Тәрбие көзі

Уақыты: 03.03.2018
Оқылды: 1494
Бөлім: РУХАНИЯТ

Адам баласының құнды қасиеттерге ие болуына, рухани кемелденуіне өмірден көрген өнегесі көп ықпал етеді.  Қазақ халқы: «Әдепсіз өскен баладан, тәртіппен өскен тал артық» деп бекер айтпаған. Сондықтан қашанда жас ұрпақты тәрбиелеуде  отбасы мен ұстаздар шешуші рөл атқарады. 

Адамның қоғамдық өмірдегі өз орнын анықтауы, еңбекке құлшынысы, оқуға қатынасы, іс-әрекеті, осының бәрі адамгершілік қасиеттерінің қаншалықты дұрыс қалыптасуына байланысты. Адам барлық іс-әрекетінде ізгі қасиеттерін көрсете білуі  тиіс. Адамгершілік тәрбиесі мектептегі оқу-тәрбие жұмысы арқылы қалыптасады. Бұл күрделі жұмысқа  барлық пәндер үлес қосады. 
Дана ғалым әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім-ұрпаққа қауіпті» деген екен. Мен үнемі сабағымды бастамас бұрын оқушыларға тәрбие жөнінде айтып  отырамын. «Тәртіпке бағынған ел құл болмайды» дегендей, білімнің басында тәртіп тұрады. Біз жас буынның бойына ізгі қасиеттерді  сіңіре  білсек, болашақтың берік іргетасын қалаймыз.
Адам бойында жақсы қасиеттердің болуы белгілі бір дәрежеде өскен ортасына байланысты. Балаға оң бағыт беріп, теріс жерін дереу жөндеп, демеп  жіберу ата-ана  мен ұстазға жүктелер міндет.
Қай заман, қай қоғамда болмасын адамзат баласы жас ұрпақ тәрбиесіне зор мән беріп келген. Өркениет жолында алға ұмтылған ұлт, ең алдымен жастарға оқу-білім беру ісін дұрыс жолға қоюы тиіс. Сондықтан да Елбасымыз XXI ғасырды білім ғасыры деп атап отыр. Тәрбиенің мақсаты – пәнді керемет меңгерген оқушы тәрбиелеу емес, ең бастысы – адамды тәрбиелеу. Соны ұмытпағанымыз абзал. 

Тұрсынай БАЙМЕТЕНОВА, 
Т. Тоқтаров атындағы орта
мектептің мұғалімі
Сағабүйен ауылы