ХАЛЫҚ ҚАСІРЕТІ

Уақыты: 30.05.2018
Оқылды: 1736
Бөлім: РУХАНИЯТ

   Қазақ даласында Сталиннің солақай саясатын жүргізіп, мыңдаған адамды жазықсыздан жазықсыз қуғынға ұшыратқан Голощекин салған зобалаңның ақыры ұлттың бетке ҰСТАР ұлдарының қынадай қырылуына апарды. Әсіресе, 1937 жылы қазақ зиялыларын кезекпен қорғасын оққа байлау, көзі ашық, көкірегі ояу жандарды «халық жауы» деген желеумен сұрақсыз лагерьге айдау халықтың есін алып, бойына үрей септі. Соның кесірінен атасының атылып кеткенін айтудан қорқатын ұрпақ пайда болды.

 

   Сонау қанқұйлы  37-нің сұрапыл күндерін еске алып, арыстай азаматтардың, әкелеріміз бен ағаларымыздың рухы разы болсын және оларды кейінгі ұрпақ білсін деген ой мені тыныш жатқызбайды.

   Бүгінгі күн биігінен қарасақ жазықсыз жазаланып, жапа шеккен азаматтардың қарасы өз ауылымыздан да табылады. Қазіргідей мұрағаттардағы деректер ашылған сәтте көптеген жан шошытар мәліметтерге жолығып жатырмыз.
   Мен Райымбек ауданы, Текес ауылындағы, Қазыбек Шорманов атындағы мектепте 40 жыл тарих және қоғамтану пәнінен сабақ беріп келемін. Әр сабақты күнделікті өмірмен байланыстыра өткізуге тырысып, оқушы бойына білім нәрін құйдық. Шәкірт бойындағы қызығушылықты ұштай түсу үшін мектепте «Қызыл ізшілер» тобын құрып, көнекөз қариялармен, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерімен кездесулер өткізіп, ауылымыздың тарихын жаздым, мектеп мұражайын жабдықтадым. Мақтанғаным емес, ұзақ жылдық зерттеу жұмысынан деректер жариялау бүгінде әдетке айналды. Сонау қанқұйлы 37-нің сұрапыл күндерін еске алып, арыстай азаматтардың, әкелеріміз бен ағаларымыздың рухы разы болсын және оларды кейінгі ұрпақ білсін деген ой мені тыныш жатқызбайды.
   Жазықсыздан жазықсыз 19 жылдан астам түрмеде отырып, кешегі кеңестік кезеңдегі империялық саясаттың небір зорлық-зомбылығын көзімен көріп, мойнымен көтерген жерлесіміз Әбілқасым Ақымжанов жайлы айтпай кету келер ұрпақ алдында ұят. Бел  баласы Мәкен Әлиасқарұлының «Заман зардабы» атты деректі повесінде ол кісінің өмірдерегі толық қамтылған. Біздікі теңізден шыққан тамшыны таныстыру.
   Тегістік ауылында 1904 жылы дүниеге келген Әбілқасым Ақымжанов кезінде комсомол, партия қызметтерін атқарған белгілі қоғам қайраткерлері Ораз Жандосов, Нұрбапа Өмірзақовтармен бірге жүріп, адал еңбек, қажырлы жұмысының арқасында аудандық партия комитетінің екіншісі хатшысы қызметіне дейін көтерілген жан. Ол 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен 15 жылға сотталып, итжеккенге айдалады. Сол кеткеннен тек 1956 жылы ғана ақталып, еліне оралды. Халқымыздың айтулы ұлы Ораз Жандосовпен қызметтес болғаны үшін айыпталған Әбілқасымды жендеттер түрмеде ұрып-соғып, күндіз-түні тергеуге, сұраққа алады. Қолына кісен, тақымына бұрау салып, доп құсатып тепкілеп, есінен тандырады. «Сендер Қазақстанды бөліп аламыз, сөйтіп Жапонияға қосыламыз депсіңдер» деген жала жабады. Тағылған айыпты мойындамаса да, келісіп қол қоймаса да 15 жылға соттап, Сібірдің Магадан облысынан бір-ақ шығарады. Хабаров өлкесіне қарасты аймақтағы шахтада құм-топырақ шайқап, алтын іздейді. Қақаған аяз бен аштық қысқан күндерді кейіннен Әбілқасым ағамыз былай еске алады:
