Ел есінен өшпейтін есім

Уақыты: 15.04.2018
Оқылды: 1511
Бөлім: РУХАНИЯТ
Адам қайтыс болған күні емес, есімі ел санасынан ұмытылған күні ғана өлдіге саналады. Тағылымы зор мұндай тәмсілді Алматы облысының Құрметті азаматы Наурыз ҚЫЛЫШБАЕВ талай жылдан бергі үзеңгілес досы болған Медеғали Жазықбаевты еске алған екеуара әңгіме барысында айтып берді. Ел ағасы жаны жайсаң замандастарының қатары сирей бастағанына өкініш білдіріп қана қоймай, олардың жүріп өткен өмір жолын өзгелерге, әсіресе, жас өрендерге өнеге еткісі келеді. Кейіпкеріміз жастық шағының жарқын сәттерін бірге өткерген, кезіндегі комсомол мектебінде бірге шыңдалған дәуірлес достары туралы бір кітапқа арқау боларлық сыр шертуге дайын. Оның ішінде Медеғалидай адал да еңбекқор ұлт перзентінің есімі ешқашан ұмытылмайды. Халық жадында қызметтегі зор жауапкершілігімен, қарапайым да салмақты мінезімен қалған, кеңестік тар заманда түрі – социалистік, мазмұны – ұлттық бастамаларға қолдау білдірген жан-жақты тұлға жайлы өрбіген сұхбатымызда Наурыз аға кешегі қоғамның артықшылығы мен кемшілігіне де тоқталып, бүгінгі тәуелсіздік таразысымен өзінің объективті көзқарасын білдірді.
– Наурыз Қылышбайұлы, сіз екі бөлек дәуірді, екі ғасырдың беталысы мен бағытын көрген және өзіңіз куә бұрынғы қоғамға әділ баға бере білген санаулы жанның бірісіз. Жастық шағыңыз несімен есте қалды?
– Өмірімде ерекше риза болатын жайлардың бірі 5-сыныптан қоғамдық жұмысқа бел шеше араласқаным десем артық айтпағаным. Кейін ұжымшарда, жоғары оқу орнында жүргенде де қоғамдық жұмыстан сырт айналған емеспін. Нәтижесінде, көптеген алғыр жаспен таныстым. Сол кездегі жастарды ел мүддесі үшін риясыз қызмет етуге деген талпыныс біріктіретін. Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрғанмен, қазақ дәстүрі, қазақ ғұрыптары отбасында жандана беретін. Біз сондай сындарлы дәуірде есейдік. Ақсақалдардың, ағалардың алдын кесіп өтпейтінбіз. Партияның тәрбиесімен бірге отбасындағы ұлттық құндылықтарды да бойымызға сіңірдік. Қызыл саясаттың қыспағына түспей тұрып біздер бесік жырын бойымызға дарыттық. Үлкендердің ақ батасымен ер- жеттік. Кішіпейіл, бауырмашыл, достыққа берік, көпшіл, туған жерін қастерлеп, елі мен өскен ортасын қастерлей білетін, әріптестеріне адал біздің буынның жастық шағы ерекше қызықты өтті. Әрине, әр заманның жастары әр бөлек. Менің жастық дәуірім бір қазанда қайнаған достарыммен есте қалды.
– «Пай-пай, жиырма бестің» қызығын бірге көрген достарыңыздан кімдерді даралап көрсетер едіңіз?
– Жастықта жалғасқан достығымыз қартайғанда да үзілген жоқ. Қоян-қолтық қызмет еткен жаны жайсаң азаматтарды жиі-жиі есіме алып отырамын. Комсомол мектебінде бірге шыңдалған Болысбек Тазабеков, Шой Исабеков, Сәнси Мылтықбаев, Жұмағали Әлібеков, Нұрланбек Есдәулетов, Мелісбек Мұсанов сынды ауылдың ақжарқын балаларымен бірге жүргеніміз күні кеше сияқты. Сондай достарымның ішінде ең қарапайымы әрі кеңпейілдісі Медеғали Жазықбаев еді. Бойы сұңғақ, иығы кең, жауырыны жалпақ, апайтөс, қабағы қатыңқы жігіт болатын. Бір қарағанда, қазақтың хас батырларына ұқсайтын. Ал жақын араласқан адам оның жүрегі кең екенін бірден аңғаратын. Қазақы тәрбиемен өскен инабатты жігіт «Қоржынкөл» қой кеңшарының бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болды. Бұл ауыл орталықтан шалғайда орналасқан. Сондықтан да, Медеғали ауданға көп келмейтін. Әрі жол қатынасы да қиындық тудырды. Мұндайда аудандық комсомол комитеті көшпелі бюро отырысын арнайы ұшақпен қамыс зауытына, одан кейін «Қоржынкөл» кеңшарының орталығы Ақиық ауылына ұшып келіп өткізетін. Сондағы мақсатымыз – мектеп оқушылары мен кеңшар жастарын комсомол мүшелігіне қабылдап, ауыл тыныс-тіршілігімен танысу, ауылшаруашылығы жұмысын жандандыруға көмек көрсету.
Әлі есімде, комсомол билетін айырбастайтын жылы жұмысымызда келеңсіз жайттар орын алды. Есептен шықпай сыртқа кеткендер саны күрт көбейіп, олардың қайда жүргенін анықтау созбалана түсті. Осы үшін басшылық тарапынан сын-ескертпе алған күніміз де аз емес. Сондай күннің бірінде ешкімнің аузынан шыға қоймайтын бір әңгімені Медеғали қозғаған еді. «Нәуке, хабар-ошарсыз кеткен комсомол мүшелерін неменесіне сабылып іздейміз? Олардан енді қоғамға келер жақсылық бола қоймас. Анау көзге сүйел болып тұрған есеп карточкаларын ебін тауып, реті келсе жымқырып, кеміте беру керек», – деген ұсыныс тастады ол. Мен бірден: «Медеғали, мына сөзіңді менен басқа ешкім естімесін. Үлкен ұйымдарда жіберілген кемшіліктермен салыстырғанда сендердің жағдайларыңды түзеуге болады», – дедім. «Жоқ, Нәуке, қателік тым тереңде. 28 жасқа дейін комсомол қатарында болудың қаншалықты қажеттігі бар? «Жетесіз туған жігіттер жиырма бесінде жас болар», «Жиырма беске келгенде қыз еріншек», – деген қанатты әрі пәлсапалық сөздерді неге ескермейсіздер?» – деп мені біраз тығырыққа тіреді.
Шынында, комсомол қатарында жалындаған жастар тұрмақ, комсомол қызметіндегілердің жасы сонау 1918–1940 жылдары        23 жаспен шектелгенін кейін білдім. Дәлірек айтсам, 1970 жылы комсомолдың үшінші съезіне қатысқан көзі тірі делегаттармен         50 жылдыққа арналған кездесуде РКСМ орталық комитетінің бұрынғы хатшысы Тамара Юровскаяның аузынан естідім. Сол кезде Медеғалидың комсомол тарихын жақсы білетініне риза болғаныммен, сенікі дұрыс деп айта алмадым. Медеғали тарихты терең білетін әрі өз ұлтына жанашыр жанның бірі еді. Оған тәуелсіздік алғаннан кейін де сан мәрте куә болдым.
– Комсомол деп қалдыңыз. Бұл ұғым қазіргі жастардың санасына сіңбеген. Десе де, тарихқа құрметпен қарау – әрбір жас ұрпақтың міндеті. Өткенге тас атумен алдыға қадам басуымыз екіталай. Кеңестік кезеңдегі идеология қандай еді?
– «Әр ұрпақ тарихты қайта жазып шығады», – деген сөз бар. Бірақ солай екен деп басымыздан өткен мәнді өмірдің жетістіктерін көрер көзге өңін айналдырып жіберуге жол бермеу де біздің басты міндетіміз екенін естен шығармағанымыз дұрыс. Өмір мен қоғам ағысының тізгіні кімнің қолына тисе де, уақыт шабысы бұрынғысынан әлдеқайда қарқын алары сөзсіз. Өткенсіз бүгін жоқ. Бүгін – кешегінің жалғасы, ертеңгі өмірдің бастауы. Сонау Еділ патша, Шыңғыс қаған, Абылай хан заманынан келе жатқан ұлт бірлігін сақтау аксиомасы ең басты идеологиямыз болып қала береді.
