АҚТЕРЕККЕ АҚ ТІЛЕК

Уақыты: 29.05.2018
Оқылды: 2153
Бөлім: РУХАНИЯТ

   «Қозыбасының көк желкесінен шығып, өз сүрлеуімен өрлеген көктеменің күні Қоңыртөбе тауына жеткенде мезгілсіз жортқан қарақшы бұлттардың қоршауына түсіп, малтығып қалды». Бұл жазушы Есболат Айдабосынның «Тұлпар серті» шығармасының бастау сөйлемі. Осы бір көрініс күнделікті қайталанатындай. Біз барғанда да тура сол бейнелі сөздер арқылы табиғат тылсымы жүріп жатты. Кезінде Қоңыртөбенің етегін жайлаған Ақтерек ауылындағы тұрғындармен француздар іскерлік тұрғыда алыс-беріс, қарым-қатынас орнатып, мұқым елді аузына қаратқанда республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне сол ұжымның тілшісі Гүлзейнеп Сәдірқызы «Ақтерек пен Париж» тақырыбында кең көлемді материал әзірледі. Талай ауылға үлгі болды. Біздің бұл жерге келуіміздің басты себебі – есімі аталған журналистер өз ауылдастарымен Ақтерек орта мектебінің үлкен залында кездесу ұйымдастырды. Біз келіп тоқтаған үй алдындағы кең, ұзын жол ауылдан кіргеннен тұп-тура Қоңыртөбенің жотасына дейін баратындай, етегіндегі сары топырағы көрінген соқпақ жол күн шуағымен көзге шағылысады. Жирен қасқамен сүліктей қара жылқылар сол жолды бетке алып кетіп барады.

 

   Бұл еліміздің әр түкпірінде қызмет бабымен жүрген жандардың  ауылдастар алдындағы алғашқы кездесуі. Сондықтан да барлығы асыға күткен, сағындырып жеткен сәт. Өздері ғана келмей Гүлзейнеп Сәдірқызы ағасы, жазушы Жұмабай Шаштайұлы мен Талғат Сүйінбайды, ал Есболат Айдабосын інілері, ақын Ерлан Жүніс пен Жангелді Немеребайды ерте келіпті.Төрде отырған игі жақсылардың жанында кәсіпкер, өз ауылынан балабақша ашып, еңбеккерлерге тоқсан үй салып берген Темірлан Шайнүсіпов отырды. Залда инешаншар жер жоқ.
   Кездесудің шымылдығы ауылдың әнұранына айналып кеткен, Дастан Тұрарбекұлының сөзіне жазылған «Ақтерегім» әнін орындаған мектеп оқушыларынан жасақталған хормен ашылды. Одан кейін ауыл мақтаныштары туралы әзірленген бейнеролик көрсетіліп, кездесудің негізгі мақсатын айқындап берді.
   Келген ауылдастарының арасынан таныс жүздерді көрген журналистер есімдерін атап, олар туралы қызықты да, тамаша естеліктерге тоқталып отырды. Залдан ара-тұра сексенге келген зейнеткер ұстаз Күлән әжейдің дауысы жарқын-жарқын естіліп, қонақтардың жүзіне жылу сыйлады. Кездесудің арасында мектеп оқушылары ән айтып, би билеп, өлеңді мәнерлеп, нақышына келтіріп оқып, өз өнерлерін көрсетті.
   Арнайы кездесуге келген Жұмабай Шаштайұлы: «Рухани жаңғыру деген, міне, осы! Әр азамат өзінің туған ауылына табан тіреп, сол елді мекеннің тарихын түгендеуі. Бүгінгі шара осының негізі», – деп  сөзді бастап берді.
Оқушылар тарапынан журналистикаға қатысты сауал қойылып, жауап та берілді. Республикалық, облыстық телеарналардың жаңалықтар бөлімінде редактор, жүргізуші, тілші болған Есболат Айдабосын жас өрендерге жаңалықтың берілу тәртібі жөнінде: «Ұлттық сүзгі керек. Қазір алаулатып-жалаулатып ақпараттарды қажет пе, қажетсіз бе беріп жатады. Олар бір-екі күн рейтинг берер, екі-үш күн халық аузында талқыланар, бірақ оның қазақ үшін түк пайдасы жоқ. Не нәрсені болсын елеп-екшеп алған дұрыс. Пайдалы ма, зиян ба?» – деп ақ пен қараны ажыратуды басты назарда ұстау керектігін айтты. Сөз арасында Есболат ұлт-азаттық қозғалысында жасақшы-жыршы болған ақын Есдәулет Қандеков оқуларын дәстүрлі түрде ұйымдастыруды жоспарға қою керектігін айтып, келесі жылдың көктемінен бастауды ұсынды. Қолдау болса құба-құп, болмаса барларымен базарлық жасамақ. Бұл ұсынысты ауылдастары да қолдады.  
   Ақынға қара сөзден өлең оңай. Естілер солай айтқан. Есболат ағаларын қолдап келген інілері Жангелді Немеребай «Ауылда қалған балалық», ал Ерлан Жүніс «Құралайдың көз жасы» өлеңдерін оқыды.   
   Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде 44 жыл қызмет істеген Қазақстан Республикасы ақпарат саласының үздігі Гүлзейнеп Сәдірқызына ауылдастарының алдында халықаралық Жамбыл атындағы медальді табыс етті. Артынша Гүлзейнеп әпкеміз де құралақан еместігін, зейнет жасына шыққанда еңбек істеген жылдарында жазылған материалдарын жинап бір кітап шығарғанын айтып, сол сиясы кеппеген, беттері әлі парақталмаған жаңа кітаптың тұсауын жақындарының алдында кесті. Жұмабай Шаштайұлы жаңа кітаптың лентасын қиып, көңілдегі ақ тілегін арнады. Қуанышын жасыра алмаған Гүлзейнеп әпкеміз: «Ауылдастарымның алдында осыған дейінгі еңбегіме есеп бергендей, олардың алдындағы міндетімнен құтылғандай керемет көңіл-күйде тұрмын», – деп кеуде тұсқа нығарланып келген керемет сезімінің көбесін ағытты.
   Кездесуді ұйымдастыруға мұрындық болған мектеп мүдірі Роза Жамантаева: «Біз осындай кең көлемді кездесуді алғаш рет ұйымдастырып отырмыз. Келешекте дәстүрлі түрде жалғасын табады. Ауыл мақтаныштарымен бірлесіп өткізетін әлі де көптеген шаралар жоспарда тұр. Бұл оқушыларымызға деген патриоттық сезімді ұялатып, білім көкжиегін кеңейтуге сеп», – дейді. Есболат аға сөз басында журналистикаға Гүлзейнеп әпкесінің жазғаны арқылы келгендігін айтты. Сол кісіге қарап бой түзегенін жасырмады. Олар шалғай ауылдағы сеңді бұзды. Бүгінгілер сол кісілер салған сара жолмен жүрмек. Мектептің 11-сынып оқушысы, журналистика мамандығын бала жастан армандаған Мерей Алтынбек: «Бұл әпке-ағаларымыздан алатын үлгі-өнегеміз өте көп деп сеніммен айта аламыз. Себебі, ол кісілер қазіргі кездегі қоғамға, біздің әдебиетіміздің дамуына өте үлкен елеулі үлес қосып жатыр. Осындай жандардың біздің ауылдан түлеп ұшқанын мақтан тұтамын. Және өскелең ұрпақ сол кісілерден үлгі аламыз», – деді. Залға жиналған балалардың қуанышын жүзінен аңғаруға болады. Бұл кешті ұзақ күт-    кендігі көрініп тұр. Рухани білімге қанығып, оқу жылының аяғында бір серпіліс бергендей.
  Кеш соңында төрдегі отырған сыйлы қонақтар базарлық үлестірді. Кітап таратты, ауыл қыз-келіншектеріне орамал сыйға берді, аға-бауырға шапан жапты. Соңғы жылдары Жетісу өңірінде шыққан жаңа кітаптарды мектеп кітапханасына ұсынды.     
   Біз ауылдан кетіп бара жатқанымызда бағана көрген сүлікқарамыз бен жирен жылқымыз ауылға ентелеп тұрған Қоңыртөбенің етегінен бізге көз тастап, асқақ бейнеде қарап тұрды...

Серік ҚАНТАЙ.