Мәдениет - ұлт бірегейінің белгісі

Уақыты: 28.02.2018
Оқылды: 1736
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алматы облысы Қарасай аудандық Мәдениет үйінде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының 2017 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы мен 2018 жылдың міндеттерін қараған көшпелі алқа мәжілісі болып өтті. Жиынға басқарма мүшелері, аудандық, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту бөлімдерінің, басқармаға қарасты облыстық мекемелердің басшылары, облыстағы мемлекеттік архив және оның филиалдарының, облыстық музей мен бөлімшелерінің, аудандық, қалалық Мәдениет үйлерінің, кітапханалардың директорлары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жиынды ашып, жүргізіп отырған басқарма басшысының орынбасары Әлия Жақыпбекова қай халықтың болмасын өзге жұртқа ұқсамайтын бөлек болмыс-бітімін даралап, өзіндік тағдырын айқындайтын басты белгі – мәдениет екенін тілге тиек ете келіп, сала қызметкерлерін осы айтулы жиынның басталуымен құттықтады.
Күн тәртібіне шығарылған мәселе бойынша алғашқы баяндаманы жасаған Әлия Әлімжанқызы сөзінің басында Алматы қаласында өткен «Универсиада – 2017» халықаралық ойындарының жоғары дәрежеде өтуіне қосқан үлесі үшін әріптестерін құттықтай келіп, бір жыл көлемінде атқарылған ауқымды істерге тоқталды. Бұл бағытта облысымызда ауыз толтырып айтатын жетістіктер баршылық, әрине. Бүгіндері өлкемізде 565 мәдениет нысаны халыққа қызмет көрсетуде. Мемлекеттің қаржыландыруымен Сарқан ауданы Бақалы, Алакөл ауданы Бұлақты ауылдық Мәдениет үйлері жаңадан салынса, Сарқан аудандық Мәдениет үйінің және Черкасск музейінің, Жамбыл ауданы Мыңбаев ауылдық Мәдениет үйінің, Талғар аудандық Мәдениет үйінің және Талдықорған мемлекеттік архивінің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Қарасай ауданында «Батыр бабалар» мемориалдық кешені, Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасының «Атамекен» тарихи – мәдени орталығы ұлтжанды азаматтардың қолдау-көмегімен бой көтерген. 
Баяндамашы өткен бір жыл ішінде облыстық мәдениет мекемелері 47 247 шара өткізгенін айта келіп, оған 7 млн. 500 мың адам қамтылғанына тоқталып өтті. Ақылы қызметтің ауқымы да артып, сырттан келген 27 өнер ұжымының гастрольдік концертіне қолдау көрсетілген. Мәдениет қызметкерлерінің қатысуымен Елбасының Жолдауын насихаттауға бағытталған 97 жиын ұйымдастырылса, тәжірибе алмасу және мәдениетімізді ұлықтау мақсатында өлкеміздің өнер ұжымдары Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне қатысу үшін Астанада болып қайтқан. Өздерінің үздік өнерлерімен облысымызға жүлде салып жүрген өнер ұжымдары мен жекелеген орындаушылар қатары да артып келеді.
Баяндамашы Жетісу жеріндегі Мәдениет үйлерінің, мұражайлар мен галереялардың, шығармашылық орталықтардың, кітапханалардың жеткен жетістіктеріне жеке-жеке тоқталып, «Туған жер – тұғырым», «Ауылым – алтын бесігім», «Тарихи тұлғалар» ұлттық бағдарламалары аясында атқарылып жатқан жұмыстар жайында мағлұмат беріп өтті. 
Мәдениет саласында үстіміздегі жылы атқарылар шаралар да ауқымды. Солардың қатарында Астана қаласының 20 жылдығы, Өзбекстанның Қазақстандағы Мәдениет күндері, Орбұлақ жеңісінің 375 жылдығы, Ақын Сара Тастанбекқызының мерейтойы, «Жетісу» мен «Огни Алатау» газеттерінің – 100, ақын Сәкен Иманасов пен композитор Әсет Бейсеуовтың – 80, Есенқұл Жақыпбековтың – 65 жылдық тойлары солардың бір парасы ғана. 
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының 2017 жылы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстары және 2018 жылы осы бағытта атқарылар шаралар туралы баяндаманы басқарма басшысының орынбасары Гүлім Әбсейітова жасап, мемлекет басшысының талабы бойынша қолға алынып отырған маңызды міндеттің орындалуы жайлы айтып өтті. Өлкеміздегі 19 архив мекемелерінде 5337 қор,            1 458 960 сақтау бірліктері қалыпты қызмет жасап келе жатқанына тоқталған Гүлім Тұрғанғазықызы құжаттарды сандық жүйеге келтірудің мәселелерін көпшілік назарына ұсынған.
Келесі болып мінберге көтерілген Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапхананың директоры Бақтылы Жұмабекова кітапхана саласының жетістіктері мен алда тұрған міндеттері турасында кең көлемде мәлімет беріп өтті. Ал, Мұхаметжан Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Рысжан Аязбаева өлкеміздегі мұражайлардың «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қосар үлесі қомақты екеніне тоқталды. «Елімізде қазіргі таңда 240-қа жуық музей бар болса, солардық ішінде біздің обылыс ең алдында келеді. Бүгіндері өлкемізде 24 музей, 2 галерея халыққа қызмет көрсетуде» – деген Рысжан Әбсеметқызы сала бойынша жасалынып жатқан жұмыстар жайында мол мағлұмат беріп, алдағы атқарар міндеттерге баса назар аударды.
Мәдениет саласындағы Кәсіптік одақтың жұмысы туралы «Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрайымы Бибігүл Құсаинова баяндама жасап, ұйымның мақсат-міндеттері және жұмыс барысындағы жекелеген мәселелерді көпшілік талқысына салды.
Көшпелі алқа мәжілісінің соңына қарай залдан қойылған сұрақтарға жауап қайтарылып, саланың 2017 жылы атқарылған жұмысы мен үстіміздегі жылы жасалынатын шаралары турасында қарар қабылданды. Алқалы жиынды жақсы жетістіктерімен, өнердегі табысымен оза шапқан жекелеген тұлғалар мен ұжымдарды Мәдениет министрінің, облыстық мәдениет басқармасының Құрмет грамоталарымен марапаттау рәсімі салтанаты қорытындылады.

Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы