Жыр-өрнек

Уақыты: 26.02.2018
Оқылды: 1573
Бөлім: РУХАНИЯТ

 

 

 

 

 

 

 

 

Тау тұлға

Ақиқатты анықтайтын,
Ешнәрседен қорықпайтын.
Ел-жұртына жақсылықты,
Жасаудан еш жалықпайтын.

Санасында сыр тұнатын,
Тек қана алға ұмтылатын.
Батырысыз бұл қазақтың,
Бір ғасырда бір туатын.

Көрмеген еш халқын жат,
Пейілі кең, аңқылдақ.
Өте шықты өмірден,
Найзағайдай жарқылдап,

Заңғар ағам, Заманбек,
Кінә артпайды саған көп.
Айта алады қазағың,
Ұлтын сүйген адам деп.

Өткір жүзді ағашым,
Тағдырда болды таласың.
Құрметтесін бұл қазақ,
Батыл туған баласын.

Өшпес із қалды артыңда,
Қазақы сол бір қалпыңда.
Қайта тумас сіз сынды,
Өр мінезді тау тұлға.

Өмір

Өмір, өмір өзі берер бағасын,
Ажыратар ағы менен қарасын.
Өмір өзі сый да тартар қомақты,
Түсірместен қасиетін, бағасын.

Өмір өзі еңсеңді де тіктесін,
Келер бақыт, келе жатып күт десін.
Бүлінгенде, сүрінгенде білерсің,
Өмір сүру бүгінменен бітпесін. 

Өмір сүру – жаман жақсы күндерің,
Өмір сүру – жылағаның, күлгенің.
Өмір сүру – қызықты һәм қиын да,
Осы менің өмір жайлы білгенім.

Бұл өмірдің тұтқасына кім ие,
Не көрсең де тағдырыңның сыйы де.
Өмірді сүр қалғанына қызықпа,
Өмір өтсе құр қалады дүние.

Тәңірім жалғыз тастама

Жаным жабырқау тартқан шақтарда,
Барғым келеді тауға,  бақтарға.
Құшақтап тұрып айтқым келеді,
Сырымды төгіп қайың, ақ талға. 

Жаным жабырқау тартқан шақтарда,
Барғым келеді шетсіз аспанға.
Сағым боп келіп, көкжиек көріп,
Кеткім келеді шексіз жақтарға.

Жаным жабырқау тартқан шақтарда,
Барғым келмейді таудан басқаға.
Жаным жабырқау тартқан шақтарда,
Тәңірім мені жалғыз тастама.

Сәден Жақыпбеков
Талдықорған қаласы