Дәуір ағып барады жанарымнан

Уақыты: 01.04.2018
Оқылды: 2659
Бөлім: РУХАНИЯТ

Аманат

Алмастырып жаңа менен көнені,
Беймәлімдеу алары һәм берері...
Адамзатпен «спорт-лото» ойнауға,
Желкен тартып тағы бір жылы келеді.

Ескі жылдың күнтізбесін лақтырып,
Өткен күнді құлаққа ұрып, жаққа ұрып.
Жайлы орынға жаңа келген бастықтай,
Қоймаса екен қас-қабағын бақтырып.

Айдынында үйрегі мол, қаз да көп,
Өткен жылға өкпе де жоқ, наз да жоқ.
Бесігіме бір құс келіп қонақтап,
Мейманамыз тасып біраз, маздады от.

Жылдар, жылдар – таң асырған жарау ат,
Жырлар, сырлар – бәріне де салауат!
Анам, балам, жарым, бүтін Отаным,
Уа, Жаратқан! Бір өзіңе аманат!

Тарпаң шақта күн нұрынан нәр алған,
Сортаң шақта тарихқа сан тоналған. 
Жұмыр жердің тамып түскен жасынан,
«Қазақ» дейтін ұлы халық жаралған.

Өмір – Сарай, қызыл-жасыл түрге енген,
Көзді арбаған үлдең менен бүлдеңнен.
Көшімді аулақ тігіп жүрген мен бір жан,
Ібілістер ін қазбасын іргемнен.

Ғашықпын мен атар Күн мен нұрлы Айға,
Ай тұтылса шарайнам да сынбай ма?..
Отанымның аспанын бұлт торламай,
Сәбилерім берілмесін мұңлы ойға...

Беу, дүние...

Тоздырып тонымның жағасын,
Аздырып адамдар арасын.
Бетке алып бақидың сағасын,
Тайдырып сақидың тағасын.
Сыздатып жанымның жарасын,
Сақпанның тасындай сал-дәурен,
Сабылып қайда алып барасың?!

Тазқара ұшырған тауымнан,
Бүлдірген ұсынған бауымнан.
Кіндігі байланған бауырдан,
Түндігі жайланған қауымнан.
Үйірден шалма сап шәр заман,
Иіріп әкеттің ауылдан.

Көлсайдың көкала қазындай,
Керілген сұлудың назындай.
Жайқалған Алтайдың жазындай,
Найқалған Хантәңірі басындай. 
Сантүрлі құбылған сал-дәурен,
Талғаттың сыбызғы сазындай!..

Төкеңнің «Салтанат» күйіндей,
Арбаған Құлжа-қыз биіндей.
Шебердің қандырған иіндей,
Ханға да қараға иілмей,
Тұрып-ақ тозарсың, сұм жалған,
Су жаңа киімдей киілмей,
Ескі үйде үрленген бүйендей.

Жаралған бозкөде, жусаннан,
Сүлдемді бұл күнде у сорған.
...Самарқан тасындай бусанған,
Жалыңнан сипатар ма екенсің,
Беу, дүние, бес атпен қусам да!

***
Адалдығы – пәк сәбидей, баладай,
Дарқандығы – далиған кең даладай.
Ақ көңілі – анам жайған өредей,
Тектілігі – төрде отырған төредей.
Бағбандығы – бал жинаған арадай,
Маған адал дос керек!

Күн туғанда ту түбінен ту алар,
Арғымағын жер шетінен суарар.
Арал болсаң – ары бірге қуарар,
Тек жеңістен тұрмайды ғой бұл жорық,
Сәтсіздікте сабырына жұбанар,
Маған асқан бауыр керек!

Адырнасын ту сыртымнан атпайтын,
Алдаспанын тек жорыққа сақтайтын.
Есерлігін ерлігімен ақтайтын,
Шибөріше ши түбінде жатпайтын.
Жекпе-жектің кіргізетін шырайын,
Қан майданда қас жауын да сатпайтын,
Маған текті жау керек!

Жасын ұрса жар таба алмай тығылар,
Жүргендердің көздерінің сұғы бар.
Уысымда жүргендердің уы бар,
Туған елдің тұмасының суы – бал.
Жарым көңіл жалшының да бақыты –
Босағадан еркін еніп жығылар.
Таңбасы бар, картасы бар, Туы бар,
Маған бүтін Отан керек!

Аға

Өмiрдiң өгей қолаттарында,
Жалғанның жайсыз жолақтарында.
Жапырақтарымды тонатқанымда,
Ақпаным ақ қар боратқанында.
Сарша тамыздың сор, аптабында,
Ұмайды iздеген қолақпан ұлға,
Құмай қондырған бекзат жан.

Ауылдан кеткенiме өкiнгенiмде,
Тағамды тасқа ұрып кетiлгенiмде,
Берiштей болып бекiнгенiмде,
Бес аттай алмай бесiнге мүлде,
Қара ноқатқа тесiлгенiмде,
Иiрiлiп қайта есiлгенiмде
Жүрегiн жайған бекзат жан.

Тауымды ұлар тастап кеткенде,
Бауымды бүрге жасқап кеткенде.
Қылтамды қырқай қақпан қауып қап,
Аяғымды шайнап асқақ кеткенде.
Шежiре шалдарым тастақ беткейде,
Ажал жастығын жастап кеткенде,
Басуын айтқан бекзат жан.

Алдамшы дәурен алқымдағанда,
Бiлте-өмiр түбi жалпылдағанда,
Қоғамым кенет салқындағанда,
Бекзат жандарды ән қылып жүрем,
Әкелер мейрамы жақындағанда.

Қара қазан

Артыма бір қарасам қайырылып,
Кездер көп әр күні аңыз, тайы – күлік.
Күншуақта қап кеткен шүберектей,
Сол күндер қалды-ау дар-дар айырылып.

Таулы өлкеде, қиялдың ұшағында,
Қонарын да жел біліп, ұшарын да.
Біздің ауыл күтетін Қызыр шалды,
Қып-қызыл ұрандардың құшағында.

Айналып бүкіл ауыл бір қауымға,
Көшені толтыратын жыр-дауылға.
Саясаттың кимей-ақ сал шекпенін,
Торқалы той болатын күнде ауылда.

Немерені жетектеп апаларым,
Көрші үйдегі көжеге апаратын.
Әйбәт киімін киіп ап аталарым,
Ала таңнан беретін баталарын.

Қара торғай көп еді сол жылдары,
Қарлығаш құс болатын елдің бағы.
Наурыз шешек жіпсітіп жіберетін,
Қыстан қалған қырдағы тоңның бәрін.

Атқан кезде рауандап таң қылаңы,
Біздің үй де жасанып, жаңғырады.
Жеті түрлі дәм қосып тоғыз жанның,
Жан анамыз мейірін қандырады.

Разы боп қалса аға пейілі ірі,
Көже жетпей бұртияр кейіп іні.
Шешей ылғи ырыс қып тосатұғын,
Қырда жатқан әкейдің мейірімін.

Ораққа да орылмай, төске түспей,
Әз наурыз көнеден көшкен іздей.
Көзімізді көктемде тырнап ашып,
Көппен бірге көшке еріп өскеміз ғой.

Жыл келгенде жылғаға бұлақ келді,
Біздің елге Ақбастау суат болды.
Қара қазанда асылған аппақ көже,
Қара ұлдың бойына қуат берді.

Ескі жылдар ескегін қағыпты енді,
Шәр Алматы шақырды, жарық берді.
«Көже жасап берем» деп,
Көшкен кезде,
Қалаға анам қазанды алып келді.

Ырыс келді қазанмен әулетке бұл,
Ұрпағына тілеген дәулетті өмір.
...Қызыр-кәрия қазаққа дос бол мәңгі,
Алақанын жайса тек сау кетпегір.
Жүректе мәңгі қалар ізгі жыр бұл,
Көңілім бала күнге жүз бұрып жүр.
Немере-шөберені жинап алып,
Шешем бұл күн жерошақ қыздырып жүр.

Өмірдің өр, ылдиы, тасы мәлім,
Шашымның ағын кейде жасырамын.
Наурыз келіп қалған жоқ па екен деп,
Әр күн сайын анама асығамын.

Ақбөкен
Болат ҮСЕНБАЕВҚА

Сақасын жырдың иірген,
Соры ма, әлде бақ па екен.
Үркіп бір кеткен үйірден,
Алматыда жүр Ақбөкен.

Бөкен бе, әлде Киік пе,
Ойпаттан көрдім дүр кезде.
Асыр сап жүрді биікте,
Адамға ұқсас бір кезбе.

Қарқара деген қара өлең,
Алатау дейтін ақ өлең.
Бүлкек бір қаққан бөкеннің,
Мекені болды бар әлем.

Шақтарда сол бір шағырмақ,
Құлжада кіндік қаның қап.
Қарқара жәрмеңкесінде,
Жастығың өтті жалындап.

Жарысқан тағдыр-күлікпен,
Ол да бір ғажап кез екен.
Үйсінтау жақтан үріккен,
Үсенбаевтың өзі екен.

Тағдырың неткен тебеген,
Көрмегің алда көп екен.
Тау жақтан түсіп келген жер,
Таусүгір дейтін төбе екен.

КазГУ-ге келді асау ұл,
Жарты әлем ойнап көзінде.
Жолыңды тосты осы ауыл,
Мәскеуге кеткен кезіңде.

Күніміз біздің ол кезде,
Москва жақтан ататын.
Түніміз біздің манаурап,
Мәскеуге барып бататын.

