Осы орайда Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында «Сәкен» атты фильм-концерттің таныстырылымы өтті. Оның авторы әрі режиссері есімі елге мәлім, әні мен сазы келіскен актер, әнші Қанат Жүнісов. Шараға Жетісу облысы әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов қатысып, өнер иелеріне сый-құрметін көрсетті. Фильм-концерт ақын, драматург, қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіров пен Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығына арналды. Негізгі кейіпкер Сәкен Сейфуллин болғанымен, фильмнің шарықтау шегінде қазақтың үш бәйтерегі Сәкен, Ілияс, Бейімбет бейнесі көрінеді.
Фильмде сәні мен сымбаты, ақылы мен парасаты үйлескен ақын Сәкен Сейфуллиннің әндері айтылып, өлеңдері оқылды. Оған қоса, ән мен өлеңнің мән-мағынасына, атмосферасына келістіріп, сюжет те құрастырылған. «Сыр сандықты ашып қара, ашып қара сырласым, сым пернені басып қара, басып қара жырласын», – деп ақын өзі айтқандай сырлы кеште сөз алып, туындының ерекшелігіне тоқталған «Сәкен» фильм-концертінің режиссері Қанат Жүнісов:
– Қазақстанда мұндай жанрдағы фильм бірінші рет түсірілді десем болады. Оның бір ерекшелігі – көркем фильмнің де, деректі фильмнің де, театрдың да элементтері бар. Осының барлығы музыка арқылы өрбиді. Жартылай – фильм, жартылай – концерт. Сәкеннің халыққа кең тараған әндерін негізге ала отырып, ақынның өмірінен мәліметтер бердік, өлеңдерінен үзінділер қостық. Жалпы, бұл фильм-концерттің қиын бір жері бар. Мысалы, көркем фильмде бір оқиғаны жеткізу үшін 10-15 минут әртістің ойынымен ұзақ, әр түрлі диалогтармен, режиссерлік шешімдермен түсіре беруге болады. Ал фильм-концертте құлашыңды олай кеңге сермей алмайсың. Өйткені, бұл жерде жартылай ән болғандықтан, әнге бағыну керек, ол 4-5 минутта өтіп кетеді. Сондықтан, сол әннің мағынасына қарай ұтымды, мәнді сюжеттер жасауға тырыстық. Тіпті, 20-30 адамның апталап жүріп түсірген сюжеттерінің, ең аяғында 5 минутын ғана алдық. Өйткені бұл жанрдың талабы сондай.
Фильмде үш бәйтеректің бейнесі өте нанымды, дәл суреттелген. Алаш зиялыларының бет-бейнесіне келетін актерді табуда, оның образын жасауда аса ыждағаттылықпен кіріскені көрінеді. Жетісу жұрты өлгені тіріліп, өшкені жанғандай, ерекше әсерге бөленіп, бабалары жүрген дара жолына тәнті болып қайтты.
Көкшетауды Сәкеннен артық жырлаған ақын жоқ болғасын, фильмдегі кадрлардың көбін Көкшетауда түсірген. Режиссердің айтуынша, фильмге «Телқозы» атындағы қоғамдық қоры және Сәкен Сейфуллиннің інісінің немересі – Сәкен Орынбасарұлы Сейфуллин демеушілік көрсеткен.
Шынаргүл Оңашбай,
Талдықорған қаласы