Екінші ұстазым - "Жетісу"

Уақыты: 17.06.2018
Оқылды: 1163
Бөлім: РУХАНИЯТ

Мен журналистика саласында да, адами өмірде де «Жетісу» газетін екінші ұстазымдай көремін. Бала күнімізде үйге республикада шығатын барлық газет келетін. Оларды әкем өзі оқып, бізге дауыстап оқыттырып болған соң керегедегі шегеге қыстыртып қоятын. Керегеден кетпейтін қыстырындының қалыңы «Жетісу» газеті болатын. Осы «Жетісу» менің адамдық тұрғыдан да, мамандық тұрғысынан да көзімді ашты, журналистика әлеміне қамшы салды, нені жазу, неге жазу, қалай жазу  керек дегенге дұрыс жауап табуға машықтандырды. Осы газетте студент кезімде қатарынан үш мәрте тәжірибеден өттім. Есімнен кетпейтіні және үлкен мақтанышпен айтатыным – осында корректор болып қызмет еткен айларым. Сол алғашқы қадамымнан бір үзік сырды мерейтой қарсаңында әдейі ұсынып отырмын. Бұл өзі осыдан 34 жыл бұрын болған оқиға.

Облыстық «Жетісу» газетінде корректормын. («Корректор» деген сөздің   «түзеткер» деген баламасы кейін пайда болды.)  Өзім журфакта оқимын. Неге екенін білмеймін, біздер кәсіби машықтарымызды жетілдіру мақсатында қосымша жұмыс істеп жүрсек те онымызды ұстаздардан жасыруға тырысатынбыз. Ашығын айтсам,  «мемлекет саған оқысын деп ақша төлеп жатыр, оқитын орның міне, жататын жатағың әне, стипендияң тағы бар, енді саған не керек, не басыңа күн туды қосымша жұмыс істеп?» дей ме деп жалтақтайтынымыз рас еді. Ол кезде үйленгенмін. Пәтерде тұрамын. Кішкентай нәресте бар. Қосымша ақша артық етпейтін еді. Оның үстіне «Алматыда жұмыста қалсам ба» деген ішкі есебім де жоқ емес. Сондықтан жұмысты жанымды салып істеп жүрмін. Басшылықтың, әріптес ағаларым мен апаларымның  маған деген көзқарасы жаман емес секілді. 
«Мен ұрлық қылғанда Ай жарық болды», – дегеннің кері ме, сол жолы КСРО Жоғары Кеңесінің, онымен сабақтаса Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің сайлауы  жүріп жатқан кез. Сайлау барысы туралы ақпаратты алдымен ТАСС әзірлейді. Одақтық басылымдарға таратады. Одан кейін республикалық бас газеттерге жіберу үшін алдымен ҚазТАГ-қа жібереді. ҚазТАГ орысшадан қазақшаға аударып дайын мәтінді республикалық «Социалистік Қазақстанға» бастырады. Одан кейін барып облыстық газеттерге келеді. Мұның бәрі жедел, жылдам орындалып, күнделікті ақпарат ертесінде барлық басылымда жарық көруі керек. Сондықтан ақпарат тарату науқаны газеттің барлық қызметкеріне бас көтертпейтін. Біздерге де солай. Біз таңға дейін жүреміз. Тіпті кейде таңды атырып барып үйге кетеміз. Ол кезде әр газеттің түзеткерлерінен өзге, кезекшіден тыс, «свежий глаз», яғни «тың көз» деген аты бар қызметкер ең соңынан оқып, бас редакторға қол қоюға жібереді. Айтса да бұлардан бөлек литоның адамы («цензор») да бір сүзіп шығады. Оның міндеті мәтінде саяси қате, коммунистік идеологияға қайшы сөз, ой-пікірлер, тіпті «ұлт», «қазақ» деген жеке сөздердің кетіп қалмауын қадағалау. 
Бұл күнгі «тың көз» белгілі журналист Мейрамбек Төлепберген еді. Беттің бәрі оқылып бітіп қалған. Көзімізге ұйқы тіреліп отыр едік. «Тың көз»  мен оқыған бетті алдына жайып қойып: 