Қараша, қаңтарда, тамызда,
Өзіңіз жайлы аңыздар.
Алатаудан ары асып,
Ауылға жетіп жататын.

Еліңді жырмен еріткен,
Сезімшіл ақын, сері едің
Жәудір көздерді еліткен,
Шашы ұзын ақын сен едің.

Ұнатып сымбат, сыныңды,
Ағалар сізді жүр мақтап.
Өзіңді және жырыңды,
Тұмағаң кетті құндақтап.

Жақыны және жаттары,
Дүбірге толып қапталы.
Жұлдыздай бағы жансын деп,
Сейдахмет өзі баптады.

Көрінбей кеттің Шелектен,
Көрінбей кеттің залдардан.
Естілді дауысың кенеттен,
Сырахана мен барлардан.

Туса да бүгін жаңа таң,
Кешеміз дәурен күдікпен.
Ағалар тосқан алақан – 
Ақталмай қалған үміттер.

Өлең бір қонған бақ па екен,
Жаяу да екен, атты екен.
Атақпенен жоқ шатағы,
Алпысқа келген Ақбөкен!

Тоқтангердің тұқымы
Тұлпар аттың нәсілін тапқан
Шажа Тоқтанның тұқымы Рысбайға!

Ай-жылды ала қашып желкенімен,
Шекара шерлі бір күй шертеді ме?!
...Арғы беттен жеткен бұл әңгіме еді,
Оқиғасы ұқсайтын ертегіге.

Еріңе қанат бітсе ел не десін?
Біткен қанат қайырылса ерге де сын.
Наратқа Жаратқан бір тұлпар берген,
«Бейжіңгер»!
Бітеу құйған белдемесін.

Жұмыр жерден жүлдені сүйреп қашып,
Сол тұлпар шапқан дейді ширек ғасыр.
«Шыңжаңда енді мұндай ат болмайды!», –
деді жұрт ит мінердей, ирек басып...

«Ат мінсең ар-иманды тазалап бар!»
Тілегі үлендердің таза, мақпал.
Қазақтай қайсар халық аман тұрса,
Шығады азаматтар, қазанаттар!

Шапшал, Күнес, Текес пен Күре жақтан,
Мұнартады біресе, күледі аспан.
Бұл елде тұлпарлар көп топты жарған,
Бұл елде батырлар көп білегі асқан.

Қаражон қолда ма еді, жатта ма еді,
Шолақтерек сенде бір шоқ бар еді.
Өр Текесті өрнектеп өрлей қонған,
Топ елдің төресіндей Тоқтан еді!

Жүйрікті үлкен баптап, жасы қосқан,
Атшылық бітпес бір жыр басы дастан.
Естіді ел жаратты деп Шажа Тоқтан,
Тұлпар шығар тұқымды нәсілі асқан.

Құлыннан жабағы өтіп, құнан болды,
Әр өткені жүз күн той, бір ән болды.
Топ бәйгенің ішінде қылаң болды,
Аламанның ішінде сылаң болды.

Қасиеті судан ба, оттан ба еді,
Жоқ әлде нәсілшілдік баптан ба еді.
Құлжаның қу даласын құрлық көрмей,
Жануарың жаратса шапты-ау тегі.

Сынаушылар мін таппай аттан тегі,
Қазанатпен Текестің мақтанды елі.
Күллі Шыңжаң әлі күн сол Тоқтанның,
Аңыз етіп айтады «Тоқтангерін».

Сан бәйгеден оқ бойы жетті дейді,
Кештен салса таң алды өтті дейді.
«Тоқтантегрдің» тұқымы арғы бетте,
Үш Аймақты аралап кетті дейді.

Тоқтан кетті...

Артында із қала ма екен?
Апа алаң, ауыл-ел алаң екен.
Кей күндері «Тоқтангер» кісінеп кеп,
Шекараны ен бойлап шабады екен.

Жоқтады жар, жыр жазып жоқтады ұлы,
Айырды ұлы ат пенен жат қадірін.
Қос бірдей тұқым қалды сол Тоқтаннан,
Қазанаты – желжүйрік «Тоқтангері»,
Азаматы – Ырысбай Тоқтанұлы!

***
Қуат алғандай жырынан ақындарымның,
Жолын күткендей ет-бауыр
жақындарымның,
Жеңісін күтіп жүремін аэропорттарда,
Ғаламдық жорыққа аттанған 
батырларымның!

Қайсар қазақтар күш жатқан қуатында мың,
Батырларыммен рухымды жұбатудамын.
Екі де талай күн туса елдің басына,
Ақырып теңдік сұрайтын сұрапылдарым.

Даланың Арлан ұлдары, құбатүздіктер,
Сағы сынған жұрт ұлы күш сұрады сізден.
Ерлікке шөлдеп жүргенде есіміз кетіп,
Көк Туға қарап сан рет жыладық біздер.

