ҚАРАСАЗДАН ҰШҚАН ҚАРЛЫҒАШ

Уақыты: 29.05.2018
Оқылды: 2202
Бөлім: РУХАНИЯТ

   Өнегелі отбасынан, өнерлі шаңырақтан қанаттанған қарлығаш еді Наз. Табиғаты да осы бауыры аппақ, жаратылысы сұлу, қимылы шалт әрі ширақ құсқа қатты ұқсайтын. Барлық қажетін кішкентай ғана тұмсығымен тасып жүріп, өзіне ғана емес, балапандарына да мызғымас берік ұя салып беретін қарлығаш-тірлік бойында бар еді. Өйткені өзі де сондай қарасаң көз сүйсініп, көңіл тояр отбасында дүниеге келіп, әкесі Құрманғазы мен анасы Күмістің құтты ұясынан қанаттанған алғашқы балапан еді.

 

   Қарлығаштай бауырмал қарағым-ай! Жаратылысың ерекше, бала кезіңнен ұшып-қонып, айналаңа жақсылық жасауға асығып жүретін қасиетің өміріңнің қамшы сабындай келте боларының белгісі екенін кім біле қойды дейсің? Туған топырағымыз бір, өскен ауылымыз іргелес болғанымен мектеп қабырғасындағы Назды толықтай білмейтінім рас. Бірақ ұзақ жыл Мәдениет үйінің тізгінін ұстаған әкесі Құрманғазы ағаның аузынан қызының бала кезінен алғыр, бауырмал, қағылез, алдына қойған мақсатына жетпей қоймайтын жанкештілігі мен жаны нәзік болса да, өр мінезді екенін жиі еститінбіз. Қызының өжеттілігіне мақтанып, көңілі марқайып отыратын әке пейілінен Наздың табиғаты «Омыртқа ішіндегі жұлындаймын, қыз да болсам, әкемнің ұлындаймын», – деген аталы сөзге лайық екенін сезетінбіз. Арада жылдар салып, әкесінің мақтанышына айналған Назбен бір шаңырақтың астында білім алдық. Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясының екінші курсын бітірген жылы осы шаңыраққа қабылданған жас түлектер арасында Наз қарындасым да бар еді. Мектеп қабырғасында жүргенде қара өлеңнің қара нары шөккен қасиетті Қарасазға жиі ат басын бұрып тұратынбыз. Бірнеше мәрте аудандық оқушылар айтысында сол ауылдың сахнасында топ жарғанымыз бар. Ол Наздың ақ бантик, қызыл галстук тағып, мектептің алтыншы, жетінші сыныбында оқитын кезі болса керек.
   Зеректігінен ғой, академияға қабылданып, студент атанған жылдың күзі. Біз бірер көйлек бұрын тоздырып, өнер ордасының орта буын студенті атанып қалғанбыз. Біз оқитын аудиторияға келіп: «Жұматай аға, қалыңыз қалай? Мен Наз деген қарындасыңызбын ғой Қарасаздан. Құрманғазының қызымын. Оқушы кездеріңізде біздің ауылға жиі келуші едіңіздер ғой. Содан білемін», – деп жанарынан от шаша еркелей келіп, өзінен бес жастай үлкендігім үшін аға тұтып, сәлем беріп тұр. Бойындағы бауырмалдығын сол кезде-ақ сезген едім. Осылайша бір білім ордасында ағалы-қарындасты болып, өнер өлкесіне дайындығымызды жасап, күндеріміз өтіп жатты. Төртінші курстың бірінші тоқсанынан кейін бізді Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Қызылжар қаласынан театр ашуға алып кетті. Аунап айлар, жылжып жылдар өтті. Наз да оқуын бітіріп Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы ұлттық академиялық драма театрынан еңбек жолын бастағанын естідік. Одан мен Талдықорғанға ауыстым. Сол жердегі театр ұжымымен гастрольдік сапарға шықтық. Бір бағытымыз Қарасаз ауылы. Наздың әкесі Құрманғазы ағамыз ауылдық Мәдениет үйінің директоры. Сондай кездесудің бірінде асқар тау әкенің: «Менің Назым да Өнер академиясын бітірді. Қазір Әуезов театрында еңбек етіп жүр», – дегенінен өнерлі қызы үшін сондай бақытты әкенің дидарын көрдік. Ауылдың алыс, жердің шалғайлығынан өнер саласында жүрсек те, аға-қарындас пейілімізді ара-тұра кездесіп қалған сәттерде білдіріп, бірге туғандай мәре-сәре күй кешетінбіз. Әкем театрдағы әріптестерден Наздың театр сахнасында өзіндік қолтаңбасы қалыптасып келе жатқанын естіп, «бір ауылданбыз» деген мақтаныш тілімізден шықпаса да, түрімізден байқалып тұратын. Төрт жыл бұрын анасы қайтыс болғанда соңынан ерген бауырларын бауырына басып, қамқор әпкеге айналғанын да еститінбіз. Орта жасқа келгенде асыл жарынан айырылған ардақты әкенің де қабағына қарап, жанарындағы мұңды сейілтуге барын салғаны бірге жүрген әріптестерінің еске алар әңгімесіне айналған бұл күнде. Былтыр ғана жеке шаңырақ алып, еңбегі жанып, өнерге жаңаша тыныспен қадам баса бастаған тұста айтып келмейтін сырқат сыр бере бастайды. Өзінің қайсарлығына салып, ішінен меңдеп келе жатқан дертті ешкімге білдірмей үнсіз күресіп, сол баяғы ақжарқын қалпынан айнымай жүріп жатады. Тағдыр ғой. Әйтпесе, бірден қолға алып, көп болып, көмек қылып жіберсе аурудың алдын алуға болатын ба еді? Бір кем дүние-ай десеңізші?! Аз ғана уақыт айналдырып, ортамыздан алып кетеді деп кім ойлаған? Емхананың төсегіне таңылғанда екінші үйіне айналған, өзі бала-жасынан сүйіп, табандылығының арқасында қол жеткізген сахна әлеміндегі аға-әпкелері, замандастары, іні-сіңлілері аурухана мен театрдың арасына жол салғанымен бәрі кеш еді. Бұл кезде Қарасаздан ұшқан қарлығаштың қан тамыры соғуын азайта бастаған.
   Сондай күннің бірінде Алматы метросына келіп, Райымбек бекетінде тұрғам. Қасымнан өтіп барып, кері бұрылғанда байқадым, Наздың әкесі Құрманғазы ағам тұр алдымда. Ағалы-інілі жерлестер құшақ айқара амандастық. Мен білетін Құрманғазы аға емес, жүзі сынық, көңілі алаң. «Наз ауырып жатыр. Жаман аурауға шалдығып қалды. Соған бара жатырмын», – деді жүдеу тартқан көңілмен. Наздың есімі аталғанда жанарынан от шаша айналасына мақтана қарап, еңсесін тіктей түсетін асқар таудай әке көз алдымда шөгіп қалғандай болды. «Алла жеңілдігін беріп, сауығып кетсін», дегеннен басқа ештеңе айта алмадым. Мен өз аялдамамнан түсіп қалдым. Көз алдыма бірінші курсқа түскенде еркелей келіп амандасқан ақбауыр қарлығаштай бауырмал Наздың сол бір жарқын бейнесі келді. Соңымда Наз дегенде көңілі жаз болатын әкенің өнерлі қызының мына жарық әлемнен үміті үзіліп бара жатқанын сезгеннен бұлт оранған болмысы қалып бара жатты. Арада төрт күн өткенде қаралы хабар да жетті. Айналдырған ауру қазақ театр өнерінің талантты актрисасын алып тыныпты. Қарап үлгергенше ғайып болатын жұлдыз ғұмыр-ай. Тым ерте сөңгеніңді қарашы?!

Жұматай ОСПАНҰЛЫ