Жәрмеңкеде шырқалған ән немесе қара базардағы қазақ өнері

Уақыты: 19.01.2025
Оқылды: 522
Бөлім: РУХАНИЯТ

Өнерде шегара болмайды, өлшем емес! Талант тақсырының тау-тау еңбегінің де лайықты бағаланар тұсы, межесі, салыстырып, саралар һәм салмақтар, өресі көңіл көкжиегінде қылаң беріп тұратыны бар. Біз соның бәрін аласартып алған не артық бағалаған қоғамда өмір сүріп жатқанымызды мойындасақ, екіншіміз қалыпты дүниедей көреміз. Мәселен, «сұрапыл», «теңдессіз» деп келетін теңеулерге назар аударыңыз. «Теңдессіз тұлға ғой, шіркін?» деп тебіренеміз, «Шығармасы сұрапыл» дейміз. Шынымен де солай ма? Жырына құлай берілген Пушкиннің де жазбай кеткен тақырыбы жеткілікті, Шәкәрімді оқып отырсаң соған көз жеткізесіз. Әйгілі Джек Лондонның шағын әңгімелерін романға ұластырған талант иелері бар. Сондықтан да өнердің өлшемі, белгілі бір өрісі бар.

Әлемдік әдебиет пен мәдениетке зер салсақ, бір ойыңызды бір ойыңыз терістейді. Моцарт, Гомер секілді екі арналы жолдағы тұлғалардың шығармашылығына қарап «теңдессіз тұлғалар осы емес пе?» деп ойланып қаласың. Бірақ адамзаттың құтты құрсағынан оларға теңесер тұлға туары сөзсіз. Сондықтан да «теңдессіз» сөзін асылыққа жоримыз. Ал «сұрапыл» деген сол талант тақсырларының шығармасынан қашқақтаған адамдар да бар. Мәселен: «Сонау Гомер заманындағы боямалардан бас тарту керек», – деп Ж. Верн айтпап па еді? Айтты. Өйткені архаизмге айналған сөздері, байырғылардың тұрмыс-салтынан мысал келтіретін жырлары жаңа буынның өмір сүру үрдісіне келмейтінін, сөз жасанғанын, тіл жаңарғанын Жюль Верн анық аңғарған. Сондықтан да өз ұлтының ұлы тұлғасы сызып берген сүрдекті жаңа даңғылға айналдыруды ұсынып отыр.

Осы тақылеттес мысалдарды келтірсек, қазақтың да бүгінгі үрдісіндегі олқылықтарды санамалап шығуға болады. Бәрін айтпай, біріне ғана тоқталайық. 

Күз береке айы ғой. Өрістегі малын, егістегі дәнін, бақшадағы жемісін молынан алған диқан-шаруалар қара базарды қайнататын сәт. Осы кезде ауыл, ауданның шаруалары облыс орталығына, одан асып Астана мен Алматыға  ағылып, дәстүрлі ауылшаруашылығы жәрмеңкесін өткізеді. Сөз басындағы рухани әлемге ауыл шаруасының не қатысы бар дерсіз? Көзімізбен көріп, көңілімізге түйгенді айтайық. Өзімізде өтетін жәрмеңкеден бастайын ойталқыны.  

Облыс деп олқысынбасаңыз елімізге танымал әншілер арнайы құрылған сахнада өнер көрсетіп жатады. Әр аудан да өз өнерпаздарын үкілеп әкелетіні тағы бар. Бірақ сол өнер иелеріне ықыласы ауып, ән әуезі көңілін тербесе де базардағы жұрттың тезірек аларын алып, үйіне қайтқысы келетіні сырттай қарасаңыз байқалып-ақ тұрады. Бірен-саран көрермен құлақтан кірген әннің бойды алар буы мен құдіретіне елтігендей көрінгенімен, оның бәрі сүйсінер сәтті бастан ұзақ өткергісі келмегенін тағы аңдадық. Сәл аялдайды да саудасымен жөней береді. Әсем ән ауасіңді хәлде әуеге тарап жатты...

Күнтізбенің ауысқанына көп бола қойған жоқ қой, сондықтан өткен жылы деп алыстатпай-ақ қояйын, бірер айдың алдында Астанада өткен жәрмеңкедегі көрініс те көңілге көлеңке түсірген. Әдеттегідей әлеуметтік желіні парақтап отырғанда базар ортасына қойылған сахнада ән айтып тұрған адамды алыстан танымасақ та, естіп жүрген әуезді үні бірден елең еткізді. Зер салып қарасам, Талдықорған төрінде сан мәрте әнін тыңдап, өнеріне тәнті қылған, қазіргі таңда Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармониясының әншісі Кенжекей Ақжолова әпкеміз. Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлегі жарасып, «Ағайын-туған армысың, төрт көзің түгел бармысың» деп шырқай жөнелген жезтаңдай әншіні еліте тыңдап тұрған бір «ағайын» болсашы. Тек қалыңдау киініп, ары-бері өтіп жатқан тұрғындарға қарап, күздің өңменнен өтетін қара суығы ұрып тұрғанын байқадық. Видеоға түсіріп тұрған жігіттің: «Кенжекей Ақжолова дейді. Біздің ауылдағы Әбіл ағаның қызы емес пе?» деп танып, өнеріне тәнті болғаны ғана сәл көңіл жұбатты. Мұндай көрініс сондай жәрмеңкеге алма-кезек келетін барлық әр облыстағы өнер иелеріне ортақ екені рас. Оның ішінде біздің жетісулық жезтаңдайлар да бар.  

«Неге бұлай?» дедік іштей. «Не үшін қара базары қызып, ел ықыласы тек саудаға ауған жерде ұлық өнеріміздің ұлтарақ астында қалғандай күйде бір бұрыштан жаңғырығып тұр?» деп томсардық. Санаға түскен қорғасын ой амалсыз қолға қалам ұстатты. «Бәлкім қазақтың рухы тек концерттік залда оянып, өнері сахнада ғана шырқалмауы керек шығар? Өнердің өрісі осындай жерлерден бастап кеңеюі қажет пе?» деп тағы да өзімізге-өзіміз сауал тастадық.

Жоқ, сөйтсек көңіл сенген, көз көрген нәрседен артық ақиқат жоқ екен. Әншілердің әуезді әніне мойын бұрып та қарамаған қара базарда қазақтың ғажайып өнері насихатталмауы керек! Біздің майталмандар ел үшін әнін арнап жатыр деп ойланбаған көпшіліктің алдында көкжиегіміздің кеңдігін көрсетер туындылар орындалмағаны жөн. Өйткені оны елейтін адам жоқ. Бәрі де қара базардағы нарықтан сәл төмен дүниені үйіне тасып алуды басты мақсат еткен. Біріне де әсем ән қажет емес жерде өңешті керіп, көмейден ән күпсектетудің мәнісі жоқтығын қос жанармен аңдағаннан артық ақиқатты таппадық.

Сол ақиқатты қуалай келе жетісулық өнерпаздардың біразын сөзге тартып, «Жәрмеңкеде яки кейбір мәні жоқ шараларда ән айтылып, күй күмбірлетудің қаншалықты маңызы бар? Соған қуана келісесіздер ме?» деген сауал тастадық. Атын атап, түсін түстемесек те өнерпаздардың көбі наразы екенін білдіргенмен, кейбірі ғана жәрмеңкеде де тыңдар адамдар барын айтып, немкетті пікір білдірді. 

Хош, уағыздың да айтылар орны, дін насихатының да шартқа толар-толмас жері бар. Сол секілді қазақ өнерінің де насихатталар орны, шырқалар тұсы бар емес пе?! Бұл орайда кешегі ғасырдың басындағы бір ғана «Қарқара» жәрмеңкесін алға тартып, онда да ұлық өнер насихатталған дейтіндер табылып қалар. Оған да бір тоқтала кетейік.

Рас, өткен ғасырдағы атақты жәрмеңкеде қазақтың ұлылары төбе көрсетті. Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіровтер жыр төккен, рухани мәйекті әңгіме айтып, белгілі өнер қайраткерлері Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Қаныбек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбеков, Зәуре Атабаева, Мәжит Дәулетбаев сынды көптеген майталман саңлақтар өнер көрсетіп, ән мен жыр төгілткен «Қарқараның» бүгінгі қара базар жәрмеңкесінен рухани маңызы, мазмұны да ерек һәм биік емес пе еді? Екі айға созылған ұлы жәрмеңкеге дала қазақтарына айырбасқа Ресейге қарасты Тобыл, Том, Қазан қалаларынан, Орта Азиялық Бұқар, Ташкент қалаларынан халықтық тұтыну тауарлары әкелініп, сауда кең дамыған. Сол тұста қазақтың ұлы халық екенін паш ететін өнердің отауы тігілді, ұлы мұралары насихатталды. Ұлттық идеологияның ұйытқысы болған қазақтың марғасқалары тектілерді сұрыптап, әннен, жырдан, айтыс пен ұлттық ойындардан ұлы деп түйгенін көрсетіп, қазақтың рухын жаныды. Ал сол атақты жәрмеңкеде өнердің өзі қара базарда емес, сауда саттық бітіп, айырбас тамам болғанда, саудагерлер мен көпестер, тұлғалар дүниелік ісін тамамдағанда барып ұлы өнерге тояттап, жатып алып алты Алаштың ар­дақты өнерін тамашалағанын М. Әуе­­зов­тің «Қилы заманынан» оқуға не­гіз бар.

Осылайша салыстыра келгенде кешегі мен бүгінгінің парқы өзінен-өзі-ақ көзге ұрады. Бүгінгідей елдің ұсақ-түйек, азық-түлік үшін барған қара базары мен, Қарқара жайлауының төсінде өткен жәрмеңкенің арасында шың мен шыңыраудай қашықтық жатыр. Өнер отауы тігілгені, тұлғалардың ән мен жырды аспандатқаны да екі түрлі көрініс емес пе? Біреуі байтақ елге келген жұртқа елдің асыл нәсілін танытса, екіншісі өнерпаздарын бір күнгі дүрмек үшін дүрліктіріп әкеліп, «ал шырқа» дегендей әсер қалдырады.

Толғана келе даналардың ділмар жырын кеудесіне қондырып, елдің қасиетті күйін шанақтан түлеткен бүгінгі өнерпаздарды жөнді-жөнсіз жерге жұмсап жатқан жоқпыз ба? Қасиетті сахна мен қара базардың парқы бірдей ме? Осы тақылеттес сан сауал миды қармайтынын жасыра алмаймыз. Біздің пайымша, қазақтың өнерін арзан жерде ел назарына ұсыну түбірімен қате деп ойлаймыз. Ал оған облыстағы мәдениетке тұтқа жандар қарсы уәж айтса, оны да ой талқысына салып көрер едік.

Шындығына келгенде жоғарыда айтылған теңеулерді орынды-орынсыз қолдануды бекер тілге тиек етпедік. Біз сұрыптаудан «сұрапыл» деп өткізген ұлы шығармаларды жас ұрпаққа оқытудың жолын таппай жатқан уақытқа тұспа-тұс келген буынбыз. Ал соны қалыпты дүниедей көретін қайраткерлерді де бүгіннен табуға болады. Сол секілді «өнер майталмандары» деп өңешімізді жырта жаздап мақтаған дара дарындарымызды қарадүрсін оймен қадірлеп, құрметсіз орында ән айтуға мәжбүрлеу қаншалықты ұтымды шешім, қаншалықты дұрыс дүние екен, ә?! Әлде «теңдессіз тұлға» дегенге үйреніп кеткен ауыздың әдетіне басып, дәстүрлі өнердің шырағын маздатқан адамдарды қара базарда ән шырқату «қасірет» деп үдетейік пе?! Сауал көп, санаға түскен салмақ та ауыр...

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Фото: gov.kz