Аққайнакрдың арда ұлдары

Уақыты: 17.06.2018
Оқылды: 1270
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жамбыл ауданының Үмбетәлі ауылында тұратын қарт ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Зұқай Шәрбақынұлы «Көкпар», «Сыр маржандары», «Ақ жаңбыр», «Көңілдің көкжиегі», «Құс қайтқанда», тағы басқа жыр жинақтарымен оқырманға таныс. Ақынның төрт бөлімнен тұратын бұл дастанына Аққайнар ауылынан шыққан арда азаматтардың өнегелі өмірі мен ерен ерлігі арқау болған. Шығармада негізінен қарадан хан сайланған Нұрабай баба ұрпағы, Ұлы Отан соғысының ардагері Әбіке Үмбетов пен майдан даласында мерт болған қазақтың тұңғыш жауынгер ұшқыштарының бірі  Нұрман Туғанбаевтың ерлігі суреттелген. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Үмбетовтің адамгершілік қасиеттері, ізгілікке толы жемісті қызметі де бейнелі тіркестермен жатық баяндалады. Дастан кең құлашты ақынның өзіндік ізденісін байқатады.  

Тізгінқағар

Шежіресін жан бар ма танымаған,
Жеткізуде ұрпаққа кәрі заман.
Өлең туған аймағы Аққайнардың,
Арыстары ұстатты тағы қалам.

Деп кеткендер арманға жетейін де, 
Парызымды ақындық өтейін де,
Бір әулеттің  ұрпағын жыр етейін,
Оқырманның сақталсын көкейінде.

Оза туған шетінен оғландары,
Елге  пана қашаннан болған бәрі.
Ұл туғанға күн туып осылайша,
Қолға қонған бәрінің армандары.

Тектіліктен өнеге танытқанда,
Аспайтұғын адами  қалыптан да.
Баталы ата ұрпағы дараланып,
Алғыс алған танымал халықтан да.

Елді мекен қастерлі Аққайнарда,
Қысы жұмсақ жалғасқан жақсы айларға.
Қылаң берер қырлары жанды баурап,
Гүл бәйшешек құлпырып жатты ойларда.

Керек болса көрікті байтағында,
Төрт түлігі өретін бай табында.
Ұлағатты, көргенді жұрты түгел
Көшіп, қонып жүретін сай, тағына.

Тартып туған жеріне ұландары,
Жалғасатын шежіре, жыр-әндері.
Текті атаның ұрпағы өсіп-өніп,
Айқындалған еңбеккер бұландары.

Нұрын шашқан алтын күн аспанына,
Бұлт үйіріліп көрмеген бастарына.
Үмбетовпен тараған ерен әулет,
Өлең болып өрілді дастаныма.

Ардагер ата

Мың тоғыз жүз жиырма екі  кемел жыл,
Саналғандай қастерліге неден бұл.
Тудырыпты Аққайнардың ауылы,
Әбікедей ардагерді ерен бір.

Сол кезеңнің түлектері секілді,
Жасалды елдің ырымдары не түрлі.
Бала күннен байсал мінез, орнықты
Болып өсіп, шаруаменен жетілді.

Ақжарқын да қарапайым, сабырлы,
Тани білген ағаны да, бауырды.
Тұқымынан жалғасқандай тектілік
Әбікенің бойынан да табылды.

Көкейіне  ұлт  үлгісін көктеткен,
Әрбір іске талпынысты жетпекпен.
Сауат ашып, түлектермен өзіндей
Өз кезінде білім алды  мектептен.

Ширақ өсті шымыр дене шынығып,
«Ат қанатын құмарым»  деп ұғынып.
Көкпар, бәйге қыз қуудың бәрін де
Бастан кешті жігіт болып, құнығып.

Зұлмат соғыс шақырды оны майданға.
Ер азамат айтқан серттен тайған ба?
Қару алып, алаңына қырғынның
Кірді тура, келтірмеді ойлауға.

Түнде ұйқы, күндіз күлкі болмады,
Жауды жеңу бекем сенім ол дағы.
От пен оқтың ортасында қан кешіп,
Ұлы Отанын, ұлы халқын қорғады.

Қандыкөйлек достар жүрді мұнымен,
Бәрінің де терең еді ұғымы ең.
Ажал оғын жауға қатар жаудырды
Алғадайдай Жамбыл ата ұлымен.

Азаматтық шыңдай түсіп қайратты,
Талай топқа граната ойнатты.
 Шалдықпай-ақ ұзақ аңдып окопта,
Дәлдеп атып, фашистерді жайратты.

Тектілік бұл ұға білсең асылдан, 
Ерліктерін қас жауынан асырған.
Сол адал дос бет бұрғанда бақиға,
Өз қолымен оның бетін жасырған.

Ашты-тоқты өтті ай, жыл зулаған,
Майдан шебі күнде қырғын, шулы алаң.
Төрт жыл солай қан кешумен жылыстап,
Жеңемізден өзге еш ой тумаған.

Қайсар жігіт қаһармандық төзіммен,
Асқақ  рух, ар-намысты сезіммен.
Ер сыналар қиын-қыстау шақтарда,
Түндері де тым аз еді көз ілген.

Ерлік даңқын асқақтатқан ерге сен,
Мәңгі өшпестей аты қалды сенбесең.
Кеудесінде орден, медаль қос-қостан,
Жеңіс алып ауылына келді есен.

Ойы болмай  бұра тартар бөтендей,
Тірлігің не, шаңырағын көтермей.
Өмір заңы, жұптастықтың жолымен
Сұлу  қызбен жанұя боп Көкендей.

Ата ақылы бұрыс алып кетпеген,
Өнегелік үлгі  қалған көптеген.
Үй жанына өзі еккен топ терек,
Бүгін мәуе орман болып көктеген.

Бейбіт күннің еңбегінде танылып,
Ағайынның арасынан табылып.
Аққайнардың ақылманы атанды,
Намысы ту, рухы зор, ары нық.

Алынбайтын өңірдің жоқ көп өрі,
Білімменен, парасатпен өрелі.
Ұландары Серік, Мұхит, Ғабиттей,
Аққайнардың ел таныған өрені.

Қарт еменнің бұтағындай ұрпағы,
Ешқайсының болған емес бұлтағы.
Ата атын қастерлеумен келеді,
Арғы текті Аққайнардың жұрты әлі.

Халқы үшін арнап өмір  жаз, қысын,
Көп жасады мұқалмай еш әз мүсін.
Ерен ұрпақ баба жолын жалғаумен,
Ардагер ер мойындаған жазмышын...

Қадірлеумен ер есімін ел бүгін,
Мақтан тұтып еңбегі мен ерлігін,
Құран арнап, ас берумен келеді,
Ұрпақтары  бағалаумен өрлігін!

Ерен тұлға

Хан Нұрабай бабадан тектілігі,
Жырға қосар дәуірдің жетті күні.
Шежіресін тарихтың өзі қаттар,
Аққайнарда ерен ұл көп бүгінгі.

Қастер тұтқан ежелден қазақ атын,
Еңбек үшін ерттеген қазанатын.
Біреуі де  солардың  бірегейі
Серік мырза, Үмбетов азаматым.

Таныған соң есейіп оң мен солын,
Жұмысшыдан бастаған еңбек жолын.
Алатаудың құзарын бетке алғандай,
Жетеледі биікке оның қолын.

Ауыл, аудан басқарып, облысты,
Министрлік іске де жолы түсті.
Халқыменен қашанда бірге болып,
Талай-талай тындырды соны істі.
«Әке көріп, оқ жонып» жетілгесін,
Табыстарға жетелеп елдің көшін.
Төле бише қақ тіліп қара қылды,
Әділдікпен ел сүйді көрген ісін.

Ауырсынбай көтеріп сенім жүгін,
Біліктілік көрсетіп төзімдігін.
Жылы алақан жаюмен келе жатыр,
Қараша мен жарлыға күні бүгін.

Халқы көрді пайым мен парасатын,
Қарашамен тіл тауып жарасатын.
Бабаларға тұрғызып сан ескерткіш,
Қыруар іс атқарған жаңаша тың.

Мемлекет ісінде төрлегені,
Қыран сынды биікке өрлегені.
Өзгелерден іздесе табылмайтын
Салиқалы, сабырды көр дегені.

Қайтпағаны жанының алау күші,
Алты алаштың арналған ақ алғысы.
Ел сенімін сол бойы арқалаумен,
Мәжілісте елінің қалаулысы.

Сөзге шешен емес ол тұйық кісі,
Аяулы жар жанында сүйіктісі.
Немере мен шөбере ортасында,
Шаңырақтың қастерлі ұйытқысы.

Тектіліктен өнеге танытқанда,
Аспайтұғын адами қалыптан да.
Баталы ата ұрпағы, міне, осылай
Алғыс алған ақ жарма халықтан да.

