ӨЛЕҢНІҢ ЕРЕН ЖҮЙРІГІ

Уақыты: 25.02.2018
Оқылды: 4542
Бөлім: РУХАНИЯТ

    Биылғы 26 ақпан біз үшін ерекше аталып өтетін күн. Өйткені, осыдан дәл 80 жыл бұрын әдебиет әлемінде құнды мұралар қалдырған қаламгер, ақын, жазушы, драмашы, прозашы, фельетоншы, очеркші, қазақ әдебиетінің, балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, Қазақстан Жазушылар одағының тұңғыш төрағасы, қоғам қайраткері  Ілияс Жансүгіров  Кеңес өкіметі билігінің тұсында әдейі ұйымдастырған қызыл қырғынның құрбаны болды.


Күйіндей домбыраның құлдырасын,
Суындай Алатаудың сылдырасын.
Сөздердің асыл, көркем тасын қала,
Ұйқасы өлеңімнің сыңғырасын, – деп  сөзден сұлу сарай тұрғызып берген өлеңнің өрен жүйрігі Ілияс Жансүгіров Жетісудың Ақсу аймағында 1894 жылы жазға салым дүние есігін ашқан. Анасынан 4 жасында жетім қалған Ілиясқа әліпбиді әкесі Жансүгір танытады. Кейіннен Жетісудағы Мамания мектебінде білім алғаны жөнінде өз өмірбаянында: «...Матайдағы атақты Маман, Тұрысбек тұқымы тәрбие, салт-сана жөнінен де өзгерістер кіргізді. Мешіт салды. Имам ұстады. Мектеп ашты. Бала оқыттырды. Бұхарадан оқып шыққан  Қасен молда «Сүттіген» деген жерде имам екен. Мені осы Қасенге әкем әкеп бергені 1910-шы жылдың мөлшері. Мұнда бір ай жарым оқыдым. Тұрған орным келіспей, ауырып, ауылға кеттім...», – дейді.
    Өткен ғасырда қазақ даласында алғашқылардың бірі болып оқу-тәрбие орнын ашқан Қалқабайұлы Маман және Тұрысбек, Сейітбаттал, Есенқұл Қарағаш қорығында Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінің үлгісімен 8 жылдық медресе салады. «Айқап» журналына, «Қазақ» газетіне мектепке білімді қазақ мұғалімдерін шақырған жарнамалар жарияланып, қазақ жерінің түкпір-түкпірінен мұғалімдер келеді. Мектептің ашылу салтанатына Қазан қаласынан Мұстахым Малдыбаевпен бірге атақты әнші Майра Уәлиқызы да келеді. Мұстахым Малдыбаев медресеге бір жылдан астам ұстаздық әрі басшылық еткен соң елдеріне қайтпақ болып, жолға жиналады. Жол жүрер алдында әнші Майра Уәлиқызы Ақсу жұртына «Қоштасу» әнін арнайды. Ұстаздардың, жалпы қауымның атынан бозбала Ілияс Майра ақынға ризашылық білдіру мақсатында жауап қайтарады:
Майра апай сіз бе едіңіз өнері асқан,
Құмар ем сөзіңізге бала жастан.
Сайраған үніңізді естігенде,
Тіл қаттым жастығыма қарамастан.
Мен де бір талаптанған ініңізбін,
Жарқ еткен ұшқынымын жырыңыздың.
Қабыл ап, өзіңізге өлеңменен,
Тарту ғып жас жанымның гүлін үздім.
    «...1912 жылғы күзде «Қыли мектебіндегі» ноғай мұғалімге оқуға кірдім. Оның сабағы – құран, оқу, жазу, есеп. Мұнда төрт жарым ай оқыдым да, оқи алмай кеттім...». 
...Ежелден ескеруші ем елдің сөзін,
Бұлақтың тазалауға тінтіп көзін.
Бар ма деп ашпаған сыр,айтпаған жыр,
Құлақты қырға түріп жүрген кезім...
     Сөзге сүйірлеу, құймақұлақтау бозбала хат білген соң өлең кітап, қиссаларды қызығып  оқып, кейін аймақтың, ауылдың өлеңшісі де болады. Жарып топ бастап, таңдап әріптес алып айтысады. Тойды таңға тарқатпай ауыл әлеуметін  ауызға  қаратады. (Ілияс Жансүгіров. Өмірбаяным. 1928 жыл).
