Қиянат көрсем кегімді жібермеспін

Уақыты: 03.03.2018
Оқылды: 2652
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жетігеннің үні тағы да келді құлағыма. Жеті асықпен құлақ күйін әдемілеп келтірген шебер орындаушы қос тізесіне қойып алып, бірде күмбірлетіп, бірде сыңғырлатып, ғаламат әуеннің бірінен кейін бірін орындап, алпыс екі тамырымды идіріп, мынау ғаламды жұдырықтай жүрегіме сыйдырып жібергендей күйге бөлендім. Тағы да сол жеті қат аспанның астында, жеті қабат жердің үстінде Жетісу деп аталатын жерұйық мекенді қиял құсымен шарладым да кеттім. Жетігеннің үні асқақтай келіп, асау көңіліммен астасып кеткенде аспан түстес көкпеңбек Көк байрағым көкке өрлеп, Шәмші мен Жұмекеннен жеткен Әнұраным әлемді аралап бара жатқандай сезіндім. Енді бірде алыстан үзіліп әрең-әрең естілген мұңлы үн жаңа ғана аспан әлемінде жүрген асқақ сезімді астаң-кестең күйге түсіріп, мына қоғамда болып жатқан адамдық пен арамдық, адалдық пен қараулық көңіл таразымның екі басын алма-кезек басып, жаңа ғана шұғыласына шомылдырған шуақты сәт қас-қағым уақытта азан-қазан болды да кетті. Жеті ішекте он саусағын дамылсыз жорғалатқан шебердің жетіген шанағынан сорғалатқан күйін сол қалпында кімнің кеудесіне құйып кеп жіберсем екен?! Есіме өзім «Есаға» деп еркелетіп жүрген Есболат інім түсе кетті. Ой бөліскім келгенін айттым. Қарсылық білдірмеді. 
Сонымен «JETIGEN» айдарының бүгінгі қонағы, прозадағы пырағына «Сүлікқара» деп ат қойып, артынша «Қызыл сақасын» алшысынан иірген жазушы Есболат АЙДАБОСЫН.

БІРІНШІ ІШЕК – ЖҮРЕК СӨЗІ: 
Қайран менің жүрегім, жас жүрегім,
Момын едім бір кезде тасқын едім.
Жастық дәурен жалтақтап қарайлайсың,
Сені ойласам ұйқым да қашты менің.
Жырлары тұма бұлақтай Тұманбай ақыннан қалған тұп-тұнық өлең. Бір қарағанда бүгінгі әңгімемізге аса қатысы жоқтай көрінуі мүмкін. Бірақ әдемі кестедей өрнектелген өлең әуезді әнімен құлағымнан кетпей қойды. Сіздің жүрегіңізді тулатқан ойды әуелі осы шумақтан іздеп көргім келді. Он бесінде білегіне шоқпар ілген, ұрандап топқа кірген елдің ұрпағы екеніңізді ескерсек, жастық дәуреніңіздің ауылы алыстап бара жатқаны ақиқат. Сырт көзге момындау көрінетін Есболаттың да кеудесінде тас құлатар тасқын намыстың бар екенін білеміз. Ендеше, бір сәт жүрегіңіздің түбіне терең бойлап көріңізші, дәл қазір ұлтыңыздың ертеңі жайлы ойлағанда ұйқыңызды қашыратын не нәрсе? 
– Кейбір лықсып келген ойларды түртіп қоятыным бар. Қайбір жылы: «Оралхан Бөкей: «Ұйқым келмейді» десе, менің ұйықтағым келмейді», – деп жазып қойыппын. Не себепті бұлай жазғанымды білмеймін, бірақ қандай көңіл-күйде болғаным өзіме мәлім. «Ұйқыны қашыратын не нәрсе?» – дейсіз. Меніңше бұған көптік жалғауын қосу керек. Ұйқыны қашыратын дүние бір емес, бірнешеу, тіпті көп деп айтсақ та болады. Ойлай кетсең, ұшығына жетпей түнімен дөңбекшіп шығуың кәміл. Мектепте француз тілінен сабақ берген Шәкен апай: «Күлгін көзілдірікті шешіңдер, өмір сендер ойлағандай түрлі-түсті емес», – дегенді жиі айтушы еді. Кезінде терең бойламаппыз, бүгін түсініп жүрміз. Кей кездері Шәкен апайымыз құсап: «Күлгін көзілдірікті шешіңдер», «неменеге жетісіп ұйықтаймыз ағайын?», – деп айқай салғың-ақ келеді. Бірақ оныңнан не пайда? Кім естиді? Естісе де елей ме, ескере ме? Ахметтің «масасы» оята алмаған, Міржақыптың «оян қазағына» құлақ аспаған жұрт сенің сөзіңді не қылсын?! Әрі өзімнің де ояу екеніме күмәнданар кезім көп. Өзі ұйықтап жатып, «ояныңдар», –деп айқайлап жүргендер аз ба? Сондықтан іште аздаған қыжыл бары рас. «Жартасқа бардым, күнде айғай салдым», – деп Абай жарықтық күңіренгендей анда-санда компьютерге келеміз, мониторға мұң шағамыз... «Ызалы жүрек, долы қол, улы сия, ащы тіл, не жазып кетсе жайы сол, жек көрсеңдер өзің біл», – деп жатқан жайымыз бар.
 
ЕКІНШІ ІШЕК – КӨҢІЛ ТАРАЗЫ: 
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі май, бірі қан боп енді екі ұртың.
Абай атамды күңірене оқып, қара аспанды төндіргендей болмайын. Дегенмен хакім өмірден өткелі де бір ғасырдан асты. Бірақ Абай сынаған қазақ аса өзгере қоймаған сияқты. «Алтыбақан алауыздығымыз» әлі бар. «Бірімізді қазақ, бірімізді дос» көре алмай жүргеніміз де рас. «Заманақыр жастарының бір-біріне қастыққа қойнына тас тыққаны» да ақиқат. Әлді әлсізді билеп, билік бұқарадан алыстап, пара мен жемқорлық салтанат құрып, арам аспен ұрты майланғандар да жетерлік. Талғам таязданып, жақсы мен жаманды айырмай бойымызға сіңіріп жатырмыз. Нәтижесінде ұлтты ұятқа қалдыратын өрескел дүниелер белең алып барады. Бір қарағанда ғылымның сырын ашып, жаңа технологияларды меңгеріп, ешкімнен кем түсіп жатқан жоқпыз. Яғни, жаһандану заманында жарға құлап кете қоймаспыз. Дегенмен әлемдік бәсекеге келгенде бәсеңсіп қалатынымыздың несін жасырайық. Ұлттық мүддені талғам таразысына салып кеп жіберсек, ұтылып қалатынымыз шындық. Осы орайда қазақты сақтап қалатын ең басты құндылық не деп ойлайсыз? 
– Менің ұғымымда олар төртеу. Бірінші – тіл, екінші – діл, яғни, ұлттық менталитет, салт-дәстүр, тәрбие-таным, өнер мен мәдениет, үшіншісі – дін, төртіншісі білім мен ғылым. Бұл төртеуді бірінші, екінші деп бөлуге де қарсымын, тең дәрежеде маңызға ие. Бір-бірімен сабақтас, өзектес. Осы төртеуін үйлестіріп, бірін көтеріп екіншісін төмендетпей өз дәрежесінде сақтай білсе қазақ та сақталады. Қазақтың жаны осы төртеуінің ортасында ілініп тұр. Оған өзіміз онша мән бермейміз, ал өзгелер біледі. Сондықтан қазақты қансыратамын, ұлттық иммунитетін әлсіретемін дегендер әуелгі шабуылды осы төртеуден бастайды. Осы төрт діңгекке балта ала жүгіреді. Орыс отаршылдары да сөйткен кезінде. Татардың талантты жазушысы Гузель Яхинаның «Зулейха открывает глаза» деген романы бар. Мыңтемір Шаймиев  президент болып тұрған кезде  сол роман желісімен «Зулейха» деген фильм түсірткен. Көрмесеңіз, көріңіз!.. Татарлардың отарлану саясатын әшкерелейтін дүние. Сол