АҒАРТУШЫҒА ҚҰРМЕТ

Уақыты: 22.05.2018
Оқылды: 2456
Бөлім: РУХАНИЯТ

    Ақсу жері тағы бір алыптың есімімен толықты. Жиырмасыншы жылдардың басында Талдықорған  уездік ағарту бөлімінің меңгерушісі  болған  Мәкей Еркінбеков жайлы тың деректер табылды. Ол Ілияс Жансүгіров, Қуат Терібаев, «Мамания» мектебінде ұстаздық еткен, жетісулық алғашқы ағартушылардың бірі – Мейірман Ермектасовтармен рухани дос болған.  Зиялылар Қапалдың  Мұзбұлақ тауында бас қосып,   өлең оқып,  ел, жер жайлы әңгіме өрбіткен.  Отызыншы жылдардағы ашаршылықта Мәкей Еркінбеков  білім саласындағы  басшылық  қызметті өткізіп беріп,  ата-анасыз қалған жеткіншектерге балалар үйін ашуды қолға алған. Ел басына күн туғанда жайлы орынды тастап, қазақтың қырылып кетпеуін ойлағандығы ол кісінің  қайраткерлігін білдіреді. Жақында Ақсудың Еңбек ауылында Мәкей Еркінбековтің зиратына белгітас қойылды. Осыған орай ауданда ғылыми-конференция өтті. Белгітастың ашылуында Ақсу ауданының әкімі Әділбек Далбағаев сөйлеп, ұлағатты ұстаз жайлы құнды деректер айтты.

 

