Әбекеңнің айтқандары
Қазақтың танымал ақыны, марқұм Әбен Дәуренбектің жаратылысы қызық жан еді. Тұлабойы күлкі шақырып тұратын. «Әбекеңнің айтқандары» деген әжуа – мысқыл, бірқақпайлар ел арасына кеңінен тарады. «Мен айтамын, сен іліп алып халыққа таратасың. Тарихта қалуымның төте жолы осы шығар...» деуші еді, жарықтық...
« Өзім ұрсам да... »
Ақын ағамыз Әбенге вокзалдың алдында бір бұзақы тисе беріпті. Ызаға булығып тұрғанында өзі спортшы, өзі ақын інісі Жұматай келе қалмасы бар ма.
- Ей, бауырым - ей, мынау маған тисіп тұр… - деген ғой.
Сөзге келмеген Жүкең еңгезердей бұзақыны бір періп, қарсыдағы қоқырдың ішіне кіргізіп жіберсе керек. Былай шыға Әбекең:
- Жұматай - ей, ананы өзім ұрсамда құлатқандай екенмін…- депті.
« Сәбіз ексем... асқабақ шығады »
Бір жылдары саяжай салу үшін журналистерге жер берілді. Қуана қимылдап, алдымен жеміс отырғыза бастадық. Жаз ортасында Әбекең келіп:
- Мұндай да қызық болады екен. Картоптың орнына сарымсақ, қызғанақтың орнына қияр, сәбіздің орнына асқабақ өсіп тұр...- деп таңданды.
« Бұл қалай?... » деп барсақ, ақын ағамыз себілген тұқымның аты жазылған тақтайшаларын ауыстырып алыпты.
Тұрлыхан КӘРІМ
сатирик