Өмірлік серігім, сырласым

Уақыты: 14.04.2018
Оқылды: 2696
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ең алғаш 1968  жылы қолыма қалам алып мақала жаза бастадым. «Ізғұттың игі істері», «Озат кітапханашы», «Киномеханик» деген тақырыппен жазған қысқа мақалаларым «Жетісу» газетіне шығып, көңілімді көтерді. Сол мақалаларды қиып, өлең жазып жүрген қалта кітапшама салып, азаматтық борышымды өтеу үшін әскерге кеттім. Жазумен таныстығым осылай басталды.

Үш жылдық әскери-теңіз флотқа түсіп, сүңгуір қайықта борышымды атқардым. Басшылыққа ұнаған жақсы қызметімнің арқасында екінші жылы бір жылдық партия мектебінің түлегі атанып, коммунисттік партияға мүше болдым. Туған жерден шалғайда, Қиыр Шығыста жүріп бір күн қаламымды тастаған емеспін. Соның арқасында көптеген өлең жаздым. Ол кейін жинақталып, «Атам қазақ» атты кітабыма кірді.
Міндетті борышымды өтеген соң партия мектебінің құжатымен қызмет істегім келді. Бірақ Кеген аудандық партия комитеті милиция қызметіне жолдама берді. Ол кезде коммунист адам партияның нұсқауымен ғана жүретін. Сөйтіп, милиция қызметіне кірісіп кеттім. 1972 жылдың мамыр айында Еңбекшіқазақ ауданына қоныстандым. Жарым Күлпара екеуміз жаңадан бас қосып, шаңырақ көтергенбіз. Милицияда қызмет ете жүріп, Еңбекшіқазақ аудандық «Еңбек жалыны», «Пламя труда», облыстық «Жетісу» газеттерінің штаттан тыс тілшісі атандым. Аудан жайлы, соғыс және еңбек ардагерлері туралы қомақты очерктер мен әңгіме, повесть жаза бастадым. Оларым «Жетісу» газетіне апта құрғатпай шығып жатты. Осының өзі жазуға деген құштарлығымды арттырды. Әсіресе, облыстық «Жетісу» газетінде қызмет істеген бас редактор Пернебек Бейсенов, Баймолда Мусин, Мамадияр Жақып, бөлім басшылары Мұғалімбай Жылқайдаров, Жолдасқан Бозымбеков, Шекербек Садыханов сияқты қаламы қарымды ағаларымның тәрбиесін алып, шыңдалған үстіне шыңдала түстім. Пернебек ағай 1975 жылы «Жетісудың» штаттан тыс тілшісі» деген құжатты қолыма ұстатқанда төбем көкке екі елі жетпей тұрды. Сонда:
– Байқа, бала, бұл құжатты жекебасыңа пайдаланып жүрме! «Газетке белсенді қатыссын!» – деп беріп отырмыз. Енді редакция тарапынан жекелеген тапсырма алып тұрасың, – дегені әлі есімде.
Сол жылы Жолдасқан Бозымбеков Жамбыл ауданындағы Таран, қазіргі Балғабек Қыдырбек ауылындағы құс фабрикасынан «Ту талапай» деген фельетон жазып оқырманды дүр сілкіндірді. Онда құс етін өздері талан-таражға салып, көптеген қаржыны жеп қойған басшылардың есімін ашық жазыпты. Соны оқып жазғандарым Жолдасқан ағаның мақаласына су құюға жарамайтынын ұғынып, солай қалам тербегім келіп кетті. Сондай ойда жүрген күндердің бірінде Пернебек аға: «Ауданыңнан «Жетісу» газетінің рейдін жүргіз!» – деген тапсырма келді. Жиырмадан жаңа асқан албырт шағым. Оған дейін де талай сын жазып, ысылып қалғаным тағы бар. Ақыры «Сауда тәртібі неге бұзылады?», «Ресторандағы айқай, шу!» атты екі сын мақаланы «Дүрбі» айдарына лайықтап жазып шықтым. Бірінші мақала аудандық қоймадағы аудан басшыларының жасырып қойған заттарына арналса, екіншісі аудандағы милиция бастығы, майор Иван Кирьянов жайлы түзілді. Тікелей бастығым Кирьяновтің арақ ішіп, ресторанда стақан сындырғанын, сол жердегі даяшы әйелмен ашына болғанын оқиға үстінде ұстап, акті жасадым. Оны өздеріне растатып, қол қойғыздым. Осындай келеңсіз оқиғадан шошып кеткен Пернебек аға:
– Бала, құрыдың, өз бастығыңды өзің сынағаның не? Ертең жұмыстан кетсең, біз қорғай алмаймыз, – деп менің жазғаныма алаңдады.
– Аға, қорықпай баса беріңіз, қолымда жазылған актісі бар, оған бақылау комитетінің адамдары растап қол қойған, – дедім. «Онда жарайды!» деген ағам мақалаға «Дүрбі» деген айдар қойды да жариялап жіберді. Сол мақалам үшін милиция бастығын Солтүстік Кавказға жер аударып жіберді. Міне, бұл сол кездегі сөздің, газеттің мықтылығы еді.
Өзім қатарлас Марат Тоқашбаев, Рахымжан Өтегенов, Мейрамбек Төлепбергенов, Жанболат Аупбаев, Марат Әбдіқалықов сияқты жалынды журналистер қанатыма күш-қуат қосты. Сексенінші жылдары басқа салада қызмет етсем де КСРО Журналистер одағының мүшесі атандым. Осылайша үлкен тәжірибелік мектепте шыңдалып, қанаты қатайған қарымды журналистердің қатарына қосылдым. Жолдасқан Бозымбеков сияқты ағаның жазу үлгісі мен сүзгісінен өткенімді өзіме бақыт санаймын. Олар көптеген мақалама «Дүрбі», «Сын садағы» сынды айдар тағып, газетке жариялап тұрды. Жақсы жазсам менімен бірге қуанды, нашар жазсам ақылын айтты. Марқұм болғандарының иманы салауат болсын, тірі жүргендеріне, газет  арқылы рахмет айтқым келеді. Жазғыштығымның арқасында көпшілік мені «милиция» емес «журналист», «ақын» деп таныды. Тіпті милиция қызметкері екенімді ешкім білмейтін. Сөйтіп, ауыр да  қиын милиция қызметімен жазуды қатар алып жүрдім. Милицияның пайдасы, ешкім кіре алмаған Республикалық Ішкі істер басқармасының мұражай, мұрағаттарына рұқсат алып кіруге мүмкіндік таптым. Әңгіме, повесть, деректі романдар жазуыма түрткі болды. Сол қызметте жүргенде жазған «Қылмысты құтылмайды», «Із кесу», «Ерекше тапсырма» сияқты кітаптарым «Қазақстан» баспасынан жарыққа шығып, оқырман ықыласына бөленді. Милиция тарихына байланысты жазылған «Ерекше тапсырма» кітабымды сол кездегі Қазақстан Ішкі істер министрінің орынбасары, генерал-майор Тұмарбеков жоғары бағалады. Жасы отызға толмаған мені жеке қабылдап: «Сен әлі бала екенсің ғой, жазуыңа қарағанда көпті көрген жетпістегі шал екен десем. Мына кітапты жақсы жазыпсың, баспаға жариялауға рұқсат етіп отырмын. Рахмет! Қаламың ұштала берсін!» – деп арқамнан қағып, батасын берді. Ал 1989 жылы милиция, прокуратура, сот істері туралы жазылған «Із кесу» атты кітабымды жоғары бағалаған Ішкі істер министрінің орынбасары, генерал-майор Мұрат Қалматаев «СССР-дің үздік милиция қызметкері» деген төсбелгімен марапаттап, әйелім Күлпара Саутақынқызымен екеумізге өмірі көрмеген Кисловодск қаласына емделуге тегін жолдама берді. Жол ақысын Ішкі істер министрлігі төледі.
Шабыт дегенге шек жоқ екен. Милиция қызметінде жүріп, 1974 жылдан 1986 жылға дейін облыстық ақындар айтысына Еңбекшіқазақ ауданының атынан қатысып, жүлдемен оралып жүрген күндерде осыны түсінгендей едім. 1981жылы Мұқағали Мақатаевтың 50 жылдығына орай Нарынқолда өткен айтыста екінші орын алғаныма Мәскеуден арнайы келген «Дружба» журналының журналисі Разия Гафурова «Поющее сердце» деген мақала арнады. Сол мақала шабытыма шабыт қосып, мерейімді үстем етті. Кейіннен жұбайым Күлпара да айтыстан бағын сынап көрді. Әншілігі, ақындығы басым дарынды адам еді, жастай қайтыс болды. Өмірдің күнгейі мен теріскейі қатар жүретіні рас екен. Тірліктің ащысы мен тәттісін бірге татқан жұбайымның қазасынан ақын, журналист деген атқа ілігіп, марқайып жүрген көңілім пәсейіп қалғанын қалай жасырайын?! Жылдығына орай ақын, журналист Шекербек аға Садыханов мақала жазды, ол кісіден асырып ештеме айта алмаспын. Осылайша «Жетісу» газеті құлап бара жатқанымда сүйеу болды, жылағаныма басу айтты, мұңайғанымда жұбатып, қуанышыма ортақтасты. Сол үшінде бұл газетті жанымдай жақсы көремін. Өмірлік серігім сияқты.