кино орыстың екі миссионер ғалымы Ильминский мен Маловтың пікірталасымен басталады. Бірі ұлтты отарлау үшін тілін жойып, орысша оқытып өзіміздің қолшоқпар интеллигенцияны дайындауымыз керек дейді, екіншісі тілінен бұрын дінінен айыру керек деген ұстанымда. Татарларға қарсы осы тәсілдің екеуі де қолданылған, мешіттерді қиратып, шіркеу қылған, жұртты жаппай шоқындырған, татар әйелдерін орыс мұжықтарына қосқан, мектептер салып балаларын оқытқансып, сатқындар армиясын тәрбиелеген. Бізде де солай болды. Құдай сақтап, қазақ аман қалды. Бірақ тәні аман болғанмен жаны жаралы шықты. Сол жараны тәуелсіздік ала сала жазуымыз керек еді, тіл мен ділге түскен кеселдерді жою керек еді. Керісінше асқындырып алдық. Тілде, дінде, ділде сау тамтық жоқ, шұрық-тесік, қырық жамау. Білім мен ғылым жүйесі де оңып тұрған жоқ, реформадан көз ашпады. «Қазақ осы аңғал-саңғал, жабусыз», – деуші ме еді Қадыр ақын, тап осы руханиятқа келгенде  аңғал-саңғал саясат ұстанудан алдыға жан салмай тұрмыз. Дінді алайық, бұрын қандай еді, қазір қандай? Бала күнде ауылға сәлдесі дағарадай, сақалы қауғадай дағуатшы өзбек, тәжіктер келетін. Жүгіріп барып амандасатынбыз, басымыздан сипап кәлима сұрайтын. Жарысып айтамыз, қызық көріп қастарына еріп аламыз. Ауыл ақсақалдары да құшақ жая қарсы алатын, мәслихат құрып, марқайып қалатын. Ал қазір көшеде сақалды адам көрсе бала тұрмақ ересек адам тұра қашады. Бас-аяғы  20-25 жылда халқымызды діннен шошытып алдық. Атеистік қоғамның теперішін көрген қазақ тәуелсіздік ала сала ислам дініне ерекше махаббатпен ұмтылып еді, өкініштісі аңқау халықты арандатып тындық.  Әркім келді де әскерге бала жинағандай ұл-қыздарымызды жетектеп әкетті. Анда оқытты, мұнда оқытты, қарнын тойдырды, киіндірді. Біз соған мәз болып жүргенде олар өндірдей жастардан өздерінің сойылсоғар нөкерін дайындап шықты. Соларды қазір қазақтың өзіне салып жатыр. Сойылсоғарлар сойқанды бастап кетті, соңы қалай боларын ойлаудың өзі  қорқынышты. Қарап отырсаңыз  2010-жылға дейін Қазақстан азаматтары шетелдердегі лаңкестік әрекеттерде бой көрсеткен, 2010-нан бері елімізде ойран салды. Алдыңғы жылғы Күлекбаев бүлігіне дейін айналасы 5-6 жылда қаншама лаңкестік әрекет  болды. Осының бәрі әу баста діннің шылбырын босаңсытып алғанымыздың кесірі. Ауруды асқындырып алып, енді емдей алмай далбасалап, біресе қыздардың орамалына жүгіріп, біресе сақалға жармасып жүрміз. Алақандай менің ауылымның намаз оқитын жастары үш-төрт топқа бөлінеді. Бір ауылда туған, бір мектептен түлеп ұшқан, бір атадан тараған, тай-құлындай тебісіп өскен жап-жас жігіттерді жік-жікке бөліп тастаған не құдірет?! Ең сорақысы осының бәрі сіз бен біздің көз алдымызда болып жатыр. Барар мешітіміз бір, тізе түйістіре қатар тұрамыз, құбыламыз бір, құдайымыз бір, жамағат болып ұйыған имамымыз және бір... Бірақ ағымымыз тоғыз тарау. Сол тоғыз тарауға түскен қазақтың әрқайсысы өзінікін жөн деп біледі. Сол білгенімен тыныш жүрсе бір сәрі, бір-бірімен айтысқыш, бір-бірін жоққа шығарғыш, бір-бірімен жауласқыш... Не болды? Не жетпейді? Парызыңды өтеп, сүннетке сай амал етіп, тып-тыныш жүре беруге не кедергі? Неге «сенікі теріс, менікі жөн», – деп дауласуға дайын тұрамыз. Оның адасып жүргеніне жүз пайыз сенімдісің бе, бәлкім өзің қиыс кеткен шығарсың? Абай айтқандай неге дінді әркімнің жетегімен емес, ақылмен танымаймыз. Оған итермелеп тұрған не күш? Кім? Мақсат, мүдде не? Ұйқы дейсіз-ау Жүке, ұйықтамақ түгіл кірпігің айқаспайды.  