Бұл аксиома кешегі ұлттық болмысымызға балта шапқан кеңестік кезеңде де өзгерген жоқ. Саясат халықтың сыртқы әлеміне ғана өзгеріс енгізді. Ал отбасында, ошақ қасында ұлттық рух сақталып қалды. Отбасы құндылықтарына сызат түспеді. Елді еңбекке жұмылдыру идеологиясы, керісінше, қазақтың санасын сілкіп, рухын оятты. Қай заманға қарасақ та, халықты бірлікке, жарқын болашаққа бастайтын ұлттық ұстын, мәңгілік мақсат болған. Идеология дегеніміз осы. Ол заман мен қоғамға сай әртүрлі формада құрылады. Бірақ түпкі мақсаты біреу – ұлт бірлігі, ел мүддесі, болашақ ұрпаққа мықты мемлекет қалдыру. Кеңестік кезеңде де басты идеология халықты еңбекпен тәрбиелеуге бағытталды. Билікке деген риясыз сенім, шексіз құрмет халықты тәртіпке үйретті.
Қазіргі таңда ұлттық идеология жоқ деушілер қатары баршылық. Идеологияның алтын арқауына бұқара халық пен ұлық ұлтымыздың мүддесі алынса құба-құп. Біз Мәңгілік Ел идеясын жаңғырту жолындағы тәуелсіз елдің азаматымыз. Мұны әсте естен шығармаған абзал. Заман өзгермей тұрмайды. Үнемі алға жылжиды. Заман талабына сай адамның өзгеруі де ақиқат. Адамзаттың ескіден бас тартуы қандай қиын болса, жаңаға бейімделуі де соншалықты ауыр. Біздің ел бұл белестен өтті. Қанды жексенбіден басталған ХХ ғасырдың азабы мен қиыншылығы аз емес. Жетістіктерін де жоққа шығару қиянат. Өмір тек ескі мен жаңаның күресі емес, үлкен мектеп екенін де ұмытпайық.
Медеғали Жазықбаев та, біз де кешегі идеологиямен есейдік. Десе де, әр қазақтың жүрегінде сол дәуірдің өзінде асыл арман бұғып жатты. Уақыт Алашқа өз бақытын бұйырды. Бабалар аңсаған азаттық уысымызға тигенде бөркін аспанға атпаған ағайын аз шығар. Солардың қатарында Медеғали да өшкені жанып, өлгені тірілгендей күй кешті. Даңқты бабаларға ескерткіш орнатарда азаматтық танытқан ірі ісін қалай ұмытайын?
– Досыңыз бір аунап түсті-ау. Қандай игілікті іс екенін тарқатып айта кетесіз бе?
– Елжандылық сезіміңді дер кезінде үкілей білетін Медеғалидай досыңа қалайша ризашылық танытпайсың? Күні кешегідей есімде, «Үш бәйтерек» қоғамдық қоры құрылып, Ескелді, Балпық, Қабылиса бабаларымызға ескерткіш орнату жұмысы басталды. Талдықорғанда тұратын қалталы кәсіпкерлерге қолқа салып, игі бастамаға қолдау танытуды сұрадық. Бірақ бұл уақытта Медеғали Алматыда еді. Біз өтініш білдірмесек те жарқын бастаманы естіп, ерекше қуанып, өз есебінен 300 мың теңге аударып жіберді. Сонымен бірге, Алматыда бір топ ағайынның басын қосып, олардың да көмек қолын созуына атсалысты. Ескерткіштің ашылу салтанатына Құдай қосқан жары Есен екеуі қол ұстасып келді. Ағайын арасында жайраңдап жүріп, марқайып қайтқаны бар еді. «Нәуке, сенің осы еңбегіңді қалай ақтасақ екен?» – дейді күлімдеп. Мен де саспастан: «Елдің бірлігін нығайту арқылы», – деймін. «Бұл оңай емес қой». «Жиылсақ көппіз, жайылсақ жоқпыз дегенді естіп пе ең? Біраз бауырымыздың бірі бау, бірі тау болып жүргенін, көбіне ел ішіндегі тірліктен тыс қалып жататынын білесің. Ендеше, үш атаның ескерткішімен олардың басын қосып, ынтымаққа шақыру түйсікті азаматтардың міндеті емес пе?»  – деймін мен баяғы. Көңілді тұрған Медеғали: «Тәубе,  ондай азаматтар баршылық. Енді олардың қатарын жастармен толтыру керек», – деп еді сол сәт.