Алла өзі қара, ақ нәсіл демей-ақ бәрін,
Құрыштай етіп жаратқан қол-аяқтарын.
Секундомердің тетігі айналғанынша,
Уақыттан озған о, менің желаяқтарым!

Қарсы келгенді қапсырған 
қабыландарым,
Жауырындыны жапсырған балуандарым!
Қапысын тауып қарсылас қақпанға салса,
Аяғын шайнап тастайтын сәруарларым!
Қабыландарым!..

Күй

Дәуiр ағып барады жанарымнан, 
Сәуiр сырғып ағады сабағынан.
Тұрлауы аз дүние тұра қашты-ау,
Қондырып ап қаралы қабағына ән.

«Балбырауын» жылатты шанағынан,
Ғазиз жылдар құлатты қабағынан.
Қара өлең, неге ғана елес бердiң,
«Аққудың» алаңғасар сағағынан.

Қыз – жалған ойлы, қилы қыратты екен,
Көбеюде күн сайын сұрақ бөтен.
Қобыз шалып отырған қоңыр қызды,
«Қоңыр қаз» неге ғана жылатты екен.

Уақыттың қомағай қылығы да,
Аруларды үйiрдi құрығына.
Құмыра бел қыздардың төгiлмейдi,
Қазанғаптың «Көкiлi» бұрымынан.

Сартоқа сайран салған сардалаға,
Бөкейден Дәулеткерей паң қараған.
Соны ойлап Алматыда мен жүремiн,
Жанымда сабаз күйшi, сардар ағам.

Санам жаңа сезгендей көкте iз барын,
Қырмызыға дүние төктi ызғарын.
Тағдыры теңбiл-теңбiл арулардың,
Жанарынан оқыдым қобыз зарын.

Дәуiр ағып барады жанарымнан, 
Сәуiр сырғып ағады сабағынан.
Тұрлауы аз дүние тұра қашты-ау,
Қондырып ап қаралы қабағына ән.

Уақыттың кәрiнен ықпайды арман,
Бұл да бiр шер екен ғой шыққа айналған.
Жүрекке күй боп кiрiп ақырында, 
Сұм жалған сырыңды ашам құсқа 
айналған.

Кеминенің шапаны-ІІ
Жоқшылықтың шоғы түскен шашырап,
Жүрегіңдей,
Шапаның да жүз жамау!
Қадыр Мырза ӘЛИ, 
«Кеминенің шапаны».

Бырт-бырт үзіп көңілімнің шектерін,
Жалынға орап өткені мен бөктерін.
Өтті Қадыр... өлең қылған өлмейтін,
Кеминенің қырық жамау шекпенін.

Сол шақта да запыран құсып, зар иелеп,
Жазған ақын тұрса керек жар үйде.
Бір кебіске жарымаған Кемине – 
Түрікпендегі ең ұлы ақын, әрине.

Төрелерім төрін дәйім босатып,
Қара жолдан Қадекеңді тосатын.
...Үркер әлі үріккен жоқ, үкі ояу,
Үргеніште еске оралды қос ақын.

Низамиді, Гинжауиді, Жәмиді,
Ұлықпанды ұстаз тұтқан жаны игі.
Тағдыры оның таспа тіліп етінен,
Қу жоқшылық жонарқадан қариды.

Қайыр сұрап ағайыннан, бауырдан,
Бәдәуи боп кеткен солай ауылдан.
Бір көрініп мұнардан,
Бір көрініп сағымнан,
Ақырында құм астынан табылған,
Алтын адам жыртық шапан жамылған.

Аспаныңды қанша дәуір желдетті,
Тарпаң жылдар тағдырыңды келте етті.
Құм да көшті, жылдар өшті, жер кепті,
Оғыз баба алтын шашақ жамылған,
Дүр сілкінтті түрікпенді телпекті.

О, түрікпен, мен сені енді таныдым,
Таныдым да намысымды жаныдым.
Күллі рухын күндіз-түні күзеткен,
Тумаса да туғандайын, жарығым!

Уа, дутар! Саз ұшыршы сағаңнан,
Түрікпенге түбірімен жаңарған.
Қайта оралды Рухың тоналған,
Кеминенің шапаны да жамалған.

Құрлықтарды құрлықтарға қосатын,
Қуаты – кең, суаты – кем тосатын.
...Үркер әлі үріккен жоқ, үкі ояу,
Үргеніште еске оралды қос ақын.
...Абызым-ай, Алаш жұрты басты иген,
Таланты тау қопарып, тас түйген.
Ташауызда түсіме енді Қадекең,
Көңілсіздеу... көнетоздау костюммен. 

Жанарбек ӘШIМЖАН, 
Қазақстанның еңбек 
сіңірген қайраткері