«Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы» ММ «Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры» МКҚК-ның тарихы.
Кеңес өнеріндегі энтузиазмның айқын бір көрінісі - 1975 жылы Талдықорған облыстық драма театрының ашылуы. Жетекші ұстаз, Қазақ КСР Халық артисі, белгілі өнер майталманы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шолпан Жандарбекова мен Татьяна Қасымқызы Наурызбаевадан тәлім алған бір топ жас актерлер Талдықорған облыстық драма театрына жұмыс жасауға сол кездегі мәдениет министрі Мүсілім Базарбаевтың жолдамасымен келген.
Атап айтқанда, Құрманғазы атындағы мемлекеттік Алматы консерваториясының түлектері: Тілек Әбжалиев, Алмахан Кенжебекова, Кендебай Темірбайұлы, Жанат Чайкина, Жібек Лебаева, Әлімбек Оразбеков, Алма Бастемиева, Азат Базаркелді, Тілеген Ахметов, Асан Исаев, Аман Қожабеков, Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек, Дүйсен Мұсабеков, Шәмшия Балтаева. Сонымен қатар, театрға қосымша Рәбиға Мұқаевадан, Хадиша Бөкеевадан, Асқар Тоқпановтан бітірген шәкірттер: Өмірсерік Қалиев, Гүлжан Шәкірова, Мұқан Шәкіров, Мәдениет министрлігінің жолдамасымен Қарағанды облыстық Сәкен Сейфуллин атындағы драма театрынан Серік Нұрхалық, Семей облыстық, Абай атындағы драма театрынан Әлихан Ыдрышева, Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры студиясын бітірген Нұрлан Әлбосынов, Қарлығаш Исаева, Ысқақ Дәуітов Талдықорған драма театрының ашылуын естіп келіп жатты. Сол сияқты, 1976 жылы Асқар Тоқпановтың курсын бітіріп Талғат Теменов, Мұсақожа Әжібеков және солармен бірге Академиялық театрдың екі жылдық студиясын бітірген Баршагүл Қасымова, Мәкен Нұрмұханбетова, Айнагүл Малдыбаева, Күнтай Баймұқанова, 1977 жылы Хадиша Бөкееваның курсын тәмәмдаған Сағат Жылкелдиев, Секербек Жабықбаев, Рубикжан Яхин, 1978 жылы Қуат Жарханбаев сынды артистерімен толықтырылып, Талдықорған облыстық драма театрының негізін қаланып, көпшілігі күні бүгінге дейін қызмет атқаруда.
Театрдың директоры болып Қалмахан Бейсенбиев келді. Жас театрға, жастарға ақыл кеңесін беріп, өздерінің іс-тәжірибесін үйрету үшін, театрдың бас әкімі болып – Қазақ КСР Еңбегі сіңген Мәдениет қызметкері, Ақсу халық театрын құрған Назарбек Әмірғалиев шақырылды. Театрдың бас режиссері болып Республикадағы театр өнерінің дамуына елеулі еңбек сіңірген, тәжірибелі ұстаз Мұхтар Қамбаров, Республикадағы тұсауы жаңа кесілген, Талдықорған облыстық драма театрының кезекші режиссері Сәулебек Асылханов, режиссердің көмекшісі болып Қазақ КСР Еңбегі сіңген Мәдениет қызметкері Дәмен Шәймерденова келді.
Талдықорған облыстық Атқару комитетінің № 202. 27 мамыр 15 жылғы Шешіміне сәйкес осы жылдың 4 қарашасы күні Талдықорған драма театры алғаш өз шымылдығын Ғабит Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» трагедиялық спекталімен ашты.
Талдықорған облыстық драма театры, көрермендерін риза еткен көптеген қойылымдарды сахнаға шығарды. Олардың қатарында жергілікті жазушылардың ғана емес, қазақ классиктері мен шетел классиктерінің де шығармалары бар. Мұхтар Әуезовтың «Абай», «Еңлік-Кебек», «Қаракөз», Ғабит Мүсіреповтың «Ақан сері -Ақтоты», «Ұлпан», Жүсіпбек Аймауытов пен Бейімбет Майлиннің «Аласапыран», Антон Чеховтың «Ваня ағай», Карло Гольдонидің «Екі қожаға бір қызметші», Ілияс Жансүгіровтың «Исатай - Махамбет», Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер – Ана», «Жәмилә», Фридрих Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат» сияқты осы театр актерлары сахнаға шығарған туындылар көрермендерден де, театр сыншыларынан да кезінде лайықты бағаларын алды. Алматы облысында Бикен Римова атындағы драма театрынан басқа мұндай өнер ошағы жоқ. Біреу де болса бірегей. Республикалық бәйгелерде ылғи алдыңғы лектен көрінеді.
