Дарындылар дәріптелді

Уақыты: 14.06.2018
Оқылды: 1019
Бөлім: РУХАНИЯТ

Білім ордаларының бәсекеге қабілеттілігі баптаған шәкірттерінің жеткен жетістігімен сараланады. Бұл – бүгінгі күннің басты мәселесі. Осыған орай Еңбек ауылына қарасты №22 орта мектепте «Дарын – 2018» атты оқушылар фестивалі өтті.

Фестивальға аталмыш білім шаңырағының белсенді оқушылары мен ұлағатты ұстаздары түгелдей қатысты. 
Ашылу салтанатында алдымен сөз алған Талдықорған қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Сәулеш Бақтыбаева үш тілде оқушыларды оқу жылының аяқталуымен құттықтады. Одан кейін мектеп директоры Рахила Ақшолақова шәкірттерінің бағындырған белесін мақтанышпен баяндады:
– Алақандай ғана ауылдың кіреберісінде орналасқан жаңа ғимараттың көркі көз тартады. Материалдық-техникалық базасы заман талабына сай жабдықталған. Бүгінгі таңда 51 ұстаз 398 оқушыға дәріс берсе, ішіндегі «Айжұлдыз» шағын орталығындағы 4 топта 78 бүлдіршін тәрбиеленуде. Енді біздің мақсат сол балаларды елге тұтқа болар салиқалы азаматтарға айналдыру. Шәкірттеріміз ел игілігіне жарап жатса, одан артық арман бар ма? – деді ол.
«Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы аясында өткізіліп жатқан «Дарын – 2018» фестивалінің мақсаты  біртұтас ұлттың  бәсекеге зерделі тұлғасын қалыптастыру. Сондай-ақ, шығармашыл патриот жастардың санын арттыру.
Шара барысында республикалық «Мәртебе.kz» білім порталының директоры Берікбол Төлеген мектеп директоры Рахила Молдағалиқызына «Қазақстан ұстазы» төсбелгісін табыстады. Сонымен қатар, «Жылдың үздік оқушысы – 2018» номинациясының иегері, «Алтын белгіге» үміткер Ақмарал Елтайға «Қазақстан үміті» төсбелгісін тақты.
Негізінде бұл  білім  ордасының іргесі  қаланғанына 74 жыл толыпты. Өткен  тарихына көз жүгіртсек, атаулы мектептен көптеген білікті мамандар шығып, қоғамға адал  қызмет атқаруда. Бүгінде 8 жоғары санатты, 15 бірінші  және 16 екінші  санатты мұғалім  дәріс  береді. Соңғы 3 жылда  білім  сапасы 48 пайыздан 59 пайызға, ҰБТ көрсеткіші 20,2 балға жоғарылап, қала мектептерінің мониторингілеуінде 13-орынға жайғасқан. Мектеп  бітіруші түлектердің грантқа түсу көрсеткіші де 7 оқушыға артыпты. Ұстаздар мен оқушылар республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып, мектеп мәртебесін көтеруде. 
Кеш соңында ауылдың ақылшысы Амантай ақсақал ұстаздар мен оқушыларға ақ батасын беріп тарқасты.

Мұхтар КҮМІСБЕК