ҚАЗАҒЫМНЫҢ ҮНІСІҢ СЕН, ДОМБЫРА!

Уақыты: 03.07.2018
Оқылды: 3038
Бөлім: РУХАНИЯТ

    Елбасының бастамасымен елімізде алғаш рет тойланып жатқан Ұлттық Домбыра күніне орай Талдықорған қаласындағы «Жастар» саябағында “Үкілі домбыра” атты мерекелік шара өтті. Оған 200-ден астам жас өнерпаз домбырашылар қатысып, шараны Құрманғазының “Балбырауын” күйімен ашты. Бір мезетте домбырасын қатар сермеп осынау рухты күйді Талдықорған, Текелі, Қапшағай қалалары мен Ақсу, Кербұлақ, Көксу, Ескелді, Қаратал аудандары, Қ. Байсейітов атындағы музыкалық колледж, Оқушылар сарайы, “Көркем-ай” өнер студиясының шәкірттері төгілте орындады. 

 

    Елінің қуанышы мен шаттығын, мұңы мен зарын жеткізген домбыраны және оны жан серігіне айналдырған әнші-күйшілерімізді  насихаттау мақсатында үлкен LED экраннан Жетісу жерінің атақты дүлдүл өнерпаздарының домбыра аспаптары көрсетілді. Астананың 20 жылдығына арналған «Жетісудың 20 музейі» атты Елордадағы көрме залына қойылған 5 домбыра туралы айтылды. Олар, Сара Тастанбекқызының бала кезінде ұстаған, Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейінде сақталған домбырасы, Таңжарық ақынның Үмбетәлі Кәрібаевқа сыйға тартқан киелі аспабы, М. Мақатаевтың 1964-1960 жылдары қолданған домбырасы, Мұқан Төлебаев 1934-36 жылдары жетекшілік еткен көркемөнерпаздар ұжымы қолданған шіңкілдек аспабы. 
   Сонымен қатар «Дина күйші», «Әнші Әміре», «Байсерке күйші», «Әнінің қазақ жетпес бұрмасына» әнші, жазушы Жәнібек Кәрменов туралы, «Күйші» дәулескер күйші Рахым Тәжібаев жайында, «Алтай-Қобда домбыра күйлері», «Домбыраның қоңыр үні» атты кітаптар таныстырылды. 
   Халқымыз үшін осындай тағылымды мерекеде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмаров көпшілікті мерекемен құттықтады.
– Бүгінгі күн – қазақ тарихында алтын әріппен жазылатын күн. Биылғы жылда өтіп жатқан әрбір шараның қазақ халқының болашағына деген маңызы өте зор. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қаншама танымдық шаралар атқарылуда. Ғасырдан ғасырға үн қатқан Баласағұн атамыз «Рухы мықты елдің тәжі басында, бағы қасында» деген екен. Халқымызбен бірге жасап келе жатқан киелі домбыра қаншама жүрек толғатқан сағыныштарды, мұңдарды, қайғы-қасіретті, қуанышты, адамның жүрегіндегі асыл сезімді келер ұрпаққа жеткізуде. Қос ішекті домбыраның үні қашанда қазақтың жүрегінде. Халқына әсем әнін, күйін сыйлаған Құрманғазыдан бастап, Жетісу жеріндегі күміс көмей, жезтаңдай әнші Дәнеш ағаларымыз осы қос ішекті домбырамен қазақ халқының жүрегін баурады. Олай болса біз ұрпағымыздың рухы мықты болсын десек, әрбір үйге бір-бір домбыраны іліп қойып, әр үйдің бір баласы домбыра шертетіндей ұлтымызға жанашырлық іске бүгіннен бастап мықтап кірісейік. 
«Көргені жақсы көш бастайды» демекші,  Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев шілде айының алғашқы жексенбісін «Ұлттық Домбыра күні» деп жариялап отыр. Бұл, әрине, халықтың көңілінен шығатын, аңсап жеткен мереке деп санаймыз. Олай болса, Домбыра күні құтты болсын!» – деді. Бұдан соң осынау шараны ұйымдастыруға атсалысқан бірқатар өнер ұжымдарын, ұстаздарды басқарманың Алғыс хатымен марапаттады.
   Шараға халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Сырым Нұрмолдин, Шолпан Даржанова, Тілеулес Құрманғалиев, Мұрат Әбуғазы, Абылай Қармысов, Рүстем Наурызов, Арафат Ысқақов қатысып, ән-күйден шашу шашты. Сондай-ақ, Каратал, Көксу аудандарының жас өнерпаздары өнерлерін ортаға салды.
   Қазақтың әні мен күйі шалқып, Талдықорғанды әсем әнге бөлеген күні халықтың да, дәстүрлі әнші, күйшілеріміздің де көңілі көкке жеткендей болды. Ұлттық өнерді ұлықтаған көпшілік сол күні ара-тұра жауған жауынға қарамастан әнші-күйшілеріміздің өнеріне құлақ түріп, қолдау көрсетті. Бұл, әлбетте, халқымыздың ұлттық өнерге деген айрықша құрметі. Күннің бірде жарқырай шығып, біресе нөсерлете жаңбыр жауып, артынан керіле кемпірқосақтың шығуының өзі бұл күні осынау игі шараны құптап, Алланың нұры жауғандай әсерге бөледі. 
   Домбыра – қазақтың жаны, жарқын үні, өткен жолдарының белгісі. Қазақ барда домбыра мәңгі жасай бермек. Ұлттық өнер, ұлттық аспап – өміршең. 

Алма ЕСЕНБАЕВА.