Қазақстан Республикасының Премьер Министрі Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 31 тамыздағы № 1325 қаулысының 1-қосымшасына сәйкес Талдықорған қаласындағы Алматы облыстық драма театрына Қазақстан Респуликасының Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қырғыз Респуликасының өнеріне еңбегі сіңген қайраткері Бикен Римованың есімін берді.
Талдықорған театры түрлі кезеңдерде республикада ғана емес, тіпті шет елдерде өткен театр фестивальдері мен байқауларына белсене қатысып, талай рет жеңіске қол жеткізді. Талдықорған театры қазақ халқының сонау көне заманнан бүгінгі күнге дейінгі тарихын жүйелі түрде көрсетіп келе жатқан республикамыздағы бірден – бір ұлттық патриоттық театр. Театр репертуарын тақырыптық және жанрлық жағынан жылдан-жылға жаңартып келеді.
Өңірдің экономикалық және демографиялық дамуына байланысты театрды кеңейту және көрермен санын көбейту қажет болды. Осы тұрғыда жаңа театр ғимаратын салу туралы қажеттілік туындады.
2018 жылы 30 қазанда ІІ Халықаралық Орталық Азия театрлары фестивалінің және театрдың жаңа ғимаратының бірлескен ашылуы өтті.
Бұл театрдың шаңырағы астында күні кеше ғана дүниеден өткен Қазақстан Республикасының Халық артистері: Алтын Ружева, Бәйтен Омаров, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген артистері: Сағымбек Рақышев, Тілек Әбжәлиев, Оразғали Әбділманов, , Өмірсерік Қалиев, Азат Базаркелді, Сағат Жылкелдиев, Қазақ Кеңес Социалистік Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкерлері Назарбек Әмірғалиев пен Дәмен Шәймерденова, Асан Исаев, Құдайберген Әлдібеков, Нұрлан Әлбосынов, Айнагүл Малдыбаева, Рубик Яхин, режиссер Қайрат Сүгірбеков сынды сахна саңлақтары және театр суретшілері: Қанат Сәттімбеков, Сұңғат Үмекенов, әдебиет бөлімінің меңгерушілері: Тәкен Әліпбаев, Үсен Өмірзақов, жарық берушілері: Қасым Тұрсанов, Бибігүл Байжиенова, театр қызметкерлері: Валентина Ибрагимова, Әуелхан Зейнелғапов, Бейбіт Исабаев, Гүлбаһрам Карбозова, театр директоры Базарбек Тезекбеаев секілді майталман өнер иелерінің ізі қалған.
Қазақстан мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Халық артисі, профессор Талғат Теменов, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген артистері мен өнер қайраткерлері Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының режиссерлары Әлімбек Оразбеков, Астана қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық драма театрының режиссері Болат Ұзақов, актриса Жанат Чайкина, режиссер-педагог Сәулебек Асылханов, Дүйсен Мұсабеков, Секербек Жабықбаев, Жетісай қазақ драма театрының режиссері Тілеген Ахметов, «Қазақфильм» киностудиясының актеры Алдабек Шалбаев, Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушылары режиссер Мұрат Ахманов, Хазима Нұғманова, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген артистері Жібек Лебаева мен Сағат Жылкелдиев, Орал театрының актрисасы Гүлжиян Шынтемір, музыка режисссері Қарлығаш Исаева, Алма Бастемива
сынды азаматтардың осы Талдықорған театрынан шеберлігін шыңдап, түлеп ұшқанын айта өту қажет. Бұдан басқа да еліміздің өнер шаңырақтарында еңбек етіп жүрген азаматтарымыз қаншама. Бикен Римова атындағы облыстық драма театры республикалық театрлар байқауында үнемі жүлделі орындардан көрініп келеді. Өз өнерін шет елдерге де көрсетіп, абыроймен оралып жүрген ұжымының жетістіктерін айта берсең жеткілікті.
Бүгінгі күні театрымыздың ашушылары алдыңғы аға буын артистеріміз: Қазақстанның Халық артисі Алмахан Кенжебекова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Кендебай Темірбайұлы, Серік Нұрхалық, Әлихан Ыдрышева, Аман Қожабеков, Ғалия Темербаева, Мәкен Нұрмұхамбетова.
Сахнада әріптес болып, өздерін шығармашылық жолда шыңдап келе жатқан орта буын артистеріміз Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткерлері, Мәдениет саласының үздіктері Сағындық Жұмаділ, Базарбек Тоқымтаев, Сандуғаш Мұайтпасова, Аян Қожбанова, Ақмарал Төлеуова, Динара Махмет, Абай Нұғманов, Роза Қапашева, Еркебұлан Айдымбаев, Дастан Пышанов, Ерлік Қалибек, Жаңыл Мерсимова және т.б.
Жаңадан Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясын бітіріп, толқынды толқын қуалап келген ағынды жастар Ақерке Мұстафаева, Әйгерім Бекбулатова, Дәулет Қанат, Шалқар Мүкен, Әлишер Тайболатов, Арнат Қазыкен, Ғанидулла Оңлабай, Үкілім Хордина, Фәриза Рысбекқызы, Жасұлан Заманбеков, Әсем Жетпісова, Дулат Жарбасов, Мейіржан Нұров, Асыл Ақтұраева, Дархан Дүйсенов, Аслан Жапарқұлов, Ариза Асқарова, Айзада Байғабыл, Елшат Маметеков, Шамиль Айтмұханов, Сымбат Оңалбаева, Диас Жағыпаров, Күненкей Мұхтархан, Толғанай Ізтелеуова, Данияр Жетпісов, Асхат Амантай, Сағыныш Ақасова, Мадина Сағымбай, Батыржан Медет көрермен көзайымына айналып үлгерді.
Театрдың репертуары әр алуан, соның ішінде заманауи драма мен әлемдік классикалар бар. Көрерменнің сүйіп тамашалайтын қойылымдарының қатарында Әлімбек Оразбековтың «Күйеуіңізді сатыңызшы» комедиясы, Светлана Алексиевичтің «Соғыстың сұрқы әйелге жат» атты реквиемі, Мұхтар Әуезовтың «Қорғансыздың күні» трагедисы, Уильям Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» трагедиясы, Серік Сарыбайдың «Орақты батыр» тарихи драмасы, «Құзғын» әлеуметтік драмасы, Жан Батист Мольердің «Еріксіз емші» комедиясы, Георгий Хугаевтың «Қара шекпен» әфсанасы, Михаил Себастьянның «Аты жоқ жұлдыз» лирикалық драмасы, Флориан Зеллердің «Ана» драмасы, Бикен Римованың «Қос мұңлық» драмасы, Бақыт Қайырбековтың «Достар серті» мюзиклы, Дулат Исабековтың «Қазақы комедия», Николай Гогольдің «Ревизор» трагифарсы сондай-ақ кішкентай көрермендерге арнайы сахналанған Айдана Аламанның «Жалқаудың жыры», Дулат Исабековтың «Құстар фестивалі», Болат Ұзақовтың «Ер Төстік», Владимир Воробьевтың «Қырсық», М.Ақынжановтың «Алтын сақа» ертегілері бар.
Соңғы жылдары сахналанып, көрермен көзайымына айналып үлгерген спектакльдер – Қолғанат Мұраттың «Мұғалім», Әлібек Байболдың «Таптым-ау сені», Жәнібек Әлікеннің «Қазақтың тойы бітпесін», Александр Володиннің «Кездесу мен қоштасу», Қанат Тілеуханның «Медаль» шығармаларын ерекше атап өтеміз. Театрдың репертуарында соңғы жылдары сахналанып жүрген спектакльдердің авторларына назар салсақ, басым көпшілігі заманауи драматургия екенін байқаймыз. Бүгінде драматургия саласында қызмет етіп жүрген жас, орта буын жазушылардың шығармаларын театр сахнасына қойып, режиссерлердің шеберлігімен заман талабына сай ерекше шығармаларды сахналау жиі көрініс табуда. Бұл театр ұжымының жаңашылдыққа бет алып, заман талабына сай, көрермендерге көркемдік деңгейі жоғары қойылымдарды сәтті сахналау үстінде екенінің айғағы.