– Алтынның қандай екенін бұрын-соңды кім көріпті дейсің?! Жылтырап күрек сабына жабысқан тарыдай түйірді еппен алып, сіріңке қорабына салып қойдым да, шегірткеше шырылдаған шикілсары бастықсымағымызға: «Алтын осы ма?» – деп көрсеттім. Бұл ісімнің өз басыма қауіп боларын қайдан білейін?! Бас салып ұстап, қар суы мен қатырма нан беріп, тоғыз тәулікке жападан жалғыз қамап тастады. Айтатындары: «Халық жауы болмасаң алтынды қолмен ұстайсың ба?». Одан да басқа жексұрын сұрақтарынан әрең босап, аман шықтым-ау қамақтан. Құрғақ ауа, таза суға үйренген тау баласымыз ғой, ондағы ауа райы жақпады ма, әлде жер астының сызы өтті ме, өне бойым ісіп, көп ауырдым...
   Осылайша он жыл жер астында жұмыс істеген соң бес жыл Магадан қаласынан Колыма өзенімен Усть-Таскан қаласына тұтыну тауарларын жеткізуші экспедитор болып істейді. Тағылған айыбынан ақталған соң көп жыл Текес, Жамбыл ауылдық кеңестерінің төрағасы болып жұмыс істеген Әбілқасым Ақымжановпен ит арқасы қиянда табысып, өмірлік жары болған шешеміз Айман Қайырғалиқызы да жабылған жаланың салдарынан айдау азабын бастан кешіріп, Сібірдің ызғырық аязын көрген жан.
   Әбілқасымның туысы болып келетін Таубалды Шәңгерейұлының әкесінің ағасы Әскерей Тасыбаев та сауатты, білімді азамат еді. Аудандық оқу бөлімінде істеген ол 1938 жылы Қақпақ ауылындағы «Яковлев» колхозының төрағасы болып жүргенінде «Халық жауы» ретінде ұсталып кетеді. «Замана зардабы» повесінде Жаркент уездік партия комитетінің қысымы салдарынан Құсық руынан шыққан Мергенбай батырға: «Партияның қазіргі жүргізіп жатқан коллективтендіру саясатына қарсылық білдіріп, теріс үгіт жүргізуші, бандылық әрекетті ұйымдастырушы» деген жала жабылғаны айтылады. Сондай-ақ, «Текес бойындағы албандарды түгелдей көшіріп, Қытайға қашуға бел байлап жүр» деген түрлі өсек-аяң таратылады.
   Нарынқол комендатурасының бастығы Шальдин бір кезде Мергенбайды сенімді адам ретінде пайдаланып, өз аты-жөнін жазып, бесатар мылтығын сыйлағаны бар еді. Соған сеніп, малданып жүрген Мергенбай жазықсыздан жазықсыз, әртүрлі өсек-аяң сөзге бола ұстатпақ болған комендатура бастығының қылығына ыза болып, шекара асып кетуге бекінеді. Өйткені, кеңес билігі жалғыз Мергенбай ғана емес, Текес бойындағы ауылдардың бас көтерер азаматтарын түгел қамамақ болған. Ақырында ер етігімен қан кешкен, ат ауыздығымен су ішкен кезеңде әкімшіл де әміршіл, солақай саясаттан жазықсыз жапа шеккен Мергенбай батыр Көкбел жайлауындағы халықты түгел көтеріп, үркіншілікке түскен Текес бойындағы елдің бірсыпырасын Асутөр арқылы Қытайға өткізіп кетеді. Сондай қилы-қилы кезеңді басынан өткізген Әбілқасым Ақымжанов 1931–1932 жылдары үркіншілікке жол бермеу үшін батыл күрес жүргізеді.
   Большевиктер билігіне бағынған шолақ белсенділердің «байлар табы, кедей табы» деп елді іріткен өрескел істерінің салдарынан Әбілқасым Ақымжановтың жақын ағайыны Сымайыл Баспақұлы мен кейіннен соғыс және еңбек ардагері атанған Берікбай Есқожаев қуғын көреді. 1938 жылы маусымда райком бюросына шақырылған Берікбай ақсақалды «Жандосовпен бірге жұмыс істегенсің, құйыршығысың» деп партиядан шығарады. Партия бюросынан кейін прокуратураның жарлығымен Сарыжаздың комендатурасына қамалады. Онымен бірге «халық жауы» ретінде «Жамбыл» колхозының төрағасы Ешен Мұжықов, Жамбыл ауылдық кеңесінің төрағасы Битман Анарбеков, «Нарынқол» колхозының төрағасы Анан деген кісі, Жақып Тастандиев және тағы басқа адамдар қамауға алынады. Түрмеде Басаров, Сүлейменов деген тергеушілер тамақ бермей, аштан қатырады, ұйықтатпай азаптап: «Атып тастаймын, шыныңды айт! Жандосовтың кезінде қызмет еттің, нендей тапсырма берді? Орындадың ба? Халыққа қандай жаулық істедің, зиян келтірдің бе?» – деген сұрақпен тергеуге алады. Сарыжаз комендатурасында 6 ай бойы «Жандосовтың істеген жаулықтары, зиянды әрекеттері» туралы тергелген Берікбай Есқожаев ақырында Жаркент түрмесіне жеткізіледі. Ондағы түрмеде Еңсебай Таңқиев, мектеп директоры Жүнісбек Құлмұханбетовпен бірге отырады. Жаркентте 6 ай жатқан соң Алматыдағы НКВД түрмесіне 1941 жылдың мамыр айына дейін қамалып, азап шегеді.
   Сол нәубет жылдары Текес селолық округі бойынша көптеген адамға жазықсыз жала жабылып, қуғын-сүргінге ұшырайды. Олардың қатарында «Биыл бидай жақсы өсіп тұр екен» деп бір тал бидайды масағынан үзіп, алақанына салып, уқалағаны үшін: «Халық жауысың, елге жаның ашымайды, өсіп тұрған бидайды бүлдірдің»  деп атқамінерлер соттатып жіберген Көкей Қанғожаев, 1938 жылдың  аяғында бригадир болып жүргенінде шолақ белсенділер: «Соқаны дұрыс жасамадың, халық жауысың!» деген кінәмен соттатқан Қыдық Алимжанов сынды бейкүнә азаматтар мен айдаудан ақталып оралған Еңсебай Таңқиев секілді жандарды атауға болады. Айдаудан оралмағандардың қатарында Мейірбай Шорманов, Әбдіхалық Хамитов, Мейірбай Жаманқұлов, Нұрғали Мерекеев, Солтанбек Шамбылов, Таңатар Нұртеков, Айтбай Несіпбеков сияқты жазықсыз қуғын көргендер бар.
   Айдаудан оралмағандар туралы Текес тұрғыны Кемелжан Ыбырайымұлы 1998 жылы «Тіршілік» газетіне «Арманда кеткен боздақтар» атты мақала жариялады. Онда 1932-1937 жылдары «халық жауы» атанып, арманда кеткен Айтбай Несіпбекұлы, Бағысбай Жайлаубайұлы, Мамытбай Құйқабайұлы, Мұхаметжан Байғұлақұлы, Манап Жылангөзұлы туралы айтылады. Олардың бәріне тағылған айып негізсіз еді. Олардың бірі – жұмысын адал атқарғаны, екіншісі – ашаршылыққа ұрынған елге жаны ашығаны, үшіншісі – мыңғырған малын елге таратқаны, төртіншісі – ақыл-ойы, даналығы, білімі басым болғаны, бесіншісі – жұртқа жағымды, елге сүйкімді істер істегені, алтыншысы – қиналғанға қол ұшын созғаны үшін қамалып, түрмеден тірі қайтпаған. Сондай жанның бірі – ауылшаруашылық қызметкері Инаш Шорманов еді. 1916 жылғы Қарқара көтерілісі көсемдерінің бірінің ұлы болғаны үшін жапа шеккен азамат. Оның әкесі Қазыбек Шорманов жөніндегі деректі Қазақстан Орталық Мемлекеттік архивінен табуға болады. Онда қайсар мінезді азаматтың түрмедегі тергеу мен азаптауға шыдамай бір орайы келгенде озбыр тергеушіні орындықпен қақ шекеден қонжитқаны айтылады. Сол әрекеті үшін туған-туысы мал-жанынан айырылып, айдау мен абақтыда жапа шегеді. 30-жылдардағы асыра сілтеу әрекеттеріне қарсы тұрғаны үшін Инаш Шормановтың үстінен бір ауылдасы: «Иә, албан-суанды Қытайға кетуге үгіттеп жүр!»  деген жала жабады. Бір күні ОГПУ өкілі түн жамылып келіп, «тұтқындалдың» деп әкетеді. Сол кеткеннен жалған айып арқалаған Инаш Шорманов Қарағанды лагерінен бір-ақ шығады.
   1986 жылы Геннадий Колбин ала келген ойран-топыр кезінде «жағынып қалайын» деп құтырынған жандайшаптар өз ішімізден шықты. Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Меңдібаев бір жарым жылдың ішінде обком номенклатурасындағы 589 басшы қызметкерді жұмыстан нақақ босатқан. Олардың қатарында 9 аупартком хатшысы, 10 бөлім меңгерушісі,        7 ауатком төрағасы бар.  Жерлесіміз Инаш Шормановтың ұлы Марат Шорманов сол кезде Алматы қалалық партия комитетінің екінші хатшысы еді. Орталық Комитеттің пленумында алдымен Меңдібаевтың, кейіннен Колбиннің атына сын айтқан Марат Шорманов  партиялық қызметтен біржола аластатылды.
   Шалғайдағы ауылдан шығып, кеңестік кезеңнің қысымын көрген жандардың тағдыры осылай өрбіді.

Алтай БАЙБОСЫНОВ,
тарихшы, зейнеткер-ұстаз
Текес ауылы,
Райымбек ауданы