«Өлеңге  Жамбыл – жүйрік, әнге – Кенен, 
Су жорға Үмбетәлі – қара дөнен» – деп ақын 
жырлағандай, сол Жамбыл, Кенен, Үмбетәлі, Сүйінбай, Бақтыбай, Қуат, Құл ақындардың  үздік қырларын бойына дарытты.     Нәтижесінде Бөлтірік, Бейсембай, Шындыбай, Үмбетәлі ақындардан Сүйінбайдың көптеген шығармаларын  жазып алып, 1935 жылы «Сүйінбай ақын» деген жеке жинақ құрастырып шығарды. 
   Кітаптың алғысөзін жазған Жансүгіров: «Сүйінбай ұлы дүбірде жарысқа түскен, өлеңді ойдан желше соқтыра беретін жезтаңдай ақын», – деп өте жоғары баға берген.
   Әсет ақынды пір тұтып, керемет өнерін көрген Ілияс Жансүгіров «Бұлбұлға», «Тұңғыш тоғысу», «Әнші» атты Әсет Найманбаевқа арнаған өлеңдерін жариялады.
Ән салсаң Әсеттей сал әсемдетіп,
Қоздырып делебені дәсерлетіп.
Шырқатып, шығандатып, шалықтатып,
Шапшытып, шүмектетіп, нөсерлетіп.
Талдырып, талықсытып, тамылжытып,
Орғытып, орағытып, баса өрлетіп.
Самғатып, саңқылдатып, cap желгізіп,
Өрлетіп, өршелентіп, бәсеңдетіп.
    Ілияс жазу-сызуды білгеннің нәтижесінде бала оқытады. 1914 жылы қазақтың ұлы ақыны Абайдың шығармаларымен танысқан соң жазуға талабы оянады. «Тақырыпқа да, түрге де Абай торында қалдым» – дейді. Сол жылы бірнеше өлеңдер шығарып, жинақтың атын «Балдырған» қояды.  
    1920 жылы оқуға талпынып, Алматы, Ташкент қалаларында қысқа мерзімдік мұғалімдер даярлайтын 2 жылдық курсқа түседі. Сол жылдары Түркістан Халық ағарту комиссариатының Қырғыз (қазақ) ғылыми комиссиясының мүшесі ретінде Сырдария, Жетісу облыстарына жасаған экспедицияларды Әбубәкір Ахметжанұлы Диваев басқарды. Ел әдебиетін жинайтын комиссияға Ілияс та ілігіп, төрт ай жұртты аралап халқымыздың бай қазынасын түгендеумен айналысты. 
Сөз зергері «Ақ жол» газетіне корректор бола жүріп, Ғани Мұратбайұлының ұйымдастыруымен «Жас Алаш» газетін шығаруды қолға алады. Алматыда шығатын «Кедей еркі» газетіне тілші болады. Осы жылдары газет беттерінде  ақынның бірнеше өлеңдері жарыққа шығады.
Жаз! Жаз! Қалам, жорғалап,
Төк қағазға барыңды...
...Қағазда заула арман сөз,
Жас жүрекке жалынды.
    Жаппай сауатсыздықпен күресу қолға алынып жатқанда, 1921 жылы елге оралып, Белтоған ауылындағы мектепке мұғалімдікке  орналасады.
Алдымда айқын айнам бар,
Алдымда жойқын майдан бар.
Ағарту елді – майданым!
Жарлы-жақыбайлардан құрылған Жетісу облысының «Қосшы» ұйымына мүше болды.
Алқынамын, басылмайды арыным,
Тау селіндей екпін қайрат, сарыным.
Жарлы-жалшы, жақыбайды жарылқау –
Жандағы ауру, жүректегі жалыным.
    «Қысқа қарсы Алматыға келдім. Талабым оқуға кіру еді. Бірақ таныс жолдастарым қызметке кіргізіп жіберді», – дейді өмірбаянында. Оқуды аңсаған ақын қызметке қызу кіріседі. Қазақ-қырғыз ағарту институтында қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп, кейіннен 1924 жылдың  23 ақпанынан бастап осы институтқа директор болып белгіленеді. 1925 жылы Алматы Губерниялық оқу бөліміне (ГубОВО) меңгеруші болып тағайындалады. Осы кезде Жетісу губерниялық атқару комитетінің төрағасы, қоғам және мемлекет қайраткері  Ыдырыс Көшкіновпен қызметтес болады.