Сонымен қатар, өнер ұжымының түрлі фестивальдерде алған жүлделі орындары жайлы да айтап өтейік.
2021 жылдың күз айында Бикен Римова атындағы драма театрында Қазақстанда тұңғыш рет Тұрарбек Айтқожанов атындағы І республикалық «Бес қару» театрландырылған сахна сайыстары фестивалі өтті. Осы байқауды ұйымдастырған жоба авторлары Тұрарбек Айтқожановтың шәкірттері Бикен Римова атындағы облыстық драма театрының сахна қозғалысының шебері, доцент Жалынбек Ахан мен театрымыздың сол уақыттағы көркемдік жетекшісі Ерлан Кәрібаевтың, сонымен қатар театр ұжымының аз уақытта жұмылып береке бірлікпен жасаған үлкен жұмыстары. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қазақ театры тарихында бұрын болмаған жаңа фестиваль тұсауының кесілуі ел мәдениетіндегі айтулы оқиға болды. Өнер мерекесі Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен, Облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен және Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры ұжымының атсалысуымен өткізілді.
Фестивальдің бас жүлдесі «Жұмыр қылышты» Бикен Римова атындағы драма театры атынан сайысқа түскен театрымыздың ер-азаматтары Еркебұлан Айдымбаев, Шалқар Мүкен, Әлишер Тайболатов, Арнат Қазыкен, Ғанидулла Оңлабай иеленіп, театрымыздың абыройын асқақтатты.
2022 жылы Қазақстан Театр сыншылары бірлестігінің жүлдесімен Мұхтар Әуезовтың «Қорғансыздың күні» қойылымындағы «Екінші пландағы үздік әйел бейнесі» - Алмахан Кенжебекова, Жант Батист Мольердің «Еріксіз емші» қойылымындағы Сганарель ролі үшін «Жылдың ең үздік актері» Еркебұлан Айдымбаев марапатталып, театрымыздың абырой-беделін асқақтатып қайтты.
2023 жыл театр үшін жемісті жылдардың бірі болды. Көптеген театр фестивальдеріне қатысып жүлделі орындарға ие болды, тәжірибе жинады. Атап айтар болсақ, 27 наурыз – 1 сәуір аралығында Көкшетау қаласында өткен «СӘЛЕМ» Халықаралық комедия театрлар фестиваліне Дулат Исабековтың «Қазақы комедия» комедиясымен қатысып Еркебұлан Айдымбаев «Ең үздік ер адам бейнесі» номинациясымен марапатталды.
20-24 қазан аралығында Алматы қаласында өткен I Халықаралық «ALMATY PUPPET FESTIVAL» қуыршақ театрлары фестиваліне Владимир Воробьевтың «Қырсық» эксперименталды қуыршақ қойылымымен қатысты.
2023 жылы 19-24 қыркүйек аралығы Қарағанды қаласында өткен Қалибек Қуанышбаевтың 130 жылдығына арналған «Сын шын болсын» республикалық театр фестиваліне Флориан Зеллер «Аты жоқ жұлдыз» лирикалық драмасымен қатысып жүлделі II-орынға ие болды.
2023 жылы 9-15 қазан аралығында Петропавл қаласында өткен Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығына арналған республикалық театр фестиваліне Георгий Хугаев «Қара шекпен» әфсанасы «Темірбек Жүргенов атындағы арнайы сыйлық» номинациясын иеленді.
2023 жылы 7-11 қараша аралығында Түркістан қаласында өткен Райымбек Сейтметовтың 85 жылдығына арналған «RAIYMBEK» I - Республикалық театр фестиваліне Қолғанат Мұрат «Мұғалім» әлеуметтік-мультимедиалық драмасымен қатысып «Үздік актерлік ансамбль» номинациясын иеленді.
2023 жылы 14-16 қараша аралығы Түрікменстанның Ашхабад қаласында өткен IV Халықаралық «Театральное искусство эпохи счастья» театр фестиваліне қатысып Мұхтар Әуезов «Қорғансыздың күні» трагедиясымен қатысып Министрліктің арнайы кубогына және ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының дипломымен марапатталды.
2023 жылы 29 қыркүйек-4 қазан аралығы Талдықорған қаласында өткен Қазақстанның Халық артисі Бикен Римованың 100 жылдығына арналған «BIKEN» I Халықаралық театр фестиваліне Бикен Римова «Қос мұңлық» драмасымен қатысып Сағындық Жұмаділ «Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі» номинациясын иеленді.
Фестивальдардан бөлек театр көптеген жаңа қойылымдарды сахналады. Театр тарихында бұрын соңды болмаған «Қырсық» атты эксперименталды қуыршақ қойылымын сахналады. Н.Гогольдың «Ревизор» трагифарсын режиссер Елік Нұрсұлтанның сахналауымен көрерменге ұсынылды. Тұңғыш рет әлеуметтік мультимедиалық драмасын сахналады. Ол драматург Қолғанат Мұраттың «Мұғалім» шығармасы негізінде, Данияр Базарқұловтың режиссерлігімен жүзеге асты. Жаңа премьералық спектакльмен Алматы, Астана қалаларына гастрольдік іссапар ұйымдастырды. 2023 жылдың ең ауқымды жобасы Қазақстанның Халық артисі Бикен Римованың 100 жылдығына орай «BIKEN» I Халықаралық театр фестивалін ұйымдастырды. Фестивальге Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Әзірбайжан, Түркия мемлекеттерінен және елімізден көптеген өнер ұжымдары қатысты.
2024 жылы театр бір айда 4 жаңа премьералық спектакльге жұмыс істеп, көрерменге ұсынды. Атап айтар болса, кіші формада алғаш рет театр фойесіне Ә.Байболдың «Таптым-ау сені» лирикалық драмасы, жас режиссер Рамазан Үсеннің сахналауымен жарық көрді. Ж.Әлікеннің «Қазақтың тойы бітпесін» қойылымын театрдың көркемдік жетекшісі, режиссер Данияр Базарқұлов сахналады. Сонымен қатар, шетел шығармасы А.Володиннің «Кездесу мен қоштасу» психологиялық драмасы Алмат Шариповтың режисерлігімен сахна көрді. Сондай-ақ, М. Ақынжановтың «Алтын сақа» ертегісі М. Аджибековтың режиссерлігімен кішкентай көрермен назарына ұсынылды. Театрдың 48 маусымын Қ.Тілеуханның «Медаль» саундрамасының премьерасымен тәмамдады. Қойылымды сахналаған режиссер Фархад Молдағали.
Театрдың 49 маусымы С.Әбіхалықовтың «Көке» шығармасы, жас режиссер Рамазан Үсеннің сахналауымен ашылды. 2024 жылы 7-10 қазан күндері театр ұжымы Қазақстанның Халық артисі Бикен Римоваға арналған «BIKEN» IІ Халықаралық театр фестивалін ұйымдастырды.
2024 жылы 1-5 қазан аралығында өткен көрнекті жазушы, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Ыдырысұлы Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXX республикалық фестивалінде Қолқанат Мұраттың «Мұғалім» қойылымындағы Нариманның әжесі ролі үшін Алихан Идрышева «Екінші пландағы үздік әйел адам ролі» номинациясына ие болды.
Театрымыз 20-25 қыркүйек аралығында өткен алаш арысы, жазушы, драматург Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығына арналған «Ертіс-Баян» I республикалық театрлар фестиваліне «Қазақтың тойы бітпесін» /реж.: Д.Базарқұлов/драмасымен қатысып AMANAT партиясының арнайы жүлдесімен (300 000 тг) марапатталды!
2024 жылы 12 желтоқсан күні Алматы қаласындағы Алатау дәстүрлі театрында Қазақстан Театр қайраткерлерінің ұйымдастыруымен республикалық «Еңлікгүл-2024» театр сыйлығының марапаттау рәсімі өтті. Аталмыш шарада «Жылдың үздік театр суретшісі» номинациясы бойынша театрымыздың бас суретшісі Қарлығаш Шалабаева жеңімпаз атанды.
2024 жылы 18 желтоқсан күні Қазақстан театр сынышылары бірлестігінің «Сыншылар жүлдесі - 2024» жыл қорытындысы бойынша театрымыздың актері Серік Нұрхалық «Эпизодтық рөлдегі жыл актері» номинациясын және Кендебай Темірбайұлы «Сахна абызы» аталымын қанжығалады.
"Жетісу-Ақпарат"
Фото: wikipedia.org