Қазанның қасиеті

Уақыты: 03.03.2018
Оқылды: 4846
Бөлім: РУХАНИЯТ

Баяғы баба қазақта «қара қазан, сары баланың қамы» деген әспетті бір атау бар. Тіпті, ереуіл атқа ер салып, елі үшін етігімен су кешіп өткен баһадүр Махамбеттің жырында да: «Қара қазан, сары баланың қамы үшін қылыш сермедік», – дейтін семсер сөз де байқалмаушы ма еді?!  Ал: «Қазан шайқалса, ырыс шамданады», – деген аталы сөздің астарына үңілсеңіз, тіпті ғажап: бір ұлттың ырысы, бүтін ұлыстың тіршілік нәрі қарапайым қара қазанда тұрғанын, ол шайқалса я төгілсе елдің ертеңі қараң екенін байқатады бұл тұжырым. Асырып айтқанда, бұл сөздің түп-төркіні ырыстың қадірін біліп, ындынсыз ысырапқа әсте жол бермеудің жосынын сызып жатқандай көрінеді бізге.

 
 
Өз заманында қазақтан шыққан атақты алдүзік ғалым Марғұланның Әлкейі де қазанның қасиеті туралы өз пайымын ортаға салып кеткен. Онда ғалым “Құламерген” жырының желісіне ерекше назар аудара келе, қазанға байланысты арнайы: “Қазан мықты болса, ел де мықты. Қазан – шаңырақ сияқты, бүтіндіктің белгісі. Ол құрыса, ел де құриды”, – деп жазады. Міне, мұнда да қазанның құрсағы құтқа толы анадай елді асыраушы, шын мәніндегі ырыстың ұйыған ошағы екенін аңғарамыз. Әрине, мұнда ол құрыса, ел құриды деген сөзді былайғы жұрт та түсінсе керек. Яғни, қазанынан асы кеткен елдің күші кететінін тарихта кескілесіп ұрыс салған әр екі тарап жақсы түсінген. Сол үшін жауласқан елді азық-түліктен тарықтыруға тырысыпты. Шамасы келсе, қазан-ошағын төңкеріп, қазынасын талап кетуді мақсат етіпті.
Қазан-ошақ төңкеру демекші,  аталмыш дүниені төңкеріп қою ежелден жаман ырымға баланыпты. Мәселен, шаңырақта адам қалмай, бәрі о дүниелік болса, үйдің қазаны төңкеріліп қойылған. Бұл салттың әуелгі мәнісі – «шаңырақта енді түтін түтететін адам жоқ» дегенді білдірген. Енді бір тұрғыдан келгенде, осы қазан төңкерілуінің өзі көшпенді халық санасында шартты түрде соғыс зұлматын көзге елестететін бейнеде жатталып қалғаны бар. Олай болуының бір себебі, қаншама ұрпақ ел басына екіталай күн туған алағай-бұлағай шақта осы қара қазанның астын паналап аман қалды. Оның ар жағы әке мен шешеден тірідей айырылған баланың жау кете аңырап, дала босып кетуіне әкелмеді ме? Ел мен елді ақтан қос шынарының мейірім шуағын жоқтаудан асқар қасірет бар ма, сіз ше? Міне, ел аузындағы «Қазаның төңкерілсін» деген қарғыс та осы жағдайларға байланысты айтылса керек-ті. 
Осы тақырыпты қаузауымызға тағы бір алабөтен себеп бар-ды. Әдетте археологиялық қазба жаңалықтарына біркісідей қызығатын біздің есімізге Аралтөбе обасынан табылған көне дәуірдегі сармат абызының көрханасы есімізге түскені бар. «Онда не бар?» деп әдепкіде әркімнің бөтен ниетке бірден бөгет қоя алмайтыны рас. Тағы бір себептен, сүйегі сықырлаған сармат абызының «тамырын басып», тарихын сөйлете қою бізге қол болар шаруа  емес екені де жасырғысыз шындық. Гәп қайда дейсіз ғой, гәп сол қорымға жерленген адам сүйегінің қасында қазан-ошақ мүліктерінің жатуында еді. О заман да бұ заман, қазан-ошақпен бірге жерленгені несі дерсіз, бәлкім? Ендеше, сәл сабыр етіңіз де мақаланы ары қарай сабақтай жөнелерсіз.
Бүгінгі жаһандану жан алқымнан алып өзімен-өзі жанталасқан қоғамда қазаннан қақпақ қана емес, қадірдің де кете бастағаны рас. Түрлі металдан түйін түйіп, түрлі техника түлеткен ХХІ ғасырдың талабы да бөлек. Тиісінше, бүтін бір ұрпақ қазақтың дәстүр діңгегінен ажырап бара жатқандай. Осындайда: «Қазан қазақпен қай ғасырдан бері бірге?» – деген ұрын сауалдың туатыны анық. Әуелі соның жауабын беріп көрелік. Ол үшін сөз басында айтылған сармат абызының қорымына қайта жүгінуге тура келеді. Себебі, осыдан екі мың жыл бұрынғы осы бір қорғанда қазан-ошақ, бүркіт-құстың, иттің, жылқының және әйел адамның сүйектерінің табылуы тегін дейсіз бе?! 