 
ҮШІНШІ ІШЕК – ҰРПАҚҚА АМАНАТ:
«Тіл үшін күрес неге жүріп жатыр? Қазақ тілі деген не? Қазақ тілінің ар жағындағы жатқан мәселе – жер. Біз мына жерді қазақ болып, қазақша сөйлеп қана қорғай аламыз».
Алаштың аяулы перзенті Әлихан Бөкейханның сөзі бұл. Абайдан кейінгі қоғамның ащы шындығы еді. Таңқалатыным, осыдан жүз жылдай бұрын айтылған асыл арман мен асқақ аманаттың бүгінгі күннің тамырын дөп басып тұрғаны. Тілдің ар жағындағы мәселенің жер екені және жер үшін елең-алаң күй кешіп жатқанымыздың несін жасырайық? Ең маңыздысы жер мен тілді қазақша сөйлеп қана қорғай алатынымыз да шындық. Ғасыр бұрын Әлихан атамыз айтқан қазақтың қаны мен жанындай қос құндылығының әлі күнге шешілмей келе жатуының себебі неде деп ойлайсыз? 
– Тоқсаныншы жылдардың ортасында Камал Смайылов пен Шерхан Мұртаза газет бетінде хат жазысып, ақтарылып еді ғой бір... Сондағы Шерағаңның бір сөзі есте тұр. «Сарыарқа мен Атырау, Алтай мен Қаратау қойнаулары нағыз алтын сандық екен. Соның кілті енді еліміздің қолына еркін тиді», – деп жазыпсың. ... Онда біз сол алтын сандықтың үстінде неге жалаңбұт отырмыз? Ашпаймыз ба сандықты? Малмаймыз ба қолымызды алтын-күміске?», – дейтіні бар. Бұл сөздің айтылғанына да жиырма жылдан аса уақыт өтіпті. Шерағаң айтқан «жалаңбұт қазақ» қазір шалбар киген шығар, кеудесінде шекпені де болуы мүмкін, қарны да тоғайған болар ол кезбен салыстырғанда... Бірақ көңілі әлі алаң. «Алтын сандықты» қалай қорғаймын деген ой көзі ашық, көкірегі ояу азаматты тыныш ұйықтатқызбас, сірә. Ұйықтау тұрмақ, көз шырымын алудың өзі қауіпті. Аттап баспақ түгіл аунап кетсе жапырып кетерліктей алыптардың арасында жатырмыз. Бізде қытай мен орыс фобиясы бары рас! Оның болуы да заңдылық. Жеріміз кең, халқымыз аз. «Көп қорқытады, терең батырады». Ол жақтан аздап ызғар ессе, үскірік ұрардай қымтануымыз керек, өйтпесек болмайды. Кейде Президентке жаным ашиды, жан дүниесі байыз таппай аласұрып жүргендей көрінеді.  Өйткені, «алтын сандықтың» басты кілті бізде болғанмен жағалап жүргендер көп. Біреу жымиып күліп, жылмыңдап келеді, екіншісі доқ көрсетіп кетеді, үшіншісі алыста жатып айбат шегеді. Бәрінің ойы бір, алсақ дейді, қазақтың қазынасына қолды молынан малсақ дейді. Әрине, алыс-беріссіз болмайды, интеграциялық процестің ешбіріне қарсы емеспіз. Біреуге бересің, біреуден аласың. Бір сабақ жіп ары, бір сабақ жіп бері өткізбей томаға-тұйық, тас бүркеніп жатып алу нарықтық қоғам принциптеріне қайшы. Елдің дамуын тежейді, Қазақстанның жағдайы да мұндай қатқыл ұстанымды көтермейді. Әйтеуір, осынау ұлы саудада ұпайымыз түгел шықса дейміз, ұтылып қалмасақ екен, бір қасық жұтайын деп өзеуреп келгендер шелегімен тасып кетпесе екен дейміз. Соңғы уақытта жер тағдыры қалың жұртты алаңдатып отыр. Шерағаңның әлгі хатына тағы жүгінейін. «Қазақстан жері бір миллиард  адамды асырайды», – дегеніңді оқып алып әлдекімдер: соншама жерде қазір небары он алты-ақ миллион жан тұрады екен. Қалғанын біз барып толтырсақ  қайтеді деп жүрмес пе екен?», – дейді. Бұл сұрақ талай кеудені күпті қылған, талай жүректі сыздатқан сұрақ. Жер деген бабадан қалған аманат, аманатқа қиянат жасаған адам оңбайды. Ел басында жүрген азаматтарға сенеміз, есе жібермес жігер тілейміз! 
