Дәстүрлі Жамбыл күні

Уақыты: 03.03.2018
Оқылды: 1514
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ақпанның 28-інде жылдағы дәстүрге сай ұлтымыздың сөз өнерін қадірлеген жұртшылығы жан-жақтан Жамбыл ауылына ағылды. «Жиырмасыншы ғасырдың Гомері» атанған поэзия алыбының туған күніне жиналған әдебиет пен өнер өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, жалпы қазақтың қара өлеңін қастерлеген жұртшылық Жамбыл рухын асқақтатты.

Алыс-жақыннан арнайы ат арытып келгендер алдымен аудан орталығындағы Қарасай батыр ескерткішіне гүл шоғын қойып, баба рухына тағзым етті. Одан кейін Жамбыл ауылына жол тартып, жыр дүлдүлінің кесенесінде ақын рухына Құран бағыштады. Сондай-ақ өз аманаты бойынша  жүз жасаған жыр жампозының жанына қойылған Нұрғиса Тілендиевтің ескерткішіне де гүл қойылып, дарынды композитор рухына құрмет көрсетілді.
Ауылдық Мәдениет үйінің көрермен залы әдеттегіше лық толды. Сахна төрінде Елбасы Н. Назарбаевтың: «Ұлы жыршы Жамбыл – қазақтың дәстүрлі әдебиетінің аса дарынды, асқақ жаратылған алып өкілі» деген сөзі айшықталған. Залдың қос қапталындағы көрнекі тұсқа «Жамбылдың үлгісі мен мектебі алыстан қалықтап, халықтың рухани қазынасындай, халық даналығынан басталады» деген Мұхтар Әуезов пен «Жамбыл Алатаудың асқар шыңы секілді, әрқашанда алыстан жарқырап көрінеді» деген Ораз Жандосовтың пікірлері келтіріліпті.
«Жамбыл күні» мерекесінің беташары облыстық мәслихат хатшысы Сұлтан Дүйсембіновтің құттықтау сөзімен ашылды. Ол өз сөзінде Жамбылдың туған күні қазақ мәдениеті мен өнерінің тойы екенін атап өтіп, Елбасының бастамасымен елімізде, соның ішінде Жетісу өңірінде жүзеге асырылып жатқан және алда жоспарланған рухани құндылықтарымызды жаңғырту шараларына тоқталды.
Салтанатты жиналыста сөз алғандар артына ұшан-теңіз мұра қалдырған ақын туралы ой-пікірлерін ортаға салды. Бұл орайда Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ұлықбек Есдәулет: «Әлемдегі ең биік таудың бірі Алатау болса, әлемдегі ең ұлы ақындардың бірі – Жамбыл Жабаев. Ғаламшардың аспанын Алатау қалай биіктетсе, адамзаттың аспанын Жамбыл ақын солай биіктетті. Сондықтан біз Алатау десек Жамбыл баба еске түседі, Жамбыл десек асқақ Алатау көзге елестейді. Мұндай ақынды тарихта адамзаттың алыбы деп атайды. Біз Жамбылдың заңғарын терең зерттеп болған жоқпыз деп есептеймін. Жүз жасаған атамыздың ақындық абыройы жүзжылдықтарға сыймайды. Сондықтан мұндай феномендердің ғұмыры мыңжылдықтармен өлшеніп, мәңгілікпен астасатын болар. Алатауым тұрғанда жерім биік, Жамбыл барда қазағым биік менің» деп ойларын өлеңмен түйіндеді.
Көпшілік алдында ҚР ҰҒА академигі, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, мемлекет және қоғам қайраткері Уәлихан Қалижан абыз тағылымын тарқатты. Сондай-ақ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының иегері, «Егемен Қазақстан» газеті басқарма төрағасының кеңесшісі, жазушы Жұмабай Шаштайұлы, Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының директоры, республикалық «Бәйдібек баба» қорының президенті, академик, жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы ой-пікірлерін білдірді. 
Аудан өнерпаздары сахнада ақынның балалық шағынан көрініс қойып, әкесі Жапаның шаңырағында Бөлтірік шешеннің бала Жамбылға бата беруін сомдады. Аудандық «Сүйінбай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің өнерпаздары Жамбылдың  әндерін шырқап, құйқылжыған күйлері мен толғауларын орындады. Сонымен қатар Жамбыл жырауға, туған жерге арналған ән-жырлар кеңінен шырқалып, мың бұралған бишілердің өнері тамашаланды.

Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы