ҚАР АСТЫНДАҒЫ "АБАЙ ЖОЛЫ"

Уақыты: 01.02.2018
Оқылды: 1739
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ұлттың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің: «Кітап – аяулы досы бола бастаған шақтан былай ғана әрбір жан өзін интеллигент бола бастадым деп санауына болады», – деген тәмсілі білімсіз адамның күні қараң екенін ұғындырады. Иә, кітап – білімнің қайнар көзі. Алайда бүгінгі қоғамда таңды-таңға ұрып, жата-жастана көз майын тамызып әдеби шығарма оқитын жастардың легі сиреп барады. Бабаларымызды үлгі тұтып, салған сара жолдарын жалғап, білімді инемен құдық қазғандай қылып алуға ұмтылып, кітап құшақтап жүргендер аз. Сонда Мағжан атамыз елдің болашағы деп сенген жастар рухани азықты қайдан таппақ? Бұл – бүгінгінің өзекті мәселесі.

Жексенбі. Қаламыздағы тотыдайын таранған арбаттың бойымен келемін. Кенет көзім күннің суығына қарамай жолдың жиегінде көне қазыналарымызды жайып тастап, сауда жасап тұрған жандарға түсті. Еріксіз үңілесің. Алғашында тек орыс тіліндегі кітаптар болар деп топшыладым. Жоқ, үстел үстінде мұқабасы мүжіліп, беттері сарғайып кеткен іші қазына мен құтқа толы қазақтың тарихы мен тағылымы жақұт туындылары  жатыр екен. Әр қазақ оқуға тиіс «Абай жолы» романы беті қар басқан күйі тұр. Ала жаздай күнге кептіріліп жатқаны аздай, енді қақаған қыста дымқыл тартып жатқан көне туындыларды көргенде ілім дейтін жанып тұрған шырақтан жылу алып, қойнауы білімге толы ырыстың тізгінін ұстап, көшедегі кітаптарды талап алатын замандастарым бар ма деген ой келді. Техниканың дамыған заманында қоғам жастары көшедегі кітаптарды алып оқи ма екен? Осыны білу мақсатында сатушылармен тілдестім.

Кітап сатушы Людмила апайымыздың айтуынша: «Қазақша оқулықтарды оқитындар жоқтың қасы. Бірен-саран егде жастағы қариялар сұрайды. Ал, қазіргі жастар кітап оқуға құмар емес. Есесіне орыс тіліндегі әдебиеттер жақсы өтеді»,– деді.

Қай сатушыға барсаң да осы жауап. Жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын білгім келді. Көшедегі қазақтың қарадомалақ балалары мен қаракөз қыздарынан кітапхана қайда екенін сұрадым. Көбі таңырқай қарап білмейміз деп жауап береді.

Иә, өкінішке қарай жастарымыз ой-өрісі дамитын жігерлі шағында көше тұрмақ, кітапханадағы кітаптарды тауысатын уақытын текке өткізіп, бойына рухани азық алатын әдеби шығармалардан жырақта жүр. Көз майын тамызып, күні-түні оқулық құшақтап жүрген жандар некен-саяқ. Ғаламтордың торына түсіп, ұлылардың том-том кітабын емес, ұялы телефон құшақтап жүрген жандарды көргенде, қолынан ескі кітабы, аузынан ертегісі түспейтін ата-әжелерімізді сағынады екенсің.

Осы кезде балалық шағым есіме оралады. Шамамен он бес жыл бұрын Қожбан ауылында тұрдым. Айналдырған жиырма үй. Әкем қой бағуға шыққанда үнемі қоржынына бір әдеби шығарманы салып алатын. Кешке дейін сол кітапты оқиды. Мал өрістен келгенде әдейілеп қолына ұстап келеді. Бұл – ауылдағы ағалардың әдеті. Балаларды кітап оқуға тәрбиелеу екенін кейін түсіндім. Қой кезектің алдынан шыққан жанның бірі әкеме: «Ертең менің кезегім еді, кітабыңды берші», – деп қолқа салады. Сөйтіп, әлгі шығарма қолдан-қолға тарап кетеді. Қуаныштысы, барлық ауыл оқып шығатын. Кешкісін сол кітаптың қызығын бізге айтып беретін. Осыны көріп өскен жастар да әрине кітап кеміріп өсетіні анық. Содан кейін туған күндерде сыйлыққа міндетті түрде кітап беретін.

Ал, бүгінгі қоғамда ше? Біреуге кітап сыйламақ түгіл, оқулық арқалап, қаланың кітапханаларын жағалап, тірнектеп білім алып жүрген жандарды кездестіру қиынға соғып тұр. Бұның себебі не? Өзге елге еліктеушілік, техниканың дамыған заманы дегеннің өзінде сол дамыған техникаң да: «Кітап – білім бұлағы», – деп сайрап тұр емес пе? Орыс жазушысы М. Горький: «Кітап – мұхит, сол мұхиттан не терең? Мен біліммен ылғи дос боп өтер ем. Егер мен бай болсам, тек қана кітап сатып алар ем. Кітап – әлемдегі құпиялы ұлы ғажайыптардың бірі», – десе, Шекспир: «Кітап маған тақтан да қымбат», – деп баға берген. Бұған қарап біз кітаптың тарихымызды танытатын, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани байлығымызды арттыратын ең қымбат дүние екенін аңғаруға болады. Ендеше уақытымызды бос өткізбей, білімімізді арттырайық. Көшеде шаң басып жатқан кітаптарды ашып алып, парақтап оқып, рухани байлығымызға мән берейік. Еліміздің болашағы білімді жастарда. Әр жас кітаппен дос болса біз алмайтын қамал жоғына сенімдімін.

