Эльза (Әңгіме)

Уақыты: 09.06.2024
Оқылды: 1432
Бөлім: РУХАНИЯТ

Азамат көзін әрең ашты. Кішкентай кірпіктері былшықтанып, әбден жабысып қалған. Денесі де ауырлап, қозғалуға мұрша бермеді. Әлі құрып, тынысы да тарылып бара жатқандай көрінді. Терең демалып, жамылған көк көрпені ысырып тастауға да шамасы жетпеді. Құдды үстін бір ауыр жүкпен бастырып қойғандай, кеудесі қысылып, тынысы тарылып, шөл де қысып барады. Дыбыстап біреуді шақырғысы келгенімен дауысы шықпады. Тамағы кеуіп, тілі таңдайына жабысып, еріндері кеуіп, тілініп те кеткен. Кеберсіген еріндерін қозғалтып еді, тілінген жері аши бастады. Өзін-өзі қинап орнынан тұрайын деп еді, аяғына тас байлап қойғандай ауырлап, қозғала алмай, қиналған дыбысы ғана шықты. Көрпенің жыбырлап жатқанын көрген Эльза қасындағы төсекке қарай ұмтылды. Жасы келген қарияның қанша шамасы бар, жедел жүрдім дегенмен екі аттам жердегі төсекке аяғы құрғыр сықырлап әрең жетті. Көрпені көтеріп қалғанда ғана Азаматтың демі шықты. Шылқылдап қара терге малынып жатыр екен. Кең тыныстап барып, есін жиғандай болды. Төніп келіп көрпесін сыпырған адамның кім екенін алғашында танымады. Әппақ шашы орамалының сыртына шығып кеткен, аққұба кемпір, тарамыс қолымен маңдайын сүрткенде ғана барып аңғарды. Эльза кемпір екен. Бірақ сонау ауылдың шетінде тұратын Эльза апа біздің үйде қайдан жүр деген ой келді. Өзінің қайда жатқанын білмесе керек, әлі де есін жияр емес. Өңі ме, түсі ме түсіне алмай дал болды.

Ұл-ау, амансың ба? Қарағым, әбден суық өтіп кетіпті,  түнімен ыстығың көтеріліп, сандырақтап шықтың. Ойыңа келген бірдеңелерді сөйлей бердің. Бір сөзіңді ұққам жоқ, құлағым да тас бітіп қалған,  бірін естісем, бірін естімеймін. Жаның қалса екен деп мен де түнімен көз ілмедім. Сені күзетіп, маңдайыңнан аққан терді сүртіп отырдым. Қиналғаның жаныма қатты батты. Жассыңдар, сендер аман болыңдаршы. Алса Құдай менің жанымды алсын. Біз қартайдық, балалар аман болсын, өмірлерің алда ғой, қарағым, – деп еті қашқан кішкентай әлсіз алақанымен басынан сипағанда ғана барып Азамат емханаға түскенін аңғарды.

Бар пәле  көшенің қарсы бетінде тұратын көршісі Қайырқанның жаман бәкісінен шықты. Өзімен жасты Азаматтың досы. Күніге екеуінің бітіретіні ойын. Тыныш жүрсе жақсы, бір нәрсені бүлдіреді де жүреді. Сол үшін екеуі таяқты да жейді. Осы жолы да баяғы Қайырхан. Үйінен атасының ескі бәкісін алып шығып, Азамат екеуі ауылдың қасындағы өзеннің жағасында жерге қадап ойнаған. Ақыр-соңы жаман бәкіге бәстесіп, Азаматты әлі жылып үлгермеген өзенге шомылуға көндірген де Қайырхан. Мамыр айының басы болатын, өзен суы мұздай. Түспейін десе бәкіге бәстесіп қойған. Бас тартса, достықты бұзады. Намыс бір жағынан, шомылмай қойса «қорқақ» деген сөзге қалады. Нар тәуекел деп, мұздай суға күмп етті. Көктемнің суы жас баланың денесін шымырлатып жіберді. Лезде ерні көгеріп, дірдек қағып жағаға атып шығып, жалма-жан киінгенімен қалшылдағаны басылмады. Тістері сақылдап, тұла бойынан өткен суық дірдектетіп жіберді. Қайырхан бәкісін оңай бере қойған жоқ. Аз шомылдың деп дау шығарды. Біраз дауласып барып, ақыры бәкісін берді. Жаман бәкі Азаматқа сор боп тиді. Қызықтың бәрі үйге келгесін басталды. Қалшылдағаны басылмай, ыстығы көтерілген ұлын шешесі емханаға жатқызды. Енді міне бәкіге бәстесем деп емхананың төсегіне таңылып жатысы мынау.

Әй, балам-ай, өзеннің суы әлі жылыған жоқ қой. Мұндай уақытта суға шомылуға бола ма? – деп Эльза да әлсіз дауысымен Азаматқа ақылын айтып қояды.

Тұра ғой, балам, қара терге малшынып кетіпсің. Киіміңді ауыстырмасаң қайта сырқаттанып қаласың, – деп Азаматқа орнынан тұруға көмектесті. Киімін ауыстыртып, көрпеге қымтап, жылы шай берді. Жасы сексенді алқымдап қалған Эльза өзі науқастанып жүрсе де бала дегенде мейірімін төгіп, қыбырлап жүріп  шәй құйды. Осының бәрін Азамат қалт жібермей бақылап отыр. Жауап қатуға шамасы жоқ. Эльза апаның берген шайын ұрттап қойып, бетіне таңырқап қараумен болды. Бұрын да ара-тұра көшеден көріп қалғаны болмаса Эльза апамен жақын сөйлескені бірінші рет. Аққұба апа. Есімі де қызық – Эльза. Қазаққа мүлде ұқсамайды. Бірақ қазақша зулап тұр. Аздап тілін бұратып сөйлегені болмаса сөзге жүйрік. Шашы да аппақ, өзгеше. Ауылдағы апалардың шашына да ақ түскен, бірақ мынадай емес. Шайын бергесін аяғын ілбіп басып, төсегіне барып отырды. Екі төсектің арасына жүргенге өкпесі сырылдап, ентігіп қалды. Біраз демін алып, орамалының сыртына қобырап шығып кеткен шашын жинап, мұнтаздай орамалын қайта байлады. Үстіне емхананың халатын жамылып алған. Аяғына қалың жүннен тоқылған нәски киген. Ентігін басып, біраз үнсіз отырды. Ыстық шайды ішіп болған Азамат қолындағы кесесін қойып, апасына рахметін айтты. Маңдайы жазылып, таңдайына жабысқан тілі де икемге келіп, сөзге де келді.

Апа, рахмет! Шайыңыз дәмді болды, шөлім қанды, – деп Эльза апаға мейірлене қарады.

Ем болсын, құлыным. Бізге сендердің амандықтарың керек. Балалық жасап суға түскенің болмайды. Ертең есейгенде осы суықтың барлығы алдыңнан шығады, – деген Эльза апа ойға шомды. Біраз үнсіздіктен кейін ыңылдап бір әуенге салды. Сөзі жоқ, тек ыңыл. Қазақтың әніне ұқсамайды, әуенде бір мұң бар. Сол бір қысқа әуенді бірнеше рет қайталап, ыңылдап Эльза апа жастық шағын есіне түсіргендей күйге бөленді. Мүмкін жас кезінде салған әні ме, жоқ әлде әншілікте жолы болмай қалған арманы ма, кім білсін, әйтеуір әуеннен бір сағыныш лебі ескендей көрінеді. Дәл осылай ойға шамып отырғанда Азамат: 

Апа, – деп ойын бөліп жіберді. – Апа, ыңылдап отырғаныңыз қандай ән? Қазақтың әніне ұқсамайды, сөзімен айтыңызшы, – деді.

Ұл-ау, – деп сөз бастады Эльза апа. Ол кісі үлкенге де, кішіге де «ұл-ау» деп сөйлейді.

Бұл менің құлағымда бала күнімнен қалған ескі ән ғой. Осы бір қысқа жері ғана санамда жаңғырып тұрады. Көкейімде жатталып қалғаны сонша, кімнің әні, қай елдің әуені  екенін де білмеймін. Бірақ жаныма жақын. Осылай ыңылдасам сағынышым басылып, көңілім орнына түсетіндей көрінеді, – деді әлсіз дауысымен.