...Тағыны тастан тауып тарсылдатып,
Жүргенбіз тауды ұзақ күн қыдырыспен.
Басына кешке таман Шырғанақтың,
Шыққаным әлі есімде Ыдырыспен...
Жауыққан жауым надандық
Өнерсіздік – өштесім,
Қараңғылық – қастасым,
Жігерім жегем жеңерге.
    «Білімнің аздығы, надандығым басымдығы діңкеме тие берді. Оқуды қатты аңсай бердім. Аяғында 1925 жылы күзде тілегім бойынша Жетісудың партия ұйымы оқуға жіберді. Мәскеуге келіп Мемлекеттік Жорналистер институтына түстім...».
«Тәшкенде алты ай оқыдым. ГИЖ-де оқығалы 3-жыл. Барлық тізе бүгіп оқығанымды санағанда 38 ай оқыған болам», – дейді. 
Ынтам өлең көксесе,
Көңіл сөзге қозғалса.
Бойдың күйін ой жексе, 
Қаламды қуат қолға алса:
Мені жаз деп топырлап,
Бермес маза шіркіндер.
Алдайтын да байлайтын,
Болар көбі сол күндер.
     Білім ала жүріп қолынан қаламын тастамаған қарымды қаламгердің «Сағанақ», «Беташар» өлеңдер жинақтары 1927-1928 жылдары жарық көреді. 1928 жылы аталған оқу орнын бітіріп, елге оралағаннан кейін «Еңбекші қазақ» газетінде,  Қазақ драма театрында әдеби қызметкер болып қызмет атқарады. 
    Ілияс Жансүгіров 1928 жылы жазған өмірбаянында 1920 жылы күзде Ташкентке келгені жайлы айтып: «...Тәшкенде алғаш қазақ институты ұйымдастырылған жыл екен (1920 жыл). Қалалы жерде, қайнаған оқулы-ордалы жерде өмірімде болғаным сол. Театрды көргенім сол. Кейін өзіміз ойнадық. Жанақ ақын болып, калезейде өлең айтып, баламен айтыстым...», – деген болатын.
Театрдың даму, өсіп-өркендеу жолы әрбір ұлттың, әр халықтың өмір-тұрмысымен, олардың жалпы тарихымен және мәдениетімен тығыз байланысты екенін түсінген ақын театр саласына да үлкен үлес қосты. Ол 1929 жылы «Театр туралы» мақаласында: «Мәдениет майданындағы сүбелі ісіміздің бірі — театр. Театр көрінгеннің ермегі емес, еңбек. Еңбектің көркемі. Театр – көңіл көтерудің орны ғана емес, мәдени ошақ», – деп, жанашырлық танытады.
    Ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов: «Мен Ілиясты бұрын да білуші едім. Бірақ оның шын мағынасында дарынды ақын екенін мойындағаным сол «Жетісу суреттері» өлеңін оқығаннан кейін». Бұлай деуінің себебі Ілияс Жансүгіров туған өлкесінің тамаша табиғатын, өзен-көлдерін, тауларын, құс-аңдарын өзгеше шабытпен өлеңге қосты. 
Жер таппан жерде жетер Жетісуым:
Күркілдек, Көксу, Лепсі, Іле, Шуым,
Асқардың аспан сүйген сілекейін,
Жан бар ма татпайтұғын, айтпайтұғын...
    Туған өлкесі Жетісудың тарихын жетік меңгеріп, жан-жақты таныған жазушының орыс отаршылдығы мен 1916 жылғы көтеріліске қатысты «Жетісу өлкесін орыс алуы», «Ұзынағаш соғысы», «Жаркент оязында», «1916 жыл деректері», «Лепсі оязында», «1916 жылғы оқиғада менің көргенім» тақырыбындағы деректі дүниелері жинақ болып жарық көрді.
...Ескінің ертегі айтсам ертесінен:
Жетісу қан малшынған белшесінен...