Күлпара қайтыс болған 1991 жылдың күзінде ішкі істер бөлімінен жиырма бес жылдық өтілмен зейнеткерлікке шықтым. Зейнетақы да, балаларға төленетін жәрдемақы да мәз емес. Төрт баламды ешкімнің қамқорлығына бермей, біреуге тәуелді етпей, бағып-қақтым. Әсіресе анасынан екі жаста қалған Аяна деген қызымды мәпелеп өсіру қиынның қиыны болды. Сондай қиындықтарға төтей жүріп, жұмыс істедім. Аудандық «Қазақ тілі» қоғамының ақылы орынбасары болып біраз жыл қызмет істеп, мемлекеттік тілдің жетілуіне көптеген үлес қостым. Бюрократ басшылармен, аудан аппаратында істейтін Цифредий сияқты тілге қарсыларды газет арқылы сынап, орнынан тайдырдым. Бұны бүкіл аудан жұртшылығы күні бүгінге айтып жүр. Одан соң Қазақстан Жазушылар одағының шығармашылық үйіне директор, шаруашылық меңгерушісі қызметтерін атқардым. Балаларымды жетілдіру үшін сенбі, жексенбі күндері, қызметтен қолым босай қалғанда Ташкент пойызына отырып, Шыршық қаласындағы дәке шығаратын фабрикадан жоғары сапалы дәке әкеліп, аудандық ауруханаға, базарларға өткізіп, саудамен де айналыстым. Заман ағымына осылайша бейімделіп, сегіз жыл қызмет пен кәсіпкерлікті қатар алып жүрдім. Бір өзім екі-үш жұмыс істегендіктен балаларым еш таршылық көрмеді. 2000 жылдан бастап «Тамаша», «Ақбаян» газеттерінде тілші, 2006 жылдан халықаралық «Қазақстан-Zaman» газетінің сын бөлімінің меңгерушісі бола жүріп, небір сын мақала жаздым. Аумағы 300 мың гектардан астам жерді алып жатқан Көлсай көлдерін жекеменшік «Жібек жолы» компаниясына қолды болып кеткен жерінен мемлекет меншігіне қайтаруға күш салдық. Ұйғыр ауданындағы, Павлодар облысының Ақсу, Ертіс, Орал облысы, Жезқазған қаласы, Жамбыл облысындағы Мерке, Тоғызтарау, Жамбыл, Жуалы ауылдарында, Қостанай облысындағы кемшіліктер, Шымкенттегі Түркістан қаласы, Жүйнек аулындағы келеңсіздіктерге қаламымның шапағаты тиді. Бүгін  мұны мақтанышпен айта аламын. Бір газеттің өзінде жүзден астам сын мақала жазыппын. Қазір қыздарды қияға қондырдым, жоғары білімді маман иелері атанды. Анадан екі жасында қалған Аяна деген қызым екі балалы, Алматыда дәрігер. Күйеуі Аман екеуі Талғар қаласында тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Еркебұлан деген ұлым заңгер, Шынар экономист, Назгүл сегіз балалы «Ардақты ана». Күлпарадан қалған төртеуінен он төрт немере, екі шөбере бар. Биыл марқұм Күлпараның  қайтыс болғанына жиырма сегіз  жыл болды. Ал Нұрғайшамен бас қосқаныма он бесінші жыл. Оның екі ұлы Данияр мен Мұстафаны өз қамқорлығыма алып аман-есен өсірдім. Даниярдан Нүргелді деген кішкене немереміз бар. Нұрғайшадан өз кіндігімнен Алуа қызым өсіп келеді. Есік қаласында В. Терешкова мектебінің оқу озаты. «Қазақ болып туғаныма мақтанам!» атты әкесінің өлеңін «Қазақстан» телеарнасынан оқып, ағайын-туыстың қуанышына айналды.
Құдайға шүкір, биыл маусым айында 68-ге толамын. Жазушылар одағы мен облыстық әкімдіктің қолдауымен Еңбекшіқазақ ауданында шығармашылық кештерім өтіп, кітаптарым көрмеге қойылды. Өлеңдерімді Қытайдағы Халықаралық «Көкжиек», облыстық «Іле айдыны» журналдары басып, сол жақтағы қалың оқырманға таныстырды. Өмірім мен шығармашылығымды осылайша өрбіткен «Жетісу» газетінің ұжымына, жүз мыңдаған оқырманына газет арқылы рахмет айтқым келеді. Алдымдағы ағалар мен артымнан ілескен інілеріме мың алғыс! Қаламдары қарымды, шығармалары шабытпен жазыла берсін! Елу жыл серігім, жанашырым, сырласым болған «Жетісу» газетінің әрбір жаңа нөмірін күтіп отырамын. Сүйікті газетіме тілерім – миллиондаған оқырманың болсын!
Жүз жылдығың құтты болсын!

Шаяхмет ҚҰСАЙЫНҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар, Қазақстан Журналистер одақтарының мүшесі,
Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы