Былтыр түркі тілдес елдерге сауын айтып, халықаралық деңгейде тойланған ғасыр тойдың керуені енді дәстүрлі байқаумен жалғаспақ. Әр жылдары өтеді деп күтілген «BIKEN» халықаралық театр фестивалі биыл екінші рет ұйымдастырылмақ. Бұл туралы театр майталмандары Б. Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен баспасөз мәслихатында баяндады.
Халық әртісі, КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, көрнекті театр және кино актрисасы Бикен Римова атындағы «BIKEN» II Халықаралық театр фестивалі 7 қазан күнін шымылдығын түреді.
– Фестивальдің мақсаты – театр ұжымдары арасындағы шығармашылық байланысты нығайту және халықаралық театр үдерісіне бейімдеу. Қазақтың көрнекті театр және кино актрисасы Бикен Ырымқызын мәңгі есте қалдыру. Эстетикалық деңгейді арттыру және кәсіби қарым-қатынас құру, серіктестік пен бірлескен шығармашылық жобалардың пайда болуына жағдай жасау. Фестиваль аясында жас режиссерлердің, актерлердің, драматургтердің, суретшілердің жаңа буынын анықтау және қолдау болып табылады, – деген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кендебай Темірбайұлы, рухани байқаудың мән-мазмұнына тоқталып, әдеттегі байқаулардай емес, бұл дода рухани тәжірибе алмасуды негіз ететінін де айшықтап өтті.
Өз кезегінде сөз алған театр режиссерлері Ұлан Ахметов пен Рамазан Үсен Би апа фестивалі туралы толыққанды ақпарат берді. Олардың айтуына қарағанда, фестиваль 7-10 қазан аралығында өтеді. Екінші мәрте ұйымдастырылғалы жатқан шараға жалпы саны 8 театр қатыспақ. Атап айтсақ, Жамбыл облыстық орыс драма театры, В. Гуния атындағы Поти мемлекеттік драма театры, С. Қожамқұлов атындағы Ұлытау облысының қазақ музыкалық-драма театры, Түркияның Эрзурум мемлекеттік театры, Х. Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры, Қ. Жантөшев атындағы Ыстықкөл облыстық музыкалық драма театры, Б. Омаров атындағы «Жас сахна» театры.
Осылайша Түркия, Қырғызстан, Грузия мемлекеті мен еліміздің түкпір-түкірінен келетін өнер ұжымдары 4 күн бойы шығармашылық қарым-қатынас орнатпақ. Рухани дода барысында бір-бірінің қойылымын ғана тамашаламай Талдықорғандағы мәдени орындарға, музей, галереяға саяхат жасаса, Тұңғышбай Жаманқұлов, Алмахан Кенжебекова секілді сахна саңлақтары мастер-класс өткізбек.
Арда би