    Жасынан ән-күйді терең сезініп, жанымен түсінген Ілияс Жансүгіров домбыраға бірнеше өлеңдер арнап, 1929 жылы «Күй» поэмасын жазды. Бұл поэмада Ілияс Жансүгіров қобызшы Молықбай Байсақұлын дәріптеп, оған өлеңмен өшпес ескерткіш тұрғызды. 
Қобызшы – Молықбай шал Матайдағы,
Матайда – Кенже, Тұңғат Сақайдағы.
Қазақта қобызшының қалғаны сол,
Жорға еді маймаңдаған бақайшағы.
Домбыра, сенде мін бар ма?
Мінсіз болсаң тіл бар ма?
Тіл жоқ деуге бол ма
Тілден анық үн барда?
Домбыраның күші мол 
Көмейінде күй барда!
    Бүгінде ақынның «Домбыра» өлеңіне ән жазылып, оны ұлттық өнерге қамқорлық танытып, асыл мұрамыздың қаймағы бұзылмауына өз үлесін қосып жүрген Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының аға оқытушысы, «Қазақконцерт» өнер бірлестігінің әншісі, ҚР Мәдениет қайраткері Нұржан Жанпейісов орындайды. 
    Сондай-ақ, Ілияс Жансүгіров асқақ ақын ғана емес, әншілік, орындаушылық, композиторлық өнерімен бүкіл қазақ даласына танылған ерекше дарын иесі, Арқаның ардагер ақыны Ақан Қорамсаұлының өмір шындығын терең жырлаған.
Туғаны Арқадағы Арғын елі,
Өскені Көкшетаудың шалғын жері.
Ащы тіл, асау мінез қылығынан,
Атанып кетпеді ме «азғын», «пері»?
Лақабы – әлде әулие, әлде пері,
Арқаның атақтысы Ақан сері.
Көкшеде сұлу сүйіп, өлең айтқан,
Бұлаңдап тақымында Құлагері.
Ілияс Жансүгіров мұраларының құндылығы оның өрнектелген өлеңдерімен  қоса, композиторлық қыры. 
    «...1922 жылы Алматыда Абай атындағы балалар үйінде тәрбиеленетін балалардың Октябрь мейрамына парадқа бара жатып, айтқан өлеңдеріне, салған әндеріне Ілияс қатты назаланып, «Жастар ұраны» деген өлеңін сол ұранға арнаған «Жастар» дейтін  әнімен «Абай» балаларына үйретіп еді. 1923 жылы май мейрамына балалар Ілиястың әнін айтып шықты», – дейді Ф. Ғ. естелігінде.
Біз, жастар, заманның 
Иесі, қожасы.
Жаралған адамның
Жалынды, жаңасы...
    Қазақ музыкасын алғашқы жинаушы, композитор, этнограф, қоғам қайраткері А. В. Затаевичтің «Қазақ халқының 500 әні мен күйі» атты еңбегінен Ілияс Жансүгіровтің жаздырған әндерін көруге болады. Онда Александр Викторович былай дейді: «...Ілияс  Жансүгіров – өзінің туған жері  Жетісудың әндері мен күйлерін шебер орындаушы, қазақтың музыкалық шығармашылығын жоғары бағалайтын және білетін талантты жас ақын және журналист. Ол маған көптеген әндер мен күйлердің тізімін берді. Оларды жариялауды келесі жолға қалдырып отырмын (өйткені Жетісу губерниясының материалдары бұл жинаққа кірмейді, әлі жиналу  үстінде)...».
   Бұл жөнінде 1936 жылы араб әрпінде жазылған «Ақтарусыз жатқан қазына немесе ән-күйлерімізді жинау хақында» қолжазбасында Ілияс Жансүгіров: «...Істелген нәрсенің бір қабырғалысы Затаевичтің жинаған 1000 әні. Елде не көп – ән көп, күй көп, өлең көп, әңгіме көп. Мұның бәрі әлі жинаусыз жатқан кен. Ақтарусыз жатқан қазына. Енді жинап жүрген 500-дей әні бар. Затаевичтің бұл еңбегі арқылы қазақ шашылып жатқан әнін жинап алып отыр...», – деп жазады.
