КӨКЖИЕККЕ КӨЗ ТАСТАП...

Уақыты: 14.01.2025
Оқылды: 559
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ұлттық құндылықтың ақ қайнарындай болған ұлық өнер ішінде театрдың нарқы жоғары. Бесіктегі баласына бес күн жалғанда адам болуды асыл мұрат деп үйреткен елдің өскелең ұрпағы нені көріп, қандай ғибратты дүниемен жанар суарып жүр? Телефон төрге озған заманда театрға баратындардың қатары сирек десек, сол санаулы көрерменнің көңіл көкжиегін кеңейтер қандай туындылар сахналануда?

Балалар мен жастарға арналған заманауи қазақ драматургиясы жөнінде осындай сан сауал бар. Тіпті, көңіл көкжиегін зерлейтін қазақ ертегілері жеткілікті сахналанып жүр десек те, қайталанатын «Ұр тоқпақ», «Алтын сақа» секілді мыңжылдықтан тамыр тартқан дүниелер ғана. Жаңа бағыттағы ертегілер қойылмай не жазылмай келеді. Ал оның орнын шетелдік туындылар басуда. Бұған қайтпек керек?

«Қайтпек керек?», «Не істемек қажет?» деген сауалға жауап іздеген келелі кеңес өтті.

«Қазақстандық театрлардағы бүлдіршіндер мен жасөспірімдер аудиториясын дамыту, балалар мен жастарға арналған заманауи қазақ драматургиясын насихаттау» тақырыбында тұңғыш рет Талдықорған қаласынан бастау алған ел көлеміндегі директорлар кеңесі көп дүниенің мәнін ашып, мазмұнын айшықтағандай көрінді.

Алдымен сөз алған облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов Жетісу жеріне келген театр басшыларына меймандостық лебіз білдіріп, жұмақ мекенде атқарылып жатқан игілікті істерге тоқталды. Б. Римова атындағы драма театрында былтыр 5 премьера сахналанғанын да тілге тиек етті.

Режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Музыкалық жас көрермен театрының директоры, философия ғылымдарының докторы Асхат Маемиров ашып, жүргізіп отырған кеңесте тың дүниелер қозғалып, тосын ойлар айтылды.

Балалар мен жастарға арналған қазақ драматургиясын дамыту бағытындағы маңызды диалог алаңына айналған кеңесте

М. Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының директоры, Өнертану ғылымдарының кандидаты, ҚР театр директорлар кеңесінің төрағасы Еркін Жуасбек сөз сөйлесе, театр сыншысы, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясының профессоры, «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының меңгерушісі, Өнертану кандидаты Анар Еркебай «Қазақстандық театрлардағы бүлдіршіндер мен жасөспірімдер аудиториясын дамыту» тақырыбында пікір білдірді.

Ал М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының директоры Айболат Жәудір «ҚР Мемлекеттік сатып алу Заңындағы өзгерістер мен толықтырулар» тақырыбында баяндама жасады. Өз кезегінде «Ақмола облыстық орыс драма театры» директоры Бейбіт Бахтыгереев, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Мемлекеттік қуыршақ театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Жазира Ахметовалар баяндама жасап, ойларын ортаға салды.

Айта кетерлігі, театр саласының қазіргі жағдайын, өзекті мәселесін анықтап, оларды шешудің тиімді жолдарын қарастырған, жаңа идеялар мен бастамалар талқыланған кеңестегі өткір ой, орамды пікірді алдағы уақытта кеңеңінен насихаттайтын боламыз.

 

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