Қазақ театрының қарлығашы

Уақыты: 19.01.2018
Оқылды: 1551
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қызылшоқының Тоқырауынға қараған күнбатыс тұсында болашақ мыс зауытының жұмыскерлері тұратын жаңа қаланың іргесі қалана бастаған. Алғаш бой көтерген он шақты үйдің шетінде ұзынша ақ барақты асхана бар. Сол асхананың алды кішігірім базар. Адамдар ағылып келіп, жайбарақат тарқасып жатар бұл орында бір ән тынбай әуелейді де тұрады. Оны естуге бүлдіршін қыз құмар еді. Көрікті қарттың тарамыс саусақтары гармонь пернелерінде ойнақши жөнелгенде «Баласы Қошқарбайдың Шашубаймын, болсам да малға жарлы, сөзге баймын-ау!» – деген әсем үні бұрымды бүлдіршіннің көңіліне әрі  жат, әрі қызық көрінетін. Сол қызығушылық оны «Шашубаймын» деп әндетер қарттың маңына жіпсіз байлап тастағандай, әкесі Ырым күзетшіліктен келген сайын «Базарға барып Шашубай атаның әнін тыңдайықшы» деп оған жалынар еді.

Ол әнді тыңдау да ұзаққа созылмапты. Онсыз да Балқашқа бас бағып келген Ырымды бұл маңнан да тауып алып, бір түнде айдап алып кетті. Бұл аз дегендей, бүлдіршіннің Сұлтан атты ағасы да әкесімен бірге айдалды. Елді дүрліктірген кәмпескенің салдары. Тергеуге кеткен әкесі мен ағасының соңында бұлар, екі шешесі және Әбітай тәтесі мен өзі аңырады да қалды. Сұлтанды 5 жылға соттап, Қоңыратқа жіберді. «Кебенек киген келер». Ал, Ырым болса қайтып келгеннен кейін бар-жоғы он алты-ақ күн жатып, сақи дүниеден бақиға аттанды... Бұл елге «Римова» тегімен белгілі болған театр өнерінің қарлығашы Бикеннің Ырым әкесінің өмірден өтуі мен өнер майталманының бүлдіршін шағындағы жүрекке жүк салған ғұмырнамалық хамсасының әлқиссасы болатын.
Иә, Бикен Римова екі шешенің, бір әпкенің қамқорлығымен бой түзеді. Оның сыры бәлендей түпсіз емес. Сердалы қарияның Қаспақбай, Ырым атты ұлдары болған. Ырымға қарағанда ағасы Қаспақпай дене бітімінің орасан зор болуымен ерекшеленіп, тіпті қарапайым елді таңдандырып жүретін көрінеді. Алла алдындағы бір парызын өтеу үшін Сердалы қарт 1912 жылы Меккеге аттанып, құлшылығы тамамдалғаннан кейін Ташкенге жеттік деп ұлдарына хабар береді. Мұны естіген ағайындылар әкесін күтіп алмақ болып Верный қаласына барады. Сонда Қаспақбай қалың елдің көзіне түсіп, дертті болған. Қазыналы жандардың айтуынша көз тиген екен. Осы дерттен бір оңала алмай қойған Қаспақпай араға аз жыл салып көз жұмады. Оның бәйбішесі Ығыш жесір қалғандықтан, Ырымға әйелі Дәмештің үстіне әмеңгерлікпен қосады. Сөйтіп, Ырым жеңгедей жары болған Ығыштан жалғыз Бикенді сүйеді. Ал, Ырымның бәйбішесі Дәмештің құрсағынан 5 бала өмірге келіп, олардан жылғыз қыз ғана қалған көрінеді. Міне, бұл Ырымды жоқтаған қос шеше мен қос құлынның сыры.
«Балалық  шағым жеңіл өткен емес», – деп естелік қалдырған Бикен Римованың «Өнердегі өнегелі өмірлер» атты кітабын оқыған зерделі қауым бұл сөздің ақиқат екенін біледі. Өйткені, бүлдіршін Бикеннің ел анасына айналған шағына дейінгі өмір жолы күрестен тұрған. 
Ғұмырнамалық хамсасына жүгінер болсақ, Бикен Римова Қаратал ауданына қарасты Қанабек ауылында 1923 жылы өмірге келген. Жоғарыда айтып өткеніміздей, қарапайым шаңырақта туған оның балалық шағы ойын қуған сәттерге толы емес. Әкесі Ырым өмірден өткеннен кейін анасымен бірге Бөрлітөбедегі нағашысы Кәрімді паналап барып, сол жерге қоныстанады. Сөйтіп, Бөрлітөбе орта мектебінің табалдырығын аттап, сол жерден 7-сыныпты тамамдап шыққан. Осы орайда, театр қарлығышының жүрегіне өнерге деген дәнекті алғаш рет егіп кеткен жайтты сөз етпей кетуге болмас. Бикен мектеп қабырғасында жүргенде Бөрлітөбеге күтпеген жерден аудандық Қаратал театры келіп, «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» қояды. Анасынан киноға барамын деп сұранып кетіп, үйінен әлдеқандай қашықтықтағы клубта театрды тамашалаған Бикен содан бастап осы бір өнерге құштар бола бастаған.
