БАБА ДӘСТҮРІ ЖАҢҒЫРДЫ

Уақыты: 29.05.2018
Оқылды: 1144
Бөлім: РУХАНИЯТ

    Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында халқымыздың тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін өркендетудің берік діңі ете отырып, болашаққа сеніммен бет алудың басты ұстаным болғаны белгілі. Осы орайда ұлттық салт-дәстүріміздің ішінде қымызмұрындықтың  алатын орны зор.

 
 

   Жуырда аудан әкімдігінің, аудандық ардагерлер ұйымының ұйымдастыруымен Сарқан қаласындағы өзен жағалауында баба дәстүр қайта жаңғыртылды. Мұндағы алаңқайға арнайы шатыр тігіліп, сахна құрылды. Желіге құлын байланып, осы саламен айналысатын бес отбасының 12 биесі сауынға дайын тұрды.
Игі шарада ауданның Құрметті азаматы Болат Рахметқалиев жиналған жұртшылыққа,  ұлттық сусынды ұлықтаған қымыз өндірушілерге бата берді.  
   Алғашқы болып сөз алған Сарқан ауданының әкімі Ерғазы Қошанбеков өткенге көз жүгіртіп, шипалы қымыздың адам ғұмырын ұзартудағы өлшеусіз орнын атап өтіп, бұл шараның бұлжымас дәстүрге айналуын көздейтіндерін жеткізді. Ал бұл шараға арнайы келген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт қымыз өндірушілерге «Мал басы өсіп, өріс кеңейсін, саба толсын, әрдайым ұлыста жақсылық болсын!» деген ізгі тілегін жеткізді.
   Өз кезегінде Сарқан аудандық ақсақалдар ұйымының төрағасы Қадыл Тұрысбеков, аудандық орталық аурухана ардагерлері бастауыш ұйымының төрайымы Роза Алиева жиналғандарды дәстүрлі мерекемен құттықтап, шынайы ықыластарын білдірді.
   Бұдан соң меймандар қымызмұрындық рәсімін қызыға тамашалады. Бие сауап, жаңа сауылған ақуыз саумалды меймандарға ұсынған Тана Жетігенқызының қолынан дәм татқандардың ризашылығы шексіз.
– Біз қымыз өндірумен кейінгі жылдары ұдайы айналысып келеміз, – дейді жылқышы Аманжол Тілеужанұлы. – Жаз бойы 6 бие сауамыз, өнімін сарқандықтар  тұтынады. Қымыз өндіру әрі қасиетті, әрі пайдалы кәсіп.
   Ұлттық дәстүрді ұлықтаған ізгі шара соңы көңілді концертке ұласты. Аудандық аурухананың әжелер ансамблі мен Мәдениет үйінің қызметкерлері халық әндерін орындап, ізгі дәстүріміз қайта жаңғырған күн барынша шырайлана түсті.

 

Жомарт ИГІМАН
Сарқан ауданы