 
ТӨРТІНШІ ІШЕК – ҮМІТ ПЕН КҮДІК:
Өміріме өзімнің таңданамын,
Қалмайын деп қатардан қарманамын.
Бүгінімді өткізсем қиындықпен,
Ертеңіме үмітпен алданамын.
Кешегі Мұқағали ақынның басынан өткен өмір мен бүгінгі әр қазақтың күйбең тірлігінде аса айырмашылық жоқ сияқты. Жетігеннің жоғарғы үш ішегін басып көріп едік күңіренген үнінен күдігі басым қоғамның дауысын естідік. Төртінші ішегінен әдемі әуен күмбірлейтіндей. Қатардан қалмайын деп қарманып, бір күнін қиындықпен қарсы алып, ертеңіне үмітпен қарап, көңіліндегі шүкірі күпірін жеңіп, жоққа сабыр, барға ырза жасайтын жандар елестейді. Сол бір үлбіреген үміттің жетегінде мен де бармын, сіз де жүрсіз. Сізді алға жетелейтін не нәрсе?
– Әке-шешенің үмітін ақтау деген қазақ баласының құлшынысын арттыратын негізгі мотивация. Мені де жетелеген осы дүние. Мектепті тамамдап, студент атанған жылдары алдымда бір ғана мақсат тұрды – аман-есен оқу бітіру. «Бәленшенің баласы оқудан шығып қалыпты, оқи алмай жүр екен», деген сөзді әке-шешеме естіртпеуім керек деп шештім. Алматыға келген сайын мені көріп қуанып кетсе екен деп тырысып бақтым. Жаман оқыған жоқпын, ол кезде екі-үш сабақтан төртке шықсаң шәкіртақыдан қағылатынсың. Төрт жыл бойы алып тұрдым. Диплом қолға тиген соң енді не істеймін? Әке-шешемді қайтсем қуантамын? – деген сұраққа жауап іздедім. Жауабын көп ұзамай таптым. Әке-шешеге сенен көп нәрсе керек емес , өмірден өз орныңды тауып кетсең жеткілікті екен. Олар сенің барыңа мақтанып, жеткен жетістігіңе марқайып жүреді екен. Ал егер басыңды тау мен тасқа ұрып, көше таптап, сенделіп жүрсең сенен бұрын ата-анаң қайғырады, мезгілі келмей қартаяды. Осы жауапкершілік мені алға жетеледі. Жұмысқа тұрдық, журналист болдық, әйтеуір ел қатарына қосылдық. Ең алғашқы сюжетім телеарнадан көрсетілген кезде қуандым, әке-шешем қуанып жатқан шығар деп қуандым. Олардың сол сәттегі көңіл-күйін ойша елестеттім, кейіннен білдім тап солай қарсы алыпты, көрші-қолаңды жинап алып, өздерінше атап өтіпті. Әлі де сол бір балалық жауапкершілік сезімі мені қамшылайды. Ұлттық арнада бағдарлама жүргізген кезде де, Қытайға оқуға кеткенде де, кітабым жарық көргенде де соны ойладым. Ол кісілердің мен үшін мақтанып-марқайып тұрғанын көргім келеді де тұрады.  
Онан кейінгі жігерімді жанитын дүние – ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Құдайдың берген құлыншақтарын үлкен азамат етіп өсіру басты міндетіміз. Өзіміз көрген қиындықты осылар көрмесін, біз жіберген қателікті бұлар жібермесін, біз жетпеген жетістікке осылар жетсін деп тілейміз. Сол үшін жағдай жасауға тырысамыз.  
 
БЕСІНШІ ІШЕК –  ӘДЕБИЕТ АРДЫҢ ІСІ:
Орыс жазушысы Гогольдің сол қоғамды ащы сынға алатын шығармаларын оқыған кейбір замандастары: «Россияны осыншама неге құбыжық етіп көрсеттіңіз?», – деп сұрапты. Оған ақталып жатпастан жауап берген жазушы: «Халқының болашағын ойлайтын азаматтың: «шынында да біз не боп бара жатырмыз», деп намысын оятып, жанын күйзелткім келді», – деп жауап беріпті.
Бұл барлық жазушыға тән қасиет пен мінез болса керек. Осы орайда бір буынның арасында әдебиет әлеміне еркін еніп, Әбіш Кекілбаевтай абыздың қолынан «Алтын тобылғы» жүлдесін алып, қаламының қуатын танытып үлгерген қаламгер Есболат Айдабосыннан сұрасақ. Ұлттың намысын оятып, қазіргі қазақ қоғамына сілкініс әкелген жазушы деп кімді айта аласыз? 
– Бірде Әнуар Әлімжановтың әдеби портретін жасамақ ниетпен Мұрат Әуезовпен сұхбаттастым. Қазақтан шыққан алғашқы халықаралық журналист, үлкен саяси қызметтер атқарған тұлғаның тәуелсіздік, ұлт болашағы туралы ойлары қызықтырды. Мұрат Әуезовтен соны сұрадым. Ойланып отырды да: «Иә, ол буынның қаламгерлері азаттық туралы ашып айта алмады. Бірақ шығармалары тәуелсіздікке қызмет етті. Түрлі образдар, тағдырлар арқылы жастарды азаттыққа үндеді. Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жастар Әнекеңдердің оқырманы», – деді. Ойлап тұрсаңыз  дәл берілген баға. Қырықыншы жылдары шыққан «Абай жолынан» бастап онан берідегі «Махамбеттің жебесі», 70-80 жылдары жарық көрген «Көшпенділер», «Аласапыран», «Үркер», «Елең-алаң», «Соңғы көштер» қазақтың тарихи санасының оянуына түрткі болғаны рас. Қоғамда сілкініс жасаған мен білетін қаламгерлер шоғыры осы буын. Көркем шығарма қоғамға кейде бірден ықпал етеді, кейде ұзақ уақытты қажет етеді. Тіпті, ықпалын байқамай қалуымыз да мүмкін. Сондықтан қазіргі әдебиеттің әсерін кейін сезерміз бәлкім. Дегенмен бір нәрсе анық – қазір әдебиеттің қоғамдық ой-санаға әсері әлсіреді, бізде ғана емес әлемде солай. Оның орнына әлеуметтік желі өтімді. Саясаттану ғылымында «Араб көктемі» деп таңбаланған араб елдеріндегі сериялы төңкерістерді «твиттер революциясы» деп те атайды. Себебі Тунис, Мысырда халықтың көтерілуіне тап осы желідегі жазбалар әсер еткен, осы арқылы ұйымдастырылған. Ал бірде-бір көркем шығарма туралы ондай айта алмаймыз. «Толстой – орыс революциясының айнасы», – деген Ленин қазір тіріліп келіп төңкеріс жасаса да әдебиеттен бұрын әлеуметтік желіге иек артар еді.  
 
АЛТЫНШЫ ІШЕК – ҰЛТТЫҢ КҮРЕТАМЫРЫ:
Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте.
Бүгінгі таңда қайта-қайта айтылып жатқандықтан ба, тіл мәселесіне қайта оралғым келіп тұр. Бір қарағанда бұл өлең балабақшадағы балақайдың тақылдап айтатын тақпағындай әсер етуі мүмкін. Бестегі бала жатқа айтатын осы төрт жолды есті азаматтарымыздың өзі білмей жатады. Жүрегінен тулап шыққан шумақ түгілі соны жазған қазақтың қадірлі перзенті Қадыр аға Мырза-Әлі екенін де естімеген қазақ бар екен. Бұған ашуланып та,  таңданып та қалғам. Бал тілді балдырғанның жүрегіне қонақтаған Қадыр ақынның өлеңі күллі қазақтың санасына ұя салса тіліміздің жағдайы бүгінгідей мүшкіл күйге түспейтін еді. Дегенмен тіл үшін күресте жеңіс те бар секілді. Елбасының «Үкімет пен Парламентте жиындар қазақша өтсін», – дегенінен бері сең қозғалғандай... Қаламгер Есболаттың жүрегіне ұлттың күретамырындай болған қасиетті тілінің тағдыры қаншалықты салмақ салды? 
– «Тіл үшін күрес», – дейсіз-ау қайда жүріп жатыр сол күрес? Павлодарда Руза Бейсенбайтегі деген әпкеміз бар, сол кісінің шырылын естиміз ара-тұра, халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» деген бар еді, ол ұйымның да белсенділігі байқалмайды. Мұхтар Шаханов та шаршаған секілді, көп көрінбейтін болды, әлде көрмей жүрміз. Осыдан он-он бес жылға кейін шегінейікші, қандай еді? Тіл мәселесі деміл-деміл көтерілетін тақырып еді ғой. Мемлекеттік тілді қолдау жиындары жиі өтетін, мақалалар жазылатын, сұхбаттар шығатын,  телеарналардан хабарлар өтетін. Қазір байқасаңыз осының бірі жоқ. «Жетісу» телеарнасындағы «Тіл сақшысы» жобасын білемін, ал республикалық арнаның қайсысы тілдің мәселесін тұрақты түрде қаузап келеді? Сіздердің газетте тіл туралы мақала қателеспесем, айына бір рет шығатын «Ұлт ұяты» төрт беттік қосымшасы мен Қозыбай Құрманның «Түгел сөз» айдарында жазылып тұрады. Онымен тілдің жыртығы жамала қояр ма екен?! Тілдер мерекесі қарсаңында басылымдарға шыққан аздаған ақпараттық жазбаларды алдыға тартқаннан тілдің абыройы асқақтай қоймас. 
Арқанкергенде қаруластарын қырып тастаған Челахтың соты есіңізде ме? Бірде олай деді, бірде былай деді, бүгін айтқанын бір айдан соң жоққа шығарып мың құбылды. Ақырында шындығымды айттым деп шырылдап еді ешкім сенбей қойды. «Әй соны қойшы, сөзінде пәтуа жоқ», – деп қолды бір сілтеді. Тілдің мәселесін де тура солай қылдық. Халықтың ығырын шығардық, жалықтырып алдық, саясатқа айналдырып, аш ішектей созып жібердік. Қазір тіл туралы мәселе көтеру, мақала жазу сән емес. Қазіргі ұғыммен айтсақ трендтен қалған. Бас редактордың өзі басқа тақырып іздеші дегендей ыңғай танытады. Орысша шүлдірлеп отырған жиында тілдің мәселесін көтеретін тілшілерге қасқыр көрген ешкідей үрке қарайды. Ескінің сарқыншағы санайды. Тілге тіреліп тұрған дәнеме жоқ, бастысы ойы дұрыс болсын,–деп өзіңе ақыл айтады. Өзгенің тілінде жүйрік атша көсіліп, өз тілінде шоқырақтауға шамасы келмейтін  «патриоттар» пайда болды. Солардың арасында жасы отыз-қырықтың айналасындағы, тәуелсіздік дәуірінде өсіп-өнген қыз-жігіттер бар. Бұрынғы буын бар кінәні қызыл өкіметке артып, жалтарды делік, ал жастар неге туған тілінен жеріді? Неге тәуелсіздік алғалы тілге қажеттілік тудыра алмадық, қазақ тілінің жағымды атмосферасын  қалыптастыра алмадық?!