1939 жыл Бөрлітөбе аудандық орта мектебінің жетінші сыныбын тамамдаған Бикен Алматыға барып, есеп-кредит техникумының экономика факультетіне түседі. Жас білімгер қалаға үйренісе бастаған шақта құрбыларын ертіп жатақханаға жақын жерде орын тепкен театрға барып, спектакль тамашалауды әдетке айналдырады. Естелігіне жүгінсек, ең алғаш көргені Шахмет Хұсайыновтың «Марабай» қойылымы. Тамаша туындыларды көре жүріп Бикен осы бір өнер туралы көп ойланатын күйге жетеді. Сонда барып «мен мамандықты дұрыс таңдамадым» деген күйінішке салынады. Талай түнді мазасыз өткеріп, ақыры сабаққа құлқы болмай, жатақханада жатып алған соң, мұның мән-жайын білгісі келген техникумның директоры шақыртып алып, себебін сұраған көрінеді. Сонда Бикен Римова: «Ауруым да, арманым да артист болу, ағай. Жатсам-тұрсам ойлайтыным театр ғана. Актер болғым келеді», – деп ойын ашып айтады. Бұл шақта оқу жылының жарты жылдығы аяқталған. Директордың «бағыңды сынап көр, сынақтан өтпесең көп сөзді қойып оқуыңды жалғастыр», – деген рұқсатын алғаннан соң Бикен бірден театр көркемсурет училищесіне барып, А. Тоқпанов, Л. Майзел, М. Сыдықов сынды өнер майталмандарының алдында қабілетін көрсетеді. Соның нәтижесінде оқу жылының жартысы өтіп кетсе де Бикен театр учелищесіне алынады. Бұл – өнер жолындағы алғашқы ерлігі болатын.
Иә, кәсіби білімін жетілдіріп жүрген шақта Бикен өнерге аса қажетті деген талай қасиеттің бойынан табылуына үздіксіз тер төгеді. Тынбай еңбектеніп, сахнада көрген әртүрлі образды өзінше қайталап, актрисалық қабілеттерінің ашылуына баса мән береді. Соның нәтижесінде, 1943 жылы 3-курс оқып жүрген кезінде актер шеберлігінен сабақ беретін Асқар Тоқпанов оған «Еңлік – Кебек» пьесасындағы Еңлік рөлін ұсынған. Бұл  оған берілген алғашқы басты рөл ғана емес, аса үлкен сенім мен артылған зілмар жауапкершілік болатын.
Табиғатынан маңғаз жаратылған өнер майталмандарының сенімін ақтап, өзінің қабілет-қарымын елге таныту үшін барын салған Бикен Римова Еңлік рөлін өте сәтті сомдап шығады. Ұстаздары мен сақа буынның оң көзқарасына іліккеннен кейін ол бірқатар қойылымда негізгі рөлдерді сомдау бақытына ие болған. Атап айтсақ, Ә. Тәжібаевтің «Жомарттың кілемінде» батыр қыз – Әнәпия, «Гүлден, даласында» – Фарида, Ә. Әбішевтің «Достық пен махаббатында» инженер қыз – Сәуле, «Бір семьясында» – Жанат, «Күншілдігінде» – Дәмеш, Ғ. Мұстафинның «Миллионерінде» – Жанар, Ш. Хұсайыновтың «Кеше мен бүгінінде» – Алма, Мольтердің «Сараңында» – Элиза, А. Островскийдің «Шындық жақсы, бақыт одан да жақсысында» – М. Тарасова, «Таланттар мен табынушыларында» – актриса  Смельская, М. Горькийдің «Шыңырау түбінде» Настия сияқты үлкен-кішілі жиырмаға жуық рөлді сомдаған. Бұл, әрине, студент үшін өте абыройлы міндет еді және мұндай сенімге жүздің бірі ғана ие болатындығы да ақиқат-ау.
