Қарашығы қара өлеңге толған қыз

Уақыты: 20.07.2018
Оқылды: 2586
Бөлім: РУХАНИЯТ
Мақпал жырларын аялап жазатын ақын. Қазақ қызының бойындағы биязылық та, қайсарлық та, сезімталдық та «өлеңдерін бұрымындай өрген» қылықты қыздың өрнекті ой ұшқындары «Өлеңім, өзіме тарт» деген поэтикалық қағиданың айғағындай.  Шабытына шырай тұнып, мұңының өзі нұрға бөленеді. Махаңдардың сарқыты – Мұхаңдардың шекпен жапқан қасиетті өнерін жаңғырта зерлеген, «Қара өлеңнен мойнына тұмар таққан» Мақпал этнотанымдық бейнелерді табиғи таза қалпында боямасыз ұсынады. Ауыз әдебиетінің қайнарынан құймақұлақ қарттардың тізесінде отырып сусындаған ақын қыздың қаламының ұшына қазақы түйсік, танымнан туған шабыттың «Шалқұйрығын таң асыруын», «Ақ түтегі түтілген түбіттей» асу бермес «Қордай асуының» ашуын,  «Найзағайға қамшы болып өрілуін», «Бал қаймағын бақыттың шайқауын», «Үркердің үркіп қашуын»  бейнелегенде ақын тіліне образды сөздердің оңтайымен орала кетуі реминисценциялық құбылыс десек те тың, ұлттық бояуы қанық соны поэтикалық кестелер. «Ақ самал», «мөлдір шық», «ақ сағым», «ақ дүние», «ерке күн», «ақ сезім», «аппақ өлең», «мақпал түн» сияқты тұрақты эпитет-айқындауларды, теңеу, баламаларды жаңа бір қырынан алып, жаңғырта, жарқырату – Мақпал қаламына тән сипат. Қыз сезімін, бұла қылығын, нәзіктігін, назын өзіне тән өзгеше реңкпен беретін  «гүл тұлымы», «құса түні», «үміттің үр көйлегі», «үр сезімі»  «нұрлы мұңы» – ілкі кездесер айшықтар. «Елік көңілінің сәт сайын елеңдеуі» де қыз ғұмырдың бойына қандай жарасымды. Әдебиеттегі «қыз-келіншектер шығармашылығы» деген құрғақтау тіркес теориялық анықтамаға айналып, ғылыми айналымға да түсіп үлгерді. «Бұрымымнан сипап өтіп бара жатқан, мамырдан соң мамырлаған маусымда» «Іленің гүл толқынын ілестіріп», «Қарашығы қара өлеңге толған қыздың» өмірді өлеңмен бейнелеудегі өзгеше өрнегін бұл тар ұғымның аясынан іздеу қиянат болар еді. 
Мақпал туған жер киесімен, табиғатпен де риясыз сырласады. «Аспантаудың көктемі» – сәуір сәттердің, мамыркөңіл-көктемнің  сағынышы. «Саздар ұшқан сағымнан қаздар ұшқан» күз – «жаныңның күй тартатын шерлі мұңы». Ақын жырларында пейзаждық суреттеуден гөрі ақжарма көңіл күй ауаны, психопоэтикалық лиризм басым. Бұл ақындық қиял мен сезімнің суреткерліктен гөрі сыршылдыққа бейімдігінен. Шынайы сезім мен ой-парасат үндестігі де көркемдік шеберлік өлшемінің бірі. Хантәңірінің ақын қызы туған ел, туған жерге жыр арнаса Мұқаңдарша төкпелейді. 
Шабытын сыйлар шақтар ма,
Ағарып атқан ақ таңда,
Айналып кеткен мақтанға,
О, менің туған мекенім,
Бақсызды бөлер бақтарға.
Мен саған ертең жетемін,
Ақ қар ма, Әлде ақпан ба?
Жанымда лаулар от едің,
Тұманның суын татқанға.
Ойларға шомып кетемін,
Қайнарға бара жатқанда.
Мақпал қазіргі бәзбір тереңге бойлаймын деп талпынған бозбас ақындардай ойды күнгірттеп сөз ойнатуға әуес емес. Айтары айқын, таңғы шықтай таза, сөзбен салған суреті көркем, әсерлі. «Қуатты ойдан бас құрап, ...шыққан сөз» (Абай) көкейге қонымды. «Арай ғұмыр» – аң аруы ақбөкенмен сырласқан, психологиялық параллелизммен өрілген, динамикалы жыр. 
Ағарған артымызда таңдар қалып,
Кеңдікті сен де, Мен де армандадық.
Еркіндікті аңсаған жүйріктерді,
Қыспаққа алмаса екен жалған – жарық!
Кемпірбай ақынның «кеудесінен ұшқан көк ала үйректің» магиялық киесі Мақпал жырларында: «Кеудедегі көгілдір құс» болып қанат қаққан.
Поэзияны пір тұтқан ақын қызымыздың ұлылардың ұлағатты мектебінен мейірі қанып сусындағанын, үндестігін өлеңмен өрген өрнектерінен «Ілиястың Ақсуынан», «Жыр Құлагерінен» аңғармау мүмкін емес.
Жетісу жеті жаһұт жанымдағы,
Күні арай, түні тылсым, таңы керім! – деген жолдарды оқығанда «Шапса жел, мінсе жайсаң, тұрса селсоқ» Құлагер қасыңа кеп қасынысып тұрғандай.
Жүрегімнің айнасын шаң басқанда,
Орамалым осы өлең бетін сүртер, – деп «Жанды сөз» арқылы поэзиядағы азаматтық үнін танытқан Ілиястың  жырына: 
Жанымның жанарының жасын сүртер,
Бұлттары шәйі орамал секілденген – деп аялы сезімін құндақтап, Жетісудың жыр дүлдүліне «Жетісуда гүл тұлымы  желбіреп, дүбірге дүбірлетіп қосылатын, Құлагердің бір құлыны! – екенін шабыттана толғайды. «Менің мұңым түсінгенге нұрлы мұң» – дейді Мұқағали мұңын Хан Тәңірінің мұзарттарынан іздеген Аспантаудың ақын қызы.
Ағасы, сені іздедік таң атқаннан,
Асқарлардан, апайтөс алаптардан,
Мұқағали дегенің – Муза еліне
Қанат байлап самғаған қанатты арман, – болса, «Жырларының көзіне арай тұнған» Мақпалдың:
Жаз да келіп,
Осы елге күзде келіп,
Ізіңізден ізгілік іздеп едік.
Махаңдардың сарқыты сіз болғанда,
Мұқаңдардың сарқыты біз бе дедік – деуі де заңдылық. Мұқағалидың «жайрап жатқан» жапырақтары Мақпалдың алдында «Көздің жасын солқ-солқ етіп тия алмай» жылап жатыр. Дәстүр аясындағы жаңашылдық дегеніміздің өзі озық үлгіге жарқырата жаңаша мазмұн үстеу ғой. 
Өзен суы, тау-тасы, тал-тоғайы, жас-кәрісі жарыса Мұқағали жырларын жатқа оқитын өлкенің өрені Мұқағали – Музадан басын таудан алатын бұлақтардай шабыт алса қуана қол соғу керек. Ақын ағасы Серік Ақсұңқарұлы «Мақпал – ақын. Мұқағалидың кіндігі түскен топырақтан тағы бір ақын келді» – деп, сүйінші сұраса сұрағандай, өйткені,  «Бір-біріне ұқсамайды. Бірінің айтқанын бірі айтпайтын ақындар!»
Шумағы мен ырғағының тамырына қан жүгірген жолдар ақынның жүрек соғысын, дем - тынысын танытып, оқырманымен ой бөлісіп, сыр шертіседі. Асқақ арман, ұшқыр қиял, көңіл толқыны шабыт көрігінде шыңдалып, шұғылалы жыр туғызады.
Мақпал қазақ поэзиясының қаранарларына жыр арнаса, мақтауын асырып, әсіре әспеттемейді. Ілиясқа, Мұқағалиға, Фаризаға арнауларынан публицистикаға ұрынып жататын, баяны ұзақсонар жолдар таппайсыз. Ақын ағаларымен «рухының шамын жағып» сырласады. Бір-ақ жолға сыйып кеткен Төлегенннің «ақ жауынын» аңсайсың, «Тұмағамдардың көзіндей, түн тілін ұғар ғашықтардың» сырын ұғасың, «Жамаулардың жазбай кеткен жырларын» оқисың. Ұлы Мұхаң (Әуезов) өмірінің соңғы жылдарында «...публицистиканың ролін атқаратын өлең енді өлең емес» деген екен. 
...Екіндіде сүйгенде сырғамды нұр,
Сол бір күйден жанымда тұнған дүбір.
Бақытымның бұрымын өзім өріп,
Жасап алған бір қызбын
Жырдан ғұмыр. 
Әсерлі, әдемі жолдарды оқығанда жан сарайың ашылып сала береді. Ондай өлең тәптіштеп түсіндіруді қажет етпейді де. Мақпалдың «қыз бұрымындай ғұмырлы жырларында» сыр мен сөздің үндесуі қос өрім бұрымның ұшындағы шолпының сылдырындай жүректі шым еткізеді. 
Ақындарды ойлы ақын, сезімнің ақыны деп те түстеп, жіктеп қарайтынымыз да бар ғой, дегенмен Мақпалдың «наурыздың ақша қарындай» лирикасындағы ой ұшқындары көктем көңіл ауанымен астасып жатады. «Поэзияда тек тіл, сөз ғана көркем емес, ой да көркем, бейнелі. Поэзия өмір шындығын асқан ойшылдықпен, ерекше сезімталдықпен ашып көрсетеді, бейнелеп суреттейді. Поэзиядағы, өлең-жырлардағы бейнелі, өрнекті сөздер әлдеқандай бір ерекше сұлулап сөйлеуге әуестіктен емес, эстетикалық сезімнен, образды, бейнелі ойдан, дүниені ақынша, суреткерше қабылдаудан туады» деген академик З. Ахметов пікірі поэтикалық  пайымынан туған тұжырым.
 «Сапар саздары», «Түн ғазалдары» циклді өлеңдерінде де жалаң дидактикаға бой алдырмайды, ақыл айтпайды, егіліп пессимизмге салынбайды, асқақтап оптимизмге құлаш сермемейді, табиғат пен болмыс құбылыстарынан сыр аңдап, жарастықты, үйлесімді, жасампаздықты, сиқыр сезімдерді тебіреніспен жырына арқау етеді. Мақпалдың жұқана жинағы  «Аспантаудың көктемінен» қай өлеңін алмаңыз дүние мен болмысты, сезім сырларын бейнелеуде ұлттық мінез бен ұлттық бояу қанықтығы поэтикалық пайымдауынан айқын аңдалады.  
Сондықтан, аққу арманды, талантты, қанатты, «шабысына шабылып бұлақ ерген», «құс біткеннің бәріне ғашық» ару ақын жырына «қанат-        тылардың бәрі ғашық».
Әл-Ғазали Құранның және кәдімгі поэтикалық шығармалардың адамға эстетикалық ықпал ету мүмкіндіктерін зерттей келіп, соңғысының артықшылығын атап көрсеткен екен.  Поэзия уақытпен үндес, уақытпен бірге жасасып келе жатқан жанды құбылыс. Лирикадағы көркемдік таныммен суарылып, ақындардың жеке ой-пікір, дүние танымынан бастау алатын тың поэзиялық толғанысты танып білу ұлттық көркемдік ойды байыта түсуге ықпал етеді. «Поэтикалық тілді түсінбеген адам эстетикалық тұрғыда соқыр» дейді орыстың танымал әдебиет теоретигі, сыншысы П. Д. Боборыкин. 
Мақпал тапсырыспен, сұраныспен, «көлемді жыр жинағын шығарайын деген» жоспармен өлең жазатындар қатарынан емес, жанын толқытқан, аңсаған, қуанған, мұңайған сәттерінен сұлулық пен сағыныштан шабыт іздейтін ақын. 
«Тау баласы тауға қарап өседі». Мақпалдың ұлттық поэзияда қол созған асу-армандары Хан Тәңіріндей құдіретті, биік.
 
Сайлау Қажыбекұлы