Ілияс Жансүгіров 1936 жылы жазған «Құлагер»  поэмасындағы әнші Ақан серінің Сағынайдың асына келгенде айтқан әндерін А. Затаевичке нотаға түсіртіп, жаздырды ма екен деген ой туындайды.  
Ән тәтті Ақан салған Арқадағы:
«Үш тоты», «Ақ саусақ», «Ақмарқалары».
Салғанда «Сырымбеттей» сүйікті әнін
Қасына жиылған жұрт тарқамады.
«Үш тоты», «Көкшетауым», «Ахау, арман»,
«Жайдарман», «Жайма  қоңыр», «Кер қашаған».
«Ой, ерке», «Мейлің-мейлің» – дегендердің
Бәрі де – Ақан баптап салатын ән.
Өлеңге сұлулықты қосты талай:
«Ақмарқа», «Ардагерім», «Тастүлегім».
«Ақ  шашақ», «Жайма-шуақ», «Кербез керім» –
Ақанның  асты  ұйытты  осы  әндері.
   Ілияс осы әндерді санамалап бергеніне қарағанда, ол әндерден өзі де хабардар екенін байқауға болады. Әрине, бұл тек қана болжам. Ол үшін ізденістер қажет.
    Ілияс Жансүгіровтің жақын туысы Құсайын Шәкеновтің айтуына қарағанда Ілиястың жасөспірім кезінде ауылда жүріп  шығарған бірнеше әндері болған. Сол әндердің бірі зайыбы Ілиястың өзі сүйіп орындайтын – «Шилі өзен, қамыс-ай» әні. Оған  айғақ ретінде тағы бір мысал келтірейік. Ілиястың зайыбы Фатима  Ғабитова былай деген екен: «Ілияс кейбір кездерде жолдастары ортасында ән салатын. Оның салған әндерін сүйсіне  тыңдаушылардың бірі – Ғабит  болатын. Ілиястың сол күндерде салған әндерін осы күні бұлжытпай Ғали Орманов орындайды. Ілиястың қоңыр, көркем үнін ұдайы естеріне алатын Ғабит, Ғалилар да Ілиястың дауысының баритон екенін айтар».
    Қазақ поэзиясының құлагері атанған Ілияс Жансүгіровтің балалар әдебиетіне қосқан үлесі аз емес. 1934 жылғы Қазақстан жазушылары І съезінде жасаған баяндамасының «Балалар әдебиеті» бөлімінде: «Біздің үлкен олқы жеріміз – балалар әдебиеті. Социализмнің жаңа жұртшылығы, жас жеткіншегі – балалар туды, туылып жатыр, өсіп келеді. Бірақ балалар әдебиеті туған жоқ. Балалар кітапсыз өсіп келеді. Қолдағы бар деген кітаптар балалардың мың тілегінің біріне де жарамайды...», – дейді. 
Оның балаларға арнап жазған бірнеше өлеңдері бар. Соның бірі «Бөбек бөлеу».
Бөл-бөл бөбек, бөл бөбек,
Бөлейін бері кел, бөбек. 
Бедерлі бесік, төрт есік,
Төгілте салдым төр төсек.
Бөпешім, бесік – отауың,
Отауыңа кір бөбек...
    Ілияс Жансүгіров орыс және дүниежүзі классиктері шығармаларын қазақшаға аударған. А. Пушкиннің «Евгений Онегин» атты романын 1936 жылы қазақ тіліне тұңғыш аударғанда сол. Аудармадан мысал келтірейін:
Любви все возрасты покорны,
Но юным девственным сердцам.
Ее порывы благотворны,
Как бури вешние полям...
Махаббат жас талғамайды,
Қыз, бозбала жүрегіне.
Сүю, серпін тиер жайлы.
Жазғы желдей соққан гүлге...
    Ақын өмірінің көп уақытын жұмыс бабымен іссапарларда өткізген. Ол жанұясына сағынышын былай жеткізеді:
Аманмын, Еділдемін, жолым жайлы,
Тепшілеп теріп жүрмін Исатайды.
Келемін Астраханнан жоғары өрлеп,
Жеріне жолаушыға жету қайғы.
Қаласы Сталинград алдымызда,
Пароход осы арада көп тоқтайды.
Фатима, еркелетіп Азатымды,
Сүйіп қой ағасы үшін Үмітайды!
    1927–1937 жылдар арасында поэзия, проза, драматургия, сын, аударма салаларында жиырмадан астам кітап шығарып, артына аса бай әдеби мұра қалдырды. 
    Ілияс Жансүгіров «Қазақ көркем әдебиеті» баспасының поэзия бөлімінің редакторы қызметін атқарып жүргенде 1937 жылы 11 тамыз күні жалған саяси  айыппен тұтқындалды. 
Талайлар жаудың торында,
Талайлар жаудың қолында.
Талайлар жаудың оғында,
Талайлар талай қан жұтқан. 
    Ақынды алдымен абақтыға жапты, алты айдан соң 1938 жылдың 26 ақпанында атты. 
Үш тосарлы қанды ауыз,
Ол бораға түскен күн;
Қара қабан, жалмауыз,
Қорқырап қанын ішкен күн.
    Көзі тірісінде қазақ поэзиясының өрен жүйрігі, ақындықтың Құлагері атанған Ілияс Жансүгіров өзі жырлаған «Құлагер» поэмасындағы Құлагерінің тағдырын қайталады. Өмірі өнегеге айналған ақын шарықтап тұрған 43 жасында Қылмыстық кодекстің 58-статьясының 2-8-11-баптарымен айыпталып, ату жазасына кесілді.
Өмірде бастырмастан көңілін өрге,
Кім еді ел талантын тыққан жерге?
Қыз емес, қара күш пен қаңқу сөздер,
Ертерек ер жүрегін көмген көрге!
     Елімізде отызыншы жылдары орын алған зорлық-зомбылықтың құрбаны болған аса көрнекті қазақ ақыны, жазушы, журналист Ілияс Жансүгіров 1957 жылғы 12 сәуірде ғана толықтай ақталып, туған халқымен қауышты.
Халқымның қуанышты бұлбұлымын,
Жұртымның жүйрігінің дүлдүлімін.
Көтеріп көптің көңілін күнде шауып,
Жүлде алар жұма сайын туды күнім. 
Бақ туын тұрғанда ұстап бүгін қазақ,
Көңілі судай тасып, оттай маздап.
Ескі күн елім көрген енді ойласам,
Көрінер кейде қорлық, кейде мазақ, – дегендей, бүгінде  ақынның аңсаған арманы орындалып, Қазақ елі Көк байрағын көтеріп, тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құрды. Кешегі кеңестік кезеңде солақай саясаттың құрбаны болып атылғандардың мүрделері Алматы облысының Талғар ауданы, Жаңалық ауылының маңынан табылып, республикалық «Әділет» қоғамының араласуымен 2002 жылы ескерткіш тұрғызылды. 
    Қазақ әдебиетінің классигі, шоқтығы биік ақын Ілияс Жансүгіров 15-ке жуық поэма жазған. «Дала», «Күй», «Күйші», «Құлагер» поэмалары, «Жолдастар» романы, «Кек», «Турксиб», «Исатай-Махамбет» пьесалары қазақ әдебиетінің өлмес туындылары.
Ғабит Мүсірепов І. Жансүгіров творчествосы  жайында: «Мен  өзім  бізде Абайдан соң Ілиястан артық ақын бар деп ойламаймын. Ілияс өресі биік, өрісі кең эпик ақын еді. Егер Ілияс Жансүгіров поэмасының көркемдік биігіне осы күнгі ақындарымыздың көбісі,  тіпті ешқайсысы да жете алған жоқ десем, маған ешбір ақын  өкпелемес деп ойлаймын», – деп жоғары баға берген.
    Қазақстан Жазушылар одағының тұңғыш төрағасы, қазақтың Абайдан кейінгі замандағы аса дарынды ақыны Ілияс Жансүгіров кемеліне келген, қырықтың қырқасынан енді асқан, ақындықтың бәйгесінде арындап алға шыққан шағында тоталитарлық жүйенің, әділетсіз жаланың құрбаны болды.
