ЕРЛІГІ БАҒАЛАНҒАН ТЕҢІЗШІ

Уақыты: 25.05.2018
Оқылды: 1336
Бөлім: РУХАНИЯТ

    Қызметтің қай саласында да еңбекқорлығымен, талапшылдығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен, үлкенмен де, кішімен де тіл табыса алатын кішіпейілдігімен, қарапайымдылығымен елдің құрметіне бөленген жанның бірі – Балқаш ауданының Құрметті азаматы Мұқанғали Қожабеков.

 

   «Адамның бойында бір жақсы қасиет болмаса, оған бақ та, бақыт та қонбайды» деп Шығыстың ғұлама ойшылы Жүсіп Баласағұн айтқандай, Мұқаңның бойынан кішіпейілділік, парасаттылық, адалдық  тәрізді айтулы қасиеттер молынан табылады. Ол бүгінгі таңда өмір бойғы еңбегі еленіп, халықтың құрметіне бөленіп, бала-шағасының, немерелерінің қызығын көріп отыр. Елге сіңірген еңбектің еш кетпейтіндігіне оның өнегелі өмір жолы куә.
   «...Ердің елге бағасы – қаны бір болуда емес, жаны бір болуда, қуанышы-қайғысы бір болуда. Ердің бағасы елге еткен еңбегінің зор, яки кішілігінде емес, ел деген жүрегінің таза болуында, тілегінің елмен ортақ болуында, ер өмірінің өрі мен көрі – ел өмірінің өр-көрімен бір болуында» деген Алаштың арда перзенті ақын Мағжан Жұмабаевтың сөзін Мұқанғали Арғынбайұлына қарата айтсақ, қателесе қоймаспыз. Адам абыройының артуы, сөзінің өтімді болуы оның істеген жақсылық істеріне байланысты.
   Мен Мұқанғали ағаның жақсылығын біркісідей көрдім десем, артық айтқандық бола қоймайды. Күнделікті тірлікте адам бір-біріне бауыр, тілекші көрінгенімен басыңа күн туғанда күні кеше бірге жүрген адамдардың өзінің іштей жіктеліп шыға келетіні бар емес пе? Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында шындықты жазғаным үшін шырылдап, сергелдең күндерді басымнан кешіргенде көмек қолын созған бір адам болса, ол сол кезде Бақанас су құбыры және канализация жүйесінің бастығы қызметін атқаратын Мұқанғали Арғынбайұлы болатын.
Адамгершілігі зор бұл азаматпен бір мекемеде бірнеше жыл қоян-қолтық жұмыс істегенімде оның өткен өмірі жайлы мардымды ештеңе білмейтінімді байқадым. Онда да «Мұқанғали ағаң нағыз батыр екен ғой. Үндемей жүріп, бәрімізден озып кетті» деп Өскемен жаққа сүйінші хабарды жеткізген Тілектес бауырымыздың сөзі ой салған болатын.
    Енді, міне, мен танысқанда қамал бұзар қырық жастағы жігіт Мұқанғали аға бүгінде жетпіс жасқа жетіп отыр. Қызметтес болып, бірге жүрген кездерімізде ақжарқын көңіліне, артық әңгімеге бармайтын байсалды қалпына, жанының жомарттығына, ешкімнің алдын кеспейтін кішіпейілдігіне қалай тәнті болсам, қазіргі құрметім де сол кездегіден арта қоймаса, төмендемегенін айтып жатудың қажеті бар ма?
– 1967-1969 жылдардағы Египет пен Израиль және Америка мен Вьетнам елдерінің арасындағы соғыстың куәгері болдым. Соған орай жауынгер-интернационалист ретінде арада 40 жыл өткеннен кейін адмирал Нахимов, адмирал Ушаков, Кеңес Одағының төрт мәрте Батыры Г. К. Жуков атындағы ордендермен марапатталдым. Содан бері дәрежем Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен теңестіріліп, мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктерді толық пайдаланып келемін, – деген еді Мұқанғали аға бір әңгімесінде.
    Мұқанғали Арғынбайұлы Бақанас орта мектебін бітірген 1966 жылы Алматы құрылыс техникумының студенті атанды. Сол жылдың күзінде әскер қатарына шақырылып, Қызыл Ту орденді «Киров» крейсерінің экипажына қабылданды. Балтық әскери-теңіз флотының адмиралы Беляковтың басқаруымен «Киров» кораблі достық қарым-қатынас аясында Швеция астанасы Стокгольмге жіберіледі. Бұл сапар сәтті аяқталған соң «Совершенный» крейсерінің құрамында Израильмен шайқасып жатқан Араб елдеріне көмек көрсететін әскери мамандар құрамында бірнеше арнайы операцияларға қатысады. Корабль капитанының қимылы ширақ, қиын жағдайда батыл шешім қабылдай білетін жас қазақ жігітін шұғыл іс-әрекет ететін бөлімшенің командирлігіне тағайындауы бекер емес еді. Қарамағындағы спортқа шыныққан отыз жігітпен суасты мен құрлықта ұйымдастырылған бірнеше арнайы операцияларға қатысуына тура келді.