– Замандасыңызды еске алғанда өздеріңіз есейген, тәжірибе жинақтаған тұтас сол дәуір де ойға оралады емес пе? Медеғали аға өмір сүрген, сіз жүрген ортақ орта қандай еді? Досыңыздың қызметтегі бейнесін аша аласыз ба?
– Әр салада қызмет атқарғанымызбен, шұрқырасып көрісіп, жиі дастарқан басында кездесіп жүрдік. Мен облыстық комсомол, партия комитеттерінен ауданға екінші хатшы болып келгенімде Медеғали Қоржынкөл кеңшары жұмысшылары комитетінің төрағасы екен. Өз ісінің білгіріне айналған. Жұмысшылардың тұрмыс-тіршілігін жақсарту, өзара социалистік жарыс ұйымдастыру, ай сайын оның қорытындысын шығару, жаппай газет-журналдарға жазылуын қамтамасыз ету айтқанға оңай болғанмен, оны жүйелі ұйымдастыру біліктілікті де, білімді де қажет ететін. Медеғали мұндай міндеттің бәрін мүлтіксіз орындады. Осының бәрі жақсы ұйымдастырылса, партия жетістігі саналатын да, ал ақау шығып жатса жұмысшы комитетіне я атқару органдарына аудара салу секілді қитұрқы әрекеттер кездесіп қалатын. Мен бұған жол бермеуге тырыстым. Медеғали – комсомолдың ботқасын бөліп жеген досым. Десе де, парткомға жақтасатын кезім де аз болған жоқ. Мұндайда көпті көрген Медеғали үндемей, сабырлы мінезімен еш сыр бермейтін. Алайда оңаша отыра қалған кездерде ол өзінің көкейінде жүрген сауалын қоя салатын. Сұрақтарды бет-жүзіңе қарамай батыл қоятын мінезі ұнайтын еді маған.
– Нәуке, партия жұмысындағы маңызды мәселенің бірі – Лениндік стиль мен бәрін шешетін кадр деген қағиданы ауызбен көп айтамыз ғой. Бірақ іс жүзінде орындалмай жататын себебі не? – деді бір күні.
– Мұнымен не айтпақсың?
– Аппарат қызметкерлерін жаңалап жатырсыздар. Басшы кадрлардың біразын жоғары жаққа өсіресіздер, ал орнына аудан азаматтарын ұсынбайсыздар. Сырттан кадр шақыртып, әуреге түсесіздер. Бұл қалай?
– Мұнда қандай қателік бар екен?
– Қателік деп отырғаным жоқ. Сонша адамдарды сапырыстырып жатқанда Гребенщиков бастаған бюроның біздің өңірге көңіл аудармай келе жатқанын сізге айтпағанда кімге айтамыз? Жиырма жыл кадр таңдаған Тян мен Гвактың біздің жаққа жолы түспей-ақ кетіп тынды, – дегені бар емес пе?! Ойланып қалдым.
Түйсігі бар адамға ой салатын бұл пікірдің астарын ары қарай айтқызбай ұға қойдым. Қарымта сөз айтып ақталудың да, сөз жарыстырып, таласудың да қажеті шамалы. Кадр саясатында корей, орыс ұлты басым болып, қазақ азаматтарына келгенде Қаратал, Абай атындағы кеңшарлардан аса алмай жатқанымыз ап-айқын шындық еді.
– Медеғали ағамыз қазақ азаматтарының қызметтегі абырой-беделі, еселі еңбегі еленбей жүргенін айтып, шырылдаған ұлт жанашыры еді. Кеңестік партия заманында қазақтарды шеттету немесе тамыр-танысты тарту, кадрдағы протекционизм құбылыстары болды ма?
