МҰХТАР МАҒАУИН «ЖЕТІСУ» ГАЗЕТІНІҢ РЕДАКЦИЯСЫНА КЕЛДІ

Уақыты: 02.02.2018
Оқылды: 3118
Бөлім: РУХАНИЯТ

Иә, 2000 жылдардың басында, Алматы облысының орталығы Алматыдан Талдықорған қаласына ауысып жатқан абыр-сабыр уақытта қазақтың маңдайалды қаламгері Мұхтар МАҒАУИН «Жетісу» газетінің редакциясына келіп, кең көлемде сұхбат берген еді. Одан бері де бірнеше жылдың жүзі өтті.

Тарихшы, филология ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің «Жетісудай» қасиетті шаңырақтың табалдырығынан аттауы біздің ұжым үшін мақтаныш әрі үлкен абырой болып қала бермек. Сол кездегі газеттің редакторы, Қазақстанның Құрметті журналисі Жақыпжан Нұрғожаев көрнекті ғалыммен әңгімелесе отырып, «Шыңның шынары» атты сұхбат жариялады. Кездесуде қаламгер редакцияға өзінің 12 томдық кітабын тарту еткен. Экран бетіне шығуға құмар кейбір мақтансүйгіш жазушылардай емес, Мұхтар Мағауиннің соқпағы – соны, ұстанымы – бөлек.

Шығармашылыққа, қаламға, жазуға деген адалдықтың жарқын үлгісін көрсетіп келе жатқан ұлт тұлғасы бүгін 78 жасқа толды. Ғалым кешегі кеңестік кезеңнің өзінде ғылымдағы ұстазы Бейсенбай Кенжебаевтың нұсқауымен әдебиет тарихын арыға жылжытып, бабалар сөзін қайта тірілтті. Жазушының қаламынан туған қаншама кесек-кесек туынды бүгінгі жастардың қолынан түспей келеді. Қазақтың бағына біткен ұлт қайраткеріне шығармашылық табыс, зор денсаулық тілейміз. Шетте жүрсе де жүрегі туған жұртымен бірге соққан руханият саңлағына қаламыңыз талмасын дейміз.

Биыл жүз жылдығын атап өткелі отырған "Жетісу" газетіне Алаш қайраткерлерінен бастап талай ұлт перзенті келген, қанаттанған, абыройлы қызметтер атқарған.

Қуаныш АБАЙБЕКҰЛЫ