БЕУ, ДҮНИЕ, ДҮРБЕЛЕҢ...

Уақыты: 22.09.2024
Оқылды: 1985
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жүрегіне жүк артқан ақын атаулының бәрі де табиғаттың сырын, өмірдің нұрын жыр етуге құмар. Бірі қоғамның суреткері болса, бірі өз заманының, табиғаттың жыршысы ретінде  жайнақ туындылар жазады. Әуен мен өлеңді қатар алып жүрген Азамат Нұрмұхан да соқпағы бөлек жол таңдап, қоғамға, заманға деген азаматтық көзқарасын астары алты қабат мысалдармен жыр етіп келеді. Облыстық Дәнеш Рақышев атындағы филармонияның әртісі әрі «Janr» әдеби клубының мүшесі Азамат ақын қамал алар 40 жасқа табан тіреді. Осы орайда елім деген ақыннның ақық жырларын оқырман назарына ұсынуды жөн деп таптық.

Алғыс

Өмірге мынау келгенім үшін,

Жарықты көзбен көргенім үшін.

Жақсының сөзін – жарым ырыс қып,

Керуен көшке ергенім үшін.

Алғысым шексіз Аллаға!

 

Мәпелеп мені өсіргені үшін,

Қатемнің бәрін кешіргені үшін.

Өз қатарынан қалмаса екен деп,

Маңдайға әжім көшіргені үшін.

Алғысым шексіз Әкеме,

Алғысым шексіз Анама!

 

Үлгі де бола білгенің үшін,

Барынша демеп жүргенің үшін.

Қамыққан жанға қамқор болуға,

Білекті бекем түргенің үшін.

Алғысым шексіз Жақсылар!

 

Шынайы мені сағынғаны үшін,

Ағынан келіп жарылғаны үшін.

Қиналған сәтте қабақты бағып,

Жанымнан әркез табылғаны үшін.

Алғысым шексіз Достарға!

 

Мінезімді ауыр көтергені үшін,

Ана парызы өтелгені үшін.

Әке атандырып қуаныш сыйлап,

Өмірге сәби әкелгені үшін.

Алғысым шексіз Жарыма!

 

Жақсылығымды асырғаны үшін,

Жамандығымды жасырғаны үшін.

Туған еліме, жалпақ жұртыма,

Алақан болып ашылғаны үшін.

Алағай менің алғысым,

Толағай менің алғысым!

 

Өмір

 

Ұсқынсызды да ұнатады өмір,

Еш мұңсызды да жылатады өмір.

 

Арам, қуларды аялайды өмір,

Адал туғанды аямайды өмір.

 

Ырқыңа көніп бағынбайды өмір,

Ұртыңа толып дамылдайды өмір.

 

Дара келгенмен назарсыз өмір,

Адам өлгенмен ажалсыз өмір.

 

Жақсы көргенде жаршыдай өмір,

Қарсы келгенге қамшыдай өмір.

 

Жақсыларға да жабырқайды өмір,

Жамандарды да жарылқайды өмір.

 

Өмірдің аяр қабілеті жоқ,

Себебі оның бауыр еті жоқ.

 

Білмеймін өмір мен үшін неге,

Осындай..,мүмкін, керісінше ме..?

 

Үміт

 

Үмітіме еріп шықтым далаға,

Үйімнен тас қабырғалы.

Шемен-шерімді жұттың ба қала?

Улы түтіндей аспаныңдағы.

 

Жер бетіндегі тіршілік мынау,

Қайтесің қойса елемей.

Жеті қат аспан күрсініп тұр-ау,

Көз жасын төгіп телегей.

 

О, менің асқақ аялы арманым,

Барасың бастап сен, қайда?

Салқын самалдың сая болғанын,

Қарашы, шемен-шерлі ойға..!

 

Іздегенімді таба алмай келем,

Жанарым жаутаң-жаутаңдап.

Жанайын десем жана алмай келем,

Алғанмын қандай жол таңдап?!

 

Үмітімді ертіп үйіме кірдім,

Көрінбей көзге жыл құсы.

Күнделікті осы күйіме Күннің,

Тұрады-ау келіп күлкісі..!

 

Дербес ел

 

Бағасын біліп барымның,

Жарасын жаздым жанымның.

Сары алтын түбі - сабырдың,

Саясың сабырлы еліме,

О, Тәуелсіздік қадірлім!

 

Ғасырлар да өткен ғазал мұң,

Ойласам азып-тозармын.

Алладан ауған назардың,

Аманаты боп жеттің бе?

О, Тәуелсіздік ажарлым!

 

Кесілген қанша бас көрдім,

Жұлынған қанша шаш көрдім.

Төгілген қанша жас көрдім,

Мен үшін бағаң өлшеусіз,

О, Тәуелсіздік қастерлім!

 

Кеңдігі байтақ даласы,

Жанталас мейлі аласұр.

Қазаққа-қазақ жанашыр,

Өзіңнен қымбат жер беті,

О, Тәуелсіздік жоқ асыл!

 

Бағасы артып бағымның,

Әшекейіндей лағылдың.

Астана болып салындың,

Жеткіздің көкке төбемді,

О, Тәуелсіздік қадірлім!

 

Елімді емде, емде сен,

Жерімді тербе тербесең.

Мұң ауып сонда шер көшер,

О, Тәуелсіздік сен барда,

Қазағым мәңгі дербес ел!!!