Рухы асқақ, намысты, асыл түлек,
Еңбегінің табысын ғасыр білед.
Аққайнардың тумасы, тұнығым  деп,
Отыр елің Жамбылдың жасын тілеп!

Ерлік пен өрлік

Қорқыт ата қобызының сарынын,
Тыңдар болсам оянады дарыным.
Зар заманның мұңлы үні жетеді,
Ұлылардан жалғап бізге тағылым.

Не кешпеді қазақ деген бұл халық,
Шежіреміз балбал таста тұрды анық.
Баһадүрлер ел мен жерін қорғаған,
Ала алмады ешқандай жау құлданып.

Бабалары айбатымен бекінген,
Талай тұяқ жауын қуып шекілген.
Жер бетінде қазақ деген ұлық ел 
Ерлігімен, өрлігімен жетілген.

Қаны таза, рухы асқақ ежелден,
Асып-тасып кетпейтұғын  кемерден.
Аз, көбіне қарамай-ақ жауына,
Оғландары қылыш, найза кезенген.

Дана жолын ұстанудан аумаған,
Басын иген Хантәңірдей тау да оған.
Басып кірген жауын түгел жоюға,
Жүректерге асқақ сезім орнаған.

Қорғап солай ұлан-байтақ даласын,
Ат үстінде  ер жеткізген баласын.
Қазекемнің бұл дәстүрін ұлықтап,
Сырын түйген сүмбірлі тау, дара шың.

Бабалардың батырлығын, ерлігін,
Ұрпағынан көріп, қанған ел бүгін.
Дана атаның түлектері әманда
Ғасырлардан сақтап келді елдігін.

Ұлт атанып қазақ ірге қосқалы,
Аз болмаған дұшпаны да достары.
Жері байтақ, ұлан-ғайыр ежелден,
Шені шалқар, ашық болып аспаны.

Жер-анасын, ел-сарасын сақтаумен,
Қыран ұстап, сәйгүлігін баптаумен
Келе жатыр әлі  күнге ұрпағы,
Баба ерлігін ғасырларға жаттаумен.

Өз кезінде бөбектердей туылған,
Аққайнардың тұнығынан жуынған.
Бір  жас ұлан тең құрбымен есейді,
Кім не күтті ауылдағы бұл ұлдан.

Ойнап өскен күндер тез-ақ алыстап,
Жетеледі арман алға қарыштап.
Көп қатарлы білім алды мектептен,
Ширатты оны жүректегі намыс – бақ!
Дүлдүл уақыт көрген емес баяулап,
Тұра алмайды жастық жалын аялдап.
Туған жері – алтын бесік түлекке,
Деп жатпайды қай өңір, бұл қай аймақ.

Ширақ дене шымыр өсіп, жетілген.
Сан түрлі өнер игеруге бекінген.
Отанына жау кіргенін ести сап,
Армияға баруды ол өтінген.

Ер азамат кейін тартпас ұраннан,
Көп-ақ жастар Отан үшін Ту алған.
Туғанбаев Ысқақбайдың Нұрманы,
Қабыл болған тілегі үшін қуанған.

Ұлан дала  кенге толған аумағы,
Еркін жортқан аңға да бай таулары,
Жасыл мәуіт  орманына бағзыдан
Көз қадаған дұшпаны мен жаулары.

Теңіз бен көл, арынды өзен сан-сала,
Бұлақ суын жұтқандай көп тамсана.
Жер астының кенішіне қызығып,
Дымы құрып таусылған жау қаншама.

Қиыр шолып қыран сұсты батырлар,
Шежіресін тасқа қаттап ақындар.
Шабыт келіп, бебеулеткен шақта бұл,
Толғау жазып шалқуға да қақым бар.

Тебірене қалам алдым толғанып,
Ұлық қазақ, ұлы қазақ – сол халық.
Алау атар ерен ұлдар туылған,
Жау көрінсе атқа қонған қомданып.

Суарылған рухымен бабаның,
Әр қолатын қорғап байтақ даланың.
Жаным пида деп өсетін ұландар –
Құрбанымыз ақ сүт берген ананың.

Абылайдың ақ туының айбаты,
Қарасайдың ұран болған қайраты.
Аққайнардың түлегі боп туылған,
Нұрман ұлдың жойқын соғыс жайды атын.

Он тоғызда жауға аттандың белсеніп,
Қош айтысты ауыл сүйіп, ел сеніп.
Алатау мен Үшқоңырмен қоштасты,
Ер жігітке туып өскен жер серік.

Екі-үш апта жаттығулар үйреніп,
Қанықты да тәртіп атты күйге нық.
Ұшқыштыққа дәріс алып бірер жыл,
Жастық жігер тез төселді игеріп.

Отты сапар қаратпайды еркіңе,
Ант қабылдап Отан қорғау сертіңе.
Дивизия екінші әуе шабуыл,
Қабылдады Мозырьск полкіне.

Ұрпаққа ұран, елге мұра ерлігің,
Сені мақтан тұтып отыр ел бүгін.
Жаным демей оққа тостың кеудеңді,
Өткеніңді еске алатын келді күн.

Темір қанат көк құсымен, тарланым,
Аспан төсін қырандайын шарладың.
Жау сазайын жерде берсе достарың,
Сен аспаннан ажал оғын арнадың.

Жауға аттанған аталардан бата алып,
Жайылған ер ұлы Отанға аты анық.
Тең құрбыдан мысы биік ұштың сен,
Қаһармандар қатарынан аталып.

«У-2» ұшақ бомбалаған аспаннан,
Тиді саған, жоқсың одан жасқанған.
Одан сайын жігер тасып, қайратың
Тауды үгіп, секілденді тас жарған.

Ойы бекем, көзі жалын алғырым,
Бұлтқа сусап жұтып шөлді қандырдың.
Жаяу жүріп оқ боратса достарың,
Көк төсінен сен бомбаны жаудырдың!

Зәу биіктен жау қатарын сиреттің,
Фашистердің тас қамалын күйреттің.
Атпен жүріп жауды қырса достарың,
Сен ұшақпен жаудың шебін қираттың.

Жалғастырып түн соғысын тауға  ұрдың,
Үстіменен ұштың қар мен  жаңбырдың.
Сенің бомбаң фашистерді өртеді,
Жауды өзінің қандарына  қандырдың!

Жан емессің ойлаған еш өз қамын,
Ел сүйініп, күтті Аққайнар ардағын.
Ұлы Отанын жаудан азат етем деп, 
Көктұйғындай қалықтаудан жазбадың!

«Жеңіс» деген жарқын сөзді айтар күн,
Алыс емес екенін де байқадың.
Ұлт совет отаныңды фашистен,
Азат етіп, жауды кері қайтардың!

Осылайша  азат елдің Нұрманы,
Қуды жауын, бір сәтке де тұрмады.
Бомба  тастап әр нүктені дәл тауып,
«У-2» ұшақ тақымыңда зулады.

Ұшағыңа алыс емес жол сағым,
Бұл бағытта қырылды жау қанша мың.
Бір сапарда  мергендікпен танылып,
Аспанын да азат еттің Польшаның!

Жарқыраған ордендерің төсінде, 
Қырық төрттің күз аяғы бесінде.
Сұм фашистің зенитінен шыққан оқ
«У-2»-ні тесіп кірді! Есіңде!..

Тарылған соң көк аспанның кеңдігі,
Дауасы жоқ ұшты үміті ендігі!
Мұрсат бермей белдік бауын шешуге,
Лап етті ұшақ!.. Айла жоғы белгілі!

Амал нешік, Жаратқаным «жаңылды»,
Қызыл қыран  жерге құлай  ағылды.
Көк төсінде  жанып кеткен ұшақпен
Гастелло ердің ерлігі деп танылды.

Кеткен жоқ ол Аққайнарды сағынбай,
Арман, қиял көп еді онда сағымдай.
Амал нешік, орны толмас өкініш – 
Қаһармандық белгі қалды тағылмай.

Жан-жүрегін жауға деген  кек қысып,
Темір шыжып,  тұла бойы отқа ысып.
Аққайнарын есіне  алып соңғы рет,
Бұлттан арғы  биіктерге  кетті ұшып.

Асқақ рух жерге бермей  намысты, 
Ерлікпенен, өрлікпенен бағы  ұшты. 
Әулетінің тектілігі көтеріп,
Күллі елі жоқтап жатты арысты...

Туған кезде Тәуелсіздік заманы,
Бүгінгі ұрпақ қастер тұтты ағаны.
Ерлігімен Туғанбаев Нұрманның,
Аққайнардың мақтанады адамы!

Атажұрттың ерен туған ұлдары,
Өздері мен ұлтын бірге тыңдады.
Қайда жүрсе аты әйгілі ерлікпен,
Талай мәрте тойланады мұнда әлі!

Зұқай Шәрбақынұлы
Жамбыл ауданы,
Аққайнар ауыл