Әрине, соңғы уақытта үміт оты жылт еткендей болды. Президент «Үкімет пен Парламент тек мемлекеттік тілде сөйлесін», – деп пәрмен берді. Біз бұл сөзді ұзақ күттік. «Жоғарғы билік ертеңгі мәжілісін  қазақша сөйлеп бастаса кешке дейін бүкіл Қазақстан қазақша сарнап кетеді», – дегендей ойлар айтылды сан мәрте.  Үкімет мүшелерінің баяндамасының алғы сөзі мен қоштасуын ғана қазақша қайырып,  ортасында орысша көсілуіне көндіккендей рай танытып келе жатыр едік, Елбасы қайтадан дем беріп, тіл мәселесін қайта тірілтті. Өзгелер де қозғалып, осы науқанға серпін беру керек деген ойдамын. Дегенмен «асыра сілтеу болмасын», «өзіне ыңғайлы тілде сөйлей берсінші», – дегенді айтып жақауратып, президенттің сөзін бұрмалап түсіндіріп жатқандар да бар. Президент айтты ма, айтты. Пәрмен берді ме, берді. Енді неге тізгін тартып тұрғандарын түсінбеймін. Үкімет, Парламент мүшелері қазақша сөйлей алмай ма, жиындарда сөйлемесін, үйренгенше аузы буылып жүрсін. Сөйлей алатындар қызметке алынсын! Тілге деген қажеттілік сонда туындайды. «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», – дегенді Ахмет Байтұрсынұлы тегін айтқан жоқ. Өз тілін білмеген адам мәңгүрт. Ал мәңгүрттер қоғамы Мәңгілік Ел құра алмайды. Келесі қадам мектептерде үш тілде білім беруді реформалау керек, кемінде 5-6 сыныптан бастап енгізсек те жарайды.

ЖЕТІНШІ ІШЕК – ЖЕТІ НОТА:
Керемет көңіл-күйге бөленетін кезіңіз?

Біреуге сыйлық жасағанда, көркем шығарманы аяқтаған кезде рахаттанамын. 
Қазақ жігітінің бойынан көргіңіз келетін қасиет?
Ішегінен шынашақ айналмайтындар көбейген заманда ішінен атты адам айналып кететіндей кең болса деймін. Уәдеге берік, кәсібіне адал, намысқой болса екен.
Кекшілсіз бе?
Біз «кек» ұғымын дұрыс түсінбей жүрміз. Кек алу мен өш алуды шатастырып алдық. Кек біз ойлағандай таяз дүние болса, Ақтанберділер: «ерлерден салсам нөкерді, дұшпаннан кекті алатын» деп жырламас еді. Қазақ ертегі, жырларында «кек алу» идеясы дәріптелмес еді. Қатаған ақын «кәне кегіңді алғаның», – деп Сүйінбайдың бетіне салық қылып салмас еді. Кекшілдікті біз төмендетпегенде бәлкім балаға шапқан педофилдер, біреуді зорлау, қорлау, күштінің әлсізге зәбір көрсетуі секілді жат қылықтар аз болар ма еді, кім білсін?! Қытай халқында «нағыз азамат кек алуға асықпайтын азамат», – деген тәмсіл бар. Олар да кекті жібермейді, асықпай жүріп, орайын тауып кек алады деген мағынада айтып отыр. Сондықтан майда-шүйдеге бола өштесіп, болмашыға жауласпаймын, ал жанымды күйзелтер қиянат көрсем кегімді жібермеспін.  
Бос уақытыңызда немен айналысасыз? 
Кітап оқыған, серуендеп, қыдырған, балалармен ойнаған уақытты бос уақыт деп айта алмаймын. Бос уақыт менде жоқ екен. Түк таппасам ойланамын.
Өмірлік ұстанымыңыз?
Қолыңнан келсе жақсылық жаса. Жасай алмасаң залалыңды тигізбе.  
Ел мақтаған Есболат отбасында қандай әке?
Осы сұрақ өзімді де қызықтырады. Балаларым азамат болғанда белгілі болар бәлкім.
Байлығыңыз? 
Ішкі байлығым – жиған-терген азғантай ілім-білім. Сыртқы байлығым құдайдың берген бала-шаға, ағайын-туғаным. Жаратқан ішіміз бен сыртымызды жұтатпасын!

Жұматай ӘМІРЕЕВ