Жырға арқау болған Жетісу

Уақыты: 11.06.2018
Оқылды: 1856
Бөлім: РУХАНИЯТ

Абыз басылымның ғасырлық тойы қарсаңындағы шаралар тізбегі әлі де таусылмаған. Жүз жасаған «Жетісудың» ғасырлық жолын паш ететін түрлі жиын өтсе де оның көтерген жүгі жайлы жұрт әлі де білуге асық. Осы орайда Талдықорғанның төрінде ата басылымның алғашқы қадамынан бүгініне дейінгі аралықтағы сыр шертіліп, «ҒАСЫР-ҒҰМЫР» республикалық мүшәйрасы өтті. Мерекелік шарада еліміздің түкпір-түкпірінен әдебиет айдынында танылып жүрген айбарлы ақындар  мен жас болса да шабыты шалқыған жалынды жастар бой көрсетті.

Ұлт зиялыларының бастамасымен 1918 жылы маусым айында алғашқы қадамын жасаған «Жетісу ісші халық мұқбірі» бүгінде биік белестерді бағындырған облыстық «Жетісу» газетіне айналып отыр. Осынау айтары көп абыз басылымның ғасырлық тойына орай сан қырлы, сан түрлі мерекелік шаралар жалғасуда.  Ғұламалық пен даналықтан ой тастап, тек ізгілікке бастап жүрген басылымның ғасыр бойы жүріп өткен ғаламат жолын жалынды жырға арқау етер ақындар мүшәйрасы соның бір парасы. Жүзге толған «Жетісуға» арналған тойдың иесі ретінде ғасыр төріне шыққан басылымның тізгінін ұстап отырған бас редактор Әміре Әрін шабыты мен шеберлігі бөлек шайырлар байқауының шымылдығын ашты. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты өз сөзінде: 
– «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деп атамыз қазақ айтқандай, жүз жылға біз амандықпен жеттік. «Жетісу» деген көне қазақ баспасөзінің осы күнге, осы дәуірге, осы жақсылыққа жеткеніне біз куә болып отырмыз. Сонау 1918 жылы алғашқы саны шыққан «Жетісу» газетінің мазмұны, табиғаты, ұстанған темірқазық мақсат-мүддесінің бәрі қазақы қалыпта, ұлттық рәуіште болды. Ол анау коллективтендіру, репрессия, аштық заманы, соғыс кезеңі, одан кейінгі қалпына келтіру кезеңі болсын, сол асыл арнасынан ауытқымады. Ал ауытқымау себебі неде? Ол қазақ халқының мына дүниеден жұтылып кетпеуіне қарлығаштың қанатымен су сепкендей ұлтына деген махаббаты еді. Міне, сондықтан да Алаштың арыстары кешегі Әуезовтен бастап бәрі  осы газетпен қоян-қолтық жұмыс жасады, халықтың сауатын ашуға, халықтың көңілінің жыртығына жамау болуға ұмтылды, – деп ата басылым жөнінде ақиқат сөзі мен ақ тілеуін жеткізді. Сондай-ақ бас редактор Әміре Әрінұлы бүгінгі таңдағы өзекті мәселелерге де тоқтап өтті. «Қазір де оңып тұрған жоқпыз, қазақ арыстары XX ғасырдың басында қалай қиналса, біз бүгін де тура сондай толқыныстың үстіндеміз. Бұл тамаққа, киімге зәрулік емес, біз тоқтықтан, барлықтан қиналып отырмыз. Міне, сондықтан сол Алаш арыстары секілді бүгінгі журналистер де халықтың  санасын оятып, елдің рухын көтеретін дәрежеге жету керек. Дүкенге барасың, том-том кітап, қайсысын оқырыңды білмейсің. Ашып қалсаң бірінші сөйлемнен-ақ көңіліңе көлеңке түседі, не нәр, не сөл жоқ. Дүкенге барасың, қызыл-жасылды қораптармен көмкерілген небір азық-түлік тұр, дәмін татсаң у мен зәр, сыртындағы жазуы інжу-маржан. Сол секілді қазір халықтың өзі шөре-шөре күйде, дағдарыста тұр. Кімді оқырын, кімнің сөзіне сенерін білмейді. «Елге бай құт емес, би құт», – дейді қазақ. Сол билер осы араға келіп отырған от ауызды, орақ тілді ақындар деп білемін, жүрегі жалаулаған журналистер деп білем, ағайындар». 
Облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен дарыны мен қаламының қарымы бөлек ақындардың, жырға сүйіспеншілігі бар жұрттың басын қосатындай рәуіште жариялаған республикалық мүшәйраның қашан да жөні бөлек, жолы ерек. Себебі, мұнда қазақ руханиятының шырағданына айналған «Жетісу» газетінің ғасыр жүріп өткен жолын көркем жырға арқау еткен ақындар жиналды. Басылым бәйгесіне қатысуға 150-ге тарта  үміткер өтініш білдіріп, оның ішінен жүзден жүйрік шыққан 14-і ақтық мәрені бағындырды. Өз кезегінде сахнаға көтерілген «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, ақын Нүсіпбай Әбдірахым мен газетіміздің жанашыры, мерейтойымызға үлес қосып, өз басқармасының атынан публицистикалық шығармаларға бәйге жариялаған, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Айдар Карбозұлы ынталандыру жүлдегерлерін марапаттады. Алғыс хатпен, 50000 теңге қаржылай сыйлықпен құрметтелгендердің қатарын  Жомарт Игіман, Дәулетбек Байтұрсынұлы, Орысбай Әбділдәұлы, Қанат Тәкебаев, Сайлаубай Тойлыбай, Ерғазы Манапұлы, Қуат Қайранбаевтар құрады.  Алматы облысының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Гүлжиян Сүлейменова үздік үштіктен көрінген Әли Ысқабай, Батық Мәжитұлы, Жангелді Немеребайды Алғыс хат және 200000 теңге ақшалай сыйлықпен марапаттады. Ақындар өз кезегінде өлеңнен өрнек өріп, жалынды жырларымен жұртшылықты сүйсіндірді. Екінші орын жүйріктерін марапаттау үшін сахна төріне көтерілген ҚР еңбек сіңірген қайраткері, республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, ақын Жанарбек Әшімжан жүлдегер атанған Мақпал Мыса мен  тараздық Хамит Есаманға Алғыс хат пен  350000 теңге қаржылай сыйлық табыс етті. Әсерлі жырымен  Жетісудың рухын асқақтатқан  Әбубәкір Қайран бірінші орын иегері атанып, Алаштың айбоз ақыны Әміре Әрінұлы табыстаған Алғыс хат пен 500000 теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. Мән-мағынасы ерек  мүшәйраның жақсы өтуіне бар жігерін салған, жүзден асқан жүйріктің ішінен нағыз дүлдүлді анықтауға арнайы құрылған әділқазылар алқасының төрағасы, алты Алаштың айтулы ақтаңгері, ардакүрең ақыны Ғалым Жайлыбай өз сөзінде:
–  Бұл ғасырлық той – үлкен ұлылықтың елдіктің, ерліктің, парасаттың, сөз өнерінің, рухтың тойы. Осыған біз қатысып, ортасына келіп-кетіп жатқанымызға өзімізді үлкен бақытты сезінеміз. Дүбірлі қуанышты жазба ақындар бастап жатқанына, қазақтың қара өлеңі мына бір үлкен шарада асқан шабытпен тербеліп, тебіренгеніне аса қуаныштымыз. Бұл жай мүшәйра емес, бұл тарихи оқиғаның бір парасы. Жүректері лүпілдеп жеткен ақындарға ортақ бағаларымызды қойдық. Ғасырлық басылымға арналған ойландыратындай өрнекті өлеңдер болды. Ешкімді алаламастан бәйге әділ өтуде, – деп сөзін түйіндеген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері дүбірлі тойдың аясында ақындарға мүмкіндік жасап, осы мінберге шығарған Амандық Ғаббасұлына  алғыс айтып өтті. Сондай-ақ, мүшәйраның мәре сызығын бірінші кескен, жас та болса үлкен додаға қатысып, топ жарған, Төлегенше тебіреніп, Жұмекенше тереңнен тартып, бас жүлдені қанжығасына байлаған «Жетісу» газетінің тілшісі Асыл Сұлтанғазыға Алғыс хат пен 700000 теңге көлеміндегі қаржылай сыйлықты тыпсырды. Өз кезегінде сөз алған «Жетісудың» шөбересі, мүшәйраның бас жүлдегері ерлік пен өрлікке толы туындысымен тыңдарманның жүрегіне жырдан сәуле құйды. Осылайша берекелі бейсенбі күні Жетісудың жүрегі Талдықорған бір сәт ақындар жырымен тербеліп тұрды.

Құралбек  СӘБИТОВ