МАҚАЛ -СӨЗДІҢ МӘЙЕГІ

Уақыты: 17.05.2018
Оқылды: 1853
Бөлім: РУХАНИЯТ

     Қаскелең қаласындағы Мәдениет үйінде облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен Қарасай ауданының әкімдігі бірлесе ұйымдастырған «Мақал – сөздің мәйегі» байқауы өз мәресіне жетті. Мектеп оқушылары арасында өткізіліп отырған бұл сөз өнерінің сайысы аудан әкімі Махаббат Бигелдиевтің бастамасымен ең алдымен Қарасай ауданында жүзеге асырылған болатын.

 

    Бұл жолы байқауға алдымен мектепішілік тартыста оза шауып, кейіннен аудандарда өткізілген аламанда жеңімпаз атанған шын жүйріктер жиналғанын айта кету керек. Облыстың барлық аудандары мен қалаларынан келген 19 үміткер сара сөздің салмағын саралай білетін, ана тілінің қадірін жете сезінетін ұлтжанды сайыпқырандар екені айтпаса да түсінікті.
   Жарысқа қатысушылар алдында сөз сөйлеген облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айдар Башбаев ең алдымен өлкелік деңгейде тұңғыш рет өткізіліп отырған байқауға қатысушыларды осы айтулы шараның басталуымен құттықтап, үміткерлерге сәттілік тіледі.
– Бұл байқаудың Қарасай ауданында өткізілуі бекер емес, – деді ол сөзін сабақтап. – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысында өткен жылы Махаббат Бигелдиевтің бастамасымен алғаш рет қолға алынған еді. Сондықтан осы жобаның авторы ретінде баршаларыңыздың аттарыңыздан Махаббат Сәдуақасұлына алғыс білдіруге рұқсат етіңіздер.
   Өздеріңізге белгілі, мақал-мәтелдер қазақ халқының ауыз әдебиетінің ең байырғы, ең көне үлгісі. Ол ғасырдан-ғасырға, атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл қазынамыз болып  есептеледі.  Тарихымызға көз салар болсақ, небір күрмеуі қиын күрделі кезеңдерде би-шешендеріміз бір ауыз сөзбен жауыққан жұртты татуластырып, ердің құнын шешкен болатын. Қазіргі кезде жастардың бойына ұлттық болмысымыз бен құндылықтарымызды қалыптастыруға ғасырлардан сұрыпталып жеткен мақал-мәтелдердің қосар үлесі қомақты екені даусыз. Бүгінгідей байқаудың «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен үндесіп, ұлттық кодты сақтауға негіз болады деуіміз де сондықтан.  Себебі, мұнда сөз  бен ойдың маржаны ғана емес, ұлттық салт-дәстүрлеріміз берік сақталған. Елбасымыз әр кезде болашақ жастардың қолында екенін айтумен келеді. Яғни, бүгінгі жас ұрпақтың рухани іргетасы дұрыс қалыптасатын болса, онда мемлекетіміздің ғұмыры да мәңгілік болмақ. Бұл жарысты тамашалауға келген жастар үшін де тамаша табыс десек, ақиқаттан алыс кете қоймаймыз. Баршаларыңызға табыс пен сәттілік тілеймін.
   Осыдан кейін байқаудың тізгіншісі сахна төріне 19 үміткерді шақырып, олардың соңын ала жарыстың бағасын беретін қазылар алқасымен таныстырды. Бұл жолы оқушылар арасындағы мақал байқауына  Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі қаламгер Жұмабай Шаштайұлы, жазушы-сатирик Толымбек Әлімбекұлы, Президент әкімшілігінің бас маманы Нұрсәуле Әлтекова, Білім беру ісінің үздігі Ақлима Көсемовалар сарапшы-төреші ретінде шақырылыпты.
   Бес-бестен бөлінген төрт топ сахнаға кезекпен шығып, бірнеше кезеңнен тұратын сынақта өз бақтарын сынап бақты. Атап айтқанда, топтан озған жүйріктер «Тақырыптық айтыс», «Жоғалған сөз», «Сөзден мақал құрау», «Қайым айтыс», «Балама мағына», «Мақалдың мағынасына мән беру» тақырыптары бойынша білімі мен біліктілігін, тапқырлығы мен жылдамдығын бәсекеге салды. Иә, жылдамдық деуіміздің де өзіндік мәні бар. Себебі, қатысушылар мақалды білумен қатар оны өзгелерден бұрын есіне түсіріп, алдындағы түймені алдымен басып үлгеруі керек болатын. Бұл жарыс үміткерлер үшін оңайға соқпағаны белгілі. Күнделікті айтылып жүретін мақалдармен қатар сөз өнерін серік еткен кәнігі қаламгерлерді тығырыққа тірейтін күрделі мақалдар да кездесіп жатты. Әсіресе, мақалдың жалғасын айту, тұспалдап айтылған сөздің мағынасын түсіндіру,  тұрақты сөз тіркесінің балама мағынасын табу жарыстары тартысты өтті. Оны залда отырған көрермендер арасындағы өзара пікірталастан да аңғарып отырдық.
   Өте қызықты әрі бәсекелестік жағдайда жүргізілген байқаудың қорытындысын шығаратын сәт те келіп жетті.  Қазылар алқасының шешімі бойынша  жүлделі үшінші орынды Талдықорған қаласынан келген Балжан Қадыржанова иеленді. Екінші орын алакөлдік Диана Қабдікәрімованың, ал бірінші орын Ақсу ауданының үкілеген үміті Іңкәр Жақсыбекованың еншісіне бұйырды. Ал бас жүлде Қарасай ауданы Үшқоңыр мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Серік Әбдірахманның қанжығасына байланды. Жеңімпаздардың барлығы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Жарыс кезінде аудан өнерпаздары жұртшылықты әнмен әлдилесе, үзілістерде көрермендермен мақал жарысы өткізіліп, оза шыққандар үйлеріне қазақтың мақал-мәтелдері жинақталған кітапты олжалап қайтты.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ.