Жылдар мен жолдар

Уақыты: 26.06.2018
Оқылды: 1601
Бөлім: РУХАНИЯТ

Хадиша Дүйсекенова, аға буын:

Ол кезде «гранка», «свежий глаз» деген терминдер болды. Журналистер қазіргідей компьютерде емес, мақаланы қолжазбамен жазады. Содан кейін барып мәшинеге басады. Оны қайталап оқып, түзетуден өткізеді. Әрмен қарай теру үшін баспаханаға жібереміз. Материалды «гранка» деп сақтайды. Гранканы алып әрбір жолын санаймыз, сол бойынша сызғышпен өлшеп отырып макет сызамыз.

Суреттің қай жерде орналасуы, оның көлемі, биіктігі, ені қанша болу керек, соның барлығын макетке түсіріп, содан кейін барып талдап, басшылар бекітеді. Макетті, гранкамен қосып баспаханаға қайтадан алып барамыз. Сол бойынша терімшілер «Линотип» деген мәшинеде қайнап тұрған қорғасынмен бір-бір жолдан тереді. Қорғасын сөйлем болып құйылып шығады. Сол қорғасынды алып барып беттеушілер бетке салады. Сонда бір жолдан қате кетсе, жаңағы жолды алып тастап, қайта тереді. Бірнеше рет теруге тура келетін. Сыймай қалса қысу, жетпей қалса созу қиынның қиыны. Осылардың барлығы орындалған соң корректорлар оқиды. Оны қайтадан түзетуге бересің. Бір бетке бір корректор отырады. Екі тыңдаушы материалды қолына ұстап отырып тыңдайды, корректор оқиды. Тазаланды-ау, бет бітті-ау дегенде кезекші журналист бастан аяқ-қарайды. Кезекшіден кейін «свежий глаз» барлық бетті түгел шолып шығады. «Свежий глаздан» соң бас редактордың өзі әбден оқып, қол қойып береді. Соңынан барып баспаға жібереді.
 Талдықорған қаласы облыс орталығы болған кезде көп материал Алматы қаласынан келіп түсетін. Пленум, съезд, сессиялардан материалдарды сағат түнгі  он, он екіге дейін күтіп жүреміз. Жұмысқа түнеп, таңғы сағат тоғызда газет дайын болатын еді.

Гауһар Дүйсенбаева, орта буын:

Газет шығаратын «линотип», «фотонабор» секілді  тәсілдердің ұмытылғанына біраз  уақыт болды. Техниканың дамуына байланысты әлемді, соның ішінде   баспасөз саласын  компьютермен басқаратын заман   туды.  Тоқырау құрсауға алған тоқсаныншы жылдардың өзінде   «Жетісудың» бір саны шықпай қалған күн болған жоқ.  Алғашқылардың бірі болып республикалық   басылымдардан  қалыспай мақалаларды өз компьютерімізде теріп, беттеуге көштік.

 