Сонда қалай, кімнің әні екенін білмейсіз бе? Онда қалай санаңызда сақталып қалған? Қай елдің әні дегеніңіз қызық екен, қазақтың әнінен басқа кімнің әні болады, – деп Азамат таңдайы тақылдап, сұрақты төпелетіп жіберді.

Қарт кейуана терең күрсінді де Азаматқа бір қарап:

Е, қарағым, сен жас баласың, көп дүниені білмейсің. Әр адамның тағдыры әртүрлі. Ішкі құпиясы мен шерлі өмірі, бақытсыз балалық шағы деген бар. Оның бәрін еске түсіріп қайтемін. Өзім де, әнім де басқа болғанымен жаным қазақ. Ескіні еске түсіріп, қилы заманды есіме алғым келмейді. Оны сен де түсіне бермейсің, – деді дауысы дірілдей.

Апырай, жанды жерінен тиіп қалдым ба, Эльза апа сонша неге түңілді? Жай ғана ән туралы сұрағанымды жүрегіне ауыр алғаны қалай? Әй, аңқау басым, осы менің де езеуреп, бірдеңені білгенше асығып кететінім-ай. Осындай жаман әдетім талай таяқ жегізіп еді. Енді Эльза ападан ұрыс естімесем болғаны. Азамат іштей осылай ойлағанымен «жаным қазақ» дегені көкейін қытықтап, білгісі келіп барады. Түнімен сандырақтағаны есінен шығып, баяғы мазасыздығына қайта басты.

Апа, сонда сіз қазақ емессіз бе? Сонда қалай, сіз Жансейіт атаның кемпірісіз ғой? – деп  тағы бір сұрақты қойып қалды. Эльза да Азаматқа бір қарап, осыған не керек дегендей кейіп танытып, іштегі сырын ашқысы келмеді. Талай жылғы қасірет қайта оянса, өзіне ауыр тиетінін Эльза да жақсы біледі. «Мүмкін шер тарқатып, іштегі өксікті шығарсам жеңілдеп қалармын. Бала болса да сырласып, ішімдегіні ақтарсам ба екен?» деп Эльза саусақтарын уқалап, төмен салып отырған мұңлы жанарын көтеріп Азаматқа қарады.

Қарғам, мен шамам жеткенше айтайын, сен назар салып тыңда. Қарт адаммын, көп сөйлесем қалжырап қаламын. Оның үстіне мына сырқат да дендеп барады, кәрілік бір жағынан, ентігіп қалсам тоқтармын, – деп әңгімесін бастады.

Менің ұлтым қазақ емес. Нақты кім екенімді де өзім білмеймін. Неміс пе, Эстон ба, әйтеуір өзге ұлт екенімді білемін. Бағанағы ыңылдап жүрген әуен сол менің ұлтымның әні болса керек. Бала кезден құлағымда қалып қалған. Саған түсінікті болу үшін басынан бастайын. Сонау соғыс жылдары бізді Қазақстанға жер аударды. Мен ол кезде алты жастағы бала едім. Есімде еміс-еміс бір оқиғалар қалғанымен көбі санамнан өшіп қалған. Бір топ адамды пойызға тиеп, алыс жаққа алып кетті. Жылап-сықтаған ел, қарт кісілер мен балалар көп. Менің қасымда анам болған. Пойызбен көп жүрдік, арып-ашыған ел. Тамақ жоқ, аштықтан, суықтан, аурудан біраз адам қайтыс болды. Суық вагонның ішінде келе жатқан кісілер ыңылдап ән айтады. Бағанағы мен ыңылдап жүрген ән сол кезде жатталып қалыпты. Азапты күннің зардабынан болар, анам орта жолда жан тапсырды. Мен көп кісімен бірге ілесіп, осы ауылға келіппін. Туған жерден қалай ауғанымыз туралы естелік осы ғана. Бөтен жер, басқа тіл, бейтаныс адамдар. Алғашында бәріне қиын соққаны белгілі. Мен бала болғасын көп нәрсені білмеймін. Есімде қалғаны, мені қазақтың бір қайрымды кісілері асырап алыпты. Олар да жасы жетіп отырған кісілер екен. Жандары жаннатта болсын, өте жақсы адамдар еді. Мені туған қыздарындай көріп өсірді. Соғыс уақыты кімге болса да оңай емес. Тамақ, киім жетіспейді. Осы елге келген барлық адамға қамқорлық танытқан қазақ халқы. Мен оны ешуақытта ұмытпаймын. Шеттен келді деп бөлген жоқ, өздеріне жетпей жатса да сырттан келген бізге көмектесті. Бір тілім нанын бөліп беріп, үйінің төріне жатқызды. Мен бала болсам да оны жүрегіммен сеземін, кейін ес білгенде үлкендердің әңгімесінен естідім. Осылай күн кештік, – деп сөзін аяқтаған кезде Эльза апаның көзі жасаурап, ентіге бастады. Тынысы тарылып, тұншығып, Азаматқа қарап қолын созып бір нәрсені нұсқағандай болды. Әлсіреп бара жатқан Эльзаны көрген Азамат есі шығып, не істерін білмей далбалақтап қасына жүгіріп барды.

– Апатай, кешіріңізші, мен сізді ауыртып алдым ба? Болды, ары қарай айтпай-ақ қойыңыз, – деп апасына жалына кетті. Эльза апа алқынып, Азаматтың сөзіне құлақ аспай, төсегінің басындағы бір кішкентай құтыны нұсқай берді. Ентіккеннен бе, сөйлеуге шамасы жетпей, тек құтыға қол жалғап жіберуін ұқтырды. Азамат та апасының бірнәрсені керек етіп тұрғанын сезді ме, төсегінің астындағы кішкене үстелде тұрған құтыны алып берді. Саусақтары дірілдеп, Эльза қолына тиген кішкене құтыны аузына тақап басып-басып жіберді. Содан барып, тынышталғандай көзін жұмып, демін шығармай біраз отырды. Ентіккені басылып, жасаурап кеткен көзін сүртіп, үрпиіп шошып қалған Азаматтың қолынан қысып, қорықпа дегендей ишара танытты.

Апатай, болды, жатып демалыңыз, мен көмектесейін, – деп Азамат безек қақты. Сізді сөйлетем деп ауыртып алдым, кешіріңізші деп жалына үн қатты. Жастығын көтеріп арқасынан сүйеп төсегіне жатқызды. Еті қашып, қу сүйегі қалған Эльза екі иығымен демалып, төсегінде біраз үнсіз жатты. Жастығында басынан өткен қиындығын қайта есіне алған ауыр тиді ме, жоқ сырқаты дендеп бара ма, көзін тас қып жұмып қозғалмады. Азаматтың есі шығып, далбалақтап дәрігерді шақыруға ыңғайланғанда Эльза апасы көзін ашып, қолымен оны іздегендей болды.

Апа, мен осындамын, дәрігер шақырайын, сіз шаршап қалдыңыз. Оның үстіне қатты терлеп жатырсыз, –деді дауысы дірілдей.

Жоқ, құлыным, шақырмай-ақ қой. Бұл менің сол қилы кезден бері соңымнан қалмай келе жатқан сырқатым ғой. Ызғарлы суықтан, аштық пен жоқшылықтың зардабының кесірі демікпеге әкеп тіреді. Қорықпа, қазір басылады, өзіме келіп алайын, әңгімемді қайта жалғаймын, – деді әлсіз дауыспен.

– Апа, керек емес, осы айтқаныңыз да жетеді. Мен бәрін түсіндім, –  деген еді Эльза қолын созып, Азаматқа қасыма отыр дегендей белгі берді.

Қарғам, бұл әңгімені мен ешкімге шешіліп айтқан емеспін. Саған дейін де халімнің барында талай адам қолқа салған. Ескі жараны қайта тырнап қайтемін деп тіс жармаған едім. Жетпіс жыл ішімде сақтап, қатып қалған тасты енді жібіткендей болып отырмын. Мүмкін осыдан кейін жеңілдеп қалармын, соңғы әңгімем де осы шығар. Жаратқан маған қиын сынақ пен бақытты өмірді қоса берді. Ризамын, сондықтан бала болсаң да іштегі шерді саған тарқатайын. Сен құлақ сал, – деп Азаматты тыңдауға қолқалады.

Қай жерге келгенімді де ұмытып қалдым ғой.  Жалғап жіберші, айналайын, – деді.

Апа, қазақтар бір тілім нанына дейін бөліп берген деген жерге келгенсіз.

