Меруерттің мөлдір жырлары

Уақыты: 12.06.2018
Оқылды: 1583
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қолымда ақын кітабы. Бір емес, екі жинақ. «Жүрегім жыр жазады мұң тілімен», «Жүрегімде бір адам бар» деп аталады. Авторы поэзия әлеміне өзіндік үнімен келген жас талапкер ақын қыздарыңыздың бірі, қарапайым ауылдан шыққан қазақ қызы – Меруерт Рүстем.

Алғашқы жинағының бетін ашқан сәттегі  бірінші бөлімі «Толғаулармен» басталады. Бұл бөлімге әр тақырыптағы он екі толғауы еніпті. Әр толғаудың көтеріп тұрған жүгі салмақты да ойлары тартымды. Оқыған адамды бейжай қалдырмайды. Бірінші толғауы «Мұхаммед Пайғамбарға (с. ә. с.)» арналған. Алланың елшісі сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед Расулаллаһтың (с.ә.с.) әкесі Абдуладан, анасы Әминадан туған сәтінен бастап, жетімдіктің зардабын тарта жүріп, көрген қиыншылықтарына дейін жыр жолдарынан өткізеді.
Бұл толғаудың әнін жыршы Жақып Спатаев шығарып, сахна төрінде бірнеше рет орындаған көрінеді. Ал «Қазаққа насихат» толғауы жыршы Ершат Қайболдиннің орындауында Ақтөбе қаласында «Тәуелсіздікке тағзым» конкурсында бас жүлдеге ие болған. Толғау өте терең ой мен тартымды тілде жазылған.    «Әке», «Не жақсы, не жаман?», «Тастанды баланың жанайқайы», «Шындық», «Тас қоғам» сияқты толғаулары бүгінгі қоғамның шындығын жүрек сүзгісінен өткізіп, оқырман алдына жайып салады.
Екінші бөлімі өлеңдерден тұрады. Әр өлеңнің көтеріп тұрған жүгі әр қилы. Тақырыптары да сан алуан. Соның ішінде «Арман қыз», «Қазағым» жырларының әндері де бар. Немесе «Туылмаған сәбидің зары», «Жылаған сәби» өлеңдерінде қазіргі қоғамдағы болып жатқан тастанды балалардың тағдыры мен зарын ашып-айқындап береді.
Туылмаған сәбидің зары өлеңінде:
Қатып жатыр, суып жатыр жас жаным,
Кімге керек менің мынау тас хәлім?
Баласы боп туылмадым мен неге,
Сәби тілеп зар илеген басқаның?! – дейді. Зарлы үн бе? Әрине, зарлы. Кінәсі жоқ сәбидің жанайқайын дәлме-дәл суреттей алған. Айтары жоқ! Ақындық жүрек осылайша мұңаяды, осылайша жүректегі зарын оқырманға жеткізеді. Бұл дегеніңіз, ақын қызымыз Меруерт Рүстемнің поэзияның парасаттылығын жақсы түсіне білгендігі дер едім. Бұл жинақтағы басқа да өлең-жырларының өміршеңдігін баса айтқым келеді. Мына бір «Ақынды сүйме, өтінем» өлеңіне көз жүгіртіп көрейікші:
Сөзімді есте сақтайсың,
Бір сәуле болса өреңде.
Іздесең мені таппайсың,
Айналып кетем өлеңге.
Нәпсіден ынтық сый-құрап,
Кетпесін сезім бетімнен.
Өлеңді сүйсең сүй бірақ,
Ақынды сүйме, өтінем, – деп ақындық сырын бүкпесіз ақтарып салады. 
Меруерт Рүстемнің «Жүрегім жыр жазады мұң тілімен» деп аталған алғашқы жинағындағы жырларының барлығын талдау міндетті де емес шығар. Дегенмен, ақын қызымыздың  тұңғыш кітабын жылы қабылдағанымды айта кеткенім абзал болар.
Келесі кітабы «Жүрегімде бір адам бар» деп аталады. Бұл жинақ бастан-аяқ махаббат жырларына арналған десе болады. «Ол бұл тақырыпты жай жазбайды, тебіреніс толқынына шын беріле жүрегімен жырлайды. Шымырлап шыққан өлеңдері жасандылықтан аулақ, сондықтан еріксізден тартады» – делінген кітап аннотациясында. Жинақты бастан-аяқ оқып көрдік. Шындығында жинақтағы өлеңдері  өзіне тартатын бір ерекшеліктерімен ұнады. Кез келген өлеңдерінде ақын қыздың ішкі жан дүниесінің мұңы мен сыры жатқанын байқау қиын емес. Қазақ қызына тән асыл қасиеттердің лебізін қарапайым тілмен жеткізе білетіндігі оқыған адамның жүрегін баурап алады. 
Қырмызы гүлдей қыз жүрегінің өте нәзіктігін татымды тілмен әсерлей түседі. Сондай-ақ, «Түсінбедім», «Мен кейде», «Мен», «Қайдасыз?» сияқты өлеңдерінің терең мазмұны мен мағанасына үңілсеңіз шынайылықтың барын сезінесіз. Меруерттің «Тағдыр» деген өлеңіне зер салып   көрейікші:
Тағдырдың бізді қоспауы,
Тағдырым шығар бұл менің.
Тағдырдан үміт күтетін,
Бірі едім сенгіш пенденің, – дейді. 
Шындығында адамдардың маңдайына жазылған тағдырдан ешкім әзірге құтылған емес. Олай болса, адам соған мойынсұнып, ол жолдардан да өтуі тиіс. Бірақ әр тағдыр әртүрлі. Махаббаттың мәні сұлулық болса, өлеңнің жаны да сұлулық. «Жаны сұлудың, тәні сұлу» дейтініміз де сондықтан болар. Міне, осы ұғымдар жас ақын қызымыздың бойынан, жүрегінен орын алғаны мені қуантады. Себебі, осы жинақтағы әр өлеңі адам бойындағы қасірет пен мұңды, сезімталдық пен сырды, пайымдау мен парасаттылықтың ауыр жүгін көтеріп тұрғандай болады. Бұл – асылдық па, жоқ, әлде ақындық па? Алланың бойға берген шарапаты да шығар! Сөзіміз дәлелді болу үшін тағы бір екі-үш өлеңіне үңіліп көрейік. «Сен мені, жаным, сағынасың ба?!» өлеңінде:
Ерік беріп жауын жасыңа,
Тағдырға қатал бағынасың ба.
Түндерде көз ілмей, сен мені,
жаным, сағынасың ба?!
Мұңға баттым, қалды расында,
Күрсініп іштей сабыласың ба.
Жүрегіңді ұстап тұрып, сен мені,
жаным, сағынасың ба?! – деп 
жырласа, ал мына «Ақ-қара жыр» өлеңінде тек бір ғана «Қара» сөзімен бастап сол сөзбен шумақтарын аяқтайды. Бұл дәстүр көп ақында кездесетін жайттар. Оқиық:
Қара сөзді қара қалам жазады,
Қара өлеңнің қайда бүгін базары?!
Қара өлеңнің бүгін қашып қадірі,
Қара өлеңнің кетті бүгін ажары.
Қара қалам қалды бүгін қадірсіз,
Қара үйімнің қай шетінде жатырсыз?
Қара сөзді қара жерге қойған күн,
Қара өлеңім көмілген-ді қабірсіз, – деп әрі қарай «қара» сөзін дамытып әкете береді. Бұл да ақын қыздың бір тапқырлығы десек болар. Немесе «Сен әлі жауап бересің!» өлеңінде:
Тағдырдан сұратқаның үшін,
Жүрегімді жылатқаның үшін.
Арманымды құлатқаның үшін,
Сен әлі жауап бересің!
 