– Обкомның жіберген кадрларына қарсылық көрсете алмайтын сұрқия кез. Ауданда қабілетті деген азаматтардың тізімі тіркеліп, неше мәрте сараптамадан өтіп, резервке кіргізілді. Солардың ішінен «Қоржынкөл» кеңшарында тиянақты жұмыс істеп, ел сенімін ақтаған Сайын Тоқбаев, Құдайберген Нұршанов, Бейбіт Сүлейменов сынды резервке енген еңбексүйгіш азаматтарды айрықша атай аламын. Бұлармен бірге, Медеғали Жазықбаев та уақыт өте абырой биігіне адал еңбегімен көтеріле білді.
Кадр саясатындағы протекционизм бірде басылғанмен, бірде өрбіп тұратын қауіпті құбылыс еді. Менің бұған қызметте жүрген кейінгі жылдарымда көзім анық жетті. Республика, облыс деңгейіндегі биліктің тізгінін ұстап отырғандар Қаратал, Киров, Талдықорған сияқты аудандарда жергілікті кадрларды елемей, өз адамдарын орналастыруға жанталасып бағады екен. Тіпті, күш көрсететіндері де жасырын емес. Андреев, Ақсу аудандарында мұндайды сезбегеніммен Көксуға келген күннің ертеңіне-ақ протекциялық қамқорлық біліне бастады. Мені аудан әкімі емес, әлгі тізгін ұстаған дөкейлердің нөкеріне айналдырғысы келген жайттар болды. Бұл қысымға көнген жоқпын. Нағыз Медеғалидай елге жақын кадрларға қолдау білдіріп, жол ашуды басты мақсат тұттым.
«Жаураған адам үйіндегі тонын мақтайды, адасқан адам жүріп өткен жолын мақтайды», – деген даналық бар. Жаураған күндерім болғанмен тонымды мақтаудан аулақпын. Өмірде де, саясатта да адасқан жоқпын. Өткен заманның – социализмнің бетпердесін ашып жатқандардың пікірін өтірік дей алмаймын. Ал Медеғали секілді замандастарым туралы жазғандарымның өтірігі жоқ. Өмір жолымыздың ақ-қарасын сараптасам, өткен жолыммен мақтанамын. Тағы бір айтарым, кадр саясатындағы ең үлкен қателік – басшылық қызметке команда болып келіп, команда болып кету саясаты. Мәскеудің құрсауынан құтылдық деп қуанғанғандағы басты себебіміз кадр саясатындағы әділетсіздіктен құтылғанымыз емес пе еді?!
– Дұрыс айтасыз. Медеғали Жазықбаев қызметте қандай сыйлы болса, отбасында да ең үлгілі әке ретінде танылды. Еңбегімен ел құрметіне бөленген ағамыздың отбасы туралы айта кетсеңіз.
– Комсомол жұмыстарымен жас кезімізде қоян-қолтық араластық. Жастар ұйымының жұмысын жандандыру үшін Медеғалидың кеңшарына жиі ұшақпен баратынбыз. Іссапарымыз біткен соң артынан бастаңғылатып, екі-үш күн қыдыратынбыз. Ара-тұра балықшыларға барып, сорпа ішеміз. Кешкісін фонарь жарығымен атылған қоян етінен қуырдақ жейміз. Қуырдақты Медеғалидың зайыбы Есен дайындайды. Дәмі әлі күнге дейін аузымнан кетпейді. Не керек, келесі іссапарды аңсап жүретініміз жасырын емес-ті. Бұл Медеғали мен Есеннің қонақжайлылығына, кеңпейілділігіне, ізеттілігіне байланысты болатын.
Есен қазақ қыздарына тән қасиеті мол, инабатты, әйелге тән нәзіктік бір бойына қона қалған ізгі жан. Екеуі Алланың қалауымен бір-бірін тауып қосылған нағыз үлгілі отбасы болды. Оның ұрпақ алдындағы жауапкершілігі, тәрбиеге терең мән беретіндігі бір қарағаннан-ақ байқалып тұратын. Кішкентайынан қазақ қызына тән ұяңдықты бойына сіңіріп өсірген. Сонау кеңестік заманның өзінде де бесік жырын жатқа айтып, балаларын ұлттық тәрбиемен өсірді. Бүгінде немерелерін бесік жырымен тәрбиелеп отырған бақытты әже.
