ӨНЕРДІҢ САФ АЛТЫНЫ

Уақыты: 25.02.2018
Оқылды: 1646
Бөлім: РУХАНИЯТ

    Өнер – қашан да киелі, қасиетті. Киелі өнерді өміріне өзек етіп, саналы ғұмырын театр сахнасында өткерген қазақтың ғажап актрисаларының бірі Алтын Ружева тірі болғанда 90 жасқа толар еді. Өзі болмағанымен оның өнерін әспеттейтін, атын өшірмейтін халқы бар. Қазақтың саф алтынындай Алтын қызын осынау айтулы шақта еске алу баршамызға парыз.


     Алтын Ибрагимқызының өмір жолын еске салар болсақ,1928 жылы 28 ақпанда Ақтөбе облысы, Байғанин ауданының Оймауыт ауылында туған. Өнер жолына ерте ден қойып, өмірінің мазмұны мен мақсаты осы деп білген Алтын соғыстан кейінгі 1946 жылы Алматыдағы киноактерлер даярлайтын мектепті бітіреді. Еңбек жолын Ақтөбенің  музыка драма театрында бастайды. Ақтөбе театрының жабылуына байланысты 1947 жылы Жамбыл қаласындағы Абай атындағы облыстық қазақ драма театрына актриса болып ауысады. Аталмыш театрда Алтын Ибрагимқызы 1979 жылға дейін жұмыс істейді. Осы отыз жыл ішінде талант иесі мол тәжірибе жинақтап, өнерін жетілдіреді, шеберлігін шыңдайды. Абай атындағы драма театрындағы қызметі еңбегінің ерекше жылдары, өмірінің мазмұнды, нәтижелі, жемісті уақыты болды. Егер Алтын Ибрагимқызы сахнада 180 образ жасағанын айтсақ, оның көбі әрі тұшымдылары, Жамбылдың «Сабирасы» деген халық берген атағы да осы Абай атындағы театрда жасалды. М. Әуезовтің «Айман-Шолпанындағы» Айманды сахналағанында да көрермендер актрисаның өнеріне, орындаушылық шеберлігіне  тәнті болады. К.Треневтің «Любовь Яровая» пьесасындағы басты кейіпкер-қарапайым оқытушы Любовь Яроваяның сырлы сезімдерге толы образын, екі жүзділік пен сатқындыққа жирене қарайтын адал әйел бейнесін Ружева нанымды да әсерлі сомдай алды. 
    Ол әрбір жаңа рольді орындаған сайын жаңа қырынан көрініп, өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. А. Ружева Ғ. Мүсіреповтің «Ақансері-Ақтоты» пьесасында – Ақтоты, «Қозы Көрпеш-Баян сұлуда» – Баян, К. Гольдонидің  «Екі мырзаға бір қызметкерінде» – Беатриче, А. Островскийдің «Жазықсыздан жапа шеккендеріндегі» – Кручинина, М. Каримнің «Ай тұтылған түнінде» – Таңқабике, Ш. Айтматовтың «Ана-жер анасында» – Толғанай рөлдерін ойнап, күрделі образдарды сәтті сомдады. Кручинина бейнесін қазақ сахнасына алғаш шығарған да А. Ружева еді. Ал, ол сомдаған Толғанай образы актрисаның театр өнеріндегі үлкен табысы болып саналады. 
    А. Ибрагимқызы Айша («Көктөбедегі кездесу» – Ш. Айтматов, Қ. Мұхамеджанов), Любовь Яровая («Любовь Яровая» К.Тренев), Агафья Тихоновна («Үйлену» Н.В.Гоголь), т.б.  классикалық бейнелерді сахнаға шебер шығара білді. Бұл барлық театр мен режиссердің қойғысы келетін, актерлер мен актрисалардың ойнасам дейтін шығармалары еді.
Талантты актриса «Үйленудегі» дворянинге күйеуге шығу арқылы «жоғарғы қоғамға» қол жеткізгісі келген Агафья Тихоновнаның да рөлін келістіре ойнады. М. Әуезовтің «Айман-Шолпанда» –Айман, «Еңлік-Кебегінде» – Еңлік, Ш. Хусайновтың «Алдар Көсесінде» – Қарашаш, С. Камалов пен Е. Брусиловскийдің «Ер Тарғынында» – Ақжүніс сияқты әр алуан рөлді орындаған Ружеваның ойыны табиғи тартымдылығымен, шынайылығымен әрі лирикалық бояуының молдығымен ерекшеленді. Оның алғашқы ойнаған рөлі Д. Гоу мен    А.Д. Юссоның «Терең тамырлар» спектакліндегі – Дженевра (1948 ж.) еді.
А. Ружеваның театр сахнасындағы шығармашылық шеберлігі, тың табыстары, кейіпкерлерді бейнелеудегі өзіндік ерекше шешімдері белгілі театр сыншылары  Б. Құндақбаевтың, Ә. Сығайдың жақсы бағасына ие болды. Міне, осы жылдар А. Ибрагимқызы шығармашылығының  алтын кезеңі еді.