КІТАПТЫҢ ИІСІ

Жұмахмет ЖАЙЛАУБАЕВ,

журналист:

- Балалық шағым еске түсіп, ауылды сағынғанда кітапханаға барғым келеді. Ол жердегі тыныштық, сыбырлап сөйлескен адамдар, ең бастысы кітаптың иісі көңіліңді көк дөненге мінгізіп, сонау жетпісінші жылдарға жетелейді. Ауылда екі бөлмеден тұратын кітапхана бар еді. Сыртқы мұқабасы мүжіліп, беттері жыртылып желімделген кітаптар оқырман көптігінің көрсеткішіндей. Қашан барсаң да кітап қарап жүрген бес алты баланы кездестіресің.

Кітапхананың табылдырығынан аттаған сәттен бастап қойдың маңырағаны, иттің үргені, тракторлардың гүрілі, көшені басына көтеріп ойнаған балалардың шуы бір сәтте радионың құлағын басқандай тым-тырыс бола қалады. Көне кітаптардың иісі мұрныңа келеді. Шаң басқан кітаптардың иісі жайлаудың жұпар ауасын жұтқандай бойыңды жеңілдетіп, жаныңды жадыратып жібереді. Келесі бір сәтте керемет бір дүниеге қолың жетіп, көптен армандаған арманың орындалатындай күйге түсесің. Жаныңдағы жолдасыңмен сыбырлап сөйлесіп, жылда сырлай бергендіктен қабат-қабат бояулары жарылып, басқан сайын кейбір жері сықырлап, шиқылдайтын еденді аңдап басып, артық дыбыс шығармауға тырысасың. Кітапханадағы тыныштық бұзылса енді ғана аяқ басқан таңғажайып әлем таптырмай кететіндей көрінетін. Осының сыры неде деп ол кезде ойламадық. Кейін парсы ақыны  Румидің: "Тыныштық – Құдайдың тілі, қалғанының бәрі сапасыз аударма", – дегенін оқығанда кітапхана ішіндегі сол бір ғажайып сезім Жаратушыны тыңдаған алғашқы сәттерім екенін түсіндім. Қарашеңгел ауылындағы кішкене ғана кітапхана таным-түйсігімнің ұшталуының, талғамымның  таразылануының, ой-дүниемнің түлеп  жаңғыруының бастауы екен. Сондықтан да кітап мен үшін  өмірдің ұстазы, ақиқаттың сәулесі, тарихтың куәсі. Кітап оқығанда қызығына батып, тас қараңғыда сыңар аяқ соқпақты енді тауып, кірпік қақсаң, көңілің бөлінсе адасып кететіндей ғажайып әсерде болған сәттерді айтып жеткізу мүмкін емес.

Бүгінде кітапты талғап оқимын. Ой-өрісім кеңейіп, талғамым жоғарылап кеткендіктен емес. Өзіндік айтары аз, жаңаша образ-характерлері жоқ, қара дүрсін баяндаулардан тұратын, мылжың сөздері мезі қылатын кітаптардың көптігінен. Сабан мен алтынның түсі ұқсас, салмағы бөлек болатындығындай бүгіндері кітаптың барлығы бірдей сөз мәйегі емес. Ресейдің әдебиет сыншысы В. Белинский өз заманында: «Бізде әдебиет жоқ», – деп айтыпты. Бүгінде зерттеушілер әдебиеттің жоқтығын емес, әдебиетті түсінер түйсіктің жоқтығын, шынайы өнерді тудырарлық сананың кенжелігін меңзеген дейді. Белинский айтқандай шынайы өнер тудыратын санамыз төмендеген жоқ, дегенмен де сапасыз дүниенің көптігі анық. Баяғыда ғұлама жазу жазып отырса бiр құмырсқа түп- түзу болып маржандай тiзiлген жазуға қызығып басқа құмырсқаларға айтыпты. Содан екiншi құмырсқа ол жазуды басы үшкiр қаламның жазатынын, үшiншісi қаламды бес саусақ ұстайтынын саусақтардың бiлекке бағынатынын бiлiп келiптi. Төртiншi құмырсқа бiлектiң иесi адам екенiн, сол адамның жазу жазып отырғанын айтып өздерi ашқан жаңалықтарына мәз болып жөндерiне кетiптi. Алайда құмырсқалардың бiреуi де ол адамның не жазып отырғанын керек қылмапты.

Бірі қалталы кәсіпкерлерді жағалап, енді бірі, ебін тауып әкімшілік есебінен бастырып алған кітаптардың тұсаукесер рәсімдерінде бетін ашып көрмесе де көпіре мақтайтындарды көргенде осы әңгіме есіме түседі. Бродский деген еврей ақыны: «Ізгілікті ояту үшін кез келген қонақүйде поэзия кітаптары жату керек», – деп айтыпты. Тариxы мен танымы бөлек дамыған елдерде әлі күнге дейін кітаптың орны бөлек. Білім мен біліктің, мәдениет пен барлық тәрбие атаулының ақ бастауы кітап екендігін олар біледі. Өткен ғасырда Ғабит Мүсірепов:  "Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік", – деп ескертіпті. Сондықтан да кітап қай заманда, қандай қоғамда болмасын әрқашан құнды.

Айдар ҚАЛИЕВ