   Әлденеше мемлекеттің аумағында өткізілген осындай бірнеше операция мен Суэц каналын минадан тазарту және залалсыздандыру кезінде алдыңғы қатардан көріне білді. Өзі қатысқан арнайы операциялар кезінде екі рет ауыр жараланып, госпитальда емделіп, одан кейін қайта сапқа тұрды. 1-статьялы старшина Мұқанғали Қожабеков «За дальный поход» жетонымен, Балтық әскери-теңіз флоты қолбасшылығының дипломдарымен бірнеше рет марапатталып, үш рет қысқа мерзімді демалысқа елге келіп қайтты. Мұның өзі де оның үздік теңізшілер қатарында болғанын көрсетеді.
    Өздеріне жүктелген әскери тапсырмаларды ойдағыдай орындаған «Совершенный» крейсерінің теңізшілері 1970 жылдың қазан айында Севастополь қаласының портына келіп тоқтағанда оларды тұңғыш космонавт әйел Валентина Терешкова салтанатпен қарсы алып, естелік суретке түскен еді. Ол сурет «Красная Звезда» газеті мен республикалық журналдарда жарияланды.
   Арада 40 жыл өткенде Таяу Шығыста болған ұрыстарда көрсеткен ерліктері үшін Мұқанғали Қожабеков Ресейдің «За веру и верность», «Польза, честь и слава», «Звезда славы», «Жеңіс» ордендері мен «Адмирал Нахимов», «Адмирал Ушаков», «Кеңес Одағының маршалы А. Василевский», «Кеңес Одағының маршалы Г. Жуков», «Воинское братство», «Защитнику отечества», «За заслуги и достижения» медальдарымен марапатталды. Тілектес бауырымның «Мұқанғали ағаң нағыз батыр екен ғой» деп сүйінші сұрауы осы наградаларды алған кезі еді.
Әскерден оралған Мұқанғали Арғынбайұлы Алматы құрылыс техникумындағы оқуын жалғастырып, оны 1972 жылы бітірсе, 1974 жылы Мәскеудің құрылыс институтын тамамдады. Содан кейінгі жерде Балқаш аудандық коммуналдық шаруашылық комбинатына шебер болып жұмысқа орналасып, кейіннен инженер, бас инженер қызметтерін атқарды. 1978 жылы аудандық атқару комитетіне бас сәулетші қызметіне ауысып, суару каналдарын, Алматы – Қарой тасжолын, Іле өзеніндегі Дінмұхамед Қонаев атындағы көпірді, телемұнараны, аудандық аурухананы салуға өзіндік үлесін қосты.
   1979 жылдың қыркүйек айында Бақанас ауылында болған зілзаладан соң Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың қамқорлығымен аудан орталығында 300-дей үй салу қолға алынды. Аз уақыттың ішінде тұрғын үй, мектеп, балабақша, аурухана салып, пайдалануға беру міндеттелді. Бұл жұмыстардың басы-қасында бел шешпей өзі жүрді. Жүктелген міндетті тиянақты орындағаны үшін 1984 жылы Одақтық құрылыс министрлігінің Құрмет грамотасымен және дипломымен марапатталды. Бақанас су құбыры және канализация мекемесін басқарған кезде (1985 – 2006 жылдар) республикалық министрліктер тарапынан алған басқа да Құрмет грамоталары аз емес. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың, Алматы облысы, Балқаш ауданы әкімінің Алғыс хаттары да Мұқаңның еңбегіне берілген елеулі баға.
   Зейнет демалысына шыққан 2010 жылы «ЦентрПроектБаканас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, содан бері облыс, аудан көлемінде балабақша мен мәдениет үйлерінің, су құбырлары мен электр желілерінің және жеке тұрғын үй құрылыстарының жобалық-сметалық құжаттарын жасап, мемлекеттік сараптамадан өткізумен шұғылданып келеді.
   Мұқанғали ағаның асыл жары, ардақты ана Бәтима Қожахметқызы өзiнiң кең пейiлiмен, ақжарқын мiнезiмен айналасындағы адамдарға мейір шуағын төгумен бірге Мұқаңның ақыл қосар сүйеніші де бола білді.
Мұқанғали Арғынбайұлы маған қашанда азаматтықтың, адамгершіліктің, парасаттылықтың бейнесіндей көрінеді. Шыны да сол.

Зарыққан ӘБІЛҚАСЫМҰЛЫ
Балқаш ауданы