Қиял Тажиева: "Мен не көрдім өмірден"

Уақыты: 07.01.2025
Оқылды: 537
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы». Қырғыздың танымал ақын қызы Қиял Тажиева ойлы да, отты жырларымен  көпке таныс. Бұл жолы қаламгердің қолымызға түскен «Мен не көрдім өмірден» атты жан тебірентер өлеңін оқырман назарына ұсынып отырмыз. Өлеңді қазақ тіліне аударған қарымды қаламгер халықаралық «Шабыт» фестивалінің иегері, «Алаш және рух» жыр мүшәйрасының жүлдегері Саят Қамшыгер.

Мен не көрдім өмірден

Мақсатыма шыңға қанат қақтырсам,
Өмірімде көңілдерді шат қылсам.
Кімге қанша жетер екен, білмеймін,
Жиғанымды барша жанға лақтырсам.

Кімді ойлантып, іштерінен жалынтып,
Мен кімдерді қойдым екен сағынтып.
Кешірімді жеткізші деп сұрасам,
Күннің нұры қояр мұңнан арылтып.

Кімді сүйдім, кімге сезім тарады,
Кімнің мен деп жорғалады қаламы?
Тілейтінім жанды елітсін мейірім,
Күн нұрының сүйгеніндей даланы.

Жылаттым ба? Мен үшін кім сыздады?
Кімге тиді ашуымның мұздары?
Ешкімді де үсітпесін мендегі,
Жанды аямас қатал қыстың ызғары.

Кешіріңдер, түрлі-түсті гүлдерім,
Сендер менен не таптыңдар, білмедім.
Мен сендердей әр жаз сайын ашылып,
Көздің жауын алып талай гүлдедім.