Құса қалай «депрессияға» түсті?

Уақыты: 02.06.2024
Оқылды: 1749
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақта жоқшыдай жол таусып іздейтін зат қалмаса да зерде баптап, ден қойып іздейтін жадтық сөз көп. Ұлттың коды, жаны, жүрегі, ақыл-ойы, парасаты, түр-сипаты – тұтас тұрған өзі де құнарлы, мәуелі сөз. Құдды адам деген жаратылыс өмірге сөз тудыру немесе егу үшін келіп, өткенде соның жемісін көру дейтін екі міндеттен заттанатындай. Соны қал-қадірімізше сезінгендігімізден әр жолы біз де қат та қат қымбат  затын іздеген жоқшыдай «жолға» шығамыз.

Өткенде «Сөзіміз екпеттемесін деп» және «Таңда» сөзге тар болды ма маңдайым?» атты мақала жазғанбыз.  Ол материалдар газет беті мен интернет иінінде қатталып тұрғандықтан қайталамай, оқимын деген зейіні тұтқыр оқырманға аталған жазба тақырыптарын жорыта ескертіп өтпекпіз. Жоқ іздеген тағы бір жанның керегі біздің қаламмен тұспалданса адаспай тапсын деп.

Сонымен аңдатпа «алты ауыз» есебіндегі «қош» деңіз бұл мәтінге. «Ендігі тақырып қандай болады?» деген сұрақ бізді де көп ойландырды. Содан соң да Мейіржан Әуелхан есімді жазушы жігіттің «депрессия» сөзі туралы уәжі есімізге түсе қалғаны бар. Саралап-салмақтасақ, осы мәтіндерді қас-қақпай оқып отырған сізге де, тіпті тұтас ұлтқа да жетуі тиіс дүниеге ұқсады. Тағы бір жоқтың ишарасы жатқандай көрінді бізге.

Жазушының айтуынша, бүгінде кірме сөзбен ауыратын, оны еш елеп-екшеп, мизам-таразылап жатпай қолданатын жұртқа айналғанбыз. Өзгенің қаңсығы мен «ойбай, қаңсығы емес» делінетіні де біздің тілімізге қотырдай жұққыш, сүйелдей көшкіш дүниеге айналыпты. 

Ол тілімізге кимелеп кіріп кеткен «депрессия» сөзінің орнына «құса» деген тілге жатық, ойға жүйрік сөзді қолданған дұрыс дейді. Әлеуметтік желінің мүмкіндігін дұрыс пайдаланған авторымыз өз пікірін ортаған салысымен «қолдаймыз», «дұрыс» дегендер көп болды. Арасында «терминдерді аударып керегі не?» деп сөзталасқа өз пікірін қосқандар да шығып жатты. 

Ол аз десеңіз, «бұл сөз арабтың сөзі ғой» деп сыры мен сынын «сыртқа» жазғандар да табылды. Оған да мақұл делік. Талқы болған жерде таным түзеліп, жоқ та тез түгенделетіні тағы рас. 

– Ызы-қиқы жеңімпазы жоқ сөз «аламаны» көбіне тауық пен жұмыртқаның қайсы бұрын пайда болды дейтін қырық қабат қисынға ұқсап кететінін ұққандай болдық та тыныш қалдық. Тиісінше, бір мақалаға жүк дүние екен ғой деп ұқтық сол даудың нобайын. 

Қысқасы, біздің бұл жолғы іздеген, шамамызша індеткіміз келген лұғаттың «құса» сөзі екенін сіз де бағамдаған боларсыз. Кәдімгі қайғы, мұң, зар, ішқұса, нала, өкпе – жаныңды жейтін жегіңіз сол құса. Кейде ол ұзақ уақытқы шеменнің жиынтығы секілді көлемденіп көрінетіні де бар. «Құсадан кетті», «құса өтті», «құса жеп қойды» деп адам тағдырының ақырғы сәтін бір сөйлеммен-ақ түйіндепті бұрынғы қазақ. 

Керек дерек

Баланың әкесі – әке,
Әкенің әкесі – ата,
Атаның әкесі – арғы ата,
Арғы атаның әкесі – баба,
Бабаның әкесі – түп ата,
Түп атаның әкесі – тек ата,
Тек атаның әкесі – тектін,
Тектіннің әкесі – теркін,
Теркіннің әкесі – тұқиян, 
Тұқиянның әкесі – тұп-тұқиян.

Біздің осы ойды мида неше аунатып пісіргенде жаққан «отымыз» екі сұраққа көп ұқсады. Оның бірі – біз неге тап сөзге келгенде ол сөз «арабтан келген», «моңғолдан енген», «орыстан шыққан» деген секілді далада керме кереміз деген ой еді. Басқа ұлттан біз тұтынып келген бір сөз шығып қалса жерден жеті қоян тапқандай қуанып, «бәсе, мынау біздің сөз емес» деп жатырқау қаншалықты орынды сізше? Бір сөз үшін қиылып та кететін қазақ жиылып жұрттың жадағай сөзін жаппай қолданды дей беру тарих пен зердеге томпақ. 

Ғалымдар «зерттедік, арғы тарихы тап арабқа тиіп тұр» деп нақты фактыны алдыңызға тастаса оған уәж де жоқ (тек шынайы ғалымды айтып тұрмыз – автор). Өйтпесе жарты әлемді жаулаған сақ, түрік пен ғұнның тіке нәсілі қазақ бергі тарихында «өзге жұрттың сөзіне зар болып қалыпты» десеңіз ол күмәнді. Неге біз көршілеріміз секілді басқа да өзімшіл болмасақ та сөзге келгенде осы қасиетті жақын тұтпаймыз. Неге?!