 

Туған тілім

 

Туған тілім – қарашығым, тынысым,

Жан Анамның әлдилеген үнісің.

Қадіріңе жете алмасам мен егер,

Өткен күнім құрысын!

 

Боз даланың көргенде алғаш жарығын,

Анамның ақ уызымен дарыдың.

Туған тілім, сен арқылы толқытқан,

Тарихымды таныдым.

 

Туған тілім – жанымның сен айнасы,

Мендей саған іңкәр ме екен Айда осы?

Сүт сәулелі аспандағы жұлдыздай,

Жарқырашы, жайнашы!

 

Туған тілім – өлең-жырым, сырым сен,

Саған ғана жүгінемін жүгінсем.

Мына өмірді мен сүрмей-ақ қояйын,

Қапияда сүрінсең.

 

Өзің барда көтеремін еңсені,

Сөзім барда тарқатамын шер, сені.

Туған тілім алақанда аялап,

Әлдилейін мен сені...

Әлди-әлди, Ана тіл!


 

Қызылқайың ауылым

 

Ай мен жыл өтіп арқалап келем,

Сағыныш дейтін жүкті ауыр.

Тербетіп жатқан шартарапты өлең,

Қызылқайыңым құтты ауыл!

 

Қайыңы қызыл, Қара ағаш жасыл,

Алмасы тәтті бағыңда.

Салушы ем ойнап жалаңаш асыр,

Балдәурен балғын шағымда.

 

Ауылым сенде маңдайын желге,

Ұлыңмын алғаш өптірген.

Ауаңды аңсап шалғай жүргенде,

Сарғайып самғап жеттім мен.

 

Қызылқайыңым ауылым қымбат,

Өзектің өрті өшер ме?

Бозбала шағым сауығын жырлап,

Кезіп жүр сенің көшеңде.

 

Бағыты Балқаш ағысы жүйрік,

Шомылған Лепсі өзенім.

Тасына жатып тал іші күйдік,

Тұманың ашып өзегін.

 

Өзіңде өткен осылай ауыл,

Күмбірлі менің күндерім.

Даламның аңқып хошы, тояды ұл ,

Дәмінен татып сірненің.

 

Ай мен жыл өтіп арқалап келем,

Сағыныш дейтін жүкті ауыр.

Тербетіп жатқан шартарапты өлең,

Қызылқайыңым құтты ауыл...! 

 

Беу, Дүние!

 

Беу, Дүние, дүрбелең,

Дүрбіңді салып маған бір.

Іңірде көзін ілмеген,

Орамал ойға орандыр.

 

Дүбірге толы дүрмекте,

Дүрліккендерге сал қамшы.

Аппақ көңілді кірлетпе,

Өтпелі өмірде алдамшы.

 

Керуен көшер, ит үріп,

Төңірек түрер түндігін.

Таңдайға қатып шикілік,

Ұртымда ериді шындығым!

 

Ақ пенен қара алмасар,

Қызыл да жасыл базарда.

Таудың да басын қар басар,

Етекті алар назарға.

 

Жүрейін жалын, от берсең,

Көз жазбай өлең жұбымнан.

Кеудемнен ұшып кеткенше,

Балдан да тәтті шыбын жан...

Беу, Дүние!

 

Жақсылар

 

“Жақсының жақсыға жақын жүргені жақсы жарқыным”

 Секен Тұрысбек.

Жалтарысты жатсынар,

Жалпақ жұртқа бақ сұрар.

Жақсы көрем сендерді,

Жаны жайсаң Жақсылар.

 

Ақ-қараның астасқан,

Ақ жолында бас қосқан.

Арамдықты аулақ қып,

Адалдықпен достасқан.

 

Қайталанбас жыр-әні,

Қаршығадай қырағы.

Қандырады шөліңді,

Құмға сіңген бұлағы.

 

Салмақты да сабырлы,

Сыйлы, елге қадірлі.

Серенада ойнатар,

Сұрағаны хәліңді.

 

Ықыласы ып-ыстық,

Ынтымағы ырыс-құт!

Ынты-шынты ынтызар,

Ымырасы туыстық.

 

P.S Жалтарысты жатсынар,

Жалпақ жұртқа бақ сұрар.

Жақсылармен бір жүрген,

Жандарда арман жоқ шығар,

Менде де арман жоқ шығар!

 

Қызыма

 

Қызым, жаным,

Қызығым сен ең, тәтті жүзім балым.

Қуанғаның, күлгенің ашық аспан,

Қаламаймын Күн көзі бұзылғанын.

 

Қызғалдағым,

Қалтарыссыз қалансын ізгі арманың.

Қанағатшыл болғайсың бұл бес күнде,

Қыс соңында білгейсің ызғар барын.

 

Қарлығашым,

Құшағымда мейірім қалғымасын.

Қатпар-қатпар өмірдің қиындығы,

Қанатыңнан үзіліп саудырасын.

 

Құлыншағым,

Құмға сіңіп кеткенде шырын шағың.

Қай бұрышта қалады Құдай білсін,

Қолыңнан тастамайтын қуыршағың.

 

Қызым, жаным,

Қызығым сен ең, тәтті жүзім балым.

Қуанғаның, күлгенің ашық аспан,

Қаламаймын Күн көзі бұзылғанын...

Қызым, жаным!