«Ұлт болашағы – келер ұрпақтың қолында», «Кемел елдің келешегі – жастар» секілді біртарау сөздің астарына мән беріп қарасаңыз, біз жас ұрпаққа көл-көсір сенім артамыз. Ал сол «Ұлт болашағының» өзегіне тәлімнің қай түрін сіңіріп, тәрбиенің қай дәнегін егіп жатырмыз? Ойланатын сауал, ойландыратын сұрақ! Саналы ғұмырда шақтап берілетін уақыттың басым бөлігін смартфонға ұрлатып жатқан кезеңде ерін ұшымен емеурін танытып, тіл жүйріктігіне сүйене айта салған сөздің салмағын да өлшемейтін бейжайлыққа бой ұрдық. Әйтпесе, басқаның емес, «ұлттың» болашағын жастармен ұштастыра сөйлемес едік. Шынымен жас ұрпақ бір халықтың болашағы десек, онда бүкіл ұлттық ресурсты неге игермейміз?
Ұрпақ тәрбиесі өзекті саналған бүгінгі күні Бауыржан Момышұлының: «Бөпеге бесік жырын айтатын ана күрт азайды. Мен содан қорқамын» деген қанатты сөзі еске түседі. Біздің ұлттық тәрбиесінің бастауында бесік жыры, салт-дәстүр тұратыны анық. Бүгінде осынау дүниелерді жүйелі насихаттайтын өнер атаулының бәрі шабан тартып, теледидар мен театр сахнасында татымды дүние көзге шалынбай келеді. Осы орайда қазақ балалар драматургиясы хақында үшбу ойды тарқатып көрелік.
Біріншіден, бүгінде қазақ балалар драматургиясы шау тартқан шабан аттың керімен ілби басып келеді. Өткен айда Талдықорған қаласында дәл осы тақырыпқа арналған республикадағы театр директорларының кеңесі өткен. Сонда алғашқы болып сөз алған Қазақ-станның еңбек сіңірген қайраткері
Еркін Жуасбек: «Осыдан 24 жыл бұрын «Егемен Қазақстан» газетіне мақала жариялап, қазақтың театрында қазақ ертегілері қойылса дегенді айтқанмын. Бүгінге дейін әлі өзектілігін жоғалтпаған бұл тақырыптың аясы кең. Неге «Золушка» мен «Спанч боб», тарақан мен өрмекші кейпіндегі қойылымды біздің жас ұрпақ тамашалауы керек? Орыс ертегілеріндегі кейіпкерлерді орыс театрының көрермені көрсін. Ал қазақ балалары өз ұлтының құндылығы сіңген батырлары мен бектерін, ұлы тұлғалары мен ертегі кейіпкерлерін тамашалауы керек. Алайда, балаларға арналған қазақ драматургиясы тың кейіпкер, ұлттық бояуы қою қойылымға баспай, «Бауырсақтан» аса алмай жүр...», – деп толғанған еді.
Расында балаларға арналған қазақ драматургиясында олжа деп көрсетер ұлттық кейіпкерлер жоқ па? Жалпы балалардың тәрбиесіне әсер етер тағылымы мол туындылар қаншалықты қазақ театрларында насихатталып жатыр? Осынау сауалдың да жауабын аталмыш отырыста тапқан едік. Мәселен, белгілі театр сыншысы, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы театр өнерінің тарихы мен теориясы кафедрасының меңгерушісі Анар Еркебай балаларға арналған қойылымдарды саралап, сараптап берген болатын. Ол: «Жалпы ел бойынша театрлардың 2024 жылғы мониторингі әлі шықпағандықтан 2023 жылға тоқталғым келіп отыр. Аталған жылы жалпы ел көлеміндегі театрларда 500-ге жуық қойылым көрсетілсе, оның 166-сы балалар спектаклі. Ал осы 166 қойылымның 33-і қазақ авторларының туындылары мен ертегілері. Қалған 133 спектакль шетел авторларының шығармалары. Бұл былай тұрсын, кейбір қойылымдар барлық театрда қайталанып сахналанады», – деп айрықша атап өтті.
Ұлттың келер күнін жалғайтын өрендеріміздің театр әлеміне барып тамашалайтын туындылары соғұрлым аз болса, оның үстіне 33 қойылымның кейбірі «Көксерек», «Құлагер», «Қобыланды» секілді «балаларға арналған» деп айтқанмен, негізінен классикалық шығарма болса, бұл – өзекті тақырып емей не? Одан қалды «Ұр, тоқпақ» секілді туындылар әр театрда жылына 5-6 рет сахналанып, әлгі «33» деген санның сапасын кемітіп тұрса қалай толғанар едіңіз? Бір сөзбен айтқанда қазақ балалар драматургиясы жоғарыда айтқандай «шау тартқан шабан аттың аяңымен келеді» деуге толыққанды негіз бар деп ойлаймыз.
Екіншіден, біз неге ұлттың болашағы саналған балалар тәрбиесіне соншалықты немкетті қарап жүрміз? Еуропашыл, батысшыл, шығысшыл іңкәрліктен ұлтқа деген сүйіспеншілік жоғары тұруы керек емес пе? Сонда қазақ драматургтерінің қаламына арқау болатын қазақ кейіпкерлері жоқ па? Бір ғана «Қырымның қырық батыры» дастанындағы Ала тайлы Алтыбай, Баба түкті Шашты Әзиз бен Ер Көкше, Ер Қосай, Құттықия, Мамай, Парпария, Нұрадын, Орақ, Мұса, Қарасай, Қази секілді 40 батыр 40 қойылымның жүгі емес пе? Бағзыдағы бабаларға бармай бір ғана Қажымұқан Мұңайтпас туралы сахналау, балаларды сол арқылы спортқа, адалдыққа, отансүйгіштікке баулуға болады емес пе?
Хош, ақыры Қажымұқандай қара нарды ауызға алған екенбіз, оның ерлігі мен өрлігі хақында жалқы сөзді де ортаға салайық. Әлем халықтарының небір палуанымен күресіп, бәрінен аруағы асқан Қажымұқан тірі аңыз еді. 26 мемлекетте өнер көрсетіп, 56 медаль жеңіп алған, оның 48-і алтын болғанын ойласаң, 15 одақтас елдің атынан сынға түсіп, әрбір жеңісінде «Қазақпын» деп қасқайған тұлғаның тұтас ғұмыры «ұлт болашақтары» көретін ғажайып қойылымға сұранып тұрған жоқ па? Ұлы Абайдың 100 жылдық мерейтойында: «Халайық, мен Абайдың көзін көріп, қолынан дәм татып, сый-сияпатын көрген бақытты пендемін. Абай мені іздеп тауып, жолдас-жорасымен Қарақожа деген кісінің үйінде сыйлап, қонақ етті. Мұндай ағалық ізетті ұмытуға бола ма?» деген жетпістегі Қажымұқанның жүрегінде тұтас қазаққа деген сүйіспеншіліктің шалқар айдыны толқып жатушы еді. Сәбит Мұқановтың суреттеуінше, бойы 192, салмағы 214 келі болатын алып тұлғаның қазақ балалары үшін көз тастар көкжиек болатын кезі келді-ау. Алайда, шабан тартқан драматургиямыз мұндай кейіпкерлерді сахнаға алып шықпағанының салдарынан қарадомалақ қазақ баласының «Шрекпен» жүрек жылытып, «Человек паук» пен «Суперменге» сүйсініп жүргені қынжылтады.
Үшіншіден, елжандылық пен отансүйгіштік қасиетті жастардың бойына құю үшін асқан талант иесі болудың қажеті шамалы. Жүрегің Отанды, ұлтыңды сүйсе кез келген тақырыпты елдіктің ауанына аударып жіберуге болады. Бұл ретте Қажым Жұмалиевтың Қаныш Сәтбаев хақындағы мына бір естелігі ойға оралады.
«Соғысқа байланысты «Мосфильм» және «Ленфильм» киностудиясы Алматыға уақытша көшіп келді. 1943 жылы «Қазақфильмде» жиын болды. Әдебиет пен өнер мамандары жиналды. «Ленфильмнің» бас режиссері Эрмлер: «Жолдастар, біз Қазақстанға қонақ боп келдік. Бәріңе дән ризамыз. Жақсылықты өндірістік тақырыпта кино түсіріп қайтарғымыз келеді. Бізге идея қоссаңыздар» – деді. Жұрт қапелімде не айтарын білмей іркіліп қалды. Осы сәтте Қаныш сөз алып:
– Жазушы, әдебиет мамандары кейін сөйлей жатар. Геолог ретінде бірер сөз айтуға рұқсат етіңіз, – деді. Жазып келген еш нәрсесі жоқ екен. Әйтсе де қысылып-қымтырылмады. Таныс аудиторияға лекция оқыған кәнігі профессорша сөйледі. Ол сөйлегенде жұрт ұйып тыңдады. Қаныш баяндамасын аяқтай келе:
– Қазақта, жалпы Шығыс әдебиетінде сонау ескі заманнан үзілмей келе жатқан оптимистік идея бар. Ол – табиғат күштерінің сырын білу, өзіне бағындыру. Мысалы, жеті жыл жер астында болатын Ер Төстікті алайық. Оның жер астына түсуі кәнігі геологты еске салады. Таудың сырын білетін Таусоғармен, судың тілін білетін Көлтауысарымен, желді бағындырған Желаяқпен достасуы солардың да тілін игергенін білдіреді. Теңіз түбінен алтын қазанды өңгеріп шығатын ерлігі тағы бар. Ол бұрғымен алтын қазған геологтың ісін суреттейді.
Мәңгі суды өзі ішіп, тірі қалудың орнына сол сумен жерін көгертіп, мерт болған «Орал батыр» – халық арманының сәулесі. Оның сүйегі алтынға, қаны құмға айналды. Қандай тамаша теңеу. Кинофильм жасауға таптырмас сценарий. Бізде осындай психологиялық жайттарға құрылған хикаят, аңыз көп. Режиссерлер ары қарай тыңдағысы келсе, есігім ашық. Осы тақырыпта ой бөлісе аламын деді», – деп жазады Қ. Жұмалиев. Осынау естелікке қарап-ақ Қаныштың қарымтаға кино түсіріп берейік деген орыс режиссерлеріне ұлы тарихтан, аңыздан сыр шертіп, негізгі акцентті ұлттық құндылыққа бұруының бастауында ет жүректі елжіретер елжандылығы жатқанын аңғарамыз...
Хош, түбін қопарып айтса түпкі тарихымыздан бастау алар ерлік пен өрлікті насихаттамай, бесік жырынан тарамдалар тәрбие шырынын бөбектеріміздің таңдайына тамыза алмай келеміз. Біз драматургия хақында сөз қозғағанымызбен жалпы өнердің көші жұтаң тартып тұрғаны жасыратын дүние емес. Ендеше, саналы түрде өнер атаулының өлмес шығармаларын құндылықпен құндақтап, дәстүрмен көмкеріп, ұлы тұлғаларды кейіпкерге айналдырып жас ұрпақтың санасына сіңіруіміз керек-ақ. «Ұлттың болашағы» саналған жас ұрпақтың көрері «Золушка» мен «Спанч боб» емес, «ұлттық» колорит болуы керек-ті. Ол үшін де шабан аттың шабысынан тұлпардың терсіңді көсілісіне ұласуды қазақ драматургтері қаперде ұстап, шетелдік авторларға «жол беруді» намыс көрсе ғой дейміз де баяғы...
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