Кез келген ел өнерімен, мәдениетімен танылып, бағаланатыны анық. Ал сол өнердің жүгін көтеріп жүрген тұлғалардың шығармалары халық көңілін әрдайым тебірентіп, аспандатып, асқақтатып келеді. Осы тұста Жетісудың тумасы композитор, дирижер Әли Алпысбаевтың туындылары халықаралық деңгейде орындалып, жұрттың жады мен жүрегінде сақталып жатқанын айта кеткен жөн. Оған дәлел облыс орталығында өткен І Халықаралық «Елге арнау» байқауы.
Талдықорған төрінде Гала-концерт ұйымдастырылды. Шара шымылдығын Республикалық байқаулардың лауреаты Медет Есбергенов Әли Алпысбаевтың «Бәйге» шығармасымен түрді. Оркестрдің орындауындағы туынды ел сүйіндірді Халық бағасын ыстық қошеметімен берді.
Қазақстан Композиторлар одағының 85 жылдығына арналған композитор, дирижер Әли Демегенұлының шығармашылығынан І Халықаралық «Елге арнау» байқауына 3 номинация бойынша барлығы 31 үміткер ұсыныс берген. Іріктеуден өткендерге ақшалай сертификат табысталды. Бағы мен бабы шапқандар кеш аясында марапатталып, өнер көрсетті.
«Жеке аспаптарға арналған шығарма» номинациясы бойынша Бас жүлдені алматылық Мақсат Нұрланов иеленді. Ал I орынды Өзбекстаннан келген Хосият Хамиджанова мен талдықорғандық Дархан Сабыров жеңіп алды. ІІ орынға Астаналық Алина Ауесхан мен Мақпал Асабуева лайық деп танылса, ІІІ орыннан талдықорғандық Жанар Олжабайқызы, Айгүл Боранқұлова, Еркем Жарманова, алматылық Абылайхан Абайұлы, Өзбекстандық Самандар Исматуллаев көрінді.
«Халық аспаптар оркестірінің сүйемелдеуімен» классикалық ән салу номинациясы бойынша: Бас жүлдені талдықорғандық Салтанат Мұратқызы иеленсе, І орынды астаналық Айбек Абдыашимұлы мен қырғызстандық Рыскелді Анарқұлұлы қанжығаларына байлады. ІІ орын Алматы қаласынан келген Сана Шахзод пен Аружан Жалғасова, астаналық Айжан Дюсембаеваға тиесілі болды. ІІІ орыннан астаналық Саят Сақитжан мен Біржан Нұрмыахметов, алматылық Назым Дәулетқызы мен Жаннұр Аманбай, өзбекстандық Моржана Ахадиллаева көрінді.
«Эстрадалық симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен» эстрадалық ән салу номинациясы бойынша «Күреңбел» триосы мен өзбекстандық Қайтмасбек Ахмедов жеңімпаз атанды.
Салтантты жиында облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов жеңімпаздарды құттықтап, композиторға деген ақжарма тілегін арнады.
– Жетісу жері ежелден өнердің алтын бесігі. Бұл қасиетті топырақтан қаншама өнер майталмандары, қазақ өнеріне өлшеусіз үлес қосқан ұлы тұлғалар шыққан. Солардың бірі есмі елге танымал, композитор, дирижер Әли Алпысбаевтың орыны бөлек. Ақынымыз Әбен Дәуренбектің сөзіне жазылған бір ғана «Ауылдың тойы» әні халық әніне айналуының өзі өнерге берілген үлкен баға. Бұл байқауға қатысып отырған өнерпаздарға шабыт пен сәттілік тілеймін. Құрметті Әли Демегенұлы өнер жолында әрқашан мерейіңіз үстем, мәртебеңіз биіктей берсін, – деді ол.
Кеш аясында Қазақстан композиторлар Одағының төрағасы Серікжан Әбдінұров Қазақ өнерінің туын көкке көтеріп жүрген Әли Алпысбаевты «Қазақстан композиторлар Одағының 85 жылдық мерейтойы» медалімен марапаттады. Құттықтау сөз сөйлеп, өнер додасының жоғары деңгейде өткенін атап өтті.
Б. Римова атындағы Талдықорған драма театрында ұйымдастырылған шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Онда композитордың «Кең өлкем», «Аққуым болып оралдың», «Орбұлақ таңы», «Жаңа ғасыр вальсі» сынды 20-ға жуық шығармасы орындалды.
Медет ЖҰМАБАЙ
Фото: https://www.youtube.com/watch?v=GFHDfeDcVu4