    Осы жылдар мен сахнадағы өнер А. Ружеваға абырой-атақ әкелді. Театр өнерін дамытудағы еңбегі үшін 1966 жылы Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, ал 1976 жылы «Қазақ КСР Халық әртісі» атағы берілді. Екі рет Жамбыл облыстық кеңесінің  депутаты болды.
   Алтын Ибрагимқызы 1978 – 1982 жылдары Атыраудағы  М. Өтемісов атындағы драма театрында директор болып жұмыс істеді. 1982 жылдан өмірінің соңына дейін Талдықорған облыстық драма театрында актриса болды. 1990 жылы 30 қыркүйекте қайтыс болды.
   А. Ружева жырақта жүрсе де туған жерін бір сәт естен шығарған емес.  Байғанинде, Ойылда, Қандыағашта, Шалқарда гастрольдік  сапарларда болып, «Ай тұтылған күн» спектаклін көрсетті. Елу жасқа толған шағында Жамбыл қаласынан 32 орынды жаңа автобуспен 18 әртіспен барып,  Оймауытта екі күн жерлестеріне спектакль көрсетіп, өнерімен сусындатты.  Туған жердің құшақ жайып қарсы алғанына риза болған Алтын Ибрагимқызы әріптестерінен «Мұндай құрмет жасап жатқан еліңіз бар, апай, сіз бақытты екенсіз», – деген мақтау естіді.
    Ал, 1979 жылы тағы елге келіп, өнерін көрсетеді. Облыстық атқару комитетіне арнайы кіріп, Оймауыт клубына қазақ ұлттық оркестріне қажет музыкалық аспаптар алып береді.
    Алтынның атасы Мұқаш Қызылбасов Доңызтауда (Байғанин ауданы) мешіт ұстаған, бай-болыс тұқымы болған. Алтынның Ружева болып жазылуының сыры – әкесі Ибрагим (Ыбыраш) қуғын-сүргінге ұшырайтынын біліп, өзінің және балаларының аттарын куәліктеріне өзгертіп жаздырып, Алматы жаққа барып паналап, қуғын-сүргіннен аман қалады. Баласы Әділдің атын да Әден деп өзгертеді.
   Алтынның өзі «Әкем Қызылбасов соғыс кезінде бір французбен танысады. Фамилияң кім дегенде французға ыммен басын және қызыл түсті көрсеткен. Француз «руж» деп, сонымен Ружева болып кеткен екен», – деп айтып отырады екен.
    Бүгінде Тараз қаласындағы Абай атындағы облыстық драма театры музейінде Алтын Ружеваның майлы бояумен салынған әдемі үлкен портреті және құжаттары сақталған.  Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде А. Ружеваға арналған экспозиция жасақталған. Талдықорғанда актриса атында көше бар. 
    Театр сыншылары «Н. Островскийді қазақ сахнасында бірінші ашқан актриса» деп бағалаған А. Ружева Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Еңбектегі үздік шыққаны үшін», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медальдарымен, Толғанай рөлі үшін КСРО Мәдениет министрлігінің дипломымен марапатталған.
    2008 жылы А. Ружеваның 80 жылдығына арналған мәдени шара өткізілді. Биыл 90 жылдығын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ақтөбеде, Байғанинде, Оймауытта, Таразда, Талдықорғанда (жерленген жері) лайықты атап өтсек, есімін, еңбегін ұлықтасақ, кештер, мәдени шаралар ұйымдастырсақ, театр қайраткерлерімен, жерлес ағайын-туғандармен хабарласып деректер жинасақ, Т. Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры, Тараз қаласындағы Абай атындағы Жамбыл облыстық драма театры, Б. Римова атындағы Алматы облыстық драма театры, Оймауыт халық театры бір спектакль қойса, ел-жұрт актрисаның өмірі мен шығармашылығымен танысса деген ұсынысымыз бар. 

Еркін Құрманбек,
ҚР мәдениет қайраткері, «Нұр Отан» партиясының Ақтөбе облыстық филиалы жанындағы «Мирас» аймақтық мәдениетті дамыту Қоғамдық кеңесінің төрағасы