– Баяғыда бір ағамыз осылай «барлық адам оқып болды-ау, енді бас редакторға қол қоюға жібереміз», – деп отырғанда бәрімізге ерегіскендей беттегі тақырыптарды оқи бастайтын. Және «осылай оқуды әдетке айналдырыңдар» деп жүйкемізді жұқартып-ақ жіберетін. Мен де сөйтіп көрсем бе деп отырмын, – деді де әзілдеп отырған сыңайын байқатып бәрімізге күле қарады. Тыныш тұрмай мен:
– Ол кісі қалай оқушы еді? – дедім.
Мейрамбек «сен де сұрамайтын сәтте сұрайды екенсің» дегендей қынжыла бір қарады да:
– Жарайды. Жаңа бастап жатырсың ғой жұмысты.  Артық болмас, – деп менің оқыған бетімді алдына қойды да (ол өзі ҚазТАГ-тан дайын күйінше келген бір бет мәтін болатын) оқи бастады: – «Қазақ ССР Жоғары Советінің» деп бір үзіліс жасады да: «Қазақ ССР» – «Жоғары Советінің» деп екінші мәрте бунаққа бөліп оқыды. Одан кейін «Қазақ» «ССР» «Жоғары» «Советінің» деп жеке-жеке сөзге бөліп оқып шықты. Отырғандар шыдамады.
– Болды қоя салшы, таң атып қалды, кетейік. Қол қоюға жіберейік тезірек, – деді. Мейрамбек бастаған ісін аяқтап болмағандығын ишаралап, қолын көтерді де әрі қарай әр сөзді буынға бөліп оқыды: «Қа-зақ  эС-эС-эР Жо-ға-ры  Со-ве-ті-нің» деп созып барып:
– Енді әр әріпті жеке-жеке оқимын, – деді де: 
– «Қ..,- а.., -з.., -а.., -..»,- деп кідіріп қалды. Кідірді де:
– Ойбай, мынау «қ» емес, «к» ғой, – деп басын жұлып алды үстелден. Мен орнымнан қарғып тұрып жанына жетіп бардым. Мен де «Қ -а -з- а - қ» дейін десем, соңғы әріп «қ»  емес «к» болып тұр. Бетті  ала салып баспаханаға беттедім. Үйіне кетуге дайындалып тұрған жұрттың бәрі орындарына қайта жайғасты. Олай болатыны – сол кезде фототерілім жаңа басталған. Егер терушілер «мынаны қайта жөндейміз» десе, бәріміз де өзімізге тиесілі бетті қайта оқуымыз мүмкін. Өйткені, мәтіннің саяси мәні бар. Онда бірде-бір қате кетпеуі керек.  Баспаханадағы әріп терушілер маған ожырая қарады. Бір беттің фотоүлбірінің бағасын айтып доқ көрсетті. Тіпті, «сауатсызсыңдар ма бәрің» дегенді де айтып салды. Намыстанып қалдым. Бұл мәтін дайын күйінше ҚазТАГ-тан келген сайлаудың есебі болатын. Өз басым қара мәтінге баса назар аударып, басындағы тақырыбына аса мән бермеген едім. Біреуді кінәлаудың реті жоқ, «извините, больше не повториться» дегенді  тілімнің жеткенінше айттым. Набоков деген бұрыннан істеп келе жатқан қарт теруші  «әкеші, көрейін» деп қатенің қай жерде екенін сұрады. Мен «К»-ны көрсетіп, бұл жерде қазақтың «Қ» әрпі тұратынын айтып ем,  «түк те емес екен, қазір-ақ түзейміз», – деді де қара сиясын алып әлгі «к» дегеннің аяғын төмен қарай кішкене соза салды да «бара бер» деді. Қуанғаннан әріптестеріме жүгірдім. 
– Түзелді! Үлбірдегі «к»-ның аяғын қара сиямен соза салды Набоков, – дедім. 
– Ой жақсы болды ғой, – деп әріптестерім Баян мен Әлия қуанып кетті. Қуанатын басты себеп – егер ол аса күрделі қате болса, бүкіл бетке басқа үлбір жұмсалады. Оның бағасы қымбат. Бір үлбірдің көлемі А2 пішім. Оған қоса  фото бояулар бар, терушілердің моральдық шығыны бар, барлығы бәленбай ақша. Ол ақша редакцияның мойнына жазылады. Редакция түзеткерлерге төлетеді. 
Сөйтіп, бұл оқиға алғашқы түзеткерлік қызметімде үлкен сабақ болды. Кейін кез келген тақырыпты әлгі Мейрамбек көрсеткен әдіспен оқуды кәсіби машығыма айналдырып алдым. 

Сағатбек Медеубекұлы, 
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы