Заманауи оқырман орталығы

Уақыты: 12.07.2018
Оқылды: 1848
Бөлім: РУХАНИЯТ

Облыстық Сәкен Сейфуллин атындағы әмбебап кітапханасында коворкинг орталығының салтанатты ашылуы өтті. Орталықтың лентасын халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін мен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлнар Тойлыбаева қиды.

Коворкинг орталығы оқырмандардың бизнес, шығармашылық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Онда жеке жұмыс жасауға арналған алаң, ақысыз «Wi-Fi», жедел интернет, QR-код арқылы электронды кітаптар қамтылған. Орталықтың ашылуынан кейін Елорданың 20 жылдық мерекесіне орай «Тәуелсіздік тірегі – Астана» атты «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды. Жиынға өңір ақын-жазушылары, әдебиет, мәдениет саласының қызметкерлері, партия мүшелері мен кітапхана оқырмандары қатысты. Басқосуды ашып, жүргізген Әміре Әрінұлы:
Осынау Ұлы далада қалалар көп болған. Ол туралы әйгілі саяхатшы Марко Поло жазып қалдырды. Археолог-зерттеуші Карл Байпақов жерімізде 270 қала болғанын айтады. Әлемді тамсандырған Астана қаласы солардың ізін жалғап, ел абыройын асқақтатып тұр. Қазақ хандығына дейін осы жерде 20 мемлекет болды. Біз солардың тікелей мұрагеріміз. Тәуелсіздікті алу – бір басқа, оны сақтап қалу, баянды  ету – бір басқа. Ол үшін бір атаның баласындай бірігіп, жұмыла еңбек етуіміз керек, – деп туған елді, жерді қадірлеуді әркім өзінен бастау керектігін айтты. Келесі сөз тізгінін алған облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқарма басшысының орынбасары Әлия Әлімжанқызы Астана қаласының маңызы, жеткен жетістіктерін тілге тиек етіп, 20 жылдық мерейтойына орай облыс көлемінде атқарылған іс-шараларды баяндады. Ал, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлнар Тойлыбаева: «Бүгін ашылған жаңа орталық жастарға кітап оқып қана қоймай, білім алып, өнер мен мәдениет, өзара пікір алмасу ортасы болмақ. Болашақта орталықтың материалдық-техникалық негізі нығайып, жастарға цифрланған оқулықтарды пайдалануға мүмкіндік жасау көзделіп отыр», – деді. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі балалар әдебиетшісі Әли Ысқабай:
– Еңселі елордамыздың мерейлі мерекесі қарсаңында осындай үлкен салтанатты шараның куәсі болып отырмыз. Ел болашағы жастар үшін бұл орталықтың маңызы мен мәні зор. Аға буын өкілі ретінде бүгінгі кітапхана  ғимаратынан есігін айқара ашқан заманауи орталықтың берері мол, рухани қазынаның қазығына айналуына тілектеспін, – деп лебізін білдірді. 
Шараға жиналған ақындар Астана қаласына арналған өлеңдерін оқыса, өнерпаздар әннен шашу шашты. Тағы бір айта кетерлігі, дәл осы күні «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан кітапханалары» жобасы аясында Астана қаласының 20 жылдық мерекесіне орай облыстың барлық аудан-қалаларының орталық кітапханаларында 20 коворкинг орталығы ашылды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