Компьютер деген атын естігеніміз болмаса,  қолымызға ұстап көрмеген зат. Қазіргі орта буын  біздер сол кездердің жастарымыз. Жаңалыққа қызығушылық танытып, технологияны игеруге белсене кірістік.  
... Өз компьютерімізде беттеген алғашқы нөмірге таңғы сағат төртте қол қойдық. Шаршағанымызды елемейміз. Мәзбіз!  Қолымызбен беттеген нөмірді жарыққа шығарғанымызға қуанып жүрміз. Газеттің әдемі шыққандығын, дизайнының ұтымдылығын айтып, шаттанамыз. Ол кезде  «Word», «Adobe PageMaker»,  «Adobe Photoshop» , «CorelDRAW»  программасымен жұмыс жасадық.
Алғашында, компьютерге көшкеніміздің өз қызықтары мен қиыншылықтары  болды. Қиыншылығы сол, беттеп, қатесін түзеп, енді қол қоюға апарар кезде компьютердің  бір тетігін байқаусызда басып қалып,  түгел өшіріп алған кезіміз де кездесті.  Қол жаттығып, машықтанғанша түннің бір уағына дейін жүруге тура келеді. Одан дискетке жазып, түн ауа  «Дәуір» баспасына алып барсаң файл  ашылмай қалып, кейін қайтатынбыз.  
Файл демекші, алғашында файл қоюды да білмейміз. Талдықорған облысының тарауына байланысты «Октябрь туы» газеті жабылып, «Жетісуға» қосылған кез еді. Облыс аумағы кеңейіп, алыс маңда орналасқан елді мекендерден материалды  интернет арқылы Талдықорғандағы  редакция қосынынан алатынбыз.    Барша апайға программист жігіт байқамай «Браша» деп  файл ашып беріпті. Енді  мақалаларды осы файлдың ішіне  тере бересіз деген ғой.
Естіген құлақта жазық жоқ, Барша апай барлық мақаланы сол файлға сала береді, сала береді. Яғни, бізге жіберетін барлық мақаланы бірінен соң бірін тізеді. Жаңадан бет, файл ашу білмейді.  Бүгін бес бет  материал  жіберсе, ертеңінде соның төменгі жағына  тағы бес бет жібереді. Оның ертесіне тағы бес бет... Сонымен не керек, келіп жатқан материалдың беті жүзден асып кетті. Бұл жақтан екі жол қазанама немесе бес жол хабарландыру келсе де бұрынғы жүз бәленбай беттің астына теріп жібереді.  Біз   бес жол материалды алу үшін жүз бәленбай бетті қайта ашып, соңына жете алмай отырамыз. Сол кездегі жауапты хатшы Жанкүміс апай «Әкем-ау, мыналар файлды сатып алушы ма еді, әр материалға бөлек файл ашса болмай ма?!» деп күлетін. Сол Барша апай кейіннен «компьютердің құлағында ойнайтын» нағыз шебер атанып, көптеген жасты тәрбиеледі. Қазір құрметті демалыста, сол күндердің зейнетін көруде.
Одан бір күні «вирус» деген пәле шықты. Ортамыздағы білмейтіні жоқ  Ришад: «Вирус – ол инфекциямен келеді. Бұдан былай көшеде шаң болған аяқкиімдеріңмен кабинетке кіруші болмаңдар! Ауыздарыңа маска, бастарыңа қалпақ киіп келіңдер. Халатпен отырамыз!» – деді. Есіміз шыққаны сондай,  «вирус» әкеледі деп  бөтен адамды кабинетке кіргізбейміз. Корректорлардан бетті есіктің саңылауынан ғана аламыз. Кабинетке күн түсірмеу керек, мониторды қаламсаппен шұқымау керек деген Ришадтың талабын бұлжытпай орындаймыз.
Бірақ, «вирус» күннен-күнге көбейіп, өршіп барады. Компьютерлер шетінен бұзылып жатыр. Біз арамызда кім вирус тасымалдаушы екенін білмей далмыз...
Көп күттірген программист те келді-ау Алматыдан. Тізіліп әппақ халатпен  қарсы алдық. Ришад солай киіну керек деген соң бірдей халат киіп алғанбыз. Программист біздің түрімізді көріп, ішек-сілесі қатып күлді де техниканы бірнеше рет өшіріп, қосып отырып  антивирус қойып кетті. Сөйтсек,  «вирустың»  кіруіне біздің мүлде қатысымыз жоқ екен. Ол да техниканың бір программасы көрінеді. Қайдан білейік!  
Бүгінде сол күндердегі қызықты сәттерді есімізге алып, қыран-топан күлкіге батамыз. Журналистиканың сан түрлі қиындығын, газет шығарудың әр замандағы машақатын бастан өткізген бізге компьютер деген не тәйірі, үйреніп алдық. Қазір ұршықша үйіреміз. Барлық программамен жұмыс істейміз. Ол да бір қызық дәурен екен! Өткен күнде белгі бар...

Мәулен Әнербай, жас буын:

Технология секунд санап дамылсыз дамып жатқаны баршамызға аян. Қай салада болмасын қол күші азайып, оның орнына бар жұмысты өздігінен жүзеге асыратын құралдар басуда. Газет шығару ісінде де өзгерістер баршылық.

Қазір мақаланы қолына қалам алып жазатын журналист жоқтың қасы. Әркімнің жұмыс үстелінде ғаламторға қосылған компьютер орналасқан. «Жетісу» газеті де заман талабына сай жабдықталған. Қызмет ететін тілшілер де құралдарды мүміндігінше оңтайлы пайдалануда. Алдымен жазған мақаласын ортақ серверге сақтайды. Ал қағазға шығарылған нұсқасын корректор, бөлім, редакция меңгерушісі, бас редактордың орынбасарлары немесе бас редактордың өзі оқып, кеткен қателіктерді түзеп, газетке таза шыққанын қадағалайды. Ал түзетілген тұстары жаңағы ортақ серверге енгізіледі. Оны беттеушілерде оңай алып, өң береді. Міне, мақаланың газет бетіне шыққанға дейінгі үрдісі осылайша жеңілдетілген.
Оқырман сұранысына сай қызмет көрсету де назардан тысқары қалмайды. Қазір көпшілігі, әсіресе, жастар газетті қарай бермейді. Қалта телефонынан ғана бар жаңалықты көріп, біліп жатады. Сондықтан да газеттің сайты, әртүрлі әлеуметтік желідегі парақшалары оқырманын қажетті ақпаратпен қамтамасыз етуде. Басылым тек облыс аумағына тарайтын болғандықтан, өзге өңір, тіпті, шетелдегі азаматтар сайт арқылы өзіне қажет мақаланы оқи алады. Қазір ақпарат таратуда бәсекелестік артқан. Жаңалықтың ескіріп қалуы да тез. Газет аптасына үш рет шыққан күннің өзінде, болған оқиға кешеуілдеп қалады. Сол себепті, халыққа тез арада қажетті ақпар алдымен ықшамдалып сайтқа, кейін кеңейтіліп, зерттеліп, зерделеніп газет бетіне жарияланады.