Киелі Күреңбел, Берекелі Балқаш

Уақыты: 07.06.2018
Оқылды: 1432
Бөлім: РУХАНИЯТ

Құстың қос қанатындай болған, бір серіктестікте қызмет істейтін екі басылымның 100 жылдығына орай әр ауданда, ауылдарда әртүрлі шаралар ұйымдастырылып, оқырмандармен жүздесулер өткізіліп жатыр. «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым мен «Огни Алатау» газетінің бөлім меңгерушісі Жанар Мықтыбаева Кербұлақ және Балқаш аудандарының орталығында оқырмандармен ұйымдастырылған арнайы кездесуге қатысып, газет тарихы мен қазіргі жағдайы төңірегінде сөз қозғады.

САҒЫНЫП КЕЛДІК, САРЫӨЗЕК 
Екі күнге жоспарланған кездесуіміз бірінші Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзектен басталды. Қырат-қырат таулардан, жоталардан асып оқырманмен өтетін жүздесуге жақындаған сайын көңіл шіркіннің де толқып, кеуде тұсқа ерекше сезімнің ұялағаны бар. Сарыөзектің төбесі көрінгенде осынау аядай ғана аудан орталығын сағынғанымыз білінді. Біздің сағыныш оқырмандардың сарыла күткенімен ұласып, шағын ғана кешіміз үлкен дүбірлі тойдан алатын әсерді сыйлады. Әуелі аудан тізгінін ұстағанына апта толмаған жаңа әкім Махаббат Бигелдиевтің жеке қабылдауында болдық. Газет туралы ойын айтты, ыстық ықыласын білдірді. 
– Менің газетке деген, бұқаралық ақпарат құралдарына деген көзқарасым ерекше, махаббатым ыстық. Өйткені, журналистиканың ыстығы мен суығын, жауыны мен дауылын кезінде әкем көрді. Ал әке деген кез келген балаға үлгі, сыншы, – деп сөзін өрбіте бергенде Нүсіпбай Додабайұлы әкесімен кезінде Күрті ауданындағы жергілікті газетте бірге істегенін тілге тиек етіп, бірқатар естеліктер айтылды. 
– Қос газетті ғасыр толған мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Маусымның аяғында болатын мерекелеріңіз жыл бойына жалғаса берсін, – деп сөзін түйіндеді әкім. Әкімі газетін ұлықтаса, ұмытпаса, демек, әкенің бойға біткен қаны, дарыған дарыны деп білеміз.    
Негізгі кездесу аудандық кітапхананың оқу залында өтті. Оқырман қатары көп. Сөз басын Нүсіпбай Әбдірахым «Шежіреге толы, тарихқа бай жүз жыл ішінде «Жетісудың» басында әртүрлі жағдайлар орын алды. Ілияс Жансүгіров, Мағжан Жұмабаев сынды әдебиетте беделі бар, қолтаңбалары айқын қалған тұлғалар газет жұмысына атсалысты. Заман өзгергенде газет те түрленіп отырды, – деп бастап, жалпы тарихты айтып, тасада қалған тұстарын да сөз етті. – Кез келген жағдайда газетіміз өзінің жеке пікірін білдіріп, ойын айтуда именіп қалған емес. Оған тарихпен таразыласақ, 1986 жылғы көтеріліс дәлел. Сол тұста бас редактор болған Мамадияр Жақып қасқайып тұрған Қайраттардың суретін берді. Сол үшін қызметінен қуылып, аудандық газеттің қарапайым ғана корректоры болды. Бірақ тарих үшін қандай үлес қосты?, – деп тарих таразылаған біраз оқиғаларды тізбектеп шықты. Бүгінгі газеттің ұстанымын айтты, ғасыр толған басылымдағы әр айдардың ерекшеліктеріне тоқталды.  
Артынша сөз алған «Огни Алатау» газетінің қызметкері Жанар Жексенбекқызы газет туралы қысқа да нұсқа айтып өтті. Әр жылдары шыққан тарихи газеттің нөмірлерін оқырманға ұсынды, таныстырды.
   Кезектері келген оқырман ақ тілегін жаудырып, лебіздерін білдірді. Ауылдың дуалы ауыздары Төленді Сарыбаев, Азамат Ақылбеков сынды жандар қос газеттің мерейтойына арнап жылы лебіздерін айтты. Одан кейін «Кербұлақ жұлдызы» газетінің қызметкері Айнаш Қасенова сөз алып, екі басылымның баспасөздегі орнын, оның материал берудегі ерекшеліктеріне тоқталып, әріптестеріне сәттілік тіледі. 
– «Жетісу» газетінің тұрақты оқырманымыз. Газеттің әр санынан әртүрлі жаңалықтармен танысып, түрлі әдеби мақалаларды, талдауларды жібермей қадағалап отырамыз. Келешек үшін жасап жатқан еңбектеріңіз орасан зор, – деп сөз жалғады Дінмұхамед Қонаев атындағы мектептің бастауыш сынып мұғалімі Эльмира Кенебаева. Дәл осы пікірді құптап, басын тілекпен бастап, артынша газет ұжымына денсаулық саласы бойынша, балаларға арналған айдарлар жөнінде өзінің жеке ұсыныстарын айтқан №49 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Айгүл Орынбаева  «Балалар денсаулығына қатысты материалдар жиі жарық көріп тұрса», – деді.       
Кездесудің соңы осыған дейінгі аудандарда болған жиындағыдай көңілді нотада аяқталды. Қос басылымның қызметкері газеттің 100 жылдығына орай ұжым атынан тұрақты оқырманына қысқа толқынды пеш пен арнайы Алғыс хат табыстады. Мерейі үстем болған тілші Айнаш Қасенова, «Қазпочтаның» Кербұлақ ауданындағы филиалының бастығы Қуаныш Борманбеков, «Кербұлақ жұлдызы» газетінің бас редакторы Ләйлә Оңалбаева және Панфилов орта мектебінің оқушысы Батыр Кеңесбек сынды жандардың қуанышында шек жоқ.      

АРМЫСЫҢ, БАҚАНАСЫМ?!
Оқырманмен жүздесуде пікірін біліп, ойларын айтқан сайын күндегісінен үдете жұмыс істеп, ақ тілекпен ниетке кір шалдырмауға тырысасың. Алғашқы күні болған кездесу тынысымызды ашып, екінші жиынға сақадай сай болдық. Балқаш ауданының орталығы – Бақанас ауылы. Ауыл тұрғындары құшағын кеңінен ашып қарсы алды. Әуелі аудан әкімі Ғалым Тоқпейісов қарсы алып, мерейтойға орай Нүсіпбай Әбдірахымды құттықтап, шапан жауып, тілегін білдірді. – Біздің еңбегімізді көрсететін – ақпарат құралдары. Халықпен арадағы алтын көпір. Кездесу облысымыздың әр аудандарында өтіп жатыр. Бұл Жетісу жұртшылығы үшін үлкен қуаныш. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін серігі болған басылымның ұжымын шын жүректен құттықтаймын, – деді аудан әкімі.  
Кездесу аудандық кітапхананың оқу залында жалғасты. Сөз басы газеттің шыбық бейнесінен тамырын тереңге жайған мәуелі бәйтерек болғанына дейін өрбіді. – Бүгінде «Жетісу» газетінде бес Жазушылар одағының, он бес Журналистер одағының мүшесі және «Алтын қалам», «Алтын тобылғы» сынды республикада беделі бар байқаулардың жеңімпаздары қызмет істейді. Бірқатар жастарды қатарымызға қосып, сенім білдіріп отырмыз. Газетіміз де түрленіп, бағытын басқа арнаға бұрды, – деді Нүсіпбай Додабайұлы.  
Артынша сөзін жалғаған «Огни Алатау» газетінің қызметкері Жанар Мықтыбаева басылымның сонау «Заря Свободыдан» бастап, бертінгі атауына дейін кеңінен тоқталып, осыған дейін бас редакторлық қызмет істеген 42 бас редактордың  есімін атап, ерекшелігіне тоқталды. Оның ішінде бүгінде «Жетісу» газетінің бас редакторы, «Огни Алатаудың» тарихындағы тұңғыш қазақ редактор болған Әміре Әрін де бар.
Отырғандар сөз алды, ақ тілектерін ақтарды. Үлкендерден бастап, кішілерге дейін өздерінің жылы лебіздерін білдірді. Үміті асқақ, мақсаты биік оқушыларды көргенде «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым: – Біз алдымызға келген кез келген жасты қолдауға әзірміз. Шығармашылық байланыс орнатуға дайынбыз. Өздеріңіз жолдарыңыз түскенде біздің редакцияға келіп жағдайды көріп, болмаса әңгіме, өлеңдеріңізді қалдырып кетулеріңізге болады. Бүгінде әдебиетте өзіндік орны бар тұлғалардың тырнақалды туындылары біздің газетте жарық көрді, – деп жастарды кез келген сәтте, қандай жағдай болмасын қолдауға әзір екендігін жеткізді. Осы тұста оқырман арасында отырған ауыл тұрғыны Зәуреш Жұмағалиқызы жастар жөніндегі өзінің пікірін айтып, ұсыныс жасады. – Жалпы Жетісу жері ақындар мен жыраулар елі. Сөзге келгенде тосылып қалған күніміз жоқ. Бүгінде осы бір қасиетті өнерді ту етіп ұстап жүргендер баршылық. Алайда олқылықтары да жоқ емес. Осы орайда «Жетісу» газетінен ақындар бөлімі ашылып, осы өнерді үйретуді қолға алсаңыздар екен. Бізге мектеп қажет, – деді.
Оқырман кезекпе-кезек тұрып, тілектерін жаудырып, пікірілерін айтып жатты. Олардың арасында басына ақ тақиясын киген ауданның сыйлы азаматы, ақын Жеңіс Демеуқұлов та бар. – Ойбу, дәл қай жылдан бері «Жетісу» газетіне жазылып жүргенімді ұмыттым. Шамамен отыз жылдан астам уақыт осы газетпен бірге келе жатырмын. Арасы үзілген жоқ, – деді тұрақты оқырман. Артынша ғасыр толған басылымға өзінің өлеңін арнады.        
Біз дәстүрден жаңылған жоқпыз. «Өлке тынысы» ЖШС-нің Алғыс хаты мен тұрмыстық техникаларды белсенді оқырмандарымызға тарту еттік. Олардың арасында «Балқаш өңірі» газетінің бас редакторы Күмісбек Ербай, өлең арнап, тұрақты оқырман болып келе жатқан Жеңіс Демеуқұлов сынды жандар бар. 
Газет – халық барда бірге жасап, қанатын кеңге жайып, өркендей бермек. Қуанышты күндер көп болсын, оқырман!

Серік ҚАНТАЙ