Балдырған шақ (әңгіме)

Уақыты: 06.07.2018
Оқылды: 1716
Бөлім: РУХАНИЯТ
Уақыт шіркін құйрықты жұлдыздай зулайды екен-ау. Көз ілестірмес мезеттің ішінде небір дәурен өтті, кетті. Кеше ғана бала болып ойнап ек, енді міне, шашымызға ақ түсіп, немере бағып отырмыз. Бұрын Алматыда қызмет ететін тұңғыш ұлымызды асыға күтетінбіз. Қазір соның балаларын аңсаймыз. Құрғырлар қанша айтсақ та әкеп тастамайды. Не болмаса өзіміз де барып аунап-қунап қайта алмаймыз. Тар пәтерге өздері әзер сыйып жатқанда, біздің келгенімізге шын қуана қоймас. Бәрінен бұрын кішкентайларды аяймын, аядай ғана бөлменің ішінде не бала болып ойнамайды. Күні бойы телефонға шұқшияды да отырады. Өмір деген ауылда ғой, ауылда.
Қақаған аяз да, шыбын жаныңды шырқыратып, шыжғырар аптап ыстық та, сіркіреген жауын-шашын да ойынымызға титтей де әсер ете алмайды. Таңның атысы мен кештің батысы өзен жағалап, ағын суға шомылып, балық аулап, одан қалса, көшенің шаңын бұрқыратып асық атамыз. Қуаласпақ, «Ақсерек пен көксерек» сынды қандай ойын бар болса, соның барлығының қызығын бір адамдай көрдік. Ең әсерлісі ауылдағы менімен қатар қыздардың барлығын жақсы көрдім. Әрине, ол балалығым. Демалыс сайын туыстарына келетін қыздарға қолыма қандай сыйлық түседі, соны алып барамын. Әжемнің неше білезігі, анамның қаншама сақина, сырғасы кетті оны бір Құдайдың өзі біледі. Онымды біліп қойған соң, талай таяқтың дәмін таттым. Бірақ, бойға сіңген әдет пе кім білсін, байлықтарын тығып қойған жерінен тауып алатынмын. Ол қыздардың барлығы қазір ақжаулықты әже болды. Бір мезет болса да ойлайды ма екен-ау сол күндерді. Қызық...
– Өй, әкеңнің, қазір көрсетейін саған, кел бермен! – дейтін анамыздың таяғын да сағынады екенсің. Өйтпей қайтсін, бұзықтығымызды санап, тауыса алмастай. Зиянымыз тек өз үйіне емес, көрші-қолаңның барлығына тиді. Есейе келе жақын тұрған ауылдарға да көштік. Шағымнан көз ашылмады. Ата-анамыз бізді үйлендіргенше асықты. 
Бірде Данияр есімді інім Нұрлан інімнің ауылдағы немістермен жұдырықтасып жатқандығын айтып: «Ержан, бол енді, өз елімізде есеміз кетпесін» деп дедектетіп ауыл маңындағы төбешікке алып келді. Ол кезде ауылдың жартысынан көбі неміс ұлтының өкілдері болатын. Әрдайым бір-бірімізбен тайталасып күн кештік. Келсек, Нұрлан немістің дәу сарысынан әжептәуір таяқ жеген екен. Қасында тұрған қазақ жігіттері де шамалары келмесін біліп, үнсіз жер шұқып тұр. Данияр шыдамады білем. Ортаға атып шығып, жекпе-жек сұрады. Енді туған бауырының анандай күйі кімді тыныш қойсын. Сол кездегі Даниярдың қайраты бәрін қайран қалдырды. Жаңағы дәу немісті басынан асыра көтеріп, жерге алып ұрды. Сол ерлігі бүкіл ауыл-аймақ, аудан көлеміне таралды. Кез келген ауылдағы неміс жігіттері содан кейін қазақтардан қаймығып, өз жөндерімен жүрді. Берекеміздің арқасында басымыздан сөз асырмай, бір атаның баласындай күн кештік. Қазір қарап отырсам, қазақтың балалары бір-бірінің жағасына жармасып, бөлініп алып төбелесетінді шығарыпты. О несі-ей!
Аузымыздың суы ағып, көрші неміс баласының велосипедіне қытты қызықтық. Жатсақ та, тұрсақ та арманымыз сол. Намыстандым да, күні-түн ауыл маңындағы темір-терсектің барлығын аралап, сол шайтанарбаны қолдан-ақ құрап алдық. Жақсылап тұрып жинап, дөгелектерін майлап, өзімізден артық қарадық. Шіркіннің бір ызыңы жоқ-тұғын. Құдды жаңа секілді. Енді тіпті немістің балаларының сілекейін шұбырттық. Жаңағы біз қызығатын велосипед ерте ескіріп, жүруге жарамай қалды. Қаншама жаңалары тозып біткенде, біздікі сол қалпында қала берді. Себебі, «Еңбектің наны тәтті» демекші, қандай жолмен, қандай қиындықпен келгенін ұғындық. Тоқсаныншы жылдардың соңында жан бағудың өзі қиынға айналды. Үлкендермен бірге еңбек етіп, ерте есейдік. Күнделікті дастарқанда тұратын тағамның қайдан келіп жатқанын біліп, ысырап жасамадық. Үйленгеннен кейін де сол бойға сіңісті талаптың арқасында, отбасымызды қамтамасыз еттік. Білгенімізді балаларымызға үйретіп, барынша еңбекке баулыдық. Біз аунаған шалшыққа олар да аунады, біз сүңгіген суға олар да сүңгіді. 
Қазір таңым бар. Бала деген соларда ғана бардай, айналшықтап қастарынан шықпайды. Жақында үлкен ұлым, келін мен немерелерімді алып келіп, кетті. Құдай-ау, ұлдары қызға бергісіз. Киген киімдерін айтсаңшы, бір қыртыс, бір дақ жоқ-қой. Оның қасында осы үйдің кішкентайлары шетелден келгендей. Күнге күйген денелері қарайып, далада жалаңаяқ жүре береді. Ал анау бұзықтар болса бөтен үйге келгендей анасының арқасына тығылып, жатсынады. Далаға шығып ойнау қайда, бар қызық алақандай ғана телефонның ішінде. Соларсыз-ақ өмір сүрдік қой, ештеңе де болған жоқ. Сиыр мен қойды ажырата алмайтын, қалалықтардан қандай қайыр күтуге болады?! Таңертең қораздың дауысынсыз ұйқыдан ояна алмаймын. Сақылдаған сауысқан, қарқылдаған қарға, маңыраған қой-ешікі, мөңіреген бұзау-сиыр, кісінеген тай-құлынның дауысы жанымды жайландырады. Шегірткенің шырылы, иттердің үрісі, үйрек-қаздың қиқуына дейін сағындырады. Қаланың шуы, арлы-берлі ызғыған көліктер тынышымды алып, ауылды аңсатады.
Ұлым Ұланды шақырып алып, жақсылап ұғындырдым. Өзімнің, өзінің балалығын көз алдына келтірдім. Ауылдың қадірін, қасиетін жіпке тізгендей айтып бердім. Енді сіздер қалай ойлайсыздар, немерелерімді тастап кетер ме екен?
 
Мәулен Әнербай