Бикен Римова студенттік шағында өнер жолына нық қадам басумен қатар өмірлік серігін де тапқан. Ол қазақтың дара тұлғасы – Шахмет Хұсайынов. Бірде Еңлік рөлін сәтті сомдап, ел аузына іліге бастаған Бикенді театр сыртында Шахмет күтіп алып, жол бермей, ешқайда жібергісі келмейтіндігін білдіреді. Бұл жерде қатты қысылған қылықты қыз амалын тауып зып береді. Алайда серінің бұл әрекеті екінші мәрте айна-қатесіз қайталанады. Сезімін осылайша білдірген Шахмет  Бикеннің жүрегін жаулап, үшінші рет жолығысқанда екеуі ерлі-зайыпты болып бірге өмір сүру шешімін қабылдаған екен. Ол кездесу былай болған: Станиславскийдің кітабын іздеп театр кітапханасына барған Бикен керектісін таба алмай қиналып тұрған жерінде Асқар Тоқпановтың зайыбы Күлән жеңешесімен ұшыраса кетеді. Содан Бикеннің қиналысының мәнін білген алтын жеңгесі қоймай да қоймай, қанша қысылса да Шахметтің үйіне алып барады. Әрі қысылып, бармаймын деп қасарысса да іштей қалап тұрған Бикен үйге кіріп, жеңгесі үшеуі бірауық сәт тілдеседі. Арада сынаптай сырғыған сағаттар өтіп, түн орталанған шақта кетуге ыңғайланады. Сол тұста Шахмет: «Бикенжан, сен кетпе, қал біздікінде!», – деп жалғыз ауыз тіл қатқан көрінеді. Бұл жалғыз тілек болғанымен Бикеннің жүрегін жылытқан отты сөз  болатын. Тіпті, әкесінен 7, анасынан 17 жасында айырылып, панасыз жүргенде «Бикенжан» деп қос шынарынан кейін ешкім айтпаған сөз болатын. Асқар тау мен айдын көлін сағынып, өнер мен өмір жолындағы сан жүктен шаршағандай күйде жүрген Бикенді осы сөз сол сәтте жылатады әрі кімнің жақын екенін шынайы ұқтырады. Міне, содан бастап театр қарлығашы Шахмет Құсайыновпен отау құрып, ұлағатты ұрпақ өрбіткен. 
Мың қайталаса да жомарт жұрттың сағына тыңдайтын әні өзінің нарқын жоғалтпайтыны секілді, дарынын даралап, сара жолын қалыптастырған ұлт тұлғаларының өнер жолындағы ерлігін қайталай беру артық емес-ау. Бұл тұрғыда Бикен Римованың өнер даңғылындағы өлшеусіз төккен терінің әр тамшысына татымды тіркес іздегің-ақ келеді. Өйткені ол – саналы ғұмырының 60 жылға жуығын театрға арнаған талант иесі. Соның ширек ғасырдан астам уақытын режиссерлікке арнағандығын өз естелігінен анық білеміз. Міне, мұның өзі Бикен Римованың қазақ өнеріне барын арнаған жан екенін айғақтайды. Оны халық білді, халық сүйді! 
Қазақ театры өнеріндегі ерен еңбегі үшін Қазақстанның халық артисі атағын алған, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қырғыз өнерінің еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерінің иегері, қазақтың маңдайына біткен жарқын тұлғасы Бикен Римова кино өнеріне де өлшеусіз үлес қосқан жан. Оның  «Тақиялы періште», «Үлкен үй», «Менің атым Қожа», «Махаббат туралы аңыз», «Құланның өлімі», «Гауһартас», «Аруана», «Абай» фильмдеріндегі бейнелері ел есінде, тарих бедерінде айшықталып қалған мәңгілік ескерткіші. Сонымен қатар, Талдықорған драма театрының Бикен Римова атымен аталуының өзі ел анасының халық алдында қаншалықты қадірге ие екендігін аңғартса керек. Бұл да ардақтысын алқалай білген жомарт жұрттың өнерге деген құрметінен болса керек. Ал, шын мәнінде, түптеп келгенде қазақта актриса көп, бірақ Бикен Римованың жалғыз екендігін алты Алаш әлдеқашан мойындап қойған-ды.

 
Бикен Еңлік үшін туған. Еңлік бақытты Бикенге кездескен.
Мұхтар ӘУЕЗОВ
***
Бикен актерлік салада үлкен абыройға ие болар, Қазақстан актерлері жұлдыздарының бірі болды.
Қасым ҚАЙСЕНОВ, 
Қазақстанның Халық Қаһарманы
***
Шіркін, Бикен әпкем үшін дүние көктем қалпында өзгермей қалған екен, оның адамды сүюдегі көңілі әркімге берілсе, жер бетінде жамандық болмайтындай көрінеді маған.
Бикен-Еңлік өзінің бойынан сәуле шашып, нұр шашып қыста да суыққа шыдай беретін мәңгіліктің, махаббаттың гүліне айналып кетті ме екен, кім біледі.
Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ,
Қазақстанның Халық жазушысы, ақын
 
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