МӘДЕНИЕТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 22.05.2018
Оқылды: 2638
Бөлім: РУХАНИЯТ

   Мәдениет – ұлттың мәйегі. Әр халық өзіндік мәдениеті, руханияты, салт-дәстүрімен дара, биік. Жетісу мәдениетінің шоқтығын көтеріп жүрген де бүгінгі сала қызметкерлері – әнші, биші, күйші, әртістер, ауыл өнерін асқақтатып жүрген азаматтар, ән-жырын әуелеткен ата-әжелер. Ұлт руханиятының шырақшысы болып жүрген мұндай жандардың қашанда орны бөлек. Оларға ерекше құрмет көрсету мақсатында 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай  Салтанат сарайында облыс әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен салтанатты жиын өтті.

 

    Мәдениет майталмандарының қуанышын бөліскен облыс басшысы бірінші кезекте мерекеге орай әзірленген көрмені шолып шығып, «Сазген» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің сазды әуеніне құлақ түрді. Бұдан соң мәдениет қызметкерлері қуанышпен қарсы алған үлкен залда сала еңбеккерлерін мерекемен құттықтады.
– Құрметті мәдениет және өнер саласының қызметкерлері! Сіздерді бүгінгі төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Ұлт руханияты мен мәдениеті жолындағы еңбектеріңізге шығармашылық табыс тілеймін.
 «Мәдениет деген ұғым аясында – адам онсыз өмір сүре алмайтын аса нәзік құбылыстар тоғысқан», – деп Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы     Назарбаев айтқандай, дүниенің әдемілігі өнермен байланысты.
    Әрбір елдің рухани күші – оның мәдениетімен өлшенеді. Бүгінгі күні облысымызда 565 мәдениет, мұрағат  мекемесі, 88 «халықтық», «үлгілі» атағы бар ұжымдар мен 1353 көркемөнерпаздар үйiрмелерi жұмыс жасайды. 2017 жылы мәдениет саласының бюджеті 8 млрд. 143 млн. теңгені құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 60 пайызға өсті. 2017 жылы 3 мәдениет нысаны жаңадан салынып, 8 мәдениет нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 7 жобалық-сметалық құжаттама жасалды.
   Саланың 2018 жылғы жыл басындағы бюджеті – 3 млрд. 838 млн. теңгені құрады. 2018 жылы облыс бойынша 5 мәдениет нысанына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, 12 жобалық-сметалық құжаттама жасауға, 2 реконструкция және 4 жаңа құрылыс үшін барлығы 2,8 млрд. теңге қаражат бөлініп отыр.
   Бикен Римова атындағы облыстық драма театрының құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын,  көркемдік безендіру жұмыстарына 1 млрд. 600 млн. теңге, І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 331 млн. теңге қаржы бөлінді. Сәтін салса, қыркүйек, қазан айында театр қолданысқа беріледі.
Өткен жылы бастау алған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 28 жоба бекітіліп, 10 жобасы аяқталып, 18 жобасы жұмысын жалғастыруда. 2018 жылы 30 жоба бекітіліп, жүзеге асуда.  2017 жылы «Батыр бабалар» мемориалды кешені мен Қазақстан Республикасы тұңғыш Президентінің «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы ашылды. Ал, биыл Талғар ауданы Жаңалық ауылындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейдің құрылыс жұмыстары, сонымен қатар 4 археологиялық қазба жұмыстары басталды.  Сондай-ақ, Орбұлақ шайқасындағы жеңістің 375 жылдығына орай Жаркент қаласында «Орбұлақ» мемориалды кешені салынатын болады.
    Ұлттық өнердің қанат жайып,  ұрпақтан ұрпаққа жалғасуында – осында отырған баршаңыздың үлесіңіз бар.  Мерекелеріңіз құтты болсын! – деді ол.
   Бұдан соң облыс басшысы бірқатар қызметкерлерді «Мәдениет саласының үздігі», «Еңбек даңқы» төсбелгілерімен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапаттады.
   Мәдениет саласы бойынша өтетін түрлі байқаулардың жеңімпаздары да осы кеште марапатталды. Атап айтар болсақ, «Үздік қолөнер шебері» атанған «Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінің суретші реставраторы Құрманғазы Қадыров, «Үздік театр әртісі» номинациясын жеңіп алған облыстық Бикен Римова атындағы драма театрының әртістері Кендебай Темірбайұлы және Біржан Шошабаев, «Үздік Мәдениет үйі» болып танылған Қарасай аудандық    Мәдениет үйі, «Үздік кітапхана номинациясының жеңімпазы Ұйғыр аудандық кітапханасы, «Үздік музей» атанған Шоқан Уәлиханов мемориалды музейі, «Үздік «халықтық» өнер ұжымы» аталымының жеңімпазы Ақсу ауданының «Саға сазы» халықтық ұлт аспаптар оркестрі, «Үздік өнер ұжымы» номинациясының жеңімпазы Сүйінбай атындағы облыстық филармониясының «Алтынай» мемлекеттік халық биі ансамблі, сондай-ақ, «Үздік мәдениет қызметкерлері» деп танылған 20 адамға, барлық номинация иегерлеріне 100 мың теңгеден ақшалай сыйлық пен облыс әкімінің арнайы дипломы табыс етілді. «Үздік облыстық мәдениет мекемесі» номинациясының жеңімпазы облыстық «Тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталығы» жаңа «Лада УРБАН» автокөлігіне қол жеткізді.
Салтанатты жиында сөз алған Қазақстанның Халық әртісі Алмахан Кенжебекова, «Алтынай» мемлекеттік халық биі ансамблінің балет бишісі Жұлдыз Абдрахманова, Жансүгіров әдеби музейінің қызметкері Айжан Оразбаева, «Сүйінбай сазы» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің әншісі Ғалия Әбдірейімқызы ізгі тілектерін жеткізіп, Жетісудың мәдениеті мен өнерінің дамуына жан-жақты қолдау көрсетіп жүрген облыс басшысына алғыстарын білдірді.
   ҚР Мәдениет саласының үздігі Сая Есенгелдинова Шашубайдың «Аққайың» әнін әуелетсе, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Жомарт Тәкебаев, Гүлім Ахманова Абай әндерінен попурри орындап, жұртшылықты кең де әсем, тұнық дауыстарымен тамсандырды. «Дарын» тобы күй күмбірлетіп, Б. Римова атындағы театр актерлері де өз өнер тартуларын ортаға салды.
   Мәдениет майталмандарына құрмет көрсетілген тамаша күн олардың құшақтарын гүлге, көңілдерін нұрға толтырды.