Алдап келген күндерің үшін,
Мұңға толы түндерім үшін.
Өзгемен бірге жүргенің үшін,
Сен әлі жауап бересің!
 
Өлеңдетіп жырлатқаның үшін,
Жалғанмен тіл қатқаның үшін.
Мұңды әуен тыңдатқаның үшін,
Сен әлі жауап бересің! – дейді ақын қыз. Әрбір қазақ қызының мұңы мен шағымы тек осы өлең арқылы жеткізіліп тұрғандай. Сонымен бірге, «Қар қызы», «Ақ жауын», «Қою түн», «Сағыныш» атты өлеңдерінде махаббат пен адам тағдырын табиғат сырымен қабыстыра отырып, байланыстыра жырлайды. Ойы орамды, образы орнықты.
Белгілі әдебиет сыншысы, мемлекет және қоғам қайраткері Сағат Әшімбаевтың мына бір тамаша сөзін келтіре кеткеніміз жөн шығар: «... өзен дегеніміз сансыз үлкен-кішілі бұлақтардың қоспасы емес пе. Қазақ поэзиясын да шартты түрде сол өзенге баласақ, оның да ілгерілеген сайын кейіннен қосыла беретін бұлақ суларымен арнасы тереңдемей ме?! Ендеше, әрбір келесі буын кейіннен қосылатын мөлдір бұлақтар секілді», – деген мағаналы пайымдаулары бүгінгі жас буын ақындарымыз үшін тауып айтылғандай.   
Олай болса, ақын қызымыз Меруерт Рүстемнің мөлдір жырлары бұлақ суындай таза болуын қалай отырып, алар асуы мен шығар биігі әлі алда дегіміз келеді.
 
Сайлаубай  Тойлыбаев, 
ақын,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі