Жүректегі жетіген жыр

Уақыты: 06.07.2018
Оқылды: 1673
Бөлім: РУХАНИЯТ

Татулықтың ұйытқысына айналған «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығында» «Әлем таныған Астана» атты облыстық жыр мүшәйрасы өткен болатын. Сол сында топ жарған ақын Гүлбақыт Қасеннің туындысын Астана тойына тарту ретінде назарларыңызға ұсынамыз.

Сүйем сені, бүкіл қазақ даласы, 
Сұлулықтың биіктеткен бағасын. 
Құшағымнан жер жұмағын табасың,
Сағыныштың самалы ессе үп еткен – 
Жүректегі жетіген жыр жалғайды, 
Жетісу мен Сарыарқаның арасын.

Жеті өзенім, өрнек салып ағасың,
Мың бір бұлақ сыңғыр шашбау тағасың. 
Мөлдір маржан алақанға тамасың... 
Ерке Есілді аңсағанда айнамкөз – 
Жүректегі жетіген жыр жалғайды, 
Алатау мен Сарыарқаның арасын.

Беу, Астана – Алашымның қаласы, 
Саған лайық – барлық мадақ, бар асыл. 
Бәйтерегім, тамыр жайдың тереңге,
Бауырға сап түбі түркі баласын... 
Жүректегі жетіген жыр толғайды 
Кешегі мен бүгінгінің арасын.

Беу, Астана – бар қазақтың қаласы, 
Жер жаһанда бірегейсің, дарасың, 
Абылайдың Ақордасы айбатты – 
Мұра бізге Дешті Қыпшақ даласы. 
Жүректегі жетіген жыр толғайды 
Кешегі мен бүгінгінің арасын.

Ай да, Күн де тапқандай бір жарасым, 
Бар әлемге арай нұрың тарасын.
Қыран құстай қанатыңды қағасың,
Дүр сілкінтіп дүр-дүние санасын.

Ақ парақтай аппақ сенің дидарың,
Жақұт шаһар, көз тұндырып жанасың. 
Жүректегі жетіген жыр жалғайды, 
Жетісу мен Сарыарқаның арасын.