    Мәкей Еркінбеков 1895 жылы бұрынғы Қапал уезі, Ақешкі ауылында дүниеге келген. Ол 1905 жылы Қапалдағы жетіжылдық татар мектебінде білім алған.  Білімді, өткір азамат оқыған, қызмет істеген ортасында бірден тектілігімен ерекшеленеді. Ұйымдастырушылығы мен жас ұрпаққа білім берудегі  табандылығы жүрген ортасын тәнті етеді.  Ол оқытқан балалар бірден жоғары оқу үлгеріміне қол жеткізеді. Беделді  азамат бар-жоғы 29 жасында  Талдықорған  уездік  ағарту бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. Сол жылдары Қытаймен шекаралас жатқан Баласаз ауылына мектеп салдырып, басқаруға өзі барады.  Осылайша, ол Қараағаштағы коммуна мектебін, Қарасу орталау мектебін ашып, басқарады. Бұл жөнінде ғылыми-конференцияда мәкейтанушы, Ақсудың бас ақыны Бекболат Атамбаев:  «1936 жылы Қарасу мектебінің жанынан өзі бас болып балалар үйін ашады. Ол ата-анасы аштықта қайтыс болып, қараусыз қалған жетімдерді  ат арбамен ел аралап жүріп жинайды. Өзі шаруашылық құрып, астық, тары, жүгері өсіріп, алқапты балалармен күтіп-баптайды.  Мәкей Еркінбекұлының қамқорлығын көргендер ол кісінің жанашырлығын, шыншылдығын ерекше ықыласпен айтады», – деді.  
    Конференцияда Мәкей Еркінбеков ашқан балалар үйінде тәрбиеленген   96 жастағы   Қазақ ұлттық ғылым академиясының академигі  Жүрімбек Сыдықовтың бейнежазбасы көрсетілді. «Қолдан жасалған аштық біздің Ақсу өңірін де жайлады. Сол кезде ата-анасыз қалған жетімнің бірі мен едім.   Мен Мәкейді көргенде Абайды көргендей сезінетінмін. Дене бітімі, сөз саптауы ерекше еді.   Ол ұстаздардың бірі емес, бірегейі десек болады. Мәкей отырған жерге батылы жетіп ешкім кіре алмайтын. Ол Жәнібек ханның ұрпағы Атыхан сұлтанның немересі. Қазір ойлап тұрсам өткірлігі тегіне тартқан екен. Ілиястың өзі Мәкейді көргенде: «Төрем, амансың ба?» – деп қол созады екен.  Менің жазуым жақсы болғандықтан қасына жиі шақырып алатын. Сыныпқа кіріп:  «Сыдықов, жүр», – деп ертіп әке-    тетін. Барып құжаттарын жаза-  тынмын. Бір күні кабинетінде жазу-сызуына көмектесіп отырғанмын. Сол кезде Ілиясты ұстап әкетіпті деген хабар келді. Сонда  Мәкей: «Мүмкін емес. Ол ақталады, қайтып келеді. Оның тірі жанға қиянаты жоқ қой», – деп отырып қалды. Содан көпке дейін өз-өзіне келе алмай, ой үстінде жүрді», – дейді қазыналы қария Жүрімбек Сыдықов.  
   Мәкей Еркінбековтың ақындық өнері де болған.   1975 жылы ақынның өлеңдері жазылған бес дәптері Мұхаметжан Тынышпаев атындағы мұражайға өткізілген. Бірақ, өкінішке қарай, дәптер табылмай жатыр.  Оның «Кәденге» деген өлеңі қолымызға тиді. 
Бір-екі ауыз сөзімді, 
Кәденжан, саған арнадым.
Кернеді шаттық өзімді,
Болғандай ғасыл арманым.
Білімге бөлдің көңілді,
Әр саласын қармадың.
Күндіз-түні сарылып,
Оқудан басты алмадың,–
деп баласының талабына қуанады. Дәл осы ғылыми конференция болған күні Кәденқызы Бақыт Мәкей атасының басына құлпытас орнатып, көптің ықыласына бөленді.
    Ол кісі сабақ берген балалардың барлығы жақсы оқыған. «Оқушыларының 62,3 пайызы өте жақсы деген баға алған. 100 бала мақтау төсбелгісімен марапатталған.  45 оқушысы қорғаныс үйірмесін қамтыған», – деген дерек қағаз республикалық мұрағаттан алынды. Мәкей Еркінбекұлы осы еңбегі үшін «Республикаға еңбегі сіңген мұғалім»  атағын алған. Аталмыш марапатты  1941 жылы 24 сәуірде облыстық білім басқармасының  басшысы Айтмұханбетовтың табыс еткені жайлы құжат бар.  Ал: «От имени Президиума Верховного совета союза СССР вручены медали за доблестный труд в Великой Отечественной войне 1941-1945 год по аппарату, коллективу исполкома, Райсовета и райкома (КП/бк) Хозяиственный организаций и аулсоветов», – деп келетін мәтіндегі медальді Мәкей Еркінбекұлына 1946 жылы 24 шілдеде Ақсу атқару комитетінің төрағасы Мақсұтхан Құсайынов табыс еткені де мұрағаттан табылған.  
   Еркінбеков оқытқан білімділер қайда, олар кімдер деген заңды сұрақ туатыны сөзсіз. Ұстаз, Қазақ Ұлттық ғылым академиясының академигі Жүрімбек Сыдықов, Ақсу ауданының Құрметті азаматы, кезінде  аудандық білім бөлімін басқарған Бейсебек Қорғанбаев, Қазақстан Республикасы  Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің басшысы Кәрім Мәсімовтың атасы – Мәсім, профессор Иманбек Сүлейменов,  «Алтын Адамды» тапқан археолог Бекмұханбет Нұрмұханбетовтерді оқытып, тәрбиелеген. Жүрімбек аға естелігінде ұстаздың адалдығын былай әңгімелейді: 
   «Ол кезде екі-үш жас айырмашылығы бар балалар бір сыныпта оқи беретін. Мен Мәсіммен бірге оқыдым. Мәсім менен үш жас үлкен еді. Мәкей балалар үйі үшін шаруашылық құрды. Бәріміз сол кісінің бастауымен  астық, жүгері алқабында, диірменде жұмыс істейтінбіз. Астықты сол маңдағы Дмитрий деген орыстың диірменіне апарып тартқызатын. Нан жапқызатын. Бәрін өзі ат арбамен таситын. Жетім балалардың несібесін басқаға сеніп тапсырмайтын.  Мәкей аға тамақ ішкенімізде қасымызда қарап отыратын.   Сөйтіп, жасы үлкендер мен  бұзықтар әлсіздердің асын тартып алмауын қадағалайтын. Бәрімізге асты қылдай бөліп беретін.  Осыдан 6 жыл бұрын Мәсімнің немересі  Кәрім  Еңбек, Қарасу ауылына екіқабатты мектеп және жол салып беріпті. Естіп риза болдық», – дей, келе Мәкей Еркінбековтің адамдық қасиетіне тоқталады. «Кейіннен 46 жылы балалар үйі жабылатын болды. Сол кезде Мәкей мұғалім балалардың туыстарын іздестірді. «Бауырларыңызды алыңыздар» деп ұл-қыздардың жамағайын туыстарына  барып жүрді. Мүлде туысы табылмағандарды баласы жоқтардың бауырына салады. Ол балаларды үлестіріп бергеннен кейін де  сол үйлерге барып, жағдайды қадағалап жүрді. Тәрбиелеп алған ата-аналар балаларға қалай қарап жатқанын назарда ұстайтын. Сол кезде Мәкей өзі де ауыр сырқат еді.  Жанын жеген кеселге қарамай, балалардың жыламауын, аш қалмауын қадағалайтын», – дейді Жүрімбек Сыдықов. 
   Мәкей Еркінбековке арналған ғылыми конференцияда ашаршылық жылдары жайлы көптеген дерек айтылды.   Танымал режиссер Қалила Омаров «Жетісудың Мәкейі» атты фильм түсіруді бастады. Жетісу мемлекеттік университетінің профессоры Мұратбек Иманғазинов Мәкей атаны зерттеп жүрген Біржан Бекболатұлына Республикалық ғылыми- практикалық орталығының  «Ұлағатты ұстаз» медалін табыс етті.
    Мәкей төбесінің етегі – аштықтан қайтыс болған балалардың зираттары. Көпшілік аштықтан қайтыс болған жетімдерге арнап белгітас қойылса деген ұсыныс айтты. Сол маң түгелдей қоршалуы тиіс. Жақын жерден құбыр немесе су, жол тартылса қорымға обал болатыны айдан анық. Себебі, төмпешіктер тегістеліп барады.  Аудан басшылығы көптің ұсынысын шама-шарқынша орындайтындарын айтты. Сауапты істің жалғасын табатынына сенім мол.

Гүлжан ТҰРСЫН.