Айыр қалпақ киісіп,
Ақырып жауға тиісіп,
Батыр болар ма екенсің? – деп жалғаса беретін бесік жырының жолдары керемет емес пе? Әр тармағында ұғына білген адамға терең тәрбие жатыр. Медеғали мен Есеннің шаңырағынан Бақытхандай, Дархандай ұлдар, Гүлжанар, Гүлфайруз, Бағландай қыздар өсті. Бүгінде бірі Ауған соғысының ардагері, бірі философия ғылымдарының кандидаты. Балалары қай салада жүрсе де абыройлы.
Қазақтың тойы бітпейді ғой. Медеғалимен сондай думанды жиынның бірінде тағы кездестік. Өңі солғын екен. Төс қағыстырып амандастық. «Үш бәйтерек» естелік медалін тапсырдым. Бұл тартуыма балаша қуанды. Нұрмолда Алдабергеновтің 100 жылдық мерейтойына да келді. Әкесі қазақтың нар тұлғалы батырымен бірге қызмет жасағанын айтып, тойға шашу шашты. Іле-шала өзінің         60 жылдық мерейтойын атап өтті. Бұрынғыдай емес, өңі де, көңілі де жарқын. Туған өңірі Қараталдан келген қонақтарға ерекше құрмет көрсетті. Тойдың алғысөзін Құлтай екеуміз бастадық. Тойға қатысқан сол кездегі Қаратал ауданының басшылары Қыдыркелді Медеуов, Мақсат Рақымбаев өз құттықтауында «Қаратал ауданының Құрметті азаматы» деген төсбелгіні омырауына қадап, мәслихаттың шешімін қолына ұстатты. Қатардағы жұмысшыдан комсомол мектебінде ұшталып, кәсіподақта ысылып, Бәйшегір кеңшарының директоры қызметінде шыңдалып, ел мүддесін қара басын күйттеуден жоғары қойған Медеғалиға бұл атақтың орны ерекше еді.
Ұлы Бақытханмен бір кездескенімде әкесінің жағдайын сұраған едім. «Көкем Германияға кетті», – деді баласы. Атасының қолында өскен оның ұлтымыздың дәстүріне сай әкесін бауырындай көріп тұрғаны маған ұнады. «Жайшылық па?» «Емделуге». Ары қарай сұрағымды жалғастырмадым. Жамандыққа жоруға аузым бармайды. Әбдібек пен Нұртайдың жайынан кейін шетелдің еміне теріс қарайтынмын. Біреуге жағады, біреуге жақпайды. Дегенмен, ол жақтан Медеғали денсаулығын түзеп қайтты. Германия дәрігерлері Медеғалиға ота жасаған Қазақстан дәрігерлеріне жоғары баға берген көрінеді.
Әттең, ажал адамды жасына қарай бөліп-жармайды. Алла кімнің дәм-тұзын тауысса, бір минут та кешіктірмейді. Ажал жасты жас деп аяушылық білдірмей, кәріні кәрі деп есіркемей көбіне ескертусіз келеді. Тағдыр тілсіз, болжап ештеңе айта алмаймыз. Қапыда болады бәрі. Түйсігі жастайынан қалыптасқан Медеғали қатігез ажалдың «қылығын» алдын ала ескеріп, өзінің өмір жолына ризалығын, балаларымен бірге бақытты өмір сүріп жатқанын жиі-жиі айтатын болыпты.
Өзінің өмірден өтерін екінің бірі сезе бермейді. Сезгендері тағдырдың жазуымен келіскісі келмей, пендешіліктің шырмауынан шыға алмай қалады. Ал Медеғали болса Бақытханмен салиқалы әңгіме өткізіп, келешекте атқарар шараларды інісіндей болып өскен баласына аманат қылып тапсырыпты. Әңгіме арасында мені де есіне алыпты. «Бақытхан, Нәукеңмен арамыздағы сыйластыққа сызат түскен емес. Менен бір ағаттық кетті. Оны кеш түсіндім. Ол туралы Нәукең бір ауыз сөз айтқан да емес», – депті марқұм. Сөйтсек, баяғыда «Қоржынкөл» кеңшарына барған бір сапарымда қызмет бабымен бекітілген көлігімнің беріліс қорабы істен шығыпты. Оны кеңшар мамандары жөндей алмапты. Артынан Медеғали өз көлігінің беріліс қорабын шешкізіп, маған салдырған ғой. Оны қайтаруым ұзаққа созылса керек. Содан басқа не керек деп дереу қайтартып беріппін. Жұмыс арасындағы қарбаласта осылай дегенімді Медеғали ренжітіп алдым-ау деп уайымдаса керек. Шын мәнінде мен оны баяғыда ұмытып кеткенмін.
Уақыт шіркін бір орында тұрмайды. Замана дөңгелегі адамзатты да бір қалыпта ұстап тұра алмасы анық. Кеше ғана ортамызда жүрген Медеғали Жазықбаевтың жарқын бейнесі мәңгілік жадымызда қалады. Медеғалисыз он жылдың өте шыққанына да көңіл шіркін сеніңкіремейді. Есіктен ескі досым кіріп келердей елегізіп тұрамын. Амал нешік, бұл – өмір. Осы жылдың 21 сәуір күні, сағат 12.00-де «Қаратал» мейрамханасында Медеғали Жазықбаевтың өмірден өткеніне байланысты ас беріледі.
– Қазіргі жастарға үлгі замандастарыңыз жайлы сөз қозғағанда комсомол мектебіндегі ең қызықты да ыстық кезеңдеріңізді айналып өте алмайсыз. Мұның себебі неде? Комсомол мектебі сіздерді қандай бағытта тәрбиеледі?
– Біз қызыл империя тұсында өмірге келіп, тәй-тәй басып, ер- жеттік. Сол заманда білім алып, елге қызмет еттік. Аға буын өкілдері ел ішін жайлаған небір алмағайып жылдары біз көрмеген қиыншылықтарды басынан өткеріп, алуан түрлі тығырықтан жол тауып, жеңе білді. Ең бастысы, ел ынтымағын сақтап, сол империяның берерін толық алуға тырысты. Телміріп болмаса жалынып, жалбарынып емес, өзінің қажырлы еңбегімен биікке көтерілді. Біз осындай ағаларымызға еліктеп өстік. Солардың жолын жалғастырып, шамамыз келсе, асып түсуге тырыстық. Заманның да талабы солай болған. Себебі, бізден өрбіген ұрпақтың келешегін ойлау аяғын жерге, арқасын елге тіреген саналы азаматтардың міндетіне айналды. Сол міндеттердің абыроймен орындалуының арқасында еліміздің егемендікке бейбіт жолмен келуіне ақ жол ашылды.
«Абыройыңды жасыңнан сақта», – деген аталы сөз бар. Абырой дегеніміз – ар-намыстың тазалығы, адамгершілік пен еңбек арқылы көпшіліктің сый-құрметіне бөлейтін этикалық категория. Медеғали Жазықбаев абыройын еңбекпен қорғаған нағыз патриот еді. Ондай қайраткерлерді халық зор ізетпен ардақтап, жыр мен аңызға қосып, пір тұтып өтетіні заңдылық. Сөйтіп, даңққа бөлейді. Ал соңғы сауалыңа келсек, орысша айтқанда, приддерживаюсь философии «не расстанусь с комсомолом, буду вечно молодым!». Айтпақшы, биыл біздің жалындаған жастық шағымыздың куәсі – комсомол ұйымының құрылғанына 100 жыл толып отыр. Бұл үлкен атаулы тарихи күн. Ал тарих құрметтеуді талап етеді. Қандай заманда болмасын, тарихқа құрметпен қарау арқылы ғана алдыға жылжимыз. Мұны болашақ ұрпақ ұмытпауы керек.
Қазіргі буын «Жас Отан» жастар қанатымен бірге жарқын болашаққа қадам басты. Жуырда өткен «Жас Отанның» ІV съезі әртүрлі көзқарастағы Қазақстан жастарын біріктіріп, бір мүдде, бір мақсат, бір болашақ тұрғысында еңбек етуге шақырып отыр. Өткенге салауат, кешегі тарихтан сабақ алуды да қазіргі жастар жадынан шығармаса екен деймін.
– Әңгімеңізге рахмет!
 
Сұхбаттасқан Қуаныш ТҰНҒАТАР