Мұқали экспедициясы жолға шықты

Уақыты: 20.07.2018
Оқылды: 1585
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жүзі қанға суарылған қайқы қылышты дұшпандарының төбесінде ойнатқан Шыңғыс қағанның ең сенімді серігі болған Мұқали баһадүр біздің бабамыз. Руы – Жалайыр, түбі – Түркі, жұрты – Қазақ! Тарихты дендей оқымаса да бай шежіремізден сыралғы жандар бұл есімді жақсы таныса керек-ті. Хош, есімі дүрдей сол айбарлы бабаның басына зиярат ету, жүріп өткен жолы һәм тарихи естеліктер қалдырған жерлерімен танысу мақсатында бірқатар зиялы қауым Қытай еліне сапар шекпек. Осыған орай өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен баспасөз мәслихаты өтті.

«Мұқали халықаралық экспедициясы» тақырыбында өрбіген жиында Д. Қонаев атындағы Еуразия заң академиясының ректоры, заң ғылымдарының докторы, «Құрмет» орденінің иегері Өмірәлі Жалаири сөз алды. Ол Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген игілікті істердің атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар тың деректермен тарихымыздың толысып, ұлттық рухымызға жалау болар қазыналы дүниелердің молынан ашылып жатқанын атап өтті. Оған қоса кешегі күні Бейбарыс сұлтан ескерткіші Атырауда бой көтергені секілді, бұл сапардан кейін елімізде Мұқали ноянның тас тұғыры орнатылуы мүмкін екенін, бабаның тарихи ғұмырын айшықтауға экспедицияның тигізер септігі мол боларын жеткізді. Ал баба өмірін насихаттауда Акбар Мәжитұлы атты қытайлық жазушымыздың «Мұқали» романының үлесі зор екеніне тоқталып өтті.
Өз кезегінде сөз алған «Жетісу» газетінің бас редакторы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Бүкіләлемдік Шыңғысхан Академиясының академигі Әміре Әрін:
– Бұл үрдіс тәуелсіздік алғалы бері қазақ елінде жалғасып келе жатыр. Әл-Фараби бабамызды, Сұлтан Бейбарысты, Мәскеудің түбінде жатқан Қадырғали Жалайыриды, Кашмирде жатқан Дулати бабамызды таптық. Міне, осындай асыл текті арыстарымызды жинастыру үстіндеміз. Неге? Өйткені,  Елбасының «Тарихын білмеген халықтың болашағы бұлыңғыр», – деген сөзі бар. Қай халық өзінің болашағының бұлыңғыр болғанын қалайды дейсіз?! Ал біз секілді Мәңгілік Ел боламыз деген жұрт үшін тарихты білу әрі асылдарымызды әлемнің түкпір-түкпірінен іздеп табуымыз қажет, – деп тебірене келе Мұқали батырдың өмір жолына тереңнен тоқталып өтті. 
Әлемдік саясаткерлердің «Шыңғысханның жанындағы қолбасшылар мықты болмағанда әлемнің үштен екісін жаулап алалмас еді», – деген пікірін алға тарта отырып, айбарлы қағанның ең мықты серігі Мұқали болғанын ерекше атап айтты. Сонымен қатар, «Маңғолдың құпия шежіресі» деген кітапта: «Шыңғысхан жүркіндіктерді жеңгеннен кейін қосынына жан жақтан ағылып сарбаздар келе бастады. Солардың ішінде Жалайырдың Телегетбайы өзінің үш ұлы Зелме, Шылауқын және Күнқуарды алып келді. Телегеттің сол үш ұлы өзінің үш баласын ертіп келген. Күнқуар да перзенттері Мұқали мен Бұқаны «есігіңде құл болсын, құл болмаса бұл болсын» деп Шыңғыс қағанның дәргейіне алып келген», – деген дерек бар. Міне, сол бір мүшелден асқан шағында Шыңғыс қағанның жанынан табылған Мұқали парасатты ханның ең сенімді серігіне айналған деген тарихи деректерді алға тартты.
Өз кезегінде сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев экспедиция мақсаты мен құрамына тоқталды. Айтуынша, Мұқали халықаралық экспедициясына 19 адам аттанбақ. Олардың ішінде белгілі жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бексұлтан Нұржекеұлы, көрнекті әнші Нұрғали Нүсіпжанов сынды шығармашылық адамдар, композиторлар, режиссер, оператор, журналистер бар.  Олар Ұлы Қытай қорғаны, «Сиянь» үлкен мешіті, Шэньси провинциясының тарихи мұражайы, Қытай Ұлттық мұражайы, «Нюце» мешіті секілді тарихи орындармен танысып, Мұқали зиратына зиярат етіп қайтпақ. Бұл сапар шығармашылық ұжым үшін тиімді, өйткені компизиторлар ән, жазушылар роман, журналистер танымдық зерттеу материал жазып, режиссерлар алдағы уақытта Мұқали баба туралы деректі фильм түсіруі мүмкін екенін Рустам Әлиұлы ерекше атап өтті. 
Баспасөз мәслихаты барысында өңірлік БАҚ өкілдері өзін толғандырған сауалдарын қойып, жиынға қатысушы экспедиция мүшелерінен тұшымды жауап алды.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