"Жұматайдың қағанаты"

Уақыты: 26.06.2018
Оқылды: 1942
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақ поэзиясында махаббат тақырыбын бір ғана Ләйлә сұлуға арнап, жауһар жырын жүректерге қондырған Жұматай Жақыпбаевтың орны ерекше. Жұматай ақын сол тұста жанына жалын жүрек, жас кеуде, от ауыз, орақ тілді ақындардың басын қосып, «ЖҰМАТАЙДЫҢ ҚАҒАНАТЫН» құрғанын әдебиет әлемі әлі де ұмыта қойған жоқ. Мейірхан Ақдәулет пен Әбубәкір Қайран қағанның илхамы (орынбасары) атанып, марқұм Жақыпбектің Есенқұлы, қазіргі таңда облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым мен қыздардың ішінде топ жарып, осы қатардан орын алған Мемлекеттік сыйлықтың иегері Гүлнар Салықбай бар қағанатта аңызға бергісіз жыр-дәуреннің өткені анық.

Бұл қазақ поэзиясындағы әлем. Ал осы үрдістің ата басылым «Жетісу» газетінде жалғасын тауып келе жатқанын көп оқырман біле бермейтіні анық. Яғни, «Жетісудың» ішінде де «ЖҰМАТАЙДЫҢ ҚАҒАНАТЫ» бар. Бұл қағанат қалай қайта жаңғырды?  Осыдан үш жылдың ар жағында басылымға бірнеше жас бірінен кейін бірі қабылданып, тоқсанды тамамдап, жүзге табан тіреп қалған газетке жаңа леп келді. Бүгінгі басшымыз Әміре Әрін ағамыз да осы тұста бас редактордың тізгінін қолына алған сәт болатын. Газетте еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан ардагер журналистерді ардақ тұтып, иықтарына шапан жауып, алғыс айтып, құрметті демалысқа шығарып салғанда тағы үш-төрт орын босаған кез. Аға буынның жолын жас толқынмен жалғастырған Әміре Әрінұлы сол орынға «сен тұр, мен атайын» деген сайдың тасындай, жарқылдаған жасындай жастарды қабылдады.  Бұл түсінген адамға жастарға деген үлкен қамқорлық еді. Сол ағалық пейілін ары қарай жалғастырған бас редактор кезекті лездемеде (аптасына бір рет өтетін газетке шолу жиыны)  орынбасары Жұматай Оспанұлына: «Жұматай, қазақ поэзиясында Жұматай Жақыпбаев деген ағаң өткенін білесің. Өзіміздің жерлесіміз, мына іргеміздегі Жетісу ауылының тумасы. Талдықорған жеке облыс болып тұрған кезінде «Жерұйық» деген газет болған. Сол газетте қарымды журналист, жалынды ақын Жұматай ағаң еңбек еткен. Кейін Алматыға кетіп, әдеби ортаға еркін еніп, қанатын кеңге сермеген кезде «ЖҰМАТАЙДЫҢ ҚАҒАНАТЫН» құрған. Сол қағанатта өзінің замандастары, соңынан ерген іні-қарындастары маздаған жыр ошағын алаулатып, поэзия әлеміне ерекше жаңалық енгізген еді. Бүгінгі Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Несіпбек Айтұлының өзі: «Айналайын, Жұмеке, қағанатыңа мені де қабылдашы. Нояның болмасам да, қояның болайын», – деген сөз содан қалған. Сол үрдісті қайта жандандырайық. Поэзиядағы «ЖҰМАТАЙДЫҢ ҚАҒАНАТЫН» журналистикаға ендірейік. Сенің де атың Жұматай. Мына өрімдей жастарға өзің жетекшілік жасап, қара шаңырақ «Жетісудың» ішінен журналистикадағы «ЖҰМАТАЙДЫҢ ҚАҒАНАТЫН» құр. Сөйтіп, артына өлмес өлең қалдырған Жұматай ағаңның атын қайта жаңғырт, одан сен де жаман болмайсың» , – деп ағалық тілегін айтып, батасын берді. Сол күннен бастап, журналистика саласында «ЖҰМАТАЙДЫҢ ҚАҒАНАТЫ» құрылды. Қағанат тек журналистік саланы ғана қамтымай ЖҰМАҒҰЛ-ШОРА–ЖҰМАТАЙДАН қалған жыр аманатты да орындап келеді. Жыр қағаны Жұматайдың, мұзарт шыңның мұзбалағы Мұқағалидың, сағынышқа айналып, сағымдар арасына сіңіп кеткен Төлегеннің, есіл жалғаннан еркелеп өткен Есенқұлдың туған күндерін атаусыз қалдырған емес. Алдағы уақытта жырлары тұма бұлақтай Тұманбайдың, Аспантаудың асқақ перзенті Еркіннің, тағы басқа қара өлеңнің ауылындағы ақындар өлеңі «ЖҰМАТАЙДЫҢ ҚАҒАНАТЫНДА» оқырманға жол тартатын болады. Сонымен бірге «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін мен орынбасары Нүсіпбай Әбдірахымның да 60 жылдық мерейтойының шырайын келтіріп, жырларын оқып, мәртебелі поэзияға құрмет көрсеткен. Суретте көріп отырғандарыңыздай қағанаттағы екі қызымыз отау құрған. Қос ананың қолындағы қос қызғалдақ қағанаттың қатарын көбейтуде. Осылайша журналистикадағы «ЖҰМАТАЙДЫҢ ҚАҒАНАТЫ» тарихта Жұматай атанып кеткен ЖҰМАҒҰЛ-ШОРАНЫҢ есімін қайта жаңғыртып келеді.