Театр – өнердің падишасы

Уақыты: 23.12.2024
Оқылды: 1588
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің «Zhansugurov College» шаңырағында облыстық Бикен Римова атындағы  драма театры актерлерімен «Театр өнері, өнердің падишасы» атты кездесу кеші өтті.

Кешті ұйымдастырудың басты мақсаты театр мәдениетінің дамуы мен әйгілі өнер адамдарының шығармашылығы және олардың еңбек жолында кездескен сан түрлі белестері мен сахна өнерінің қыр-сыры жайлы білімгерлермен ой бөлісу еді. Шара жеткіншектерді өнер мен шығармашылыққа баулу үшін театр мен колледж ұжымын етене жақындастыру бағытында колледж директоры Бақытжан Ескендіровтің бастамасымен ұйымдастырылды. Білім ордасына театр өнерінде өзіндік орны бар аға буын актерлер мен киелі сахнада үлкен өнерге жаңа қадам басқан бір топ жас шақырылды.

Өнер ұжымын танымал театр және кино актері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Еңлік Гүл» сыйлығы мен «Махамбет» атындағы сыйлықтың лауреаты, Талдықорған қаласы мен Ескелді ауданының «Құрметті азаматы», театр директорының  кеңесшісі Сағындық  Жұмаділ бастап келді. «ҚР Мәдениет саласының үздігі» Роза Қапашева, театрдың жас талантты актерлері Даулет Қанат, Мейіржан Нұров, Аслан Жапарқұлов, Ариза Асқарова, Елшат Маметеков сынды қыз-жігіттер өз өмірі мен өнері туралы қызықты әңгімелерін айтып, арасында өнер көрсетті. Кездесу барысында Сағындық Айтмұхаметұлы білімгерлердің қойған сауалыына жауап беріп, кино мен театрдың айырмашылығы, олардың арасындағы шығармашылық сырларымен бөлісті. Студенттердің өз болашағына бейқам қарамауға, үздік оқып, өнер, ғылымға ықыласты болуға шақырды.

Талантты актриса Роза Қапашева кітап оқуға көбірек көңіл бөлу керек екенін айта келіп, әсем даусымен әйгілі «Гәкку» әнін орындап, кешті одан бетер жандандыра түсті.  Ариза Асқарова мен Аслан Жапарқұлов ән салып, Елшат Маметеков өлең оқып, кеш көрігін қыздырды. Дәулет Қанат пен Мейіржан Нұров бастан кешкен қызықты сәттерін (сахналық импровизацияларын) айтып, аудиторияны күлкіге қарық қылды. Өнерлі жастардың әңгімесінен қанаттанған шәкірттер де өз кезегінде қарап қалмады. 302 топ білімгері Серік Ескендір домбырада Құрманғазының «Балбырауын»  күйін орындап қошеметке бөленді. Бірінші курс 105 топ білімгерлері Толғанай Қайратқызы мен Балауса Темірхан «Барайықшы театрға» атты интермедия орындап, театр актерларын өнерлерімен  қуантып тастады. Міне, осындай бір-біріне жылылық пен сыйластық сыйлаған, сырға толы кездесуіміз жоғарғы деңгейде өтті. Кездесу кешіне қатысып, өз ойларын айтқан ұстаздарымыздың жүрек жарды сөздері бұған дәлел болды.

Сөз соңында колледж директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Сәлима Бекентайқызы қонақтарға рухани шабыт бергені үшін ризашылығын білдіріп, алғыс айтты. Қонақтарымыз да алған әсерлерімен бөлісіп, кездесуді ұйымдастырушы «Zhansugurov College» ұжымымен болашақта шығармашылық қатынастарын жалғастырамыз деген сеніммен кетті.

С. Жұмаділова, 
І.  Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің
«Zhansugurov College» психология пәнінің  оқытушысы