Ә, иә, ауылға қалай келгеніміз есімде жоқ, үлкен кісілердің асырап алғанын айттым ғой. Міне, сол кісілер мені өсіріп, жеткізді. Мұнда келген барлық өзге ұлттың жағдайы жақсарды. Бәрі де үйлі-баранды болды. Ел қатарлы өмір сүріп, ұрпақ жалғастырды. Мен де солар секілді қазақтың отбасында өсіп, қазақ болдым. Білім алдым, еңбек еттім. Бір күн бай, бір күн кедей күн кештік. Мен сауыншы болып жүргенде Жансейіт атаң сиыр фермасында жұмыс істеді. Иманды болғыр өте жақсы адам еді. Сол кезде де маған көмектесіп, бір жағыма шығысып жүрді. Ол уақытта атаң жап-жас жігіт еді ғой. Тек бірінші әйелі ауыр науқастан дүние салып, қолында бір ұл, бір қызы қалыпты. Сол балаларды жеткізем деп күн-түн жұмыс істеді. Кейін екеуміз жарасып, шаңырақ көтердік. Ата-анам мені Жансейітке ұзатты. Құда келіп, ауылда той жасадық. Ол бір қызықты да, бақытты кезең еді. Содан Жансейіттен төрт ұрпақ сүйдім. Олардың бәрі өсіп-өнді. Жансейітті ешкім өзге ұлттың қызын алдың деп сөккен жоқ. Бізді тіпті, басқа ұлт екенімізді де білмейді. Қазақтың салтын сақтап, тілін үйрендік. Бір атаның баласындай өмір сүріп келеміз. Қазақтың дарқандығы, бауырмалдығы менің қаныма сіңді. Қазір мені неміске ме, эстонға ма апарып тастасаң мен оларға сіңбейтінім анық. Бүтін ауыл Эльза апа деп құрмет тұтып, төріне оздырады. Одан артық бақыт бар ма?! Біз басқа жерге барғанда күніміз не болады деп көп ойлайтынмын. Шүкір, Алла бізге Қазақстанды бұйыртыпты. Тағдырыма разымын. Балаларыма «егер олай-бұлай болып кетсем мені қазақша шығарасыңдар, шалымның қасына қойыңдар» деп аманат еттім. Енді түсінген боларсың, балам, менің өмірімді. Мен Эльза деген қазақ апаң боламын, – деп Азаматтың қолын қысты. Осы кезде арғы жақтан дәрігерлердің дауысы естіліп, Эльза апаның әңгімесі үзіліп қалды.

Балам, ал енді маған тыныштық бер, әңгімем осымен тамам. Қазір маған дәрігер ем жасайды. Сен өз орныңа бара ғой. Ішімдегі шер тарқап, бір жеңілдеп қалдым. Саған рахмет, менімен әңгімелескеніңе, – деп маңдайынан иіскеді.

Тебіренген ана жүрегі, ыстық мейрімі, жанарынан шуақ шашып, маңдайынан өпкен ерні Азаматтың жүрегін дір еткізді.

Ертесіне Азамат аттай шауып, емханадан шықты. Кетіп бара жатып, апа, сау болыңыз, мен шығып барамын. Сіз де тез жазылып шығып, біздің үйге қонаққа келіңіз, – деді.

Айналайын, рахмет! Көңіліңнен айналдым, барамын, сен де ауырма, үлкен азамат бол, – деп есіктен шығып бара жатқан Азаматтың артынан қол бұлғады.

Сырқатынан құлан-таза айыққан Азамат үйіне келді. Сол күні Қайырхан досына бармады. Эльза апасының айтқан әңгімесі ойынан кетпей, ыңылдаған әуенді қайталап жүрді. Осы сәтте Қайырханның әкесі Қадырхан келіп, «Эльза кемпір қайтыпты» деген хабар айтты. Ата-анасы жиналып, Эльзаның үйіне қарай бет алды. Бүтін ауыл болып, Эльза апасын арулап жерледі. Әкесімен бірге зират басына еріп барған Азамат та аппақ жүзін топырақ жасырған Эльза апасының қабіріне бір уыс топырақ салды. Ұлты бөлек болса да қазақ болып жерленген Эльза апасынан мәңгілікке қоштасқанын енді білді. Өзі жоқ болса да апасының әуені Азаматтың құлағында мәңгіге қалды.

Ришад Тұрғанбай