    Аса қуатты суреткерлік талантын поэзия жанрында көрсетіп, күллі қазақ әдебиетінің мақтанышына айналған туындыларды дүниеге әкеліп, әдебиеттің барлық жанрларында қалам тартқан әмбебап дарын Ілияс Жансүгіровтің опат болған күніне орай Талдықорған қаласындағы әдеби музейінде жыл сайын ақынды еске алу кеші ұйымдастырылып,  Құран бағыштау дәстүрге айналған. Осыған орай биыл Ілияс Жансүгіровтің әдеби музейінде кезекті еске алу кешін өткізуді жоспарлап отырмыз. Ондағы мақсатымыз – бүгінде бізге жетіп отырған құндылықтарымызды бағалай білу, ақынның есімін жаңғыртып қана қоймай, шығармаларының рухани нәрінен сусындап, ой-санамызға азық ету, жастарға рухани тәрбие беру. 
    Ақынның әдеби музейінде 31 мамыр – Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні де атаусыз қалмайды. Бұл шара барысында да зұлмат зардабынан шейіт болған абзал арыстарымыздың қалдырған мұралары мен өнегелі өмірлерін жас ұрпаққа жеткізуді, өшкенімізді жағып, өлгенімізді тірілтуді мақсат етеміз.
   Ел қадірі мен ер қадірін, сөз бен өнер қадірін жете түсінген кемеңгер ақынның рухына тағзым етушілер оның музейінен  үзілмейді.
 
Салтанат ТӨЛЕГЕНОВА,
Ілияс Жансүгіров әдеби музейінің 
аға ғылыми қызметкері
 
ІЛИЯСТАН ҚАЛҒАН ЖӘДІГЕРЛЕР ТАБЫЛДЫ

Ілияс Жансүгіровтің бүкілодақтық екпінді құрылыс – ДнепроГЭС алыбына арнаған «Қуат» поэмасы (1932) мен «Бақытты Жамал» әңгімесінің (1937) мәтіні табылды. Оқырман қауым екі жәдігермен 86 жылдан кейін қауышты.

     Қазақ поэзиясында поэма жанрын қалыптастыруда ұзақ еңбек еткен ақындардың бірі Ілияс Жансүгіров. Баспаға әзірлеп үлгермеген, қолжазба күйінде қалып жетпей қалған немесе кезінде жарияланып, қазіргі таңда мәтіні табылмай отырған поэмалары: «Құсбегінің айналасында» (1919), «Қолбала» (1920), «Мұз қала» (1930), «Қуат» (1932). Өлеңдер жинағында жүрген «Кеңес» поэмасын ауылына қайтарып, жоғарыда аты аталған төрт поэманы және қаламгердің соңғы шыққан 10 томдық шығармалар жинағындағы (2004) 13 поэманы қосатын болсақ, ақын 18 поэманың авторы болады.
    «172 жолдан тұратын «Құсбегінің айналасында» поэмасының Қазақтың Мемлекеттік Орталық мұрағатында қолжазбасы сақталған. (Ілияс, 1919 жыл, 9 март» деп қолын қойған)» деген дерек болғанымен мәтінді таба алмай отырмыз. Сол себепті зерттеу нысанына да ілікпей отыр.
    Ақынның «Қолбала» поэмасы (1920) 1964 жылы Алматы облысы, Ақсу аудандық «Өмір нұры» газетінде, одан кейін 1974 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланған екен. 2010 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланған «Қолбала» поэмасының мәтінін көшіріп алып, Алматы облыстық «Жетісу» газетінде жариялап, халықпен қауыштырдық. «Бұл Ілиястың поэмасы емес» деген қарсы пікірлердің негізсіз екендігін ғылыми тұрғыда дәлелдеп, Ілиястың қоржынына салып бердік.
    Ілиястың ұлы Саят Жансүгіров «Құлагер ақынның құсасы» («Жас қазақ» газеті, 2007 ж. 27 шілде, №29 (133) атты сұхбатында: «Әкемнің «Мұз қала» атты поэмасы болған, бірақ ол жарық көрмеген», – деген еді. Ал Ильфа Жандосова –Жансүгірова: «Мұз қала» деген мұрағатта жатқан дастанда айтылатын ой Ілекеңнің 30-шы жылдардағы ойының қандай болғандығына куә», – дейді. «Мұз қала» поэмасымен қауышар күн де туар.
Рухани құндылығымыздың халқымен қауышқанына қуаныштымыз.

Шара Кыяхметова,
І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, «Ілиястану» 
ғылыми-практикалық орталығының аға ғылыми қызметкері