Ойлап көріңізші, бұл жерлеу рәсімінің сыр-сипаты айтыла бастағанда сіздің есіңізге ең әуелі не түсуі мүмкін?! Әрине, қазақтың «жеті қазына» атауы. Осы ретте, басқасы бар десек те, қазан-ошақ атауы ол тізімде жоқ емес пе деп қайыра сауал қоятындардың да табылатыны рас. Бұл туралы бұрын да түрлі талқы өрістеп, тың көзқарастар көтерілген-ді. Соның көбінде ер-азаматтың есен-саулығының, «сары баласының» амандығының, отбасы ұйытқысының кепілі болған қазан-ошақтың қасиеті айтылып, «жеті қазына» қатарында осы мүліктің болғаны жайлы ой да қозғалған. Ал тарих бәріне адал, бәріне өкім айтушы екенін қаперге алсақ, қазан-ошақтың қадірі Аралтөбе обаларындағы әлгі бір қорым төңірегіндегі ақиқаттан аңғарылса ләзім-ақ.
Хош, қайыр. Екі мың жылдың алдындағы тарих солай аңызға айнала тұрсын делік. Енді ел өміріндегі, анығы қазақ салт-дәстүріндегі атаулы ыдыстың ырысқа байланысты қалыптасқан қасиеттік мәні туралы бастапқы ойымызды онан ары індетіп көрелік. Ол үшін әуелі күнделікті өмір салтымыздағы өзімізге де тайға таңба басқандай анық жайттарға мойын бұра кеткеніміз ләзім-ақ. Мәселенки, жақсылыққа жаны құмар, ізгілікке көңілі жомарт қазақтың «енші» дәстүріндегі бір жайтты атасақ, ер баласы еншісін алып бөлек шыққанда да үлкендер сол отауға әуелі сый ретінде үлкен қазанды алып баратынын білеміз. Ондағы мақсат та, тілек те біреу – отынан қазан, үйінен қонақ арылмасын деген пейіл ғана. Басқа дәнеңе жоқ. Өйтпесе, ескі бір қазанмен екі жастың ырысын толтыру сізше мүмкін бе?!
Ол ол ма, Ұлыстың ұлы күні айтылар тілектің қайсысы «қазаның аққа толсын» деген ақжарма сөзден оңаша айтылып еді, тәйірі? Сосын барып, «қамбаң дәнге толсын» деген жүрекжарды тілек жұптасып айтылады емес пе? Былайша айтқанда, қазанның тоқтығы тек қу құлқынның тоқтығын ғана күйттей айтылған жалаң тілектің жадағай сықпыты емес-ті. Тиісінше, ақты – қасиетті сүтті тілге тиек ету арқылы ырысың, берекең, қасиетің артсын деп көп тілектен ақжармасын асырып айту бар онда. Несі керек, ішіне тай жүзгендей тайқазан асқан қазақтың о заманда таршылық көргені де аз болыпты сосын.   
Тай жүзгенді айтамыз-ау, ондай үлкен көлемдегі тайқазан бүгінде ел ішінде де бар. Тек тырнақшаға алынып, «тайқазан шарасы” деген шекті шеңберде белгілі мереке-мейрамдарда ғана сұранысқа түседі. Ал осы «тайқазан» сөзі айтыла бастағанда сіздің ойыңызға не келуі мүмкін? Біздіңше, міндетті түрде түркі әлемінің есігіне баланған Түркістандағы тайқазан көз алдыңызға елестейді. Осы ретте тағы бір қызықты жайтты айта кетудің сәті түседі.  
Тарихқа жүгінсек, көреген қолбасшы, “Дала жолбарысы” атанған Әмір Темірдің тапсырмасымен 1399 жылы әйгілі тайқазанды жасатуға жер-жаһанның ең мықты ұсталары шақырылғаны айтылады. Сол сыны бөлек сырлы мұраның сыртына Құран сүрелері жазылғаны да көпке бүгін аян-ды. Ең қызығы,  қасиетті қазаннан Әмір Темірдің сарбаздары тойып тамақ ішкені еді біз үшін. Ол аз десеңіз, әмірші жорықтардан келгенде тайқазанға толтыра су құйдырып, ішіне қант қосып, шаршап-шалдыққан сан мың адамға «шәрбат» татқызған деседі. Демек, қазанды қалай қастерлеудің озық үлгісін біздің ұлы тарихтың өзі-ақ сызып берді деген сөз емес пе бұл?!
Алматыға барған сайын елді қайдам, біздің ойға Наурызбай мен Қабанбай көшелерінің қиылысындағы бұрынғы НКВД ғимараты елестейді. Әсте, басқаша ойлай көрмеңіз. Ол біздің шартты ойлау объектіміз екенін еске саламыз. Бізге сондағы ыстық нүкте біреу – 1931-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш қана. Онда не бейнеленген дейсіз ғой?  Ескерткіште қолына арып-ашып, өлімші халге жеткен баласын көтеріп тұрған, басы төмен салбыраған ана бейнесі мүсінделген. Сосын? Сосынғы көріністі айтсақ, күл-талқаны шыққан қазан-ошақты көресіз ол жерден. Міне, бұл XX ғасырдың алғашқы ширегінде көрген ұлттың ТРАГЕДИЯСЫ!
Осы бір сурет-ақ, жанды жабырқатар жалғыз көрініс-ақ жаныңның жалауын жығып кете жаздайтыны, сонан барып намысыңды қамшылайтыны, енді бірде бүгініңе шүкір айтқызатыны несі екен?! Оның себебі де біреу-ақ, сіздің жадыңызда бағзыдан жатқан балбалдық ғасырлар ақпараты бар. Сіз сосын сынған қазанды көрсеңіз, өткен тарих сіздің тамырыңызға бір «бүліктің» тамшысын қосады да жібереді.

ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ

Қазан-ошақ қасындағы “Қажымұқандар”
 

Бүгінгінің мықтыларын кешегі қазақтың марқасқаларына теңеп қоямыз кейде. Рас, бозкілемде атой салған Қажекемнің ізбасарлары бүгін де аз емес. Кеше ғана зілтемірді ұршықша үйіріп, қазақ атын айдай әлемге паш еткен Жасұлан Қыдырбаевты өз басым бүгінгінің Балуан Шолағына балаймын. Тек, сол “Қажымұқандар” мен “Балуан Шолақтарды” қазан-ошақ басына қиғым келмейді. Өткенде түйе палуан Бейбіт Ыстыбаевтың әлдебір арнада тамақ жасап тұрғанын көріп тіксініп қалып едім, бүгін буы бұрқыраған чемпион Жасұланымыз теледидарда салат жасап жатыр.
Айналайын әріптестер-ау, қазан-ошақтың қасынан шықпайтын әнші еркектер жетіп жатыр ғой сендерге, қазақтың мақтаныштарын қазан-ошақтарыңа жолатпай-ақ қойыңдаршы! Кешегі Әбiлсейіт, Әбдісаландар, тіпті Дәулеттер тамақ жасамай-ақ халқына танымал болды емес пе? 

Арман Сқабылұлы,
журналист


БІЛЕ ЖҮРІҢІЗ!

Дыбыстасаң қарамас, 
Болса-дағы құлағы.
От-жалынмен аралас, 
Тату-тәтті тұрады. 
(Қазан, от)

Бар екен арасанның үш төресі, 
Жайлауы бір апанның кенересі. 
Асты зерден болғанда, үсті балдан, 
Адамзаттың ойласақ неменесі! 

(Қазан, ошақ )

 

 

P.S. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, қазанын қара нарға «қалыңмалдың» затындай қастерлеп артқан қазақтың көздегені де біреу емес пе: қасиетім, қадірім қашпасын, жолда сынып, сынығын бөтен баспасын деген ыстық ниет. Ал бүгін ше? Кімнің үйінде ұлт сүйінген ырысты қазан бар? Әй, қайдам...

Қозыбай ҚҰРМАН