекендеген Райымбек ауданына қарасты Жалаулы ауылы маңында жерленеді», – деп жазады «Қыстық руы» атты шежіре кітапқа.
Малай батырдың таңбасы да сақталған. Аңызға айналған мына ақиқат ел аузында әлі айтылады. «Малай батырдың тұлпар мінгісі келеді. Қыстықтың бас батыры Ескенеге қартайғандықтан сәлем беруге барғанда, бұйымтайын айтады. Сонда Ескене қария: «Мен де, тұлпар да қартайдық. Сен одан да қырғыздың атақты батыры Көлбайға бар. Оның екі тұлпарының бірін сұра, бермесе бір амалын тап», – деп кеңес береді. Бұл іске батыр інісі Жоламанды жібереді. Мән-жайды естіген Көлбай: «Сен Малайдың батыры екенсің, әрі үш күн байлауда жатпайтын көрінесің. Сол құдіретіңді көрейін, босасаң тұлпарды алып кет!» – деп қол-аяғын кісендеп, ат тұрған сегіз қанат киіз үйден ор қазып, қамап тастайды. Күзетшілер үшінші күні байлаулы жатқан Жоламанды көріп, мазақтап күледі. Сол күні түнде Малайдың қара тазысы келіп, шынжырды үзіп кетеді. Қол-аяғы босаған Жоламан бір атқа мініп, екіншісін жетектеп үйден шығып: «Қош бол, Көлбай!» – деп сырттан естірте айқайлап, кетіп қалады. Сонда Көлбай санын соғып: «Қазақ болсаң Малай бол, қалғандарың қалай болсаң, солай бол!» – деп өкініпті.  Бұл – батырды дәріптеуден айтылған сөз.
Малай батыр есіміне байланысты шайқастар әкесі Қарабас ерлігімен де аттасып кетеді. Өйткені, Қарабас та жас кезінен Малай атанып кеткен. Батырдың тікелей ұрпағы Сағыныш қария: «Малай батырдың әкесі – Қарабас Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Қасқары батырлармен үзеңгілес жүрген батыр. Бала кезінде нағашы жұрты Жалайыр елінде жүргенде өз теңдестері қалжыңдап не кемсітіп: «Сен малайсың!» – дейді екен. Жеңгелері де сол сөзді естіп, «Малай» деп еркелетіп, содан «Малай» атанып кеткен көрінеді. Бабамыздың ерлік істері баласы Малаймен жалғасады. Қарабас орта жасқа келгенде Малай, Қонай атты екі бала сүйеді. Малайдың 10-12 жасында батыл істеріне  риза болып: «Менің батырлығым Малайдікі», – деп жанынан тастамайды екен. Сөйтіп Қарабас – Малай мен баласы Малайдың жеңісі бірге аталады. Қарабас бабамыз Қытайдағы Жұлдыз деген жерде қайтыс болып, Сүйегі «Қарабас» аталып кеткен жазыққа, кейін Сабаншы (қазіргі Ақтоған) аталатын ауыл маңында жерленген», –  деп жазады өз естелігінде. 
Малай 10-11 жасында-ақ балаларды жинап, сайыс ойындарын ойнауға үйір болады. Атпен шауып, садақ ату, қылыштасу тәсілдерін үйренеді. Райымбек батырдың аты шыққанда, 14 жасар ол баһадүр қолына қосылғысы келеді. Бір күні қасына ерткен кілең жастармен жорыққа аттанып, Серектас, Бартоғай өңірінде  жайғасып жатқан жоңғарларға шабуыл жасайды. Тұтқиылдан жасалған шабуылдан тұра қашқан жаудың құрал-жабдықтарын, ат-көліктерін тартып алады. Мұны қалмақтың Көкпек деген батыры балалар істеді дегенге сенбейді. Енді бірде ауылды шапқан жау әпкесі Асылайды алып кеткенде де, тұтқиылдан шабуыл жасап, тұтқындарды азат етеді. Сөйтіп, бала кезден көзге түскен батырды Райымбек өз жасағына қосып алады.
Әкесі Қарабас  Малайдың жорығы Ташкент, Шымкент жерлерінен басталып, баласы Малаймен жалғасып, Бақанас, Балқаш, Алакөл атырауларынан әрі асып, Құлжа, Тұрпан ойпатына дейін созылады. Райымбек батырмен талай жорықтарда бірге болған Малай батыр Іле өзенінің солтүстік жағындағы Күреңбел өңірін інісі Жоламан батырмен бірге жаудан азат етуде де ерлік іздері қалады. Іле өзенінің арғы бетінде Жоламан батырдың құрметіне аталған елді мекен де, Малайсары деген тау да бар. «Талдықорған мен Алматы облысының шекаралас тұсында, Балқаш бойында, Кербұлақтың батысында Малайсары атанған бір тау бар. Ел оның солай аталуын әр сақта түсіндіреді. Біреулер жоңғарға қарсы соғыста асқан ерлік көрсеткен бәсентиіндік батыр Малайсарының құрметіне қойылған дейді. Тағы біреулері: «Жоқ, ол Малайсары емес, басқа батырдың атына, атап айтқанда, Албан ішіндегі Қыстық руынан шыққан Малай батырдың құрметіне қойылған. Ол кісінің аты алғаш осы арадағы соғыста шыққан. Жекпе-жекте қалмақ батырын өлтірген. Батырдың өз аты Малай болғанымен, Қыстықтардың ұраны – Малайсары», – дейді. Қазақ Совет энциклопедиясында бұл таудың батыр Бәсентиін Малайсары құрметіне қойылғаны жазылған. Алайда кейінгі деректерде ол таудың албан Малайсары батырдың атымен аталғаны дәлелденген»,  – деп жазды  жазушы Б. Нұржекеұлы «Өзендер өрнектеген өлке» кітабында. Бұл деректің жаны бар. Бәсентиін Малайсары еліміздің күншығыс жағындағы ақтық со-         ғыстардың бірінде қайтыс болып, сүйегі осы тауға жерленгені рас. Алайда, қыстық  Малай інісі Жоламан екеуі ерлік көрсеткен жері осы өңір болған соң тау Малайдың, ал елді мекен Жоламанның атына берілгенін осыдан-ақ байқауға болады. 
Негізінде, Алатаудың теріскейіндегі жауға Малай шабуыл жасап, Іле өзенінің солтүстік бетіндегі жауды Жоламанға міндеттейді. Оған жалайыр елінің батырлары ілеседі. Сол шайқаста Жоламан жауды жеңіп, сол жерді мекендеп қалады. Іле өзенінен ары қарай Талдықорғанға дейін Жоламан батырдың атымен аталатын елдімекендер әлі бар. Кербұлақ ауданында Жоламан шаруашылығы, Жоламан темір жол станциясы соның айғағы. Жоламан бұдан басқа Өсек өзенінің алқабындағы Көктал, Үшарал өңірін де жаудан азат еткен.
Малай батыр Алатау етегінен жауды түре қуып, Іленің арғы бетіндегі інісі Жоламанмен Тұйықарал деген жерде кездеседі. Арқарлы тауының солтүстік жағындағы жалпақ аңғары да Малайсары аталады. Бұрын бұл жер аты «сары» деп аталған екен. Сол себепті оны ел енді «Малайсары» деп қосақтап атап кетті. Ағайынды екі батырдың азат еткен, ерлік жасаған жерлерді елі құрметтеп, солай атаған. Бұл – тарихи бұлтартпас шындық. Райымбек батыр екеуінің ерлігіне риза болып, Малай батырға үлкен, Жоламанға кіші жалау әзірлетіп берген. Сол кіші ту Жоламанның кенже баласы Көгіқұлда қалған. Ол өлген соң, жоғалған. Жалайырлар Албан батырларына осылай құрмет көрсетсе, Албандар да Жалайыр батыры Бақайға құрмет көрсетіп, тауға, сол таудың етегіндегі Қызылбөрік болысына атын берген. Ал жазушы Төлен Қаупынбаев «Бабалар аманаты» деген кітабындағы 43-бетте, тарихта үш Малай есімді  тұлға бар екенін, оның бірі кіші жүз Тана руынан шыққан беделді би Малайсары болса, екіншісі, Бәсентиін Арғынның Сырым деген атасынан шыққан Малайсары батыр екенін айта  келе: «Ал үшіншісі – Албан еліндегі Аққыстықтан (Ақназар) тарайтын Тілестің жеті ұлының бірі, Қарабастың баласы Малайсары батыр. Түсінің сарылығына бола ауыл-аймағы Малайсары деп атап кетсе керек. Жоңғарлар қосынын үш Тұрпаннан асыра қуып, ұрыс салған осы Малай Қарабасұлы. Оның туған жылы туралы нақты дерек жоқ. Ол Байсейіт пен Биеке, Құсық батырлардан едәуір кіші. Малайсары жорықтас қолбасшы Райымбек Түкеұлынан кейініректе, өз ауруынан Кеген өзенінің бойында, Малай жазығында дүние салса керек», – деп топшылайды.
Малай батыр Шілік (қазіргі Шелек) өзенінің бойындағы жазықта, кезінде «Авангард» кеңшары, қазіргі Май ауылы орналасқан жерде дүниеге келген көрінеді. Райымбек ауданына қарасты Жалаулы ауылының маңында жерленген. Малай батырдың басына кейінгі ұрпақтары үлкен кесене орнатты. Иә,  ер есімі – ел есінде деген осы емес пе?!

Анарбек БЕРДІБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.