Екінші ойымыз, әрине, құса сөзінің қайтсек мәнін ашып, дерегін дәйектеп шығамыз деген төңіректе еді. «Түгел сөз» деген айдарымыздың да әдепкі мақсаты сол – сөз танып, лұғат түгендеу болатын. 

Он бес томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» атты еңбекте аталған сөзге «қайғы-қасірет, уайым-шер» деген түсініктеме береді. Әрі  жазушы («Жалын» альманахының тұңғыш бас редакторы) Өтебай Қанахиннан мынадай мысал келтіреді. 

«Жылап-жылап, ішін өртеген құсасы аз-кем басылған соң Бақыт қайтадан есін жиды». Бұл – автордың «Жер басып жүрсем» атты еңбегінен алынған дәйек. Қарасаңыз, «ішін өртеген құса» деп кейіпкер күйін суреттейді жазушы. 

Тағы бір деректен «Қазақ фольклорлық шығармаларында «құсалану» ұғымын білдіретін «құса тарту» тіркесі кездеседі» деген сөйлемді де кездестірдік. Бұл енді «ауру меңдеді», «төсек тартты»  деген секілді адамның азапты жай-күйін сипаттайтын дүние. Осы бір қарапайым сөйлемнен тағы бір санамыз тұтқан дүние – «құса тарту» сөзінің қазақ жадынамасы (фольклорында) айтылғаны. Яғни, біздің жадынаманың неше мың жылдықтарға еркін бойлайтынын ескерсеңіз, бұл да бір дәйек. Тереңнен қазам деген тіл ғалымына таптырмас тақырып.  

Халықтың өз тіліндей әр сөзін жатық, сөйте тұра терең дестелейтін Мұқағали Мақатаев та бұл сөзді өзімдікі деп-ақ қолданған.  «Шушада, Саян тауы бөктерінде» деген өлеңін мысалға алайық.

Қарағаны ұмыт болып кеткен бе?
Мүмкін жаны кекті болар
Құса шықпай көңілінен.
Кетті олар.
Өтті олар,
Келем, міне, енді мен.

Бұл өзі ұзақ дүниедегі қысқа толғам. Бақсаңыз, осы бір шумаққа қаншама ой сыйып тұр. Көңілінен құса шықпаған адам «депрессия» кешкен жан емей немене,  «құса шықпау» – дәл осыдан артық адам жағдайын, көңіл-ауанын дөп басатын сөз бар ма еді ақын үшін?!

Абайға келейікші. Тиянағымыз, үміт-миятымыз, зиятымыз да Құнанбайұлы болғасын оның сөзін Мақатаевтан кейінге сақтаған түріміз бұл. Абай айтты десе, қазақ тоқтапты деген ескі бір жоралғыны да сөз маңдайына қойған әлпетіміз. Дұрысы – сол. 
Хакім атақты «Болыс болдым, мінеки» атты өлеңінде:

Бұрынғыдай дәурен жоқ,
Ұлық жолы тарайды.
Өтірік берген қағаздың
Алды-артына қарайды.
Өз қағазы өз көзін
Жоғалтуға жарайды.
Тауып алып жалғанын,
Қылмысыңды санайды.
Өзі залым закүншік
Танып алды талайды,
Көрмей тұрып құсамын
Темір көзді сарайды
, – деп өз шер-шеменін тарқатпаушы ма еді?  

Бұл – Абайдың ғана қайтып бара жатқан дәурені, ақынның ғана құсасы ма?! Жоқ. Бұл Абай арқылы қайнап, жан азаптап, тән қуырар ыстығы бетіне шапшыған тұтас ұлттың құсасы біздіңше. Өмірдің қысасын көп көріп қалжыраған жұрттың шер-шемені, жан азабы.

Ұлт та «депрессияға» түседі. Тіпті қазақтың мінезі де құсадан адам танымастай көп өзгерген сол тұста. Бұдан кейінгі Алаш зиялылары Әлихан, Ахмет, Міржақып, қайран Мағжандар құсаға түспеді ме?! Тағы бұл өз қарақан бастарының емес, ұлттың, елдік мүдденің шер-жегісі еді ғой. 

Байқасаңыз, «құса» сөзі тар шеңберден кең ауқымға дейін, жекеден көп мағынаға  өрістей алатын сөз. Өгейсітпек түгілі басын «төрге» оздыратын озат лепес бұл. 

Осы ретте Абайдың атақты «Мәсғұт» дастанынан да бір мысал келтіре кеткіміз келеді. Өйткені ақын онда біз жоғарыда жадынамада кездеседі деген «құса тарту» сөзін қолданған.  

Адам дертті болмай ма құса тартып, 
Тұщы ұйқы ұйықтай алмай түнде жатып, 
Ептеп бағып есерге ем таба алмай, 
Тәтті тамақ жей алман дәмін татып.

Адамның дертті болуы да құса тартудан екені айғақталып тұр осы шумақта. «Құса» деген сөзді көп мағыналы, ауқымы кең деп «термин» қоритын адам табылса, «құса тарту» деп «депрессияның» (түсетін – ред.) үстіне құйып қойғандай қонады бұл сөз.

Мен осы мақаланы жазып біткенде сөзде жан болады деген пайымды, тіпті ол туралы жапон ғалымдары дәлелдеді дейтін мәліметтерді бір еске түсірдім. Сосын «құса» сөзі жылдар бойы  қалай «депрессияға» түсті екен деп ойладым...

Қозыбай ҚҰРМАН
